Иллюзия ғасыры
Бөлісу:
Белгісіздік пен бейімсіздік
Америка «ұлы депрессияны» бастан кешкен кезде ғаламтор болған жоқ. Соғыс, аштық, жоқшылық, үрей, қорқыныш америкалықтарды күйзеліске алып келді. Осыдан біраз жыл бұрын әлеуметтанушы, психолог мамандар «Өркениетті елдермен салыстырғанда Африка елдерінде өзіне қол жұмсайтын адамдар саны аз. Өркениетті елдердің адамдары депрессиядан зардап шегіп жатыр» деп дабыл қақты. Ертелі-кеш ауыр, қара жұмыс істейтін адамдардың өмір туралы ойлануға да уақыты жоқ. Олар өзімен-өзі оңаша қалып, өмірдің мәнін іздеп, шарқ ұрып, өмірдің мәнсіздігін ойлап, қамықпайды.
Соңғы әлеуметтік зерттеулер бойынша, Африканың бірнеше елі «өз өміріне үкім оқыған» адамдар саны бойынша көш бастап тұр. Бұл нені көрсетеді? Жо-жоқ, бұл – сананың оянуы емес! Біздіңше, сана дағдарысы.
Жаһандануға өркениет көшінен артта қалған Африка елдері түгілі, ТМД мемлекеттері дайын емес еді. «Қызыл галстук» таққан адамдардың бірі КСРО-ны жоқтап, кешегі құндылық боп саналған дүниенің көз алдында құнсызданып кеткенін түсіне алмай жатты. Олар тіпті тәуелсіздік пен тәуелділіктің, еркіндік пен бұғаулықтың, азаттық пен отаршылдықтың, құндылық пен құнсыздықтың аражігін ажырата алған жоқ. Адамның бәрінің білімді, бәрінің сауатты, бәрінің ойлау жүйесі терең болуы мүмкін емес қой. Оларды «құлдық санадан арылмаған» деп кінәлап жаттық. Бірақ сол «құлдық санадан арылмаған» адамдарды мектепте, университетте кім оқытқанын, кім тәрбие бергенін, жалпы ортасын зерттеп көрдік пе?
Ойыма екі оқиға оралып отыр. Ресейде туып-өскен екі апалы-сіңлілі қазақ қызымен жақын араластым. Олар Ресейді «отаным, әлемдегі ең ұлы мемлекет» деп біледі. Өздерін Ресейдің патриоты санайды. Ресей мен Украинаның арасында «саяси қақтығыс» боп жатқанда екеуі Ресейдің болашағына қатты алаңдады. Ресейге Еуропа қайта-қайта санкция салып жатқанда жүректері ауырып, жылап алды. Себебі, оларды мектепте ұстаздары «Ресей – әлемдегі ең мықты держава, сендердің әрқайсыңның тағдырың осы мемлекеттің болашағымен байланысты» деп тәрбиелеген.
РУДН-де оқып жүрген кезімде Дағыстаннан келген лезгин құрбым болды. Көрші бөлмеде тұратын. Ресей мен Украина арасында жағдай шиеленісіп бара жатқанда сол қыз Кремльдің болашағын менімен бірге тұратын орыс қыздан артық уайымдамаса, кем уайымдаған жоқ. Себебі, мектептің, ортаның тәрбиесі.
Бір құрбым айтады: «Ауылда, мектепте әдебиеттен сабақ берген мұғалім: «Бүгін Мағжан Жұмабековтың өлеңдерімен таныс боламыз» дейтін. Біз: «Апай, ақынның аты-жөні Мағжан Жұмабаев, Жұмабеков емес» деп түзесек, «Жақсы, Жұмабаев болса, болсын» дейтін еш саспастан» деп күйіп-піседі. Мұндай мұғалімнің қандай шәкірт тәрбиелейтінін ойлаудың өзі қорқынышты ғой. Құрбым кейін ата-анасымен Алматыға көшіп келіп, лицейде білім алады.
Екі жыл бұрын елге барғанда Алматыдағы мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінде «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында, сыртқы бөлімде білім алып жатқан студентпен пәтерде аз уақыт бірге тұрдым. Колледж бітіріп, ауыл мектебінде бастауыш сыныпта сабақ береді екен. Өзінің айтуынша, жоғары білім алайын деп, «ең оңай мамандықты, қазақ тілі мен әдебиетін» таңдапты.
– Төлен Әбдіктің қандай шығармаларын оқыдың? – деп сұрадым.
– Төлен Әбдік деген жазушы бар ма? – деп бетіме сұраулы жүзбен қарады. «Дулат Исабеков қоғамдық мәселелерге жиі араласатын әрі өте танымал жазушы ғой» деп бұл жазушыны білетініне еш күмәнданбадым.
– Дулат Исабековтың «Сүйекшісі» мен «Тіршілігі» туралы пікірің қандай?
– Дулат Исабеков деген жазушының атын естігем, бірақ ешқашан оқымағам, – деді көзі бақырайып.
Еш өтірігі жоқ, диалог осылай өрбіді. Жиырма үш жасар университеттің төртінші курсында оқитын, болашақ әдебиет пәнінің маманы еш болмаса, бұл екі жазушының мектеп бағдарламасында оқыған шығармасын да есіне түсірмеді.
Бұрында «оқуға тапсырарда қазақ тілі мен әдебиетін ең оңай мамандық деп таңдадым, ата-анам да «миың ашымайды, қиналмайсың» деп осы мамандыққа түсірді» деген әңгімені студенттерден жиі естідік қой.
Әрбір адам мамандығына қарамастан кітап оқу керектігін, әдебиеттану мамандығында оқитын студенттің өзгелерден он есе, жүз есе кітапты көп оқу керектігін,себебі, өзін-өзі дамыту үшін ғана емес, мамандығы екенін көршіме айтпадым, айта алмадым.
Қазақтың ең танымал ақын-жазушыларының атын-білмейтін мұғалімдер, әрине, оқушыларды ұлтын, Отанын сүюге тәрбиелейтініне күмәнім бар.
Балалық шағы ауылда өткен, ауыл мектебінде білім алған балаларға зерттеу жүргізіп көрсек, олардың қанша пайызы шет тілін біліп шығады екен? Үш тілді оқытуға қарсы шығып жатқандардың қаупін түсінем. Бірақ ауыл мектебінде білім алып жатқан балалардың ағылшын, орыс тілін жақсы меңгеріп шығатынына күмәнім бар.
Былтыр елге барғанда екі келіншекпен таныстым. Екеуі де ауылды жерде ағылшын тілінен сабақ береді екен. Бірі биологияны бітіріп, мектепте орын болмай, жұмысқа тұра алмапты. Содан «мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғаліміне орын бар» деген соң, сырттай жекеменшік оқу орнына ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуға түсіп алыпты. Екінші курста сырттай оқып жүріп, мектепте сабақ береді екен. Екіншісінің жағдайы да осыған ұқсайды. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіріп, мектепте орын болмай, ол да ағылшын тілі мамандығына сырттай оқуға түсіп алыпты. Ол да мектепте ағылшын тілінен сабақ береді екен. Екі мұғалімнің ағылшыншасынан Алматы не Астананың беделді мектептерінің бастауыш сыныбында оқып жүрген оқушылардың ағылшыншасы жақсы. Жарайды, шет тілін ғаламтор арқылы меңгеруге болады дейік, олар ағылшын тілін жақсы меңгергенге дейін қаншама уақыт өтеді, қаншама оқушыға сабақ береді ғой. Қысқасы, қойыртпақ.
Мәскеуге Ресейдің Пенза облысының бір ауылынан келген орыс құрбым болды. Мамандығы – химик. «Мектепте оқып едік, ағылшын тілінің мұғалімі қызықтырып оқытатын» деп ағылшын жазушыларының шығармаларын айтып отырады.
Ал өзі ағылшын тілін білмейтін мұғалім оқушылардың ағылшын әдебиетіне қызығушылығын оятпақ түгілі, қандай ағылшын жазушылары бар екенін білетініне күмәнім бар.
Құлдыраудың құны
Азия мемлекеттерінде өтетін жарыстарда алтын, күміс алып жүрген спортшы танысым бір кісіден аю жайлы өте қызық кітап туралы естігенін айтып, «соны тауып берші» деп өтініш жасады. Ол кітаптың атын да, авторын да есіне түсере алмады. «Бір аю болады. Өте қу аю. Оны аңшылар әзер дегенде қолға түсіреді» дейді қайта-қайта. «Фолкнер деген американдық жазушының «Аю» деген өте қызық шығармасы бар. Кәрі, әккі аюдың психологиясын жазушы шебер ашады. Бұл шығарма менде бар, – деп кітапты бердім. Ол ертесіне телефон шалып: «Фолкнер дегенің көк мылжың ғой. Оқып жатырмын, оқып жатырмын. Аюмен әлі кездеспедім. Басым ауырып кетті. Оқымаймын» деп күледі.
Рас, Фолкнер – тілі ауыр, күрделі жазушы. Спортшы түгілі, әдебиетшілердің өзіне оқу ауыр түсіп жатады. Бірақ кезінде «Жұлдыз» журналындағы көркем шығарма түгілі, әдеби сындарды да қарапайым оқырман оқыды ғой. Демек, бүгінгі оқырманның уақыты болса да, көлемді шығарма оқуға жүйкесі шыдамайды.
Қазір адамдардың көпшілігі «Қалай баюға болады?», «Депрессиядан қалай шығамыз?», «Отбасын қалай сақтауға болады?», тағы басқа осы сарындағы өз басында бар мәселемен қатысты кітаптарды оқиды.
Әйгілі Дейл Карнеги жалғыздықты жақсы көрді, өз әлемінде тұншығып өмір сүрді. Ол қалай дос табуға болатыны туралы, адамдардың ортасында өзіңді қалай жақсы, еркін сезінуге болатыны жайлы бірнеше кітап жазды. Өзін жалғыз сезінген, өмірден мән таппаған ол өзін-өзі атып өлтірді. Ол өзгелерді жалғыздықтан, депрессиядан құтқарса, құтқарған шығар, бірақ өзін құтқара алмады.
«Отбасын қалай сақтауға болады?» атты кітап жазған Дерек Медина өзінің әйелін атып өлтірді. Ол әйелімен екі рет ажырасып, екі рет қосылған екен. Демек, ол өзі туралы, өзінің отбасылық мәселесі туралы жазды. Әрбір жазушы өзінің ішкі жандүниесіндегі арпалысты жазады.
Мұндай қарама-қайшылықты айта берсек, өте көп. Өмірдің өзі қарама-қайшылық, «паралельді әлем» ғой. Қазір адамзат бұрынғыдан да ауыр жалғыздықтың, ішкі жалғыздықтың зардабын тартып жатыр.
Ғаламтор желісінде отырған әрбір адам – жалғыз, бірақ ол өзін көппен бірге отырғандай алдайды. Күн сайын таныстарымен әлеуметтік желіде сөйлесіп жүргендіктен виртуалды әлемде көптен, қоғамнан алшақтай береді.
Біз қазір иллюзиямен өмір сүріп жатқандаймыз. «Әлеуметтік желіде жиі хат жазған адам бізді жақсы көреді, бізді іздейді» (оның да жалғыз екенін, жалғыздықтан жапа шегіп жатқанын түсінбейміз), «әлеуметтік желі арқылы танымалдылыққа қол жеткіздік» (жасандылық пен жалғандыққа толы танымалдылық екенін, айқайлап, жаға жыртып, өлерменденіп жеткен танымалдылық екенін мойындағымыз келмейді), «әлеуметтік желіге кірмесек, таныстарым іздейді» деп өзімізді біреуге керек сезінеміз (өзімізді іздейтін адамды да, өзімізді де рухани тұрғыда дамыта алмағанымызды пайымдай алмаймыз), өзіміз білмейтін, тіпті түсінбейтін тақырыпқа да пікір қалдырамыз (әйтпесе, досың дұшпанға айналады, болмаса, білмейтін тақырыпқа араласпауға өреміз жетпейді).
Милорад Павич «Пейзаж, нарисованный чаем» атты кітабында оқырманға мынандай қарапайым сұрақ қояды: «Егер адам айнадан бөлмеде ілулі тұрған сағатқа қараса, қандай уақытты көреді?». Павич: «Какой через свое стекло ты видишь меня и вижу ли я именно тебя» деп сұрайды тағы да. Біз күні бүгінге дейін бір-бірімізге «айнамыз» арқылы қарап келдік. Қазір «айнаны» ысырып тастап, бір-бірімізге тіке қарай бастап едік, бәрі шатасып кетіпті.
Әлеуметтік желіде топ-топ болып, дін тақырыбында айтысып-тартысып жатқан жұрт. Құндылық пен құнсыздықтың арасын ажырата алмай, абдыраған жұрт. Қай салада да сыртқы форма мен ішкі мазмұнның арасынан үйлесімдік таппай, сана дағдарысынан шыға алмаймыз. Әркім өз мамандығын жақсы меңгермей, өзін-өзі кітап оқып, рухани тұрғыда дамытпай, тобырлық санадан арыла алмаймыз. Ал тобырлық санадан арылмай, ішкі мәдениетіміз, діни мәдениетіміз қалыптаспайды.
Осыншалықты рухани құлдыраудың құны тым-тым ауыр екенін ескеріп жатырмыз ба? Бізден де оның ауыр зардабын болашақ ұрпақ тартатынын пайымдай алдық па?
Аягүл МАНТАЙ
Бөлісу: