Тұрсын Жұртбай: «КІМГЕ?» – «ҺОМО ПОЭТИКУСКЕ» (Бейнет сусыны кітабынан)
Бөлісу:
Үшінші тарау. БАРЫС: «КІМГЕ?» – «ҺОМО ПОЭТИКУСКЕ»
Қойшы, сонымен «көмекші құралдардың» бәрі іске қосылды деп есептейік. Яғни, ой (замысль) мен жоба қабысты. Гүлдің шырыны омартаға жиналды. Енді соны қорыту, былайша айтқанда, гүлдің шырынын балға айналдыру ғана қалды. Дөрекі теңеумен жеткізсек, кәуап жасайтын сұрпы ет таңдалып, сірке суына салынды. Кәуаптың ендігі сапасы, яғни, дәмі мен жұмсақтығы еттің сірке суын қалай сіңіргеніне байланысты.
Сол сияқты жазушы да көркем шындықтың азу тісін сындыратын құжаттар мен күнделіктердегі қасаң өмірлік шындықты үгітіп, иін қандырып, бабына келтіре баптауы тиіс. Бұл жердегі қорытылмаған шикізаттар – көркем әлемнің қас жауы.
Туындының тұтастай туырылып түсуі үшін шикізаттар қалдықсыз ұнтақталуы керек. Таланттың шеберлігі осы бір сәттегі «қайтарған ой күйісіне», шығармашылық қуатына, көркем қиялының құдіретіне байланысты шешіледі. Ертеңгі мәңгілік даңқтың, не мәңгі арылмайтын дақпырттың басы бұл.
Гетенің: «Подлинный художник, диктующий законы искусству, стремится к художственной правде, тот же, который подозревает об этих законах и следует только слепому влечению, стремиться к натуральность; первый взносить искусство на его вершину, второй – низводит на самую низщую степень» – «Өнердің заңына бағынатын шынайы суреткер көркем шындыққа ұмтылады, ал, кім де кім мұндай заңдылықтарға күдікпен қарап, соқыр сенімнің соңынан кетсе, қарабайырлыққа ұмтылса, онда – алғашқысы өнерді шыңға шығарады, ал екіншісі – оны шыңыраудың ең түбіне тастайды» – деп дауасын айтқан шығымды, не шығымсыз шақ.
Ендігі таңдау сізде. Бірақ қай қаламгердің шыңға шырқағысы келмейді дейсің. Гәп – қарабайыр, жер бауырлап қалған өмірлік шындыққа қанат бітіріп, өтірікті – шындай, шынды – өтірікке бергісіз етіп «қиыннан қиыстыра» білуде. Әрине, ондай олжа тумысы тұтас таланттың ғана елшісіне тиесілі. Қалғанын айтқызбай-ақ өздеріңіз түсіне беріңіздер.
Сонымен, шығарманың алғашқы тамшы қаны осы сәтте ұйыйды. Енді оған жан беріп, бейне бітіріп, сезім демін салып, іс-қимылға жетелеу керек. Бүгінгінің тілімен айтқанда, әрқайсысына жұмыс тауып беруге тиіссің. Мұны, көне әдеби терминде «Һомо поэтикус» деп атайды.
Тағы да оқи отырыңыз: Ербол Тілешов: Әдебиет шынайылықтан жасандылыққа көшіп барады
Ал «Һомо поэтикус» дегеніміз – поэтикалық адам, яғни, сөзбен жан біткен жан, бүгінгі тілге аударсақ кейіпкер болып шығады. Мұнда адамның келбеті, іс-қимылы ғана бейнелі баяндалып қоймайды, сонымен қатар оның ішкі ағзаларының табиғи қабілеттері, яғни, көз, құлақ, ерін, жүрек, қол, ішек-қарын, аталық пен аналық без, бөксе, балтыр, табан, тағы да басқа ашық аталып, аталмайтын мүшелер бар болмысымен суреттеліп, іске қосылады. Болмысты бұл ағзалар психологиялық тұрғыдан қалай қабылдайды, соны толық жеткіземін деп Джеймс Джойс өзінің атышулы «Улисс» романын жазған.
Сөзбен суреттеліп, қалам үшімен жан біткен жандардың әр демін суреткер етене сезіп отыруы тиіс. Онсыз құр сүлдерді суреттеген болып шығады. Мысалы, әлем драматургиясына төңкеріс жасаған атақты норвег драматургі Генрих Ибсен пьеса жазу үстінде өзінің кейіпкерімен астасып кеткені сондай, ол күнделігіне: «Сегодня у меня побывало Нора. На ней было голубое платье. Она вошла в комнату и положила мне руку на плечо...» – «Бүгін маған Нора келді. Үстінде көгілдір түсті көйлегі бар екен. Ол бөлмеге кірді де менің иығыма қолын салды», – деп жазған. Нора – кейіпкері. Демек, Ибсен өзінің кейіпкерін тірі адам ретінде сезінген. Қандай творчестволық кірігу. Тіпті келіншектің ыстық демін де сезініп отыр. Езіле астасып, егіле табысу, қытықсыз араласу осындай-ақ болар.
Жаңа әр суреткер өзінің жасанды жандарына, яғни, кейіпкерлеріне жұмыс тауып беру керек – дедік қой. Бұл арада жазушы еңбек биржасының міндетін атқарады. Кімнің қандай қабілеті мен мамандығы бар, кім не нәрсеге бейім, соның барлығын есте ұстауы шарт. Әрекеті ауысқан кейіпкерден сом бейне шықпайды. Қаламгердің сақтанатын тұсы осы және әр адам өз бейнесіне сай орынын табуға тиісті түйткілді мәселе бұл. Оқиғаның басында етікші боп баяндалған кейіпкер соңында ұста болып шыға келген жайлар өте жиі кездескен. Әсіресе, қазақ жазушыларының біразы зардап шеккен, ақырында еңбекші тап бар кәсіпті игере алады – деп сылтаурата құтылған суреткерлер болған.
Ал буржуазиялық және капиталистік қоғам мұны кешірмейді. Сондықтан да суреткерлер «кәсіп бөлісуге» өте сақ қараған. Мысалы, Генрих Ибсеннің жәй тіршіліктегі мамандығы аптекарь, яғни, дәріханада істеген. Сондықтан дәрі салатын толып жатқан ұсақ қобдишаларының болғаны таңдандырмаса керек-ті. Ол жазатын шығармасында қанша кейіпкер болса, сонша қобдиша дайындаған. Әр қобдишаның сыртына кейіпкердің атын жазған. Содан кейін әр кейіпкердің жеке басына қатысты деректер мен диалогтерді, соған лайықты сөздер мен термндерді, кәсіби ісін жазып, қобдишаға тастай берген. Қобди толып, шикізат толық жинақталып біткенде (ойша жобалағанда) жазуға отырған. Міне, «кейіпкерлер биржасын» Ибсен осылай ашқан.
Гюстав Флобер роман жазбас бұрын тиянақты түрде жоспар жасаған, жұмыс барысында содан ауытқымауға тырысқан. Яғни, оқиғаның басталуы, дамуы, шарықтау шегі, көркемдік шешімі алдын-ала белгіленіп қояды. Мұндай «есепті қисын» жазу мәнері мен стильдік тұрғыдан әлемдегі ең үздік шығарма ретінде мойындалған Флобердің «Бавари ханымының» өзінен де аңғарылады.
Ал Джозеф Конрад өзінің кейбір романдарын кейіпкердің ең соңғы демі үзілген жерден, яғни, өлімінен бастап жазып, оның туған күніне қарай шегіндіре жазған. Қазақ әдебиетінде мұндай тәсілді біз өзіміздің шикі кезімізде жазылған «Жер-бесік» атты роман-новелламызда» қолданыппыз. Әрине, өзге де үлгі бар, бірақ, еске түсіріп, назарды басқа жаққа аударып, елпілдеп тұрған есімізді адастырғымыз келмеді.
2.«НЕГЕ?» – СӨЗГЕ
Әрине, мұның барлығына мүмкіндік беретін құдірет – Сөз. Әр суреткердің, әр тақырыптың, әр туындының, әр кейіпкердің тек өзіне ғана сыбағалы сөзі болады. Анатоль Франстың: «Ласкайте фразу» – «сөзді аялаңдар» деп жар салуында сондай бір сырлы астар бар.
Сондықтан да суртекер біткеннің бәрі үшін ең ауыр әрі жауапты, әрі айшықты мезет – алғашқы сөздің қағаз бетіне түскен сәті. Бұл, жазушы үшін өмір сүрудің ыңғайын таңдағанмен бірдей. Өйткені, енді сен қашан шығармаң аяқталғанша сол ырғақпен, сол көңіл-күймен, сол көзқараспен, сол әлеммен өмір сүресің.
Сондықтан да өзіңе не рахат, не азап сыйлайтын жолды таңдауыңа тура келеді.
Сапарың сәтті аяқталуы үшін жолға алған азығың жете ме, дайындығың қалай, яғни таңдаған әлеміңді тарықпай суреттеп беретін сөздік қорың мол ма? Шығарманың шикізаты – күнде-күнде қайталап ысытып іше беретін кеспе көже емес. Әр сөзің, әр сөйлемің, әр абзац тың әсер беріп, ілгері қарай ынтызарыңды арттыра жетелеуі тиіс. Әйтпесе, «кінәмшіл келіншектер» кешірмейді, тез жалығып, теріс қарап кетуі ғажап емес. Ал одан айырылу – жазушы үшін өліммен тең.
Гете осынау бір зауал шақтағы жауапкершілік өткелі туралы: «Я вновь ощущаю интерес к миру, испытываю свою способность наблюдать, проверяю, насколько велики мои знания и сведения, достаточно ли ясна и светло мое зрение, много ли я могу схватить при беглообзоре и спопсобны ли изгладиться морщины, врезавшиеся в мою душу» – «Мен осынау сәтте мына дүниеге ынтызарымның қайта ашылғанын тағы бір рет сезінемін, өзімнің қадағалау қабілетімді сынаймын, менің білімім мен мағлұматтарымның қаншалықты жеткілікті екенін тексеремін, менің көзқарасым соншалықты анық әрі қанық па, атүсті жеделдете щолып шыққан кезде қаншалықты құбылысты қамти аламын, менің жанымды осқылаған жаралардың тыртығын жазуға қабілетті ме, соның барлығын көңіл көрігінен өткіземін» деп жазыпты.
Бұл – жалғыз Гетенің ғана емес, қалам ұстаған мұқым қаламгердің рух кедені.
Сөздік қордың негізгілерін, соның ішінде келесі сөзді шақыратын, не нақты бір құбылысты, ситуацияны, оқиғаның мінезін, сөйлемнің ішкі ырғағын, кейіпкердің көңіл ауанын білдіретін нысаналы сөздер мен ұғымдарды қатирасына, не дайындық дәптеріне түсірмеген, жарты мың сөз тіркесін жадында ұстамаған жазушыны сыйлау қиын. Ондай сөзге жарлы, сөйлемге орашолақ, ұғымдары можантопай жазушысымақтардың дүмбілез дүниелері бірден жүрегіңді кілкітеді.
Флобер «Мадам Бовариды» жазғанда ғана емес, бүкіл шығармашылғында бір сөзді екінші рет сол мәнерде ешқашан қайталамаған, кейіпкерлер бейнесін сомдағанда да сол талапты ұстанған. Оның: «Мне еще осталось написать десять страниц, а между тем запас моих тем уже исчерпан» – «Менің әлі он бет жазуым керек, соған қарамастан менің тақырыбымның сөздік қоры таусылды», – деп алаңдауы соны танытады.
Бұл сөздерді ол күнделігіне жетіскеннен жазған жоқ. Жазушының жан айқайы дегеннің нақ өзі осы. Флобер жазу столында күніне 3-4 сағаттан тапжылмай отырып жазғанның өзінде 1 романды 5-6 жылда бітірген. Ибсен әр драманы 2 жыл жазған. Бальзак та, Толстой да, Достоевский де, Тургенев те, Дж.Лондон да, қазақта Ғабит Мүсірепов те бастан кешкен бейуақ бұл.
Сондай машақатты жақсы білетін бір әдебиетші Гогольге: «Жақсы сөзді қайдан аласың?», – дегенде: «Из дыма пишу и сжигаю, что писал. И пишу снова» – «Түтіннен аламын, әуелгі жазғанымды өртеймін де қайта жазамын, ол жазғанымды тағы да өртеймін. Содан кейін барып жазуға отырамын» – деп бейнелі түрде жауап беріпті.
«Өлі жандарды» өртеп жіберуінде осындай бір гәп жатса керек-ті.
Гербер Спенсер: «В основе всех правил, определяющих выбор и употребление слов, мы находим то же главное требование: сбережение внимания... Довести ум легчайшим путем до желаемого понятия есть во многих случаях единственная и во всех случаях главная цель» (Философия слога») – «Сөзді таңдау мен қолданудың шегін белгілейтін барлық ережелердің негізіндегі басты талап – (сөзді) үнемдеуге назар аудару болуы тиіс деп есептейміз... Ойыңды діттеген ұғымыңа жылдам жеткізетін жеткізетін ең жалғыз жол біреу ғана және барлық жағдайдағы басты мақсат та сол болмақ» – дейді сөздік қор туралы.
Ал сөз қисынының теоретиктерінің бірі А.Веселовский: «Достойнство стиля состоит именно в том, чтобы доставить возможно меньшем количеств слов» – «Стильдің ерекшелігі дегеніміздің өзі де, (ойыңды) мүмкіндігіңнің барынша аз сөзбен жеткізу болып табылады», – депті.
Қазақта сөзге «сараңдық жасаған» жазушы Ғабит Мүсірепов қана. Мұндай жанкештілікке тәуекел еткен өзге қаламгер есімізде сақталмапты. Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов қойын дәптер ұстаған. «Жазушының жан серігі – қойын дәптер» деген кәсіби тұрақты сөз тіркесі содан туса керек-ті. Сол қойын дәптерге кейіпкерлерінің іс-қимылы мен портретін, қажетті бұйымдық заттар мен тұрмыстық, кәсіптік атауларды түсіріп, оның шығармада пайдаланылуы мүмкін тұстарын ескерте отырған.
Абайдың «Жол азығым мол емес», – дендегі «азығы» осы мағыналы сөз.
Виктор Гюго артына жиыны миллион сөз қалдырған №1 жазушы – деп есептеледі.
Марсель Пруст түн ішінде және немістер Парижді бомбалап жатқанда «без строгости» – «қатал қарамай, жұмсарта шешпей» «мәтіннің мағынасы бойынша аударылды) деген бір сөздің италянша аталуын білу үшін қаланың екінші шетіндегі досы Рамон Фернандеске барған. Міне, тілге жауапкершілік деп осыны айт.
Қазақта сөздік қоры ең бай жазушы – Мұхтар Әуезов. «Абай жолының» сөздік қоры шамамен жиырма мыңға жуық. Ал бүкіл шығармаларындағы қолданылған сөз санын есептесе, Виктор Гюгомен иық тірестіріп қалатынына сенім кәміл.
Күнделік пен қойын дәптер ұстамағанымен де (әңгімелерінің өзі қойын дәптердегі жазудың міндетін атқарған) Бейімбет Майлин жазу барысында тура сол арада кейіпкері айтуға тиісті сөзді есіне түсіре алмаса, қазақтың ауызекі сөзін барынша еркін меңгерген және не көңілденген, не ашуланған кезінде неше түрлі қою мазмұнды сирек сөздерді бұрқырата жөнелетін бәйбішесінен сұрайды екен. Ол үйде болмаса қашан келгенше күтіп отырады екен. Кейде өзіне қажетті сөзді табу үшін Күлекеңді әдейі күлдіріп, не қасақана ашуландырады екен. Кейде күйеуінің мұндай «тәсілін аңғармаған» Күлжамал жеңгей, қызып кетіп, екпінін әзер баса алмай қалған жайлардың болғанын өзінің естелігінде жасырмай жазған.
Сөз – өте қауіпті құрал. Ол – асыл ұстара сияқты, байқамасаң арандап қаласың. Сондықтан да «Орынын таппаған сөз жетім» дейді қазақ. Дұрыс және мағыналы сөз. Жазушы үшін тіпті де қымбат ұғым.
Өйткені, бірінші сөз, бірінші сөйлем, бірінші абзац – бүкіл шығарманың көркемдік болмысын шешіп береді. Кейін қаншама бұлқынсаң да алғашықы сораптан, алғашқы екпіннен, алғашқы ырғақтан, алғашқы мәнерден сытылып шыға алмайсың. Ол алғашқы ерінің тиген ерін сияқты көңіліңнің қошыңды жаңылыстырмайды, түйсіктің түкпірінен ынтықтыра мәпелеп, ырқына көндіреді де отырады, яғни, шығарманың көркем әлемінің пердесін ашып, суреттелуге тиісті оқиғаның босағасынан аттатады.
Мұндай сиқырлы әлемге кіретін есік бар да, шығатын есік жоқ. Алғашқы қарқыныңмен оқиғаның желісіне еріп бүлкектейсің де отырасың. Малтығуың да мүмкін. Азап та шегесің. Сөз іздеп сарылып, сөйлемнің құрылымын өзгерткің келіп неше түрлі қитұрқы құбылтуларға барасың. Сөз бен сөйлем суреттеген оқиғаңа, кейіпкерлеріңнің қас-қабағына, көңіл-күйіне, тіршілік қаракетіне, қоршаған ортасына, тап болған жағдайға сай келмейтіндей көрінуі мүмкін.
Былайша айтқанда, жаңа да болса жараспай тұрған киім сияқты әлгі сөз бен сөйлем жалпы шығарманың тұла бойына қонбай тұруы да ғажап емес. Бәрін де, кейіпкерлердің түр-түсі мен іс-әрекетін де, оқиғаны да, оқиға өтетін жерді де, оқиғаның даму желісін де, оқиғаның көркемдік шешімін де өзгертуіңе болады. Тек алғашқы сөздің, алғашқы сөйлемнің, алғашқы абзацтың екпінін өзгерте алмайсың. Одан көрі шығарманы жазбай тастағаның әлде қалай оңтайлы. Мысалы, Қайрош:
«Зытып келеді, зытып келеді. Артына қарай-қарай зытады... Зытып келе жатқаны – қашып келеді, артына қарай беретіні – қорқып келеді».
Енді Қайрошқа да, оны жазып отырған Ғаби Мүсіреповке де тоқтау жоқ. Сол «зытқаннан зытып отырып» қалаға келеді, онда байыз таппай жарты Еуропаны жайлаған ғарасат майданына аттанады, тіпті роман аяқталғанда да Қайрош Қарағандыға «зытып» бара жатады.
Кейіпкердің де, автордың да «орынында аялдауға» қақысы жоқ. Шығарманың заңдылығы солай. Өйткені алғашқы сөз «зытудан» басталып тұр. Сол бір ауыз сөз бүкіл шығарманың желісіне екпін беріп тұр. Одан баяулатса – жазушыға мін, баяуласа – кейіпкерге сын. Себебі туындының бірінші сөзі іс-қимылға, екінші сөзі де іс-қимылға, бүкіл бірінші сөйлем іс-қимылға құрылған. Екеуі де сол екпінінен жазбауы тиіс. Бұл дегеніңіз, бүкіл шығарма – қимылға құрылды деген сөз.
Ал мына: «Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған», – деген сөйлемнен кейін «зытып келеді, зытып келеді» – деп «зытқыта» жаза алмайсыз.
Бұл сөйлем іс-қимылға емес, ойға құрылған. Енді Мұхтар Әуезов өзінің құдіретті қаламын қанша зорлағанымен де «зытып келеді, зытып келеді» деп жаздыра алмайды. Керісінше, Ғабит Мүсірепов те қарындашы қанша үшкір ұшталғанымен де «зытып» келе жақтан Қайрошты тоқтатып алып, «күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған» дей алмайды.
Өйткені шығарманың екпіні сол арада үзіледі. Ал Мұхтар Әуезов ойлы Абайға астындағы атын борбайлата қамшылатып, «зытқыта» жөнелмейді.
Өйткені, Альбер Камю өзінің өмірбаяндық «Долы пенде» атты эссесіне: «Да, быт может, грусть былых несчастий и есть счастье» – «Иә, бақыт дегеніміз, мүмкін, өтіп кеткен бақытсыздықтардың көңілге қалдырған қоңыр мұңы шығар» – деп мінездеме бергеніндей, «Абай жолы» да қазақтың басынан көшіп кеткен, қайтып оралмайтын көшпелі әлемімен қоштасқанын бейнелейтін «қоңыр мұңға» құрылған шығарма.
Міне, бірінші сөздің, бірінші сөйлемнің, бірінші абзацтың «неғылайынсыз қатал» құдіреті осындай. Екі сөйлем – екіұдай әлем.
«Қысқалық – таланттың қарындасы» деген ұстынды ұстанған, онсыз да қысқа жазатын әңгімеші Антон Павлович Чехов жазған әңгімелерінің алғашқы абзацын сызып тастайды екен. Ендеше, біздің әлгі «бірінші сөз, бірінші сөйлем, бірінші абзац бәрін шешеді» – дегеніміз жаңсақ қисын ба?
Кім білсін. Суреткер дегеніміздің өзі, көркем шығарманың заңдылығынан басқа еш заңдылыққа бағынбайтын «қырсық мінездің» иесі емес пе.
Стендальдің: «Легче описать одежду и медный ошейник какого нибудь средневекового раба, чем движения человеческого сердца» – «Адам жүрегінің дірілін жеткізуден көрі, орта ғасырлық әлдебір құлдың киімі мен мойнындағы қарғысын суреттеу әлдеқайда оңай» – деуінің себебі де сонда.
Көркем шығармадағы әр сөз – көңіл қылын басатын бір-бір перне. Дәп баспасаң – жаңыласың. Чехов содан сақтанған болуы мүмкін.
Тұрсын Жұртбай
Бөлісу: