Авгейдің ат қорасы
Бөлісу:
Соңғы кезде тек қана әлем әдебиетін оқимын. Бұл өз әдебиетімізге жоғарыдан менсінбей қарау емес, өз деңгейімде қазақ әдебиетінде оқуға тиіс шығармалардың бәрін оқыдым десем, артық айтқаным емес. Мектеп бітірген кезде, егер біреу менен «әлем әдебиетінен кімді білесіз?» десе, «Пушкинді, Некрасовты, Лермонтовты білем» деп ойланбастан жауап берер едім. «Мектепте орыс әдебиеті, орыс тілі пәнін оқыдық» деген аты болмаса, сабақ үстінде тек қана қазақша сөйлейтінбіз. Мұғалім де тек қазақша сөйлейтін. Пушкинді, Некрасовты, Лермонтовты білем дегенде де, орыс әдебиетінің бұл өкілдерінің бір-екі өлеңін оқығаным болмаса, оларды да білетінім шамалы еді.
Мектеп пен университетте ала алмаған білімнің орнын толтыру үшін «Қазақ әдебиеті» газетінде жүрген кезімде бар ақшама кітап сатып алып, әлем әдебиетін ашқарақтана оқитыным есімде. Жалпы кітапқа 500 мың теңгеден артық ақша жұмсаппын (2009 жылдан кейін жүйелі түрде кітап сатып алған емеспін. Кітапханадан әлем әдебиетінің мықты жазушыларын үйге жаздырып алам, интернеттен оқимын). Мәскеуге келіп, РУДН-ге оқуға түскенде группаластарымның көпшілігі әлем әдебиетін Әмірхан Балқыбектің деңгейінде білетінін түсіндім. Әлем әдебиетін бір адамдай білем деуші едім, бірақ өзімді алдап келгенімді мойындадым. Негізгі пәндердің бәрінен (әдебиеттануға қатысты) орыстардан қалыспай, өте жоғары ұпай алып жүрсем де, жандүниемдегі бір аштықты сезінетін едім, ол «кітап аштығы» еді. Әлем әдебиетінің бір сиқыры: ұйыққа тартып кеткендей, шыға алмай қаласың... Кейде елден жазып жүрген жастар жаңа шығармасын жіберіп, пікір күтеді. Әрине, жақсы пікір. Бірақ... мен әлем әдебиетінің «ұйығынан» шыға алмай, жас талапкер күтетін мақтау-мадақтауды айта алмаймын, өкінішке орай. Бәлкім, мақтау-мадақтау емес, жай пікір күтетін шығар. Бірақ олардың көпшілігінің хаты былай басталады: «Сәлеметсіз бе! Мені танисыз ба?..», - «Кешіріңіз, есіме түсіре алмай жатырмын... «Мен бірнеше мүшәйрадан жүлде алған ақынмын» дейді кейісті үнмен. Әңгімесін поштама жіберіп, фейсбукқа сол сәттен бастап адресіме «комплимент» айтып жататынын да түсінем... Кейде бәрінен шығармаларын оқымағаным үшін, оқи алмайтыным үшін кешірім сұрағым келеді. Сол адамдарға менің пікірімнің соншалықты маңызды емес екенін де түсінем. Сені елеп-ескеріп, жаңа шығармасын оқытып, пікіріңді сұрағанда пәлсінудің мәдениетсіз екенін де білем. Бірақ әдебиетке үлкен дайындықпен келген ақын-жазушының табиғатын жазған екі сөйлемінен, тіпті жазған хатынан бірден байқауға болады. Менің түсінігімде, шын жазушы үшін ешкімнің пікірі маңызды болмауы керек. Шын жазушы, шын ақын өзімен-өзі ғана бәсекелеседі.
Тағы да оқи отырыңыз: Тұрсын Жұртбай: «КІМГЕ?» – «ҺОМО ПОЭТИКУСКЕ» (Бейнет сусыны кітабынан)
Бірде бір ақынмен әңгімелесіп отырғам. «Егер мен әңгіме жазып, проза саласына келсем, сен менімен араласпай кетпейсің бе?» дейді. Осындай сұрақ бола ма? Әрине, не айтқысы келгенін түсіндім. Бұрын «түгеншенің іші тар, пәленше мені көре алмайды» дегенді жиі айтқанда, ішімнен мені де «іші тар» деп ойлайтын» шығар деуші едім. Сол себепті, психологиялық тұрғыдан дайын едім. Ол, шын мәнінде, жақсы ақын, талантты ақын. Көп ақыннан білімді. Шын жаза алатын адам, шын жазғызы келген адам ешкімнің пікіріне, сөзіне қарамай жазады. Шын мәнінде, әрбір талантты адам эгоист. Ол өзінің амбициясы мен шығармашылық мұраты үшін ешкіммен санаспайды. Жаз, жақсы жаз! Бәрінен жақсы жаз! Мені көзге ілмей, менсінбей жаз! Мойындамай жаз! «Одан әлдеқайда білімдімін, таланттымын, потенциалым артық» деп жаз! Тіпті «қазақ прозасы менен басталады» деп жаз! Тек жаз, жақсы жаз, сосын сенімен біреу араласа ма, араласпай ма, ол сен үшін маңызды болмауы мүмкін. Өз әлеміңе ешкімді кіргізгің келмеуі де мүмкін. Тіпті жаның жазудан да тыныштық таппай, «ештеңе жазғым келмейді» деп аласұрып, кім Нобель алады, кім сыйлық алып жатыр, түсінесің бе, түк қызық болмауы мүмкін. Салмағы бар сыйлықты дұшпаның ала ма, досың ала ма, ешқандай әсер етпеуі мүмкін. «Мынаның Нобель алуға потенциалы жетеді» деп шетелдік әдебиеттанушылар айтып, мақтап жатса да, селк етпеуің мүмкін. Себебі, қызғаныш пен күншілдікті ұмытып, өзіңмен ғана алысып кеттің.
...Әлеуметтік желіде де бір-бірінен кек алып жатқан, «көре алмайтындар үшін суретін салып, көре алмайтындар үшін өлең жазатын» ақындар, жазушылар. Сонда деймін де, жік-жікке бөлініп, таласып-тартысып жатқан ақын-жазушы қашан жазады? Қашан шет тілін үйреніп, қашан түпнұсқада әлем әдебиетін оқиды? Қашан әдеби білімін жетілдіріп, сауатты, тұщымды пікір айтады? Қашан?
Қазақ қаламгері бір жобаны қолға алса, өзіне ұнайтын, өзіне жағынатын ақын-жазушыларды ғана тізімге енгізсе, қазақ әдебиеті қалай көгереді? Мүшәйраларда, әдеби байқауларда өзінің рулас іні-қарындасын жүлдеге сүйреп, өлерменденетін ақын-жазушысы бар әдебиет қалай әлемге танылады? Түсінбеймін...
Бұдан кейін біз қалайша «Нобель сыйлығын қашан аламыз?» деп сұрақ қоя аламыз? «Қазақ әдебиеті әлемге қашан танылады?» деп қалайша сұрақ қоя аламыз? Айтыңызшы, бұл сұрақты қою қаншалықты әділетті, қаншалықты ақылға қонымды?
Әмірхан Балқыбек: «Біздің ақындарға «кітап оқы, әдеби білімің болмаса, уақыт сені жағаға лақтырып жібереді» десем, «Есенин де аз оқыған» дейді. Солар өзі орыс тілін білмейді, Есениннің өлеңін түпнұсқада оқымаған. Есенин сол пікірді айтқан біздің ақындардан әлдеқайда көп оқыған, әйтпесе, әдебиетте жетістікке жетпес еді. Есениннің заманында қаншама мықты ақындар болды ғой, олардың арасында ерекшелену де оңай емес еді», - дейтін кейісті үнмен.
Әдебиет тақырыбына байланысты сауалнама жүргізгенде, салмақты пікір айтатын ақын-жазушы таппай қиналам. Бізде бәрі талантты, бәрі мықты, бәрі танымал, бірақ білімді, интеллектуал ақын-жазушыны табу қиын. «Мына сұрақтарың қиын ғой, деңгейім жетпейді» деп шынын айтатындар да бар. Бірақ... сұрағымның күрделі емес екенін, керісінше оңайлау сұрақ қойғанымды айтып түсіндіре алмаймын. Бәрібір «сұрақтарың қиын» деген жауапты жиі естимін. Осындай жауапты жиі естеген соң, «Біздің ақын-жазушылардың көпшілігі кітап оқымай ма?» деген сұрақ көкейде қалады екен.
Есей Жеңісұлынан сұхбат алған кезімде, осы мәселеге қатысты сұрақ қойдым. Өзі көп оқитын, әдеби ортаның атмосферасына диагноз қоя алатын ақын ғой, пікірі есімде қалып қойды.
«Қазақта кітап оқымайтын қаламгер аз емес. Өзі мен айналасындағы қаламгерлердің жазғанын ғана оқып, таңдай қағып, содан озық ештеңе жоқ секілді көрініп, әлемдік үдерісті көретін көзі жабылып қалатын қаламгерлер бұрын да болған, қазір де бар, алда да бола береді. Мысалы, қолына қаламды енді ұстаған қазақ прозашысы не істейді? Балалық шақтың естелігін жазады. Өзі әлі бала. Ол бала шағында әдеби багаж жинамаған, ішіндегі 1 пайыздық таланты түртпектеген кезде, балалық шақтан басқа ештеңе жаза алмайтынын байқайды. Сөйтіп таусылмайтын тақырыптарға – әже мейірімі, қатыгез көрші, балық аулап, батпаққа аунаған кезі, т.б. айдай анық нәрселерге барады. 99 пайыз еңбек керек екенін кеш түсінеді. Қазір ойланып отырып, Асқар Сүлейменов, Сағат Әшімбаев, Герольд Бельгер, т.б. интеллектуал қаламгерлерге қазақ қоғамында өмір сүру қаншалықты азапты болғанын ептеп түсінемін. Олар адамзат ойының бірнеше қат биігіне шығып алып, әдеби ортаның күйкілігіне күле қарап, бәрін кешіріп тұрғандай көрініп кетеді. Оларға, мүмкін, сыйлыққа талас, соның жолындағы өлермендік өте жабайы, варварлық құбылыс болып көрінген шығар. Бірақ қаламгердің бәрі интеллектуал бола беруі де шарт емес. Әркім өз бабы жеткенше шабады», - дейді Есей Жеңісұлы.
Бір нәрсе анық: қазаққа интеллектуалды әдебиет керек. Кешіне ақын-жазушы келмесе, әлдеқандай сыйлық алғанда құттықтамаса, кітабы шыққанда жазбаса, пікір айтпаса, «көре алмайды, іші тар» деген ойдан аспайтын біз қашан интеллектуалды дүние жазамыз? Бәлкім, шығармашылығымыз оның әдеби талғамына сәйкес келмейтін шығар, болмысымызды қабылдамайтын шығар, ол өзін бәрінен мықты сезінетін шығар (сезінсін), бәлкім, депрессияға түсіп, сыртқы әлеммен байланыс жасағысы келмеген күйде шығар...
Мәскеуде тұрып жатқалы бірнеше ақын-жазушының әдеби кешіне бардым. Залда отыз-қырық адам отырады. Біздегі кейбір қаламгерлер секілді шай беріп, кешінің алдында өзін барлық басылымға мақтатып жазып, болмаса, жоғары оқу орындарындағы басшылық қызметтегі таныстарына шығып, адам жинап жатқан ақын-жазушыны көрмедім. Олар үшін «өз аяғымен» келген оқырман қымбат. Оқырман мен шын ақын-жазушының арасында сауда болмайды. Ақын-жазушының оқырманмен байланысына жалғандық, жасандылық араласты ма, оны уақыттың өзі лақтырып тастайды.
...РУДН-де оқып жүрген кезімізде Владимир Мескин деген қатал профессордың университеттің конференция залында ашық лекциясы (әдеби кеш деуге болады) өтті. Аз күннен кейін Мескиннің емтиханы. Бәрінде қорқыныш. Біздің топта тоғыз орыс оқыса, соның жетеуі мәскеулік. Бәрі Мәскеуде туып-өскен. Бір орыс қыз Ресейдің басқа қаласынан, ол пәтерде тұратын. Университетке машинамен келеді. Жалпы біздің топтағы қыздардың біразы университетке жеке көлігімен келетін. Бұны не үшін айтып отырмын, біздің елде әдебиеттану – соншалықты беделді мамандық емес. Ал Ресейде әдебиеттану мамандығы «модадан» қалмаған мамандық болып саналады.
В.Мескиннің ашық лекциясына біздің топтан ешкім келмеді. Ол күні сабақ жоқ еді. Жатақхана университеттің қасында, үйде бос отырғанда не істеймін? «Соңғы жылдардағы орыс әдебетінің бет алысы» деген тақырып та тартып тұрды, орыс әдебиетінде нендей жаңалық бар, білгім келді. Барсам, бар-жоғы қырық адам. «Адам көп жиналды» деп қояды кафедра меңгерушісі А.Коваленко. Мескиннің университеттің басшыларының алдына кіріп, студенттерді сұрап алуға мүмкіндігі болмады емес, болды ғой. Жоқ, ол үшін өз еркімен келген оқырманы қымбат еді.
Кешін жиі өткізетін, әр жерде жылтыңдап жиі көрінетін, реті келсе, таныстарын жағалап, журналдың мұқабасына шығатын және таныстары жұмыс істейтін басылымға жылына екі-үш рет сұхбат беретін біздің кейбір ақын-жазушыларға әдебиет керек емес, олар тек қана танымал болуды армандайды. Оларға тобырдың қолшапалағы ғана керек. Тек саудаға түскен әдебиетті аяйсың...
Ресейлік жазушы Сергей Шаргуновтың уикипедиядағы бетінде мынандай сөйлем бар: «Главный редактор газеты «Литературная Россия» Вячеслав Огрызко полагает, что Шаргунову «не нужны ни журналистика, ни литература», поскольку он «круглосуточно готов заниматься лишь собственным пиаром».
Бірақ біздің менталитетіміз басқа, табиғатымыз басқа, ашық айтпаймыз, жазбаймыз, себебі, жау тауып алудан қорқамыз, болмаса, «ол адам күндердің күнінде керек болады» (Атын атап, түсін түстемей-ақ, жалпылама жазсаң да «мына жерде мен туралы айтқансың» деп ұстасып, жауығатындар жетеді. Таяуда бір ақын менің жеке пікірімді өзіне қабылдап, бұлқан-талқан болып, мені фейсбуктағы достығынан шығарып тастапты. Күкілі һәм аянышты). Бетіне жымиып, сыртынан «аямаймыз». Кешіне бір тал гүлімізді алып, құттықтап қайтамыз, бірақ ол ақын-жазушыны оқымауымыз мүмкін, тіпті мойындамауымыз мүмкін. Немесе кешіне әдейілеп бармаймыз, себебі, оның қолында ешқандай билік жоқ, тіпті ол пақыр бір әдеби жобаны да қолға алған емес және алдағы уақытта да алуы мүмкін емес. Есеп, бақай есеп.
Ал сен қазаққа интеллектуалды әдебиет керек дейсің...
Аягүл МАНТАЙ
Бөлісу: