Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Амангелді Кеңшілікұлы. Мұқағали әлемінің аспаны ...

01.08.2017 6464

Амангелді Кеңшілікұлы. Мұқағали әлемінің аспаны

Амангелді Кеңшілікұлы. Мұқағали әлемінің аспаны      - adebiportal.kz

Дәуірдің сүзгісінен өткен санаулы кітаптар ғана әлсін-әлсін соғатын уақыттың дүлей дауылына төтеп береді. Амал нешік, күні кеше ғана сүйікті досымыз болған том-том кітаптарды да мезгілдің бораны ұшырып әкетіп, ұмытылып, санамыздан сыпырылып қалып жатады. Уақыт - қатал сыншы. Өнердің ұлы талаптарына жауап бермесе, келер ұрпақтың кәдесіне жарамаса, ескерткіш орнатып, құдайдай табынған пірлерімізді де өткір қылышымен турап тастайды. Тамырын тереңге жіберген алып бәйтеректер ғана түк болмағандай бәрімізге сонау аспанмен таласқан биіктен қарап, мәңгіліктің хабаршысындай жайқалып тұрады.

Қала қалың ұйқыға кетіп, өлі тыныштық орнаған түндерде кейде менің сондай ұлы кітаптармен сырласатын кездерім бар. Жұлдыздары самаладай жарқыраған ғажайып түнде тәтті қиялдың құшағында маужырап, мәңгіліктің хабаршысындай болған ұлы ақындардың жырларымен сырласқаннан артық не қызық, қандай ғанибет бар мына жалғанда? Олармен сырласқанымда мүлде күтпеген сүйіспеншілігім оянып, ұлы ойларға жетелеген армандарымның бақшасында қауызын ашқан гүлдері қайта бүршік атып, пайғамбарлар ғана өмір сүретін жұмбақ әлемнің ауасымен тыныстағандай боламын. Жүрегіме қымбат сезімдерімнің шырағын жаққаны үшін махаббатым мен ризашылығымның құрметін білдіргім келген ақындардың, өзімізден аумайтын жұмыр басты пенде болғанына илана алмайтын сияқтымын. Жо, жо, жоқ, қанша тырыссам да мен оларды қарапайым пенделердің қатарына қоса алмаймын. Менің көзіме олар өмірдегі әділетсіздікпен, жауыздықпен, екіжүзділікпен, тоғышарлықпен, дүние-жалғанның бүкіл зұлымдығымен күресу үшін Жерге жіберілген Алланың елшісіндей болып елестейді. Олардың жырларында – адамды жаратқан алапат рухтың тасқыны мен құдайлық оттың ұшқыны бар.

Өмірдің көлеңкелі өзегінен салқын самал соғып, оның аязы жанымызды тоңдырғанда біз сол ұлы туындылардың отына жылынамыз, маздаған жалынынан қуат алып, өнердің биік аспанындағы ұлы мұраттарға ұмтыламыз. Содан соң, басымызды дуалап алған өнердің сиқырына арбалып, күндіз күлкімізден, түнде ұйқымыздан айырылып, жанымыз аласұрып, тыныштық таппайды.

Не сиқыр, қандай құдірет бар олардың өнерінде? Жазғырсаңыз өзіңіз біліңіз. Өмірдің аласапыранында адасып кетпеуіме көмектесіп, адамдық сезімімнің сүйегін тоздырмай келе жатқан өнер туындыларының құдіретін мен, аспаннан түскен төрт киелі кітаптан кем бағаламаймын. Құдайдың сөзін тереңірек тануға жол ашқан ол кітаптармен өмірдің асау белестерін бағындырып, ақылым толыса бастаған шағымда танысқанмын. Ал сол уақытқа дейін менің ой-санама ізгілікті рухтың сәулесін шашып, адамды сүюге үйретіп, Алланың хикметін ұғындырған өнер туындыларының аспаннан түскен киелі кітаптардан несі кем? Әрі-беріден соң Забур да, Тәурат та, Інжіл де, қасиетті Құран да адамдық қасиетімізді жоғалтып алмау үшін көктен түсірген Тәңірдің өнері емес пе? Ендеше оларды оқығанға дейін жанымызды адамгершіліктің шуағымен жадыратып, ұлы Жаратушының бар екенін ұмытқызбаған өнер туындыларының да киелі кітаптармен қатар тұруға хақысы бар. Құдайдың қалауымен адам баласы туғызған ұлы шығармаларда да, киелі кітаптардағыдай Алланың мәңгі шешілмейтін жұмбағы жасырынған.

Мен бүгін түннің бір уағы болғанына қарамастан, сондай ұлы кітаптардың арасынан арманшыл дәуренімнің қиялдарын саясына паналатқан Мұқағалидың «Өмірдастан» жыр жинағын алып, ой теңізіне шомып отырмын. Жүрегімді белгісіз сағыныш тырнап, аяулы сезімнің шаншуы мазалап, сағымдай бұлдыраған армандарымды мәпелеген Мұқағали поэзиясымен сырласқан «махаббат қызық мол жылдарымның» жаулығы желбіреп, мені өзіне шақыратын сияқты.

Қандай сұлу еді - ол армандар! Қандай пәк еді - ол махаббат! Арман мен махаббат құсының қанатына мініп, өмірдің биік аспанында самғап, бақыт іздеген сезімдерім қандай әйбат еді! Алтын күннің сәулесімен арайланған бақытты шағымның үстінде күлімсіреген бұлтсыз, ашық көк аспанының көркіне қанша қарасаң да көзің тоймайтын. Ой, дариға-ай, жүрегімді шоқтай қыздырған сол күндер де сынаптай сырғып өте шығыпты-ау. Бір сәтке оралса ғой, көрген түстей болған - ертегі уақыт!

Ғажап! «Өмірдастанды» қолыма ұстағанымда жүрегім дүрс-дүрс соғып, Мұқағали поэзиясының бақшасында гүлдеген сезімдерім қайта тіріліп, тереңде қалған ескі мұңымды оятып, жанымның алыс түкпіріндегі, тіршіліктің базарында жүріп, күйбең тірліктің қамымен ұмытыла бастаған өмірімнің музыкасы ойнап қоя берді. Жүрегімді дүрсілдеткен беймәлім сиқырдың құдіреті ойымда жүрген пенделік тірліктің шаң-тозаңын сілкіп тастап, асқар таудың арғы жағында қалып қойған ұлы армандарымның шуағына шомылдырғандай болды, жанымның нәзік пернелері сағыныштан дірілдеп кетті. Алыста қалған балалық сезімдерімнің найзағайы да қайта күркіреді. Ұмытылып қала жаздаған әдемі музыканы есіне түсірген көңілім әлденеге өкпелеген сәбидей өксіп, әуелі көзімнің алдын гауһар тамшылар сақиналап, сәлден соң кірпігімнен сырт-сырт етіп тамған бүртік-бүртік ыстық жас бетімнен сырғанады.

Заулап өткен заман-ай құр аттайын,

Сырғанаған күндер-ай сынаптайын.

Өксі көңіл, өткізген сәттеріңе,

Өксі көңіл мен сені жұбатпайын.

Белгісіз қыр аса ма, сай бара ма,

Асығады осы өмір қайда ғана?!

Көшін тартып барады шіркін жастық

Оянғасын қарасам айналама....

Неліктен, қалайша ұмыта жаздағанмын ол керемет музыканы? Жадыраған жаздың жаймашуақ күніндей ең әдемі үміттерімді арайландырған ол сиқырлы әуен әлі күнге дейін менің жүрегімнің шыңырауында өмір сүріп келеді екен-ау! Құдайым-ау, әлі тірі екен ғой – ол ғажайып музыка. Қара желі үзілмей соғатын күздің суық күніндей болған жүдеу жылдар да оның гүлдің сабағындай дірілдеген нәзік үнін өшіре алмапты.

Көңіл-күйімді босатып, жүрегімді елжіретіп жіберген Мұқағали поэзиясының музыкасы, құстармен бірге жылы жаққа ұшып кеткен менің бақытты өмірімнің қуанышын алып келгендей болды. Кітапты ашып қалғанымда одан қайғысыз қамсыз күндердің қайығында жүзген дариға-дәуренімнің қарлығашы ұшып шығып, жанымның нәзік пернесіне қонып, дүние сарайымды тазартып, баяғыдай еркелеп, сайрап қоя берді.

Қарлығашым келдің бе, қаршығадан саумысың?

Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым?

Оралдың ба тағы да өзің өскен ұяға.

Оралдың ба сүйіктім, екеуің де бармысың?

Қарлығашым, бұ қалай, қайда кеткен серігің?

Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім?

...Түсінікті, сүйіктім, түсінікті айтпа енді,

Тұмар құсым кеткен-ау тырнағында перінің.

Мен өзгеріп кеткеніммен, ол алыстан қол бұлғаған бала күнімдегідей жүрегін кірлетпеген, шыныдай таза қалпында қалып қойыпты. Қайғысы сай-сүйегіңді сырқыратып, қуанышы жүрегіңді аттай тулататын Мұқағали ескі досымдай қапсыра құшақтай алып, «жүрегінің түбіне кір жасырмай» ақтарылып, сырласа жөнелді. Ең алғаш оның өлеңдерін Асқар досымнан естіген сәттегідей жүрегім қайтадан лүпілдеп, ыстық сағынышы балалық шағымның күллі өлкесін оятты. Аспанмен таласқан Хан-Тәңірінің биігіне көтерілген Мұқағали поэзиясы дүниенің кеңдігін есіме салып, жарқыраған шуағымен көңіл-күйімді жадыратты.

Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,

Алынбаған ақым бар сенде менің

Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенім,

Бура бұлттар - бусанып терлегенім.

Өнерді жаратқан құдайдың шеберлігіне қалай таң қалмайсың! Кемеңгерді туғызған айдаһар уақыттың таудай ақынды құлатып, мерт қылуға қауқары жеткенімен, жауқазындай жырларын жермен-жексен етуге шамасы келмепті. Кеудемізді арман кеулегенде, сезімдерімізді өрмектің құрындай шайқаған Мұқағали жырлары уақыттың шарпуына қарылған сайын одан сайын жарқылдай түсіпті. Ақынның жауқазын поэзиясы жазда қырда құлпырып, қыстың қара суығында жылы күндерді сағынып, біздің жүрегімізде гүлдей беріпті. Асылық айтты деп сөге көрмеңіз, адамдық сезім аман тұрғанда оны өлтіруге құдайдың да шамасы жетпейді екен.

Өмір дейтін тайғанақ мұз-айдында,

Жырлап кетем, алдымен жылаймын да.

Сөредегі кермені кесіп өтсем,

Маған әлі жетпейді құдайдың да.

Мұң мен зарға ондайда шаң қаптырам,

Қайғы дейтін қаншықты қан жаптырам.

Ұры-уайым тиер деп қай жағымнан,

Секем алған киіктей аңдап тұрам.

Аттай жүріп өмірдің баспалдағын,

Бірі менмін қайғыдан қашқан жанның.

Көзім жасын көл етсем сөнер ме екен,

Көмейімнен лапылдап, шашқан жалын?!

Жоқ сөндірмен, сөндірмен, жыламан да,

Қуаныштан мұң жуық тірі адамға.

Дариясы өмірдің шайқалмайды,

Дәрмені жоқ бір пенде жылағанға.

Жүргемін жоқ қайғының жүгін артып,

Ер сүрінсе еңкеймес, жығылар тік.

Бөліп-жарған қайсыбыр қуаныштан,

Ойландырған оңаша мұңым артық.

Уақыттың дүлей дауылы Мұқағали поэзиясының рухын сындырмақ түгіл, оны шыңдай түсіпті. Қайта бүгінгі күннің тірі ақындарынан гөрі сүйегі баяғыда қурап қалған Мұқағали поэзиясының өміршең рухы ұрпақтың қамын көбірек ойлап, қамығатын сияқты. Бәлкім, өңінен қайғының табы сезілетін Мұқағалидың осыдан отыз жыл бұрынғыдай кітап бетінен маған мұңайып қарайтыны да сондықтан шығар?! Кім біліпті? Мына рухсызданған әлемде, әлі де оның о дүниедегі жанын баяғы ауыр ойлар жаншып, мазалап жүргендей. Ақынның ақберен жырларын оқығанымда менің жаным онымен бірге жылап, күйзелгендей болды.

О, Муза!

Қайдасың сен желік берген?

Жалын мен отқа ғана ерік берген

Серігім, қайдасың сен сеніп келген?

Дәптер жатыр парағы аударылмай,

Аударылмай шынымен қалғаны ма-ай!

Ойлар жатыр еңсемді бір көтертпей,

Тонна-тонна қорғасын салмағындай

О, Мұқағали! Сен менің арманның көбелегін қуған балалық кезімнің, махаббаттың дәмін алғаш татқызған, сосын оның күйігінен өртеніп кете жаздаған бозбала дәуренімнің және өмірдің аласапыранында да алыстағы жұлдыздарға қолымды созғызған жастық шағымның - ең сүйікті Музасы болдың. Өзімді табу үшін сенің өлеңдеріңмен сырласқан жылдарымды жаным тынышталып, көзім жұмылғанша ұмыта алмайтын шығармын. Енді жанымды жылытып, жүрегімді әлдилеген сол жылдардың уақыт көмескілеген әйнегінің шаңын сүртіп, шамам жеткенше оны суреттеп көрейін.

***

Төртінші сыныпқа көшетін жылы інім Мағжан мектепке баратын болып, әке-шешем мені қалаға алғызды. Торғайда таңның атысынан, күннің батысына дейін ауланың ит-құсын шулатып жүрген ауылдың қара домалағы бір күнде қаладан бір-ақ шығып, 1978 жылдың тамылжыған тамызында Алматыға келдім.

Алматы салқын қала екен. Аэропорт басынан әжем екеумізді әкем қарсы алды. Самолеттен түскенімде бір суық ызғардың бойымды түршіктіріп жібергені есімде. Жолдары тақтайдай тегіс көшемен заулаған таксидің ішінде келе жатып, көшелері дәл күндізгідей жарқыраған қаланың түнгі көрінісіне таң қалып, терезеге жабысып, көп қабатты үйлерге қызыға қараймын.

Үйіміздің дәл іргесінде орналасқан №9 қазақ-мектеп интернатында негізінен тек ауылдың балалары жатып оқитын. Едәуір қиындық туғызғанымен, амалын тауып әкем, інім екеумізді сол мектепке оқуға берді. Жеміс-жидектің бәрі уылжып піскен 1 қыркүйекте судай жаңа формамды киіп, Алматыдағы жалғыз қазақ-мектеп интернатының табалдырығын аттадым.

Қандай ортаға түссе де ең алдымен баланың іздейтіні - дос. Ол оңай табыла кетті. Аты - Асқар. Бойы менен ұзын, сүйегі ірі, ат жақты, қыр мұрынды, көркі келіскен бала. Беті сәл сопақтау, түрі қазақтан гөрі, сол жылдары барлық қыздардың «кумирі» болған, үндінің әртісі Дхармендраға қатты ұқсайды. Қасы-көзі көмірдей қап-қара. Әсіресе көздері сүйкімді, әрі әдемі. Күлімдегенде кез-келген қыз оның жанында суға салған қанттай еріп сала беретін.

Қаланың баласы болған соң, ауылдың қарадомалақтары сылтау тауып мені ұрып тастағысы келіп тұратын. Шамасы оған интернатта жатып оқитын сыныптастарымды «инкубаторлықтар» деп мазақтайтын қыршаңқы тілімнің де жазығы бар болуға тиіс. Реті келсе мені бір нұқып қалуды олар теріс көрмейтін. Алайда ондайды істеуге Асекеңнен сескенетін. Кез-келген баланы оның мысы басып тастайтын. Мен осындай күшті дос тапқаныма бақытты едім.

Екеуміз кейде сабақтан қашып, киноға барамыз. Есейе келе бұзықтығымыз үдей түсті. Ұстаздарымыздан жасырынып мектептің төбесінде немесе сабақтан соң әке-шешемізден тығылып Асқардың үйіне жақын жердегі сарқырап ағатын үлкен Алматы су каналының айналасындағы жібектей майса шөпте жантайып жатып, темекі шегетін жаман әдет шығардық. Осындай «рахат» көңіл-күйдің үстінде бір күні мен досымның көңілін аулау үшін, оған орыс ақыны Сергей Есениннің өлеңін оқып бердім.

Не жалею, не зову, не плачу,

Все пройдет, как с белых яблонь дым.

Увяданья золотом охваченный,

Я не буду больше молодым.

Әдебиетке аса қызықпайтын досым оқыған өлеңімді қас-қабағы да қимылдамай, сүйсініп тыңдап отыр. Әлденені есіне түсірген көздерін алысқа тігіп, жанарын беймәлім мұңның кірбіңі шалып, ойланып қалыпты. Құлағының жанынан ұшып өткен араның ызыңын да елейтін емес. Өлеңді оқып болғанымда ғана назарын маған аударып:

- Бұл кімнің өлеңі? – деп сұрады.

- Орыс ақыны Сергей Есениннің.

- Керемет өлең екен. Енді мен де саған бір өлең оқып берейін.

Ол көк теңіздің түсіндей джинсиінің қалтасынан, қатырма қорапқа салынған, сол жылдардағы ең қымбат «Космос» темекісін алып, бір талын маған берді де, екіншісін өзінің аузына қыстырды. Оттық алып, екеуміздің де аузымыздағы шылымымызды асықпай тұтатты. Ащы түтінін сорып-сорып қойды.

Сен мына – жанарымның ішіндесің,

Жанардың білесің ғой кішірмесін,

Ішіне жанарыңның сақта мені,

Біреулер көлеңкесін түсірмесін!

Асқардың соншалықты шынайы, әрі табиғи жазылған өлеңді қайдан жаттап алғанына қайран қалып, аузым ашылып, сүйсінгенімнен орнымнан қозғалмай, мелшиіп тұрып қалыппын. Және музыкасы сыңғырлаған ғажайып өлеңді өмірдегі ең аяулы досымның оқып беруі маған қатты әсер етті.

Өлеңнің алғашқы жолдарының өзі-ақ жанымды баурап, толқынысқа салды. Тұлабойым шымырлап, таудың арғы бетінен талып естілген әдемі әнді немесе әр дыбысы сезіміңнің нәзік пернелерін дәл басатын Бетховеннің «Айлы сонатасын» алғаш тыңдаған адамдай дүниенің бәрін ұмытып, есеңгіреп барамын. Ойым мына жалғанды ұмытып, маған бейтаныс бір әдемі әлемде ләйліп жүр. Сәл тыныс алып, темекісінің түтінін аспанға сақинаша будақтатып болып, досым өлеңді әрі қарай оқып жатыр.

Сен менің - мына тылсым кеудемдесің,

Білесің, кеудеме ешкім тең келмесін.

Кеудеңе-зынданыңа салып сақта,

Біреулер көкпар қылып өңгермесін!

Асқар өлеңді әдемі қоңыр дауысымен, бір деммен, мәнерлеп оқып шықты. Мектептегі ұстаздарымның әдебиет туралы сұрақтарына мүдірмей жауап беріп жүрген мен, бұл өлеңді кімнің жазғанын таба алмай, өмірімде тұңғыш рет жеңіліске ұшырадым. Басқа емес, әдебиет пәніне мүлде қызықпайтын досымнан жеңіліп, оның алдында ұятқа қалдым.

Балалық жүрегімді қайта-қайта соқтыртқан сол күні тұңғыш рет Асқардан, өмірден ерте өткен қазақтың Мұқағали Мақатаев есімді ақынының болғанын естідім. Ақынның баласы бола тұрып, мұны білмеуім ұят, тіпті өлім еді. Бірақ біраз уақыттан кейінгі Асқардың қалжыңы маған ұят-сиятты да, өлімді де ұмытқызып жіберді.

- Не болды саған, Ардаша ғашығың есіңе түсіп кетті ма? – деді ол кенеттен, ойланып кеткен маған қылмысымның дәл үстінен түскен тергеушідей дүңк еткізіп.

- Ал, сен Ботаға ғашықсың...

Екеуміз кілемдей жайылған көк шөптің үстінде алыса кеттік. Төбемізден осы тентектігіміздің бәрін көріп, балалық шағымыздың күні күліп тұрды.

***

Екі күннен соң менің өмірімде ертегіге бергісіз оқиға болды. Жексенбіде әкем Мұқағали Мақатаевтың «Дариға-жүрек» кітабының негізінде театр институтының соңғы курсының студенттері сахналаған, Алматыдағы балалар мен жасөспірімдердің театрында болып жатқан қойылымға ертіп апарды.

Қыркүйек айының аяғы еді. Уақыт екінтіден ауып, ақшам мезгілі жақындап қалды. Қалың өртке қызған темірдей қызарып, дүниеге қызғылт сәулесін шашқан күн де ұясына батып барады. Жаздағыдай емес, күннің жылы шырайы азайып, бірте-бірте денем суық желдің өткірлігін сезе бастады. Қойылымның басталуына әлі біраз уақыт бар.

Театрдың алды ығы-жығы адам. Жүрегім лүпілдеп, кітаптарын сүйсініп оқыған жазушыларымды көруге ынтығып, біреуді іздеген адамдай жан-жағыма алақ-жұлақ қараймын. (Мен ол жылдары оқиғасы қызық прозалық кітаптарды көп оқитынмын, поэзияға аса қызықпайтынмын. Арманым - болашақта үлкен жазушы болу еді.)

Бірақ өзім білетін жазушылардың ешқайсысын да көре алмай қатты қапаландым. Бір уақытта жазушы Төлен Әбдіковты көзім шалып қалғанда, құдды бір пайғамбарды көрген бейбақтай тұла-бойым дірілдеп кетті. Былтыр жазушының «Айтылмаған ақиқат» деген кітабын оқып, қатты сүйсінген едім. Әсіресе, кітаптағы «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі мен «Оң қол» әңгімесінің аянышты оқиғасы қатты әсер етіп, жүрегім күйзелгендей болған. Ал, «Әке» повесін оқығанымда түні бойы жылап, көзім бұлаудай болып ісіп кеткен. Енді міне сол сүйікті жазушым – дәл менің алдымда тұр. Менің қиялымда - бұл тек ертегілерде ғана болатын ғажайып сәт!

Әкем театрдың алдында Төлен Әбдіковпен амандасып, шүйіркелесіп, біраз уақыт әңгімелесіп қалды. Мен шығармаларын оқығанымды айтып, жазушыға мақтанғым келді. Сосын үлкен жазушы болу үшін не істеу керек екенін сұрағым келді. Сосын.. Бірақ «Ассалаумағалейкум» деп сәлемдескеннен басқаға, батылым жетпеді. Сүт пісірім уақыттан соң ол бұл қойылымды кеше көргенін айтып, әкемнен рұқсат сұрағандай кейіп танытып, кетіп қалды. Өкінішті. Көкейімде жазушыға қоямын деген, өзегімді жыртып бара жатқан қаншама сұрағым қалып қойды.

Театрға кірдік. Төбесі биік, әрі күмістей жарқыраған өнер ғимаратының ішін арлы-берлі кезіп, жұртқа қарап, маңғазданып қоямын. Өнерлерін кинодан немесе теледидардан ғана тамашалап жүрген, театрдың қабырғаларына ілінген атақты әртістердің суреттеріне аузымның суы құрып, тамсанып қараймын.

Орнымызға отырдық. Жарық сөніп, сахнаның шымылдығы түрілді. Бақытымызға орай, бізге сахнаға жақын жерден орын бұйырыпты. Тағатсыздана күткен қойылым да басталды-ау! Зал сілтідей тына қалды. Масаның ызыңы естілетін тыныштық орнады.

Сахнаға үріп ауызға салғандай сұлу қыз бен әдемі жігіт жүгіріп шықты. Қыздың күннің сәулесіндей жібек көйлегін, төбеден түскен сахнаның жарығы онан сайын жарқыратып жіберді. Жарықпен бірге тал шыбықтай бұралған қыздың оқтаудай түзу аяқтары мен ақ сазандай сандары көзіме шағылысып, балалық көңілімнің ұялшақ сезімін қытықтай жөнелді.

Олардың арғы жағында теңіздің асау толқындары тулап жатыр. Дүниеге мас екі ғашық бір-біріне ынтығып, күн жауардың алдындағы теңізден бетер алабұртып, алқынып тұр. Бір мезгілде жүректің нәзік талшықтарын музыканың әдемі әуені тербеп, жігіт сол сөзді асыға күткендей болған қызға қарап, тіл қатты:

Мен –Адам Ата,

Ол – Хауа ана,

Мен де таза, ол да таза, ауа да.

Жылжып ағып жылға жатыр – қой толқын,

Харекетсіз біз отырмыз жағада.

Дәл осы сәтте бір алапат күш отырған орнымнан жұлып алып, сол жылдары сүйіп тыңдап жүрген композиторым Гектор Берлиоздың «Симфониялық фантазиясынан» төгілген музыканың құдіреті жан сарайымда ойнақшып, оның асау толқындары мені өзімен бірге ағызып әкеткендей болды.

Көзіме теңіздің жағасында бір-біріне еркелеп, арпалысып жүрген арыстандар елестеді. Біреу мені қолымнан жетектеп, Құдайдың жәннат-бағына кіргізіп жібергендей. Жылжып аққан жылғаға тас лақтырып, аяқтарын құмға бөлеген қыз бен жігіттің сыр-дастанын ұйып тыңдай бергім келеді, тыңдай бергім келеді. Дүние алғашқы жаратылған пәк қалпына қайтып оралғандай.

Сыр-дастандағы суреттелетін бүгінгіден тым бөлек табиғаттың көрінісі неткен керемет еді! Төбеңде құстар ию-қию шулайды. Бұйра шашын таранған шалғында, нәр алудан тынбаған көбелектер ұшып жүр. Жан-жағыңдағы сан-алуан, қызыл-жасыл гүлдер қандай тамаша!

Тау мен орман жақтан әдемі самал соғады. Көктемнің шарабына мас болған Адам Ата мен Хауа ана Жаратушының айтқанын тыңдамай алғашқы күнәларын бастағалы тұр. Құдай кешірсін, бірақ осындай сұлу табиғаттың аясында ол күнәны бастамау мүмкін бе өзі? Тіршіліктегі аң-құстардың бәрі де сенің сол күнәны жасағаныңды қалап тұрса, одан қалай бас тартуға болады? Алмадай албыраған Хауа ананың балдай тәтті ернінен өбіп, оттай ыстық құшағында балқып, Құдай тыйым салған күнәның рахатына батқаннан артық қандай ләззат бар, мына жалғанда? Және ол ләзатты Құдайдың өзі жаратса.. Алайда, бәрінен бұрын сол күнәға батпай, жанып барып тоқтаған ақынның сезімі қандай пәк, әрі сұлу еді десеңізші!

Албыраған алмадайын Хауа анам,

Албырап тек отыр еді манадан,

Шырт етті де, бұтағынан үзіліп,

Шолп беріп, суға түсті жағадан.

Сермеп қалып, аппақ сазан-білекті,

Ағынменен арпалысып бір өтті.

Су сипалап, су аймалап денесін,

Мен өппеген дидарынан су өпті.

Студенттер сахналаған қалған қойылымдарға ақынның соғыстың сүреңсіз жылдарын суреттеген «Шаруа һәм жауынгер», «Менен сұра», «Аға мен тірімін» сияқты поэмалары негіз болыпты. Ал, бұл қойылымдардан алған әсерімді айтып жеткізуге тілімнің құдіреті жетпейтін шығар, сірә!

Сахнаның шымылдығы қайта түріліп, екінші қойылым басталғанда «Адам ата мен Хауа анадағы» нұрлы сәулесімен жанымды еркелеткен әуен кілт тоқтады да, күтпеген жерден ойнап кеткен Вагнердің симфониясындағыдай мазасыз музыка жанымның тыныштығын бұзды. Жаңа ғана жүрегімді жылытқан музыканың құдіреті, енді мені суық мұздың үстіне тастай салып, тұла-бойымды түршіктірді. Өмірді жұтып қоя жаздаған аждаһа ажалды көзіммен көргендей, көңіл-күйімде бір құйын басталды.

Зұлым соғыстың ащы шындығын жырлаған бұл дастандардан, осы тақырыпқа жазылған кейбір туындылардағыдай жалған пафостың үнін естімейсің. Кейіпкерлердің іс-әрекетінің бәрінен де соғыс атаулыға қарсы шығып, гуманизмнің туын биік көтерген Мұқағалидың жан айқайы байқалады.

Осыдан біраз уақыт бұрын оқыған Лев Толстойдың соғыс тақырыбына жазылған әңгімелері есіме түсті. Мұқағалидың ұлы дастандарында да соғыстың трагедиясын суреттеумен қатар, дәл Толстойдағыдай сол зұлматтың неден болатынын білгісі келетін философиялық тереңдік бар.

...Соғыс деген қайдан шықты?!

Авторы кім алғашқы?

Есіл Адам, есі кетіп,оған несін жармасты?!

Бір дәуірден бір дәуірге неге үзілмей жалғасты,

Бүкіл адам тарихының бетін неге қан басты?

Есіңізге түсіріңізші, орыстың ұлы жазушысының «Жортуыл» әңгімесінде де картинаның қақ ортасынан, отандастарының пікіріне қосылмаған «Шынымен де адамдарға осы ғажап дүниенің, мынау шексіз жұлдызды аспанның астында өмір сүру тарлық ете ме? Қалайша мынау сүйкімді табиғаттың аясында адамның жанында өшпенділік сезімі, кекшілдік, өзі сияқтылардың көзін құрту құмарлығы өмір сүре алады. Адамның жүрегіндегі жаманшылықтардың бәрі де сұлулық пен мейірімділіктің көрінісі болып табылатын – табиғатпен жақындасқанда жойылып кетуге тиіс емес пе» деген Толстойдың соғысқа қарсы наразылық дауысы естілмейтін бе еді.

Үйге келе салысымен әкемнің бөлмесіндегі кітаптарды ақтарып Мұқағалидың жинағын іздедім. Жазу үстелінің тартпасынан ұлы ақынның «Өмірдастан» деген таңдамалысын тауып алғанымда қуанышым қойныма сыймады. Үміт пен күдік бір мезгілде көңілімде оянып, жүрегім лүпілдеп ақын жырларына үңілдім.

«Өмірдастанды» оқи бастағанымда, аспаннан тырналардың тізбегі ұшып өтіп, ауламыздағы үйлердің төбесіне қонғандай болған ғажайып бір көңіл-күйдің бесігіне бөленгенімді білемін.

Ақынның көктемгі табиғаттың көркіндей сұлу поэзиясы бозбала дәуреннің желігімен қатқылдана бастаған жүрегімдегі мұздарды ерітіп, ізгілікті сезімдерімді оятқандай ма, қалай?! Ал, кітапты соңына дейін оқып шыққанымда тас-талқаным шығып Мұқағалидан жеңілдім. Ол менің еркімді билеп, ой-санамды жаулап алды.

Бір күндік сәуле..

Бір күндік жарық мекенім!

Мәңгілік түнек – қапасқа қалай кетемін.

Келмейді-ау тілім...

Өлгеннен сұра дер едім,

Тірі жандарға,

Өмір дегеннің не екенін.

Өмір дегенге,

Тірлікте, сірә, жетер ме ой,

Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.

Бекер ғой бәрі,

Бекер ғой бәрі – бөтен ғой

Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой!

Ғарыштан құйылған ғаламның мұндай көркем шуағын өмірге шашу үшін сезімнің жылуы жеткіліксіз - жүректің қайнаған ыстығы керек. Өмірде көрген қызығыңның бәрі жалған! Адамның әппақ арманынан жаратылған сәуленің бар екені ғана рас. Қиял-ғажайып ертегідей болған күздің осы түнінде, кеудемде дүниеге жарығын шаша алатын бір жарық сәуленің болғанын жан-тәніммен аңсадым.

Бірақ мен оның бір күндік емес, сәулесі мәңгі сөнбейтін жұлдызға айналғанын қаладым. Балалық жүрегім сол мәңгілік сәуле үшін ғана өмір сүруге болатынын түсінгенде ауға түскен балықтай тыпыршып, балғын жұдырығымен кеудемді қайта-қайта ұрды.

Түн ортасы. Үйдегілердің бәрі ұйықтап қалған. Мұқағалидың жырлары қиялымды тербеп, делебемді қоздырып, қанша тырыссам да көзім ілінбей қойды. Ешкімге білдірмей далаға шығып, шылым шектім.

Сынған семсердің шетіндей болып ай туыпты. Қараңғы түнде өмірдің биік аспанында жымыңдаған жұлдыздардың бәрі де жерге Мұқағали поэзиясының сәулесін шашып тұрғандай. Темекінің ащы түтіні жаныма жағып, дәмді болып барады. Аулада ескен самал жел мұрныма алма ағашының әдемі иісін әкелді.

Жаным рахаттанып, таза ауа тынысымды ашып жіберді. Көктегі самсаған жұлдыздарға қызыға қараймын. Ертегіге бергісіз сол түні өмірімде тұңғыш рет мына жалған-дүниеден жоғалып, қара түнді ерекше сәндендірген жұлдызға айналып, шексіз аспанға сіңіп кеткім келді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар