Ақылбек Шаяхмет. Оқшау ойлар
Бөлісу:
Қара да тұр! Болса да заманақыр,
Біздің қазақ қазақ боп қалады ақыр.
* * *
Пай-пай!
Аузыңа – май, астыңа – тай!
Көңілім саған деген баяғыдай.
* * *
Қайда, қайда?
Тау ма, сай ма?
Бар ма пайда?!
Екі ұшты жалғай алмай, қалдым ойда...
* * *
Таңда – төртеу,
Түсте – екеу,
Кешке үшеу болғанда,
Азайғаны төртеудің,
Көбейгені екеудің –
Өмір заңы жалғанда.
* * *
«Ешкі менен қой тең бе,
Меніменен сен тең бе?!»
Десе десін.
Сабыр қыл!
Текке күйіп, өртенбе.
* * *
Кірсін десең –
Санаға нұр,
Болмай шыр-пыр,
Ақ, адал жүр!
Түссін десең –
Жүректен зіл,
Ойна да күл,
Ойлай да біл!
Таң қалма!
Досым! Бұған таң қалма!
Әуежайда, вокзалда
«Қайта-қайта тексереді неге?» – деп,
Бекер уайым етесің.
Айтсам сөздің төтесін,
Бұл фәниге келгенде де,
Кеткенде де тексеруден өтесің.
Жалаңаш келіп өмірге,
Жалаңаяқ кетесің.
Жоқ
Заңгерлер көп, қылмыс көп,
Мамандар көп, жұмыс жоқ,
жұмысшы аз,бастық көп,
оңып жатқан тұрмыс жоқ.
Шығын көп те, кіріс жоқ,
сабаны бар, дәні жоқ,
күрмегі бар, күріш жоқ,
ылғи жоқтан шаршаған
Байғұс елде ырыс жоқ.
Бұйырса, нәсіп болады
Уақыт теңге секілді кеміп барады,
Баға доллар секілді өсіп барады.
Сенім жанған оттай сөніп барады,
Үміт сол отты белуардан кешіп барады.
Қанша алдым?
Қанша қалды?
Осы сауалдар көкейімді тесіп барады..
Ақылға кел!
Аллаға сен!
Бұйырса, нәсіп болады.
* * *
Жамандықтың жолы қашан және қалай бітелет?!
Айдалада ұзақ жолда балағыма жабысты бір тікенек.
Мен жалма-жан жұлып тастап жатырмын,
Ол мақтанды:
«Жабыстым деп киіміне ақынның».
* * *
Аллатағала төбесі көкке тиіп жүрсін деп бой берді.
Ел-жұртын сүйіп жүрсін жеп ой берді,
Қарны ашса, сойып жесін деп қой берді,
Бойымды тік ұстап жүре алмасам,
Өзімде барды еліме бере алмасам,
Еңбегімнің жемісін тере алмасам –
Өзіме де сол керек!
* * *
Қамшыға еркек қой демесе, ол әйелді тыңдай ма,
Оқтауға әйел тоқтау айтпаса, ол еркекті тыңдай ма,
Бірін бірі тыңдай білсе – тыңдағанын бұлдай ма,
Әрқайсысы өз айтқанын қылмай ма?!
Не істеу керек мұндайда?!
* * *
Таудың басына шықтым.
Толып тұрған қар екен,
Қатар тұруға да тар екен.
Етекке түстім,
Бұлақтың суын іштім.
Біреулер: «неге түстің?» – деп күйіп-пісті...
Қайтадан таудың басына шыққым келді,
Осы жұрт асқарға неге құмартады?
Биіктен тағы бір қарап,
Соның сырын ұққым келді...
* * *
Атаға тартып ұл туса да,
Ұл атадан асып кетуге ұмтылса да,
Жазмыштан озбайды екен.
Естілер айтып кеткен ескі сөздер тозбайды екен.
Көнені қайта оқысаң,
Жазғанын көңілге тоқысаң,
Шерді қозғайды екен...
* * *
Шың басына шықсаң,
Бұқсаң да, көзге түспей қоймайсың,
Биікпін деп ойлайсың.
Етекте жүрсең,
Өкшеңді қанша көтерсең де, көзге ілінбейсің,
Көп шеңгелдің біріндейсің.
Мағына көп білгенге:
Бірақ, тауда биіктікке боп қаласың кіріптар.
Ал төменде жүргенге –
Жоғарыға шықсам деген үміт бар.
* * *
Құдай қазаққа төрт түлік берді,
Бірақ, ет пен сүт қымбат.
Құдай қазаққа бидай берді,
Бірақ, нан қымбат.
Құдай қазаққа мұнай берді,
Бірақ, жанармай қымбат.
Құдай қазаққа жер берді,
Жердің қызығын өзгелер көрді.
Құдай қазаққа кен берді,
Кеннің қызығын өзгелер көрді.
Құдайым сор берсе де өзгеге берсін,
Бағын қалай көрсе,
Сорын да солай көрсін.
Осының бәріне сабыр қылып,
Қазағым, қалай жүрсің?!
* * *
Адам басы тауда қала ма, сайда қала ма?
Қайырым мен мейірім кедейде бола ма, байда бола ма?
Көрген қызық қойда бола ма, тойда бола ма?
Жас кезде соның бәрі ойда бола ма?
Енді ойласам – айтқан сөзімнің көбісі
Атқан оқтай лағып кетіпті айдалаға...
* * *
Мешкей деген жақсы ат емес,
Кандидат болу мақсат емес.
* * *
Араздықтан арам шөп өсіп шығар
Болса жұртың ала ауыз.
Жегі құрттай жерді де тесіп шығар
Жеті басты жалмауыз.
* * *
Иыққа түскен салмақты
Елемей, досым, жүр едің.
Жаныңа түскен салмақты
Көтере алар ма жүрегің?
Мен соны ойлап жүдедім.
* * *
Тышқанды құндыз дегендер,
Жылтырды жұлдыз дегендер,
Инені шеге дегендер,
Қайықты кеме дегендер,
Шабақты балық дегендер,
Майшамды жарық дегендер –
Қарынның қамын жегендер,
Сөзімді менің бөлмеңдер!
* * *
Құс төресі – аққу деп,
Айдын шалқар көл айтсын.
Батырмын деп сен айтпа,
Батыр ғой деп ел айтсын.
Ақынмын деп сен айтпа,
Ақын ғой деп ел айтсын.
* * *
Наданды таққа мінгізсең,
Тақымын қысып, өзінің тағын күзетер.
Арамды үйге кіргізсең,
Асыңды ішіп, шыға сала бергеніңді сөз етер.
Оған қызық бәсеке мен бақ талас,
Біреу сырттан жамандаса, ара тұрып, жақтамас.
Қолдан келіп, қонышынан баса алған,
Шаш ал десе бас алған,
Өзінің басын ұмытпас,
өзгенің жоғын жоқтамас,
Жүйелі сөзді ұқпаса,
ел көңілінен шықпаса,
Төрдегі басы босағадан бір-ақ шықпай, тоқтамас...
* * *
Жапалаққа сес бітсе қыран құсқа саналар,
жағымпаз құстар жарапазан айтып, шықылықтап,
ғаламдағы ең асылға бағалар,
жүндері жоқ қырғауыл шегірткеге таланар,
шыбын-шіркей үстем боп, шетте қалар бал жинаған аралар.
Қара халық мұрнын тескен тайлақтай,
жетелеген мойнақтай қарақшыға таланар.
Жаратушы қолдаса жайын өрге жүзбей ме,
Жоқтаушысы болмаса асылын ел іздей ме?
* * *
Жайнап тұрса базарым,
Қайнап тұрса қазаным,
Ошағыма отын сай.
Сөзді ұғатын жан болса,
Ел сөзіме таң болса,
Атағыма затым сай.
Қусаң – қашып кететін,
Қашсаң – қуып жететін
Астымдағы атым сай.
Кеңес құрар кез келсе,
Шыжбыңдамай ендеше,
Байыз тауып отырсай.
* * *
Нанбайды дейсің...
Ақталу үшін
Құлақ сал айтқан кеңеске.
Қалмайды дейсің...
Ат қалу үшін
Шыққан жөн биік белеске.
Жанбайды дейсің...
От жану үшін
Тұтану керек емес пе?!
* * *
Тілің тістеп сөйлемейсің,
Бірақ, маған сөйле! – дейсің,
Түсінгенге тіл артық қой.
Алайда, ақыл кірмегенге,
Үй дегенше, бүй дегенше
Сөйлемеген мың артық қой!
* * *
Мысың басып, күшің асып,
қайратың тасып тұрса –
дұшпаның жасып тұрады.
Қаламгерлер ойларынан туған жолдар
Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Абай
Жеген соң қазы-қарта, сары майды,
Бұл күні «періште» де жолдан тайды.
Нет Востока и Запада нет,
Два сына есть у отца.
Олжас Сүлейменов
Адам менен Хауаның болған екі баласы,
Қабыл менен Әбілдің не істегенін қарашы.
Я пришел в мир добрый, родной и любил его безмерно.
Ухожу из мира чужого, злобного, порочного.
Виктор Астафьев
Бұл жалғанға келіп ем сүйгендіктен,
Кетіп барам отына күйгендіктен.
В нашей стране людей немало: как-никак 15 миллионов.
Но граждан значительно меньше.
Герольд Бельгер
Жылқылар көп жерімде, қазанат аз,
Адамдар көп елімде, азамат аз.
Бұл заман – өткен заманның баласы,
келер заманның атасы.
Ахмет Байтұрсынов
Өткен заман – дәуір ме мақтанатын?
Келер заман – мезгіл сол сақтанатын!
Сочетаются два человека,
а результат – два раза по полчеловека.
Уэйн Дайер
Бұл фәниде кім бүтін?
Екі жарты – бір бүтін.
Бөлісу: