Ерболат Баятұлы: Өзімнің өлең жазатын қарымымды кештеу байқадым

Бөлісу:

10.08.2017 8270

Ақын Ерболат Баятұлымен әдебиет және жеке шығармашылығы турасында әңгімелесудің сәті түсті. Бұл сұхбатты алу барысында ақынның әдебиет теориясын жетік білетін ұстаз екенін ескердік. Сонымен қатар қаламгердің баспасөз бетінде бірнеше прозалық шығармалары жарық көрген.

Сіздің поэзияңызды оқып отырып: «Осындай потенциалы бар ақын жастық жігерін қайда жұмасады?» - деген ой қылаң ете қалады. Жақсы өлеңдеріңіз бола тұра танымал ақындардың қатарында емессіз. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» - деп өкінбейсіз бе?

– Жалпы әркімнің әдбеиетке келуі әр қалай ғой. Біреулер жас кезінде жалындап басылса, енді біреулері жас ортасына келгенде қалам тартып жатады. Мен осы соңғылардың қатарында шығармын. «Жасымда албырт өстім ойдан жырақ...» - деп Абай айтқандай, жастық дәуренді қимай, «серілікпен» ұзақтау жүріп қалсам керек. Расында әу басынан таныла қойсам деген өлермендік менде болмаған. Тіпті де, өзімнің өлең жазатын қарымымды кештеу байқадым. Өзімді «мойындай алмай» жүріп қалсам керек те. Студенттік кезде үзіп-жұлып жазған дүниелер болды. Әдебиеттің нақты бір жанры бойынша өндіріп жазбасамда, сол шақта шәкірт тәрбиеледім, дәріс оқыдым, баспасөзде қызмет атқардым. Ол да бір жағынан қолбайлау болған сияқты. Жазу ләззатынан гөрі, студенттерге дәріс оқу ләззатын көбірек қуған сыңайлымын. Сол кезде де өзіме және өзгеге қоятын шығармашылық талабым жоғары болды. Ізденіп біраз дүниелерді оқыдық. Менде «толысып алу керек» деген қағида болды. Сөйтіп жүргенде жүйрік уақыттың біраз жылдары өтіп кеткенін кеш аңдадым. Кейде өкінемін. Алайда, тыраштанып жазғаныммен танымал бола қоюым да екі талай еді ғой. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Негізінде мен оптимистпін.Өмір әлі алда!

Прозалық шығармаларыңызды баспасөз бетінен ара-тұра көзіміз шалып қалады. Өзіңізді ақын ретінде алға шығарасыз ба, әлде жазушы ретінде ме?

– Мен өзімді ақынмын һәм жазушымын деп таныстырған емеспін. Былайғы оқырмандарым айтып жатса келісемін. Кім екеніңді, қай жанрда жазғандарың асып түсіп жататынын, оны ойлы оқырман біледі. Бір азаматтар бар, менің өлеңімнен гөрі әңгімелерімді асыра бағалайтын. Енді біреулер ақындық қырымды алға шығарады. Екеуіне де бүйрегім бұрады. Бөле жармаймын. Поэзия – сезім мен ұшқыр ойдың жемісі болса, ал проза – ақыл пен ордалы ойдың туындысы. Не қылғанмен де екеуінде де парасат патшалық құруы қажет!

Ақын, жазушы, ғалым ретінде қазіргі әдеби процесті жіті қадағалап отыратын шығарсыз? Проза мен поэзияда қандай жаңалық бар?

– Ең әуелі сауатты оқырман ретінде бағадарлаймын. Сосын барып, профессионалдық тұрғыдан қарап, сүзгіден өткіземін. Әрине, мұнда теориялық білім қажет. Дүниедегі бар зат пен құбылыс салыстырмалы түрде бағаланып, бағдарланады. Әдебиет те сол сияқты. Ол – шығармашылық жеке тұлғаның қалыптасумен өлшенсе де, бәрі бір қоғамдық сананың көрсеткіші болып қала береді. Әуелі де төл әдебиеттің өз төркіні бар. Дәстүрі һәм жаңашылдығы бар. Кешегі Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің жеткен жетістігін қалай жоққа шығарасың?!.. Тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізсе де, идеологиялық цензура мен саяси қысым күшті болса да, қазақ әдебиеті өзінің бағадарынан айырылған жоқ. Толды, толысты. Әрине, теңгермешілдік көзқарас әдебиетте де болмай қойған жоқ. Оның үстіне қазақтың жершілдігін, тамыр-таныстығын қосыңыз. Әдеби үрдіс коммунистік идеяларға бағындырылды, соның талаптарын қанағаттандыруға итермеледі. Сондай науқанмен жазылған дүниелерді уақыттың өзі күресінге лақтырды. Кезінде танымал болған, марапат алған қанша қаламгер қазір ұмыт бола бастады. Аянышты. Өкінішті. Бірақ уақыт сондай қатал. Талант – қашанда талант. Бір ғана мысал айта кетейінші, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Советтік менің өз елім» деген пафосты өлеңі болды. Оқулықтарға да енді. Атауы да айқайлап тұр. Өлең былай басталушы еді - «Еңбектеп кірдім өмірге, шалқалап әкем шықты үйден...». Өмір мен өлім! Екі дүниенің тайталасы. Өмірдің ақиқаты. Шырайналған дүние. Түйсіктегі қозғалыс. Этнографиялық пайымға құрылған сурет.. Не деген келісті метафора! Осы екі жолымен-ақ Қасым, Қасым болып тұр емес пе?!

Дүние кейде кереғар. Ел азаттық алды. Ой да, сана да шырмаудан шықты делік. Алайда көп қалагерлеріміз баяғы желісінен жаңылғандай, тапырақтап қалды. Есесіне жас буын келді. Екпінді, ширақ. Аға буынның арасында қол соққандар болды. Алқады. Аспандатты. «Алтын көпір» атандырды. «Кәсіби әдебиетті біз жасаймыз!» -деген елеуреген, астамшыл сөзді де естідік. Әсіре модерншілдік әңгіме өрбіді. Мазмұнмен байымаған өлең шіркін, форма қуушылықтың илеуіне түсті. Поэзияда қамығу, күрсіну, жылау етек алды. Сонымен қатар жалаң пафосшыл дүниелер пайда болды. Қиыннан қиыстыруды өлең деп ұқтық. Мозайка құрастырған сияқты. Әлі де солай ойлайтындар бар. Он ақыннан бір ақынның қолтаңбасын көргендей. Сөздің құдыреті оның әсіре бояуында, жарқыл-жұрқылында ғана емес. Кейбір жас ақындар өмірді, өлеңге өзек болған құбылысты тым-тым эмоционалды тұрғыдан қабылдап, әсіре вербальды-дискурсивтік сипатта беруге құштар.

Проза өзінің сол өгіз аяңымен келе жатқан секілді. Сырбаз жанр ғой. Жаңаша тақырыптық ізденістер жоқ емес. Баяндаудың, суреттеудің қалыпты формасын бұзғысы келіп жүрген жазушылар баршылық. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Не? Соны мен де білмеймін. Біліп жатсам, кейін айтармын. Өкініштісі сол, қазақша дүрыс сөйлем құрай алмайтын кейбіреулер проза жазған боп жүр. Әсіресе жастар. Қазақтың көркем тілін білмейді-ау шамасы. Тақ-тұқ. Ауыз екі сөйлеу тілінің айналасында. Қарабайыр. Немесе әңгімені тұмшалаған жалаң иллюзия. Сағым сияқты. Бұлдыр. Оқисың. Бірақ ештеме есте қалмайды.

Жалпы айтқанда әдеби процесс бар, тоқтап қалған жоқ. Алдыңғы толқын ақ баталарын беріп, жаңа, жас толқын буырқанып жүргенде орта буын «жоғалуға» шақ қалды. Олар – біз едік...

Осыдан бірнеше жыл бұрын ақын ініңіз Бауыржан Қарағызұлының «Бейуақта» деген өлеңіне жазған сын талдауыңызды сүйсініп оқыған едім. Одан кейін жазбай кеттіңіз. Жастар шығармашылғы туралы жиі ой-пікір білдіріп тұруға не кедергі?

– Рахмет. Иә жазғаным бар. Әдеби-эстетикалық талдаулар бізде өте аз. Қандай бір талдаудың тірегі, ол –теория, яғни әдеби білім. Онсыз ештеме айта алмайсың. Алайда, теориялық білімі бар адамның сын жаза алмауы әбден мүмкін. Ал, теориялық білімі аз немесе жоқ адамның сын жазуы – үлкен әбестік. Кәсіби сын мен теориялық талдаудың ара жігін ажырата білмейміз. Тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, біреуді жөнді-жөнсіз іреп, «сойып» тастаса оны сын деп жатамыз. Сын барынша парасатты, білімді, әділ, шымыр һәм шыншыл болуы керек. Ертеректе марқұм Зейнолла Серікқалиев ағамызбен кездейоқ танысып, аза-маз шүйіркелескенім бар. Мінез бен білімге бай, жібектей есілген осы бір адамның сыни-эсетикалық пайымдары да өзі секілді еді. Қара дүрсінді неге сын деп қабылдаймыз? Не кедергі дейсің бе? Біріншіден қат-қабат мына заманда уақыт тапшы, екіншіден, сол қазақы енжарлық. Үшіншіден, сұраныс, тапсырыс жоқ.

«Жылқы жыр» деген өлеңіңізде «Тізгініме жармасам деп жан ұшырып жүргенде, Кетіп қала жаздапты ғой біреулерде шылбырым»- деп өз тағдырыңыздан хабар бергендей әсер қалдырасыз. Сізге тиесілі дүниенің біреудің еншісінде кетіп қалған кездер болды ма?

– Мұқағали айтқандайын, өлең – менің өзім, өмірім. Адам өзін толық танымай, білмей тұрып, өзгені тануы мүмкін емес қой. Өзім арқылы өзгені баурау. Өзім арқылы өзгені тану. Жастықпен, албыртықпен алдырған сәттерім болды.

Философияда «Жоқтан бар пайда болмайды» - деген қарапайым қағида бар. Әр адамның өзіне жақын, тағдыры қызықтырақ ақыны болады ғой. Мәселен, Мейірхан Ақдәулетұлы Жұматайды, Қасымхан Бегманов Төлегенді, Сұраған Рахметұлы Жұмекенді жақсы көретінін сөздерінен анық байқайсың. Сіздің көп өлеңдеріңіз Қадыр Мырза Әлінің поэзиясына жақын сияқты көрінеді?

– Жастықта еліктеу, солықтау деген болатын нәрсе. Мен осы ақындардың барлығын да оқимын, сыйлаймын. Әр қайсысының өз биігі бар. Жұматайдағы нәзік иірім, Төлгендегі сыршыл сағыныш, Жұмекендегі жұмбақ күй- қай-қайсы да мені тәнті еткен. Мұқағалидағы жан дүниенің діріліне ұласқан мұң ше? Ол да бір кездері мені өзіне тартқан. Шынымды айтайын, мен нақты бір ақынға құлай беріліп, соны үлгі етпеген адаммын. Кімдікі болса да, жақсы өлең болсын, ол маған ұнаса жетіп жатыр. Ал, Қадыр ақынның ылғаусар интелектісі, философиялық пайымы қашанда қызықтырған болатын. Өлеңдегі қарапайымдылық. Өмірдегі елеусіздеу қарапайым сурет пен болмыс қалай шендестіріледі десейші?! Мыс шегедей қағылған әрбір сөз және өте қарапайым, бірақ соншалықты мықты ой. Философиялық концовка! Қадыр ақын өмірдің кез келген құбылысынан мән іздеген және соны тапқан һәм жеткізе білген ақын. Ашығын айтқанда өлең –сөздің патшасының қарапайым, кіщпейіл, жұмсақ, ойлы болғанын қалайтын адаммын. Сол тұрғыдан келгенде Қадыр ағаға аз да болсын ұқсатып жатсаң, оған мен қуанамын.

Әдеби сынның талап-шарттары мен құрылымы қандай болу керек?

– Мұны кәсіби сыншылардан сұрған жөн шығар. Егер бар болса... Қазір әркім өз ақылымен түйе айдаған заман. Көбі «данышпан», көбі «білгір». Сенің ақылың мен сыныңа зәру емес. Кітап шығарам десе, шығарады. Оны түрлі жолдармен жарнамалайды. Сатады. Солай танымал болады. Ешкімге күні тіреліп тұрған жоқ. Қысқасы материалдық мұқтаждығың болмаса, «танымал болу» боқтан да оңай. Біз осындай алдамшы ахуал мен арам психология қалыптастырдық. Қазір сын жазатын, сынды көтеретін адам бар ма?!

Біздің қаламгерлер көбіне оқырманның пікірі арқылы өз шығармасына қанағаттанып жүреді. «Оқырманның талғамы қандай?» - деген сұрақ ешкімді қызықтырмайтын сияқты. Бұған не айтасыз?

– Кәсіби әдебиетті орта деңгейдегі оқырманың талғамымен өлшеуге болмайды. Бес саусақ бірдей емес. Сауатты, білімді оқырмандар да бар. Ондай оқырманның қолпашы әрине демеу болатыны сөзсіз. Өзіне қанағаттану – тоқыраудың басы. Дегенменде әдеби-кәсіби ортаның бағасы бәрінен биік.

Қазіргі заманның әдеби кейіпкері қандай болу керек?

– Адам – қашанда адам. Адам болмысы анау Аристотель заманын еш өзгерген жоқ. Меніңше адамды, оның өмірін жаза алсаң кейіпкер деген сөз- сол. Бірақ, бауырым-ау, соны жазу – қиынның қиыны ғой. Әйтпеген де суреткердің бәрі Флобер, Золя, Моппасан, Толстой, Әуезов болып кетер еді ғой... Гетенің «Жақсыға дәлелдеме керек, ал ғажайыбың ондайға зәру емес» -дегені бар екен. Сол айтқандайын, ғажайыптар азайған, жақсы да, жаман да адвокат жалдаған уақытта, кемталанттар төрге өзған заманда кейіпкер әңгімесі сол қалпында қала беретіні сөзсіз.

Аудиторияның басым бөлігін теледидардың көрермендері құрайтыны ақиқат қой. Әдебиетті сол құрал арқылы неге насихаттамай жатырмыз?

– Расында әдебиетті насихаттау сын көтермейді. Оған ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Өз ақшасына шығарған аз кітабын өзі саудалайды. Онда қандай құн бар?! Ж. Қорғасбек жүргізіп жүрген бір бағдарламадан басқа ештемені мен көргем жоқ. «Білім және мәдениет» арнасында неше түрлі бағдарламаларды ұйымдастыруға болады ғой. Әдеби пікір таластар, сыни көзқарастар қайда? Жақсы, жаңа кітапты неге жарнамалауға болмайды? Телехабарларды қарап қалсаң жынды-жықпырлардың дарақы күлкісі мен шоу бизнестегілердің әкәку-сәкәкуі...Біз аз жылда көрерменді де, оқырманды да ойсыздыққа, санасыздыққа, дарақылыққа тәрбиелеп үлгердік. Кітап оқымайтын ұрпақтың сұмдық армиясы қалыптасты. Адам естіменген неше түрлі айуандық қайдан пайда болды? Оның бір ұшы осы кітапсыз қоғамның рухани дертіне келіп тіреледі.

Не жазып жатырсыз?

– Арық айтып, семіз шығайын. Түртіп жүргендер баршылық. Құдай «құлағыма сыбырласа», ара-тұра өлең жазамын... Жұмыс. Тіршілік. Жалпы мен қай салада болсын тыраштықты ұнатпаймын.

Әдеби әңгімеңізге көп рахмет!

Оқырман назарына ақынның соңғы уақытта жазылған бір топ өлеңін ұсынамыз.

Жұмақтағы гүл!

Сөзіммен салып көрдім гүл мүсіндеп,
Үндемей жымиятын түрлі сурет.
Сұрайын халыңызды, айып болмас,
Қарағым, аман- есен жүрмісің деп?

Ай маңдай, қиғашқасың, ақтамағың,
Дүние тына қалған тоқтап ағын.
Ауада жалғыз дауыс адасып жүр,
Үн- түнсіз, үшбу хат та жоқ хабарың.

Талаурап табиғат та, талағы ісіп,
Төгеді суық жаңбыр нала құшып.
Жүрсіңбе Көлсай жақта көлбең қағып,
Айдында шағаладай жағада ұшып?

Келемін уақытпен жағаласып,
Әйтеубір жеткізбейтін арақашық.
Мөп- мөлдіртамшыболып жауайын деп,
Кеттіңбе ақбұлттармен араласып?

Іздесем жерден, көктен табылмайсың,
Уақыт, зырлауыңнан жаңылмайсың.
Жалт еткен әппақ сәуле сияқтанып,
Көзімді алдап тұрған сағымдайсың.

Жұпарлы жұтып тұрып таң самалын,
Ей, көктем, мен де өзіңдей ән саламын!
Көзіңді көңіліммен ұзатып сап,
Тағыда жыл құсындай қарсы аламын.

Өлеңнің жазып жүрмін үлгісін көп,
Айсұлу... Алматыда...Түнгі сурет.
Өтеді ақындеген жүрегінде,
Өсетін жұмақтағы гүл мүсіндеп!

Құлынғұмыр!..

Көкжайлауда, өзенге ірге тіреп,
Амандығын отбасы бірге тілеп.
Ақбоз үйді қондырып жатушы едік,
Шаңырағын шалқайтып Күнге тіреп.

Баламын ғой.. қолқысқа, тапал денем,
Ағам тұр қарабарқыт шапанменен.
Желбауынан уыстап әкем ұстап,
Шаңырақты көтерер бақанменен.

Жасылмайса жайқалсын, көктесін көк,
Шіркін көңіл жайлауда бек көсілмек.
Жан анашым шыр-пыр боп жүруші еді,
- Күлдіреуіш қыдырып кетпесін -деп.

Сол өмір естелік боп қалды бірақ,
Санамда жарық болып жаңғырыпақ.
Мәз-мейрам отырушыек от маздатып,
Алты қанат боз үйді қондырып ап.

Өкпем жоқ өткен өмір..кеш, ғұмырға,
Елтіп кетем сағыныш ескі мұңға.
Іргеден самал есіп, түтіншалқып,
Тіршілік ұйыпқалар кешқұрымда...

Алқасын Құс жолымен тағып ай, түн.
Тіршілік қозы-лақтай маңырайтын.
Түн. Жайлау. Өзен бойы ақбоз үйлер,
Жұлдызы қол созымда жамырайтын...

Қол бұлғайтын қатпарлы жонды қырат,
Сол жылы жайлаппыз- ау соңғы бірақ.
Хан сарайын менсінбей жатушы едім,
Алтықанат ақ үйді қондырып ап!

Құтылып төрт қабырға түрмесінен,
Сәуле боп көкжиекке бірге сіңем.
Құлын ғұмыр тұрушыед ноқталған,
Киізүйдің шөп үзіп іргесінен...

... Алтайда едік!

Көксейді көңілімен пенде нені,
Көп екен көргенінен көрмегені.
Жүрегімнің кірпігі түнді түртіп,
Қоңыр үн үзіледі пернедегі.

Қоңыр саз- көңілімнің ермегі еді,
Ойларым әлденені термеледі.
Көңілім кісінейді әлсін- әлсін,
Асаудай шырайналған кермедегі.

Кертолғау – көңілімнің ермегі еді.
Кератым керме ағашты көрмеп еді.
Өткен бір уақытты сағынамын,
Ағысқа атып ұрдың сен де мені.

Білдім бе сағынатын шақтар барын,
Уақыттың алдында ақталмадым.
Кермектеніп кетіпті- ау удай ашып,
Бала күнгі уыздай тәтті арманым.

Уақыт- ай..секілдітүк болмаған,
Басына балау саның шықтар қонған.
Тап- таза, мөлдір еді уақыт та,
Ал қазіркүрең қабақ бұлт торлаған.

Жалаудай қайран жастық желбіреді,
Тентектің мінген аты теңбіледі.
Сол кезде кір түспеген қайран көңіл,
Жап- жарық, шарайнадай мөлдіреді.

Өткенге барып бір сәт қайтар ма едік,
Солшақты өз- өзіме айтам келіп.
Ол кезде әкем, аннам тірі еді ғой,
Алыста...аман- есен Алтайда едік...

...Жақсыдан ғана аласа!..

Бәйгеге қоссаң күлікпін,
Кекілімді тұрған сүйіп күн.
Жусаннан кейде аласа,
Бетегеден мысқал биікпін!

Ізгілікке дәйім құмармын,
Жақсыға жақын сыңармын.
Біреуге тапал тарлаумын,
Біреуге биік шынармын!

Серттен таймас серімін,
Кейде жынмын, перімін.
Иттігім жоқ ешкімге,
Жалғызжортқан бөрімін!

Кешегілердің артымын,
Жаныма келші, жарқыным.
Көңілімменен көп екем,
Жалғыз емеспін, жалқымын!

Керегі қанша егестің,
Сабырмен салқын кеңестім.
Бәріңе доспын, бауырмын,
Ешкімге дұшпан емеспін!

Ағарған таңдай ой-санам,
Құдайдан жалғыз тайсалам.
Кек қуып әсте көрмеппін,
"Жә, қойшы соны"- дей салам!

Шығандармын, шырқармын,
Тұяғы едім тұлпардың.
Сүйіскен жанға ынтықпын,
Сұлулыққа әмсе іңкәрмін!

Қулыққа салсаң шорқақпын,
Түн қатып жүріп жолтаптым.
Жұбанышыңа да ортақпын,
Қуанышыңа да ортақпын!

Жапанда жортқан киікпін,
Жарық күн, сені сүйіппін.
Жақсыдан ғана аласа,
Жаманнан бірақ биікпін!

Қоңыр!..

Ащылау өміріңе көңіл қатық,
Сұм заман тереңіңе сорың батып.
Қолына қоңыр шанақ домбыра алып,
Әбікен* жатқан еді қоңырлатып.

Заман тұр тарс айырлып талағынан,
Ой іріп ойсыраған сана тұман.
Екіішекті зарлатып ұзақ жатты,
Қоңыр сазды төгілтіп шанағынан.

Дүние екі айналаркезек дейді,
Заманға ақыл түгіл сөз өтпейді.
Ширығып шыққан мұңды қоңыр әуен,
Шырылдап пернелерде безектейді.

Апырмай, өткен күндер арман бүгін,
Сезеді жаны жүдеп қалғандығын.
Күй айтып зарланады терең толғап,
Өмірдің өкінішті жалғандығын.

Долы қол екі ішекті қамшылады,
Күй бөлек домбырада ән сыңары.
Қоңыр үн шектегі мұң- шер болып,
Шанақтан ақжауын боп тамшылады.

Баяғы Тәттімбеттің күйі сынды,
Бозжорға, сала алмаймын жүрісіңді.
Сәкеннің** қамалғаны рас болды- ау,
Тар заман тарылттың ғой тынысымды.

Жанымды енді немен жылытармын,
Бейнеңді қалай, қайтып ұмытармын.
Сарыарқа – сары сағым сағынышым,
Ұлы еді кұйық мекен Ұлытаудың.

Жарқ етіп сұм жалғанның жанары атты,
Мінушіек мұз бетінде тағалы атты.
Қоңырлап қоңыр әуен зарлағанда,
Үзіліп қоңыр кеш те бара жатты.

Қалмаған күйден басқа өзге амалы,
Сорлы күй қай мұңыңды қозғамады.
Сәкеннің елестеді сұлумұрты,
Қап- қара тостағандай көз жанары.

Запыран өксік тұрып тамағында,
Бәрі сіңді зымзия сары ағынға.
Мөлт еткен көз жасындай жылап жатты,
Қоңыр күй домбыраның шанағында!..

* ӘбікенҚасенов - күйші
** Сәкен Сейфуллин

Шопен. Нәзіктік (Нежность)

Дүние беймарал бір күйге енген-ді,
Гүл жұтып ауадағы сүйген демді.
Ақбұлттан көйлек киген періштедей,
Шабытым көктен іздеп жүр бейнеңді.

Жанымның ынтықтығы ән сұраған,
Сабырмен азабыңа жаншыдаған.
Ай шатыр күнастында нұрға бөгіп,
Сұлу үнүзік-үзік тамшылаған.

Мезгілі көкек айы... кештеме еді,
Алтын жіп көкжиекті кестеледі.
Нәзік үн...нәзік дене... нәзік әуен..
Көрмеймін, естімеймін ештеңені.

Көркемдік Жаратқанның мәңгіойында,
Сұлу саз сиқырланып салды ойынға.
Кіршіксіз..ақұлпадай.. мамық.. жұмсақ.
Бір мін жоқ, тек нәзіктік тал бойында.

Есімде мүлдем жоқ қой күн кешегі,
Қоңыр үн етегімен мұң кешеді.
Ақ сәуле айдан түскен ақ қайыңға,
Бір ғажап нәзіктік боп тілдеседі.

Көктем, сені сүйемін гүлі үшінде,
Көрінбейтін феяның бірісің бе?
Көрдіңбе қос аққуды көлде жүзген,
Шомылып сүт сәулеге түн ішінде.

Мұңлылау саз тербетсе ғұмыр қайың,
Дүние тарқатылған бұрымдайын.
Нәзіктік тамшылайды мөлт-мөлт етіп,
Қайыңның безіндегі шырындайын.

Көгінен алтын арай құйылып нұр.
Сүйсініп айдын шалқар, сүйініп қыр.
Нәзіктік жапырағын самал өбіп,
Мәжнүн тал секілді иіліп тұр.

Салмақты көтерерсің ауырсынбай,
Жаныма шуақ төгер мамырсынды ай.
Нәзіктік келе жаты көзімді арбап,
Жеп-жеңіл жел көтерген қауырсындай.

Тыныштық ..үнсіз бақтың шағы мұнда,
Әуенге ұйып қалған сағымың да.
Нәзіктік – жан әлемнің бейіш күйі,
Сұлу үн ағатұғын тамырында.

Алысып қайтем түнде мың елеспен,
Мамырдың кеші мынау желең ескен.
Шопеннің музыкасы.. Ол – бір әлем,
Нәзіктік деген, қалқам, сен емеспе ең?!

Дайындаған Бағлан Оразалы

Бөлісу:

Көп оқылғандар