Бесеудің ойы: әдеби ағымдар

Бөлісу:

01.08.2017 17014

Қай дәуірде болмасын әдебиеттің ілгері жылжуы – белгілі бір әдеби бағыттар арқылы да жүзеге асып жатады. Сол әдеби ағымдардың қажеттілігі туралы жиі пікірталастар туындап жататыны тағы бар. Ендеше, әлемдік әдебиеттегі ағымдарды ұлттық әдебиетке сіңіруден неге қорқамыз? Әртүрлі әдеби ағымдардың тенденциясын мойындамау – әдебиетіміздің тынысының тарылуы, ізденістің жоқтығына алып келмей ме? Әдеби ағымдар эксперимент арқылы басталып, тұтас реформа деңгейіне көтерілсе ақтала ма деген сияқты бес сауалды әдебиетшілер мен қаламгерлерімізге жолдаған едік. Оқыңыз, ой қорытыңыз!

Құл-Керім ЕЛЕМЕС, ақын: Бисмилләһ... Ағым аты айтып тұрғандай ағым ғана. Тұрғы, тұғыр емес. Немесе ол діттеген мақсаттың (шынайы (ұлттық) әдебиеттің) негізі емес. Ал құндылықтар (ұлттық әдебиет) болса, әуелгі негізімен (ұлттық болмысымен) мызғымас, құнды. Ағым міне осы негізгі құндылықтардың (ұлттық әдебиеттің) бұлақтары ғана. Ешқашан негіз емес. Сондықтан да ол өз алдына ешқандай дербес негіз құрай алмайды. Шынайы әдебиетті, ұлттық әдебиетті ол дамытпайды. Оны (ағымдарды) Ұлттық (шынайы әдебиет) негіз дамытады. Ол оны тұғыр ете отырып дамиды. Былайша ұлттық әдебиет – жер. Ол сол жердің көгі. Мұнда ұлттық негіз немесе әдебиеттегі ұлт әдебиеттің діңі. Әдебиет былайша айтқанда – жазба түріндегі ұлт. Бұл немесе ұлттық негіздегі әдебиет (ұлт әдебиеті) бізде бұған дейін, Құдайға шүкір, жасалып қойылды. Мысалы, «Абай жолы» (М.О.А), т.б.
Біз керек болса, қазірге дейін сол ұлт әдебиеті негізінде жазып келеміз. Ағым идея мен тәсілде көрініс табатын, негізін ұлттық әдебиеттен алуға мәжбүр ойжеткілер боғандықтан да, ол саналы-санасыз түрде қоғам өмірінде көрініс тауып отырады. «Олай етпе» деуге де келмейді. Бірақ ол әуелі жасалып қойылған шынайы (ұлттық) әдебиетке кері шегініп барып сіңірілмейді (ықпал етпейді). Керісінше шынайы әдебиетті негіз ете отыра қадір, қалі жетісінше бұтақ болып көктеп, жапырақ болып бүрлейді. Сондықтан ол оншалықты қорқып кететін де нәрсе емес.
Бірақ сақтану керек. Болашақ әдебиетшілерді ұлттық негізден (шынайы әдебиеттен) мүлде ажырап қалмауын көзде ұстау негізінде сақтану керек. Бұл тұрғыдан абайламаса, бара-бара болашақ жазармандар ағымдардың әсеріне мүлде бой ұрып, оқырман оларға ілесіп, ортаға ұлттық негізіне (ұлттық әдебиетіне, ондағы бұрынғы өзіне) пысқырып қарамаушылық келіп шығып, күллі ұлт ұлт күйінде ұлттық негізінен мүлде ажырап, өзгеріп, құбыжықтанып кетуі бек мүмкін. Тіпті кері танымдарға жұтылып, жойылтып тынуы мүмкін.
Турасында әдебиет өз ұлттық негізін қаншалық ұстаған сайын, сол негізін ұстай отыра дамытқан сайын, соншалық мығым болмақ. Әрі оқушысы болған ұлтын да әуелгі ұлттық күйінде сақтауға негіз болмақ. Сондықтан да ұлттық әдебиетті ұлтты сақтаудағы негіздің бірі десек болады. Бұл тұрғыдан келгенде соңында, тіпті ұлт жойылып кетуі мүмкін. Ал, бірақ, ұлттық негізін сақтаған әдебиет сақталады. Неге? Ол жазба түрінде болғаны үшін. Мысалы, кейбір өткен қауымдарды артында қалдырған жазбаларынан білетініміз соның айғағы.

Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР, әдебиетші:Шығыс пен Батыстың әдеби ұстанымы діл мен дінге қатысты екі бөлек. Мысалы біз, яғни, алаш салыстырмалы әдебиеттануы соңғы кезде әлем әдебиетінің бастау көзінде дейдейтүркілік «Гігелмеш» пен «Оғыз қаған» тұр деген концепцияны гуманитарлық айналысқа түсіріп үлгердік. Бұл – бір. Екінші әдеби әдіс, әдеби бағыт және әдеби ағымның басын ашып алуымыз керек. Қойылып отырған бірінші сұрақ «Әлемдік әдебиетте бар ағымдарды неге ұлт әдебиетіне сіңіруден қорқамыз?». Әдеби ағым – белгілі бір ұлттың әдеби процесінде 10-15 жыл өмір сүретін ғұмыры қысқа мәдени феномен. Оның басқа ұлт әдебиетіне үлгі бола алуы да мүмкін, өзге әдебиеттің сөз зергерлері тарапынан қажетсіз деп танылуы да ықтимал. Осы орайда әдебиеттанушы немесе әдебиет сыншысының әлем әдебиетінде оның ішінде христиан әдебиетінде бар екен деп белгілі бір ағымды қазақ жазушыларының туындылары бойынан іздеп, немесе соларша жазыңдар деп көлгірсіп ақыл-кеңес беруінің еш керегі жоқ. Мысалы Батыста – «Готизм» ағымы бар. Ол бірде бәсеңсіп, енді бірде белсеніп христиандық түсініктегі туындаларды өмірге әкеліп жатады. Бірақ оларда бұл ағым болса, бізде бұл – көркемдік әдіс. Яғни, «Құтты білік». Бар мәселе – католиктердің қастерлі түркі әдеби үрдісін әуелі шәкірттікпен үйреніп, кейін мүтәйім аярлықпен мистикаға айналдырып жібергенінде. Біздің салыстырмалы әдебиеттану батыстың бізге ұстаз емес, шәкірт болғандығын дәлелдеудің жолына түссе, бұндай сұрақтар қойылмайды.

Айнұр ТӨЛЕУ, әдебиетші: Біздің әдебиеттің қалыптасу тарихына үңілу керек болады. Фольклор барлық әдебиетте бар ғой, бірақ соның ішінде эпостық жырлар, нақтылай түссек қаһармандық эпос ұлттымыздың тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти алған. Демек көне эпостың жалғасы ретінде батырлар жыры жаңа жанрдың пайда болуына негіз болды. Негіз болғаныннан бөлек біздің әдеби танымдағы болмысымызға әбден сіңіп алды. Енді өзінің қалыптасу кезеңі бар, халықтың танымы мен тіршілігін айқын сипаттайтын қуатты ағымнан кейін басқа дүниелерге тәжірибе жасаудың өзі қаламгерлерді сәл үрейлендіретін сияқты. Қаһармандық эпос демекші, біздің қаламгерлерге ат үстіндегі жауға аттанып бара жатқан батырдың портретін жасау аса қиындық тудырмайды. Неге? Себебі ол портерт түпкі танымда бар. Батырлар жырын оқып өскен бала оны бойына әбден сіңіріп алған. Ал жаңа ағымды сіңіру деген не? Онда детальдарды басқаша ойнатуға, портрет пен пейзаждарды мүлдем өзгеше тәсілдермен беруге тура келеді. Ұлттық танымдағы байырғы эпитеттерге басқаша қарауға тура келеді және ол логикаға қайшы болмауы тиіс. Демек, бұған дейін пайдаланылған көркемдік әдіске мүлдем басқа қырынан келу қажет болады. Ал бұл оңай шаруа емес. Мол білікті қажет етеді.Қандайда бір ағымды ұлт әдебиетіне сіңіру үшін сол ағымның тарихын, түпкі Отанындағы ахуалын біліп барып, оқырман жатсынбайтындай етіп, тігісін жатқызып сіңіріп жіберуге болады. Ол қаламгердің шеберлігіне байлансты.

Ықылас ОЖАЙ,ақын:Әлемдік әдеби ағымдарды сіңіруден қорқамыз деуден гөрі, тәжірибеміз бен тәуекеліміз жетпейді дегеніміз дұрыс секілді. Әңгіме әлем әдебиетіндегі тың идеяларды төл түсінікке жерсіндіруде болып отыр ғой. Бір үзім мысал келтіре кетейік. Мәселен, Лермонтов тәржімалаған Байрон өлеңіндегі мынадай «пианино пернетақтасынан әуелеген әсем үнді» Абай «Ішек бойлап он саусақ жорғаласа, Бейіштің үні шығар қоңыр салқын» дейді. Неге? Себебі қазаққа домбыра жақын екендігін данышпан аңғарып отыр. Міне көрдіңіз бе төл түсінікке орнықтыру дегеніміз осы. Мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой. Бізде кез келген әлем әдебиетіндегі соны идеяларды төл түсінік негізінде синтездеу жетіспейді. Біздің қазіргі жазып жүргеніміздің дені әлем әдебиетінің сәтсіз, тікелей тәржімәсі іспетті болып кететіндігі де осы болып отыр ғой...

Оқи отырыңыз: Мұқағали әлемінің аспаны

Хамит ЕСАМАН,ақын: Ағым дегеннің өзін шартты нәрсе деп білемін. Мәселен Гомер, Данте, Гете шығармаларын қай ағымға жатқызуға болады. Білмеймін. Не білімім жетпейді, не олар ешқандай ағымға бағынбайды. Сондықтан ағым деген сән, әлде бәсекелестік үшін шыққан ұғым сияқты. Жалпы, Құдай, Ғалам, Адам және Тағдыр ұғымдары – негізгі өзек болуға тиіс. Адам деген кім, Ғалам не... мен үшін бұл қызық әрі жұмбақ. Ал Құдай туралы танымға ой мен қиял жете қоймайды, әйтсе де мұнда адам өзін-өзі танудағы үлкен ғылым бар. Бәлкім ол тақуалық қылуға үгіттеу емес болар, бірақ Өмір мен Өлім ақиқаты Құдайдан бөліне алмайды.

Әдебиет жалғыз ғой. Жалғыз. Оны әлемдік, республикалық, облыстық, аудандық деп бөлуге болмас. Бәлкім ол адамзаттық. Егер біз өзімізді әлемнен бірдеңе үйренуге міндеттіміз деп санасақ, онда әлем неге бізден де үйренбейді. Ал изм... модернизм, постмодернизм, символизм, футуризм, акмеизм, имажинизм... Бірақ шын талант егесі осы ағымдардың біріне түсейін, жұрт менің шығармашылығымды солай қабылдасын деп жазбайтынына сенемін. Жазды, бітті. Енді оның кімге қажеті бар, жалпы ол керек па, ол басқа әңгіме. Әрине, адамзаттық деңгейдегі ақындардан түрлі нәрсе игеруге болады. Дегенмен, бізде бәрі де бар деп ойлаймын.


II. Әртүрлі әдеби ағымдардың тенденциясын мойындамау – әдебиетіміздің тынысының тарылуы, ізденістің жоқтығына алып келмей ме?


Құл-Керім ЕЛЕМЕС, ақын: Мойындау екі түрлі болады. Бірінші, мойындау – жоғалу. Екінші, мойындау – қарсыдағы артықты бағалап, оны өз ісіндегі кемді толтыруға пайдалану. Мұнда екінші түрдегі мойындауды құптау міндет. Сұрақтағы мәселе жөнінен алғанда, біз үшін, тура қазір ағымдар – ұлттық әдебиетіміздегі кеңтыныстылықты тарылтатын, іріні ұсақтайтын, бүтінді бөлшектейтін рухани жегі деңкірер едім. Мысалы, біздегі ән өнеріне қаралық, ғасырға жетер-жетпес аралықта түрлі ағымдарға өте тез еліктегеніміз сонша, басқа болғанда басқа болып кеттік. Еш те дамымадық. Кері шегінгеннен шегініп, тіпті, мүлде, басқа-басқа бағыттарға бой ұрғаннан бой ұрып, ұлттық негізден мүлде адам танымастай алшақтап, адасып кеттік (кетіп барамыз). «Жоқ болдық» десек те болады.
Егер әдебиетте де ағымдарға көңіл бөлгенді осылай үдететін болсақ, сол ән өнеріміздің аяғын өте тез арада құшатынымызға ешкім шүбәланбаса да болады. Бұл енді түрлі әдеби ағымдардың жеткен жетістіктерінен, тенденциясынан мүлде үйренбеу керек деген сөз емес.

Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР, әдебиетші:Бір ғана әдеби бағыт бар, ол – реализм. Міне, осы реализм – романтизм ағымына, модернизм ағымына, постмодернизм ағымына сараланып, әдебиеттану ғылымын сарсаңға салды. Енді адамзат баласы жаһандасудың арқасында бір ғана әдеби бағытты өмірге әкеліп отыр. Ол барша ағымды өз бойына сіңірген – Гипперреализм. Біздің әдебиет әуелі әдеби бұлғақты постсоцреализмді бастан кешті. Кей әдебиеттанушыларымыз бұл дәуірді постреализм деп те атап жүр. Енді ұлт әдебиеті әлем ғылымы мойындаған гипперреализмнің жолына түсті. Бұдан қазақ қаламгерлері де тысқары қалмауда. Нағыз азаттықты қазақ қаламгерлері өз туындалары бойындағы мәтінімен ұлтына танытып отыр. Тәуелсіз еліміздің гуманитарлық ғылымы христиан әдебиеттануы таңған концепциялардан арылса, Мұсылман Шығысының әдебиеті турасында «Батыстық Әзірет Әлісіз» шынайы ғылыми ойлар айтатын болады. Ол күн алыс емес. Оны құлдық таңбасы басылмаған жаңа буын салыстырмалы әдебиеттанушылары айтады.

Ықылас ОЖАЙ,ақын:Біз дөңгелек дүниеге кремьлдің көзімен қарауымызды енді доғаруымыз керек. Социалистік жүйенің капиталистік қоғамды жақатпағаны бәрімізге белгілі ғой. Әдебиет партияның үгіт насихат құралына айналды. Оның салқыны, тіпті Шәкәрім шығармашылығын да шарпып өткендігі байқалады. «Европа білімді жұрт осы күнде, Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде» деген қажы осы ғазалында ары қарай Европаны қаралауға көшеді. Қажы дегеннен шығады, кейде ойлаймын «кешегі біздің бай-бағыландарымыз Арабияға ат шалдырып бара бергенше, неге ғана Европаны көрмеді екен» деп. Осыған кәдімгідей зығырданым қайнайды. Жарайды, бұл өз алдына жеке тақырып. Бір нәрсе айдан анық. Әлем әдебиеті мен мәдениетін әм философиясын түгелімен оқып, төл түсінікке сіңірмейінше, қазақ әдебиеті алға баспайды. Біздің батыстан үйренеріміз әлі де ұшан-теңіз.

Айнұр ТӨЛЕУ, әдебиетші: Барлық нәрсе өзгеріске ұшырайды. Инновация әдебиетте де жүріп жатады. Әдебиеттің тынысы тарылады деген оғаштау естіледі. Тарыла қоймас, тек, дамуын кешеуілдетеді. Дәстүрлі үрдіс әбден тәжірибеден өтіп, поэтикалық тұрғыда ойлай алатын ұрпақ қалыптастыруда өз функциясын атқарып болды. Сондықтан жатықауды доғару керек. Негізі мойындамау дегеніңіз, сол жатырқау, ал жатрқау- өзіңіз айтқан ізденістің аздығынан келіп шығады. Мысалы Дэн Браунның «Да Винчий құпиясын» осыдан он жыл бұрын әлем оқырмандары жата-жастана оқыды. Неге? Біріншіден, автор дін тақырыбына бойлай білген. Мифтік сенімдер мен аңыз арасынан реальді деталь табуға тырысқан. Ал, екіншіден, қаламгер уақыт пен кеңістік категориясын тамаша меңгерген. Бір кітаптың ішінде бір уақытта 5 кеңістік бар. Бір кеңістікте отырып, екінші кеңістікте болып жатқанын білгің келіп кітапқа жармасасың да қаласың. Ал осындай шебер тәсілді ескерместен, кейбір әдебиеттанушылар оны көркем шығарманың қатарына қосқысы келмейді. Ал мен гаджетке жармасқан оқырманды өзіне байлап тұру әдісін қадамгерлер Д.Брауннан үйрену керек деп есептеймін.

Хамит ЕСАМАН, ақын: Қазақ әдебиетінің тынысы ешқашан тарылмайды. Ал ізденіс әлемнің классиктерін оқу ғана емес. Жалпы, ізденіс деген адамның өзімен бірге туады ғой деймін. Мәселен адам нені көреді, оны қалай қабылдайды. Біздің күнделікті тіршілік ізденіс. Ал нені жазғың келеді, бұл басқа, ал қалай жазу керек, енді бұл басқа.

Мойындамау дегеннен шығады. Еуропада ХІХ ғасырдың басында жаңаша түлеуге ынтызарлық басталған. Қазір енді біздің санамызға сіңіп қалған екі жол бар ғой. Бірі ғасырлар бойы қалыптасқан классикалық үлгі да, яғни қара өлең үлгісі, ал екіншісі сол измдердің айналасында. Кезінде осы үшін Гюго бастаған романтиктер мен классицизмді жақтаушылар Парижде кәдімгідей төбелескен. Бұл төбелестің ішінде Бальзак та болған. Әдебиет ешқандай ағымның жетегіне жүрмейді, ешқандай ағымның тасасында өмір сүрмейді. Ақын бар, одан кейін шығарма бар. Болды. Бірақ бір нәрсе анық, кім не жазса да өз еркі. Оған былай неге қылмадың деп айтуға болмайды. Ал адам өз санасында жоқ нәрсені мойындай алмайды.


III. Әдеби ағымдар эксперимент арқылы басталып, тұтас реформа деңгейіне көтерілсе ақталады ғой?


Құл-Керім ЕЛЕМЕС, ақын: Әлемдік әдеби үрдіске, ұзақты болжаған көзбен байыптап қарар болсақ, әдебиетке эксперимент жасаған ешкімнің бағының онша жана қойғаны шамалы болғанын білер едік. Уақытша жаңалық сияқты сезілуден ары асқаны жоқ. Керісінше ұлттық үлгінің өмірі баянды. Көлемі көрнекті.

Былайша эксперимент жасалған ешбір үлгі ұлттық классикадан асып бойын да, ойын да көрнектей алғаны жоқ. Бұда әдеби үрдісте «эксперимент жасалмасын» деген сөз емес. Әдеби өмірде өрімдің бір бөлшегі болғасын, ол жасалмай қоймайды. Жасасын. Бірақ, ең жақсы эксперименттің ұлттық негіздің ішінде болғанының нәтижелі болатынын білсін. Оны жасап көрушінің бірі ретінде менің көзім соған жетті.

Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР, әдебиетші:Әлемдік әдебиеттегі реформаны бабаларымыз «Гігелмеш», «Оғыз қаған» және «Мың әфсанасымен» баяғыда жасап кеткен. Енді үзілген дәстүри жіпті жалғап, оны жаңа жағдайға бейімдеп соны туындыны өмірге әкелу жазушылардың қолындағы дүние. Ал, әдебиеттанушыларымыз болса, «Бақытсыз Жамал» тұңғыш қазақ романы деген біржақты пікірден құтылуы керек. Бұл пікір әдебиет тарихшыларына жарасқанымен, әдебиеттану ғылымының бағын байлайды.Бір ескеретін нәрсе, қай қаламгер болмасын, өзіне дейінгі ұлтының асыл мұрасын жаңа қырынан жарқырата ұсынады. Бар мәселе – шығармашылы тұлғаның белгілі бір ағымдағы әдеби феномен ретінде танылуы мен танылмауы.

Ықылас ОЖАЙ,ақын:Маған әдебиет деген сөз әлем сөзінің синонимі іспетті. Замана тәжірибесіне сүйенсек, әдебиет – ой жарысының аламаны. Ой ойлаудың шақ пен шекарасы болмағандықтан, әдебиет – исі адамзатқа ортақ өнер. Мұны айтып отырғанымыздың себебі, бүгінде мемлекеттерді тікенек темірлер (шекаралар) ғана бөлгені болмаса, виртуалды әлем оларды толығымен біріне-бірін қосып жіберді. Расымен де қос табанымыз ғана қара жерде тұрғаны болмаса ақыл-ойымыз бен арман- мұратымыз осы әлемнің ішіне кірігіп кетті. Мұны бейне бір жаңа жаратылған планета дерсіз.Дөңгелек дүниенің біртұтас процесті бастан кешіріп жатқандығы рас болса, біздерге енді қазақтың ғана ақылманы болып отырудың аздық етері айдай ақиқат болды (Өйткені қара жер үстін қазақ қана мекен етіп отырған жоқ қой). «Шіркін, тезектің исі мен апам қайнатқан құрттың дәмі-ай» деп отыратын фольклорлық ұғымның уақыты әлдеқашан өтті. Мұны өлкелік сана десек те болады. Бізге енді өлкелік емес, өркениетті сана қажет. Кімде-кім осыған өз ықпалын орнатса, жоғарыдағы айтып өткен су жаңа планетаның қожайыны да сол болары сөзсіз.

Айнұр ТӨЛЕУ, әдебиетші: Әдеби ағымдар реформа деңгейіне көтерілу үшін қаламгерлер мақсатты түрде әрекет етуі тиіс. Біреуі бір экспериментті жасап көріп, екіншісі жоғарыда айтқанымздай оны жатсынып, мойындамай жүрсе, реформа қайдан болады, соны айтыңызшы? Бізде мынандай бір түсінік қалыптасқан: әдеби процесті жасайтын адам, яғни қаламгердің әдебет тұрғысынан білігі болуы шарт емес. Ол жаза алса болды. Мен бұған келіспеймін. Ал бұрқыратып жаза бер. Не шықты? Қаламгер композиция құра алуы тиіс. Сонда ғана ол қорықпай эксперимент жасай алады.

Хамит ЕСАМАН, ақын:Шығармашылық, ол да тағдыр. Одан кейін мінез, болмыс. Енді өлеңді былай жазып көрейін, қалай болар екен деген ой менде болмайды. Әлдебір адамдар сияқты түнде тылсым түртіп, ұйқымнан оянып өлең де жазбаймын. Жазу керек жазасың, бірақ жоспарлы түрде емес. Өзіңмен-өзің күрестен жеңілгенде. Біз қолтаңба деген нәрсені көп айтамыз ғой. Ақын эксперимент жасауға емес, қолтаңба қалыптастыруға ұмтылады. Эксперимент дегеннің өзі еліктеуге апаратын жол. Лермонтовты оқыдың, осылай жазсам қалай болады деп ойласаң, бұл қалай болады. Құдайдың түр-түсі, мекен-тұрағы белгісіз, адам санасы жетпейді. Өлең де адам санасын өзге бағыттарға салып жіберетін сондай тылсым құбылыс.

Әдемі қыздың өзін емес, көзін жақсы көрдің. Әйтпесе көктемді жек көресің, бірақ сол мезгілдегі бір қайыңның келбеті ұнайды. Бұл дәл сол тұрысында поэзия болмауы мүмкін, бірақ ақынның жанарында бұл ғажайып өлең ғой. Мұны енді қай бағытқа, қай арнаға бұрарсың...


IV. «Жаңғырып, түлеп отыру – таланттың қорғанышы, өзін сақтаудың бірден-бір тәсілі. Талантқа қуат қана емес, жаңғырғыш, жаңашыл мінез де керек»-деген Тұрсынжан Шапайдың бір пікірін көзім шалып қалды. Ендеше, «басқаша» жазғысы келетіндерді сынға ала бермей, мүмкіндік беру керек шығар? Мысалы, орыс әдебиетінде Маяковскийлер «Пушкиндерді уақыт кемесінен лақтырып жіберу керек»-деген сияқты батыл пікірлерді айтқызған футуризмнің әсері ғой?

Құл-Керім ЕЛЕМЕС, ақын: Түкеңнің айтпағымен келісемін. Ол кісі айтып отырған «жаңғырғыш, жаңашыл мінез де керек» дегенін өз басым әр қалам иесінде болатын ішкі жазушылық меннің өзіндік Құдайберді қуатын өз үнімен, елік-солықсыз, алдыға (өмірге) алып шығуы керектігі деп түсінемін. Осылай істете білген кім болмасын жазғаны басқаша шығары анық. Футуризмнің (дәстүрлі мәдениеттен толық қол үзу) әсеріндегі орыс әдебиетінде Маяковскийлер қанша жерден: «Пушкиндерді уақыт кемесінен лақтырып тастау керек»-дегенімен, сол реформашылдардың өзі жоғалып, «Пушкиндер» мызғымастан орнында қалды. Қала береді де.

Мейлі әдебиет болсын, қандай нәрседе де шындықтың, шынайылықтың айналасында сол шындық пен шынайылықты бұзғысы, жоғалтқысы келетін, оны жоғалтпаса өзінің менделмейтінін сезетін, сол үшін де құтырына құлшынатын, бірақ, ақырғы есепте бәрібір өздерінің мат болғанын бірі білсе, бірі білмей өмірден өздері де, жазғандары да жоқ болып тынатындар қашанда болған. Болуда. Бола да бермек. Бірақ негізі хақ, ұлттық, шынайы шынмен (хақпен) өрілген дүниелер бәрібір өміршең, үлгі, өнеге халын сақтап, заманның ақырына дейін нұрлап, нұрын өзін тұтынушыға да, тұтынбаушыға да шашып тұра беретін хақтың хағы.
Сондықтан, қазамгер ізденсін, талпынсын, жаңғырсын. Бірақ, өзінің не істеп, қандай құдайлық, ұлттық негізге сүйенген халде ізденіп жатқанын білсін. Болмаса ол сол ізденісімен бірге уақыт күресініне тасталып, бір шетте қала береді. Керісінше негізін хақтан, екі әлемдік ақиқаттан алған, ұлттық құндылық қорынан ұстаған, өнген асыл дүниелер, олардың ізденіс-талпынысына қарамастан, алға бір бағытта тартқан пойыздай, мәңгілік ақиқат аясына қарай оларды үстілерінен басып-жаншып өткен халде алға, Адам баласының асыл ойлыларын ілестірген күйі тарта береді...

Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР, әдебиетші: Пушкин әлем таныған ақын емес, оны әуелі Ресей империясы, кейін қызыл билік қолдан көтерді. Осы кілтипанды Маяковский тамыршыдай тап басып отыр. Қазақ әдебиетінде «Адасқан ұлдың оралуы» әдеби процесі жүрып жатыр. Бұл процесте Батыс пен Орысқа орын жоқ. Дидар Амантайды жұрт ұқпадық қызық жазады дейді. Біреулер тіпті – постмодернист атандырды. Бар мәселе қаламгердің Қазақ әдебиетінде орын алып жатқан «Адасқан ұлдың оралуы» әдеби процесіне қаламгерлік тайлағын ерте қосқанында. Міне осы тайлақ – талай жастардың өзінше ой, өзінше әдеби бой түзеуіне темірқазық болды.

Ықылас ОЖАЙ,ақын:...«басқаша» жазғысы келетіндерді сынға ала бермей, мүмкіндік беру керек» депсіз. Бұған бір шумақ өлеңмен ғана жауап берейін:

.... Санамның сырқаты,

Құлдықты шындық деп сорлайды,

Көзі жоқ көп надан

Қоңызша боқ қуып, доңызша ойлайды.

«Біздің ел осындай»,

Айнала аппақ нұр, жер үсті гүлстан

Өзгеше,

өзгеше...

ойлауға болмайды....

Айнұр ТӨЛЕУ, әдебиетші: Шындығында жаңалық жасаудан қорықпаған адам ғана қалың топтан сурылып шыға алады ғой. Бірақ біз жаңалыққа басында жатырқай, үрейлене қараймыз. Адами болмысымыз сондай.Джордано Бруноны не үшін отқа жақты? Ол ғаламның шексіз екендігін айтты. Ескі танымнан бас тарту керек екенін түсінді. Ал оның жаңа заманның философиясының дамуына әсер етті. Ал біз ескілікке қарсы шыққандарды аямайтын жаратындылармыз. Өзгеше ойлай алатын, онысымен қоймай бүкіл бір ұлтты, адамзатты басқа таныммен оята алатын қаламгер туса, қанеки?

Хамит ЕСАМАН, ақын: Мұқағалидың өлеңдерін дәл сондай қылып кім жаза алады. Сол сияқты әрқилы тағдыр мен таным бар. Кім қалай жазсын, нені айтсын, оны ешқандай ағымға жатқызбай-ақ өз танымымызда қабылдай алсақ, әрі ол шын мәнінде тірі шығарма болса, сол олжа.

Енді әртүрлі пікір болады ғой. Кезінде атақтан атақ, сыйлықтан сыйлық қоймай алғандар да болған. Сол сияқты аштан өлген, дер кезінде шығармашылығы бағаланбаған ұлы ақындар да болған. Оны бәрі де біледі ғой.

V. Біздің әдебиетте әдеби ағымдар мен мектептерді сөз етуден гөрі қаламгерлердің шығармашылығына «Мұхтарша, Есенғалиша, Асқарша жазу» деп баға беру ғана бар сияқты. Бұл әдебиетшілердің, қаламгерлердің білімінің солқылдақтығынан ба, не айтасыз?

Құл-Керім ЕЛЕМЕС, ақын: Егер бізде «Мұхтарша, Есенғалиша, Асқарша жазу» деген ұғымдар шынымен бар болса, онда олар сіз айтып отырған ағымдардың басында тұрған өкілдері болуға тиіс. Ал, енді, олардың қайсысы әдебиетке нендей «ағым алып келдісін» зерделеп, «анауы ана ағымның, мынауы мына ағымның өкілі» деу сыншы-ғалымдардың ісі.
Бірақ та, әлемдік әдеби үрдісте бар ағымдарды «анау андай, мынау мұндай ағым» деп, одан жұртқа сабақ өтудің біздіңше қажеті шамалы. Өйткені, қазіргідей хабарласу технологиясы дамыған заманда ол жаңалықтарды білуге күллінің мүмкіндігі бар.
Жалпы әдебиет жөнінен алғанда құдайлық ақиқатты негізгі тұтқа ете отырып, жалпы ұлттық құндылықтарды (сенім, түсінік, сана, мінез, салт-дәстүр, өмір сүру жүйесі) толық қамтып отыру негізінде, бірақ та жаңа, нұрлы, Илаһи санамен, өмірлі әдебиет жазу кешегінің жазылмаған міндеті болған. Ол бүгіннің де, ертеңгінің де қаламгерліктегі міндеті болып қала береді. Бұл тұрғыдан келгенде кейіпкерді ойдан жасау қашаннан жалғаннан шындық жасау екенін ескертеміз.
Жалпы сен не жаз, тіпті шамаң жетсе өзіңше бір ағымның өкілі бол мейлі (Негізі әрбір қаламгер өзінше өзіндік бір кіші ағымның өкілі). Бірақ өтіріктен шындық жасамалы. Сөйтіп алып, оған «көркем әдебиет» деп айдар тақпалы. Фантастиканың ешқашан өмірі де, берері де жоқ. Бұл тұрғыдан біз соны білейік – жазушы қолымен кейіпкер жасау – әдебиеттің өлімі.

Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР, әдебиетші:Біз салыстырмалы әдебиеттануы дамымай қалған елміз. Оған себеп 200 жыл бодандықта болғанымыз. Сіз ақыры ақындарды ауызға алып сөз етіп отыр екенсіз. Өз «кигіз кітабын» жазған ақындар санаулы сіз келтірген ақынның біреуі ғана соның санатына жатады. Қазақта үш әдеби мектеп қана бар: Абай, Сыр сүлейлері және Ұлт ақындары мектебі. Терме мен күй қазақ екеніңді танытып, көзіңді жайнатып, көкірегіңді ашады. Міне, Сыр сүлейлерінің құдіреті. Ұлттық Алаш күлкісінің барша ажарын ашатын Бейімбет әдеби мектебінің бағын Дулат Исабековтен кейін Жүсіпбек Қорғасбек, Дәурен Қуат және Бейбіт Сарыбайлар ашып жүр. Мұхтар Шаханов ақындық мектебі – кезінде бүкіл ұлтты ұйытты. Әр қазақ ауылында ақынның бүкіл кеңестік дәуірде жазған өлеңдері мен поэмаларын жатқа білетін жандар болды. Бұндай Тәңір сыйы құдіретке ие болған ақындар сирек.

Бар мәселе өз соңынан өзгені ертіп, мектеп қалыптастыра алған тұлғаларды тани білуде. Қазіргі әдеби процесте екі ақын әдеби мектеп қалыптастырып отыр: Семейлік – Тыныштықбек пен Қарғандылық – Серік Ақсұңқарұлы. Өз мектебін құрудың аз-ақ алдында тұрған сөз зергерлері бар. Олардың кім екенін алаш баласы менсізде біледі. Қазақ бәленшені «тану» деген пәледен құтылса, әдеби әм ғылыми мектептердің бағы жанады. Әдеби мектеп туралы кей пікірім бұрын «Қазақ әдебиетіне» шыққан «Еурокөзілдіріксіз әдебиеттану» мақаламда сөз етілгендіктен осы жерден тоқтай қалайын деп тұрмын.

Ықылас ОЖАЙ,ақын:Өз сұрағыңызға өзіңіз жауап берген секілдісіз. Оны ары қарай созбалап оқырман уақытына қиянат жасамай-ақ қояйын.

Айнұр ТӨЛЕУ, әдебиетші: Қаламгерлер мен әдебиеттанушылар. Біріншісі әдеби үдерсіті (процесс) жасайды. Екіншісі дайын болған «өнімді» бағалайды, бұрынғы үдеріскерлермен салыстырады. Көркемдік тәсілдер мен айшықтарын теорияға салады. Демек, Мұқтарша, Есенғалиша жазу деген тіркесті әдебиеттанушылар емес, үдеріс иелері-қаламгерлер айтып жүр дегенге саяды. Неге? Солай болуы заңды да, себебі ғылыми тұрғыда Асқарша жазудың қалай аталатынын жазушы білмейді. Ал әдебиеттанушы біледі. Біздің әдебиеттанушылар бір әлем де, қаламгерлер бір әлем. Екі топтың қоян-қолтық араласатынын көрмеппін. Қайсыбір жазушының кітабының тұсаукесері бола қалса, оған басқа қаламгерлер мейман болып барады, солар баға береді. Сөз сөйлегенде әлгіндегі Мұқтарша жазатынын байқадым деген пікірлер кетіп жатады. Дәл сол секілді болашақ әдебиеттанушыларға дәріс оқып тұрып, өзі бүгінгі әдеби үдерістен мақұрым әдебиетшілерді де көргенбіз. Мысалы, Гүлзат Шойбекованың «Бұрым» әңгімесінің сыртқы бітіміне қарап, Төлен Әбдіктің "Оң қолына" ұқсата салуға болады. Сосын оны Төленше жазу әдісі дей салуға да көнетін шығарсыз. Ал ғылымда оны «Көркем антропологиялық ерекшелік ретінде қарастырамыз. Байқасаңыз әдебиеттану да басқа ғылымдардың арнасымен біте-қайнасып дамып жатыр. Жаңаша жазатын қаламгерге ғылым баға беруге дайын.Сіз айтқан олқылықтың орнын былай толтыруға болады: жаңадан бір көркем шығармалар жинағы басылып шықты делік. 2 аптадан соң, кітап оқырманға жол тартады. Автор әдебиеттанушыға кітабын ұсынуы тиіс. 2 аптаның ішінде әлгі шығармалардың жаңалығы қандай, қандай жанр мен ағымға жатады. Көркемдік тәсіл жасаудағы ерекшелігі қандай, әлде бұрынғы айшықтар мен өрнектерді пайдаланды ма, осы сұрақтарға жауап алатын болады. Оны поэтикалық талдау дейміз. Бірақ дәл осы жүйені жүзеге асыру үшін әдебиеттанушы әдебиетпен ғана шұғылдануы тиіс. Ал әдебиеттанушы неге әдебиетпен ғана айналыспайды деген сауал басқа тақырыпқа ауысып кетуге мәжбүрлейді. Сондықтан осы тұстан сөз тәмам болсын.

Хамит ЕСАМАН, ақын: Поэзияға мектеп керек емес. Бағыттың да қажеті шамалы. Поэзия ештеңе үйретпейді, бірақ талап етеді. Мұның қаталдығы сонда. Айттық қой, кім нені көреді, қалай көреді, оны қалай жазады. Сол ғана. Біз Асқар Сүлейменовті, Есенғали Раушановты, Тыныштықбек Әбдікәкімовті өзімізге мектеп етіп алдық. Бірақ прозаны, поэзияны қалай жазуды бұл кісілерден үйренемін деуге болмайды. Ал біреудің әсерінен туған шығарманың шындығы жоқ.

Әдебиетшілердің білімі жайлы айта алмаймын. Оны білмеймін. Әркім өз талантына таразы ғой. Бір білетінім, біз қазір түрлі әдеби ағымдардың соңына түстік. Оны шиырлай бергеннен түк өнбейді. Ал шығармада не бар, не жоқ, не болуы керек еді деген мәселелер айтылуы тиіс. Оны анаған ұқсайды, мынаған ұқсайды дегеннің қажеті шамалы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар