Астанада Есенғали Раушановтың жыр кеші өтті
Бөлісу:
Астана қаласында ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Маңғыстау облысының мәдениет күндері қарсаңында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Есенғали Раушановтың «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты поэзия кеші өтті. "Шабыт" шығармашылық сарайында өткен кештің шымылдығын Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов құттықтау сөзбен ашып, ақынның 60-жылдық мерейтойы туған өлкесі Маңғыстауда жалғасын табатынын айтты.
Кешті белгілі ақын Светқали Нұржан жүргізіп,, Есенғали Раушанов өлеңдерін жатқа оқыды, сүбелі сөзімен көрерменді тәнті етті.
Кеште жас ақындар Есенғали Раушанов жырларын жатқа оқыса, танымал әншілер ақынның сөзіне жазылған "Қара бауыр қасқалдақ", "Есентай өзені" секілді әндерді нақышына келтіре орындады.
Інісін құттықтап әзілдей сөйлеген атақты тарихшы Әнес Сарайдың лебізіне залда күлмеген жан қалмады. Әсіресе, "Есенғали, сенің прозаға келмей, ақын болғаның қандай жақсы болған. Әйтпесе бізді нансыз қалдырар едің" деген пікірі інісіне берген үлкен бағасы еді.
Кеште Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық театры ақынның "Ғайша бибі" поэмасынан сахналандырылған қойылым көрсетіп, кеш соңын Есенғали Раушановтың өзі "Тоғыз қайық" өлеңімен қорытындылады.
Кәрі Каспий, кәрі айдын,
Көзімді алмай көкжиекке қараймын.
Тоғыз қайық қай жаққа алып кетті екен?
Викингтерін Адайдың.
Күте-күте соңын сол бір сапардың,
Мұнда ылғи да мұңаяды батар күн.
Ең болмаса ей, қара бет, қанды су!
Сүйегін бер, атамның!
Қай тұста олар бауырын жерге төседі,
Дүлей дүние-ай, не шеті жоқ, не шегі
Түнде жүрген кемелерге әлі күн
Тоғыз қайық көрінеді деседі.
Күнектейді өңшең батыр қол бұлғап,
Тайызға емес, ту тереңге тор құрмақ.
Тоғыз шамға ұқсайды екен кейде олар,
Адасқанға нұсқайды екен жолды ымдап.
Демім бітіп, батып ұйма тереңге,
Енді өлдім-ау дегенде.
Аласұра атып тұрам айқай сап,
Көз ұшынан тоғыз қайық көрем де.
Кәрі Каспий, түн қандай,
Теңіз жаққа асығамын қу маңдай
Толқын қуған тоғыз қайық болдырып,
Жағаға кеп мені күтіп тұрғандай.
Бөлісу: