Әдебиетті танытудың заманауи формасы хақында...

Бөлісу:

08.09.2017 6965

Таусыншақ күн... Әйтеу әркімнің таусыншақ күні бар екендігі рас қой. Сол сәтте: «Е, Алла, өзің берген ғұмырда сериалдарды дұрыс көре алмай кеттіп барамын-ау» - демес үшін және тіл үйренбек ниетінде біршама түрік кино-сериалдарын қарап шықтық. Рас осыған дейін түрік сериалдары түкке тұрмайтындай көрінетін. Оның себебі өзіміздің телевизиядан көрген (тек бізде көрсетілетін) сапасыз түрік сериалдарынан болса керек. Қазіргі әлемдегі ең үздік сериал индустриясының басында тұрған да осы - түрік сериалдары.

Әрине мен киносыншы емеспін, бар болғаны сіз сияқты қарапайым көрерменмін... Бір қызығы психологияда адам қандай кітап оқыса да, не түрлі кино көрсе де, өзіне керек, өзі көргісі келетін нәрсені қабылдауға бейім екенін айтады. Ал мені осы сериалдарда әдеби шығармалар элементтері көп кездесетіндігі таңқалдырды. Юнус Емре мен хазіретті Мәуланадан бастап Назым Хикмет, Октай Рифат, Юджель Джан сияқты түрік әдебиеті өкілдерінің өлеңдері сериал желісіне қосылған, солайша әдемі бір реңк беріп тұрғандай әсер қалдырады. Рас қазіргі Түрік әдебиеті өте мықты, мектептері де, аударма мәдениеті де қалыптасқаны қашан. Біз білетін Орхан Памуктың 2005 жылы әдебиет саласынан Нобель сыйлығын алуы да жайдан-жай емес. Ең қызығы бұл сериалдарда тек түрік емес, Шекспир, Оскар Уайльд, Уолт Уитмен, Байрон т.с.с мәшһүр тұлғалардың шығармалары да кездеседі. Бұл түрік сценаристерінің интеллектуалдығын және бір көрсететіндей. Оның бір жарқын мысалы әлемдік IMDb рейтингінде жоғары бағаланған «EZEL» киносериалы. Тіпті бұл сериалдың оқиға желісі, психологиясы француз романдарының ең үздіктерінен саналатын А.Дюманың «Граф Монте-Кристосымен» тікелей үндесіп жатыр. Монте-Кристоны да, Езелді де қозғаушы күш - кек. Бұл кек туралы кинотуынды... «Өркенің өссін десең, кекшіл болма» – дейді қазақ даналығында ... Дегенмен де адам жаны қызық қой... Ол осы түсінікті басқа ракурстан көре, ( біз білетін, бәлки білсекте ашық айтқымыз келмейтін) кектің тәттілігін сездіртеді. Мағжанның: "Қасым болса, қанын ішкім келеді" - дейтін кек мистикасын көрсеткісі келетіндей.


Осы сериалдың бір эпизодында Өмер (Езел) бейнесін Оскард Уайлдтың кейіпкерімен ұштастыратын жері тағы бар. Өмірінің соңында арсыз дүние жаздың деп абақтыға тоғытылған Оскард Уайльд түрмедегі камераласы: қызғаныштан әйелін өлтірген Чарлз атты кавалеристің прототипі негізінде жазылған атақты «Рединг түрмесінің балладасы» поэмасының жолдарын Өмердің ішкі күйін білдіру үшін шебер қолданғанын көре, сценаристің тапқырлығына ерекше таңқаласың. Шынымен бұл поэманы кітаптан оқысақ та, түрік сериалдарында кездестіреміз деп еш ойламаппыз. Сол арқылы басқа бір өрнегі ашылғандай көрінді соңында...


Міне, әдебиеттің насихаты түріктердікіндей болу керек, меніңше. Оқырманның саны азайғанына байланысты көркем әдебиеттің қабылдануы жаңа бір қолайлы түрге көшкендей. Ол - киноиндустрия.


Ойласам біздің насихат университет аудиториясынан ары аспайтындай. Оның өзінде кабинетке тығылып алып, жетпіс жылдан бері еш мызғымаған әдебиет теориясы атты пұтқа табыну. «Мына өлеңнің ұйқасы мынандай, ішінде мынанша теңеуі бар, ана романның көркемдігі қандай, ә? Троптың түрлері де жетерлік» - дегендей-ақ әңгіме. Ақылмен пайымдасақ құр форманы талдағаннан не ғалымға, не оқушыға келіп-кетер қандай пайда бар?

P:S: Заман сипатын қарап отырып, кейде көркем әдебиетті насихаттау жұмысын белгілі бір деңгейде киноиндустрия алғандай көрінеді. Байқасаңыз қарапайым халыққа түрік сериалдары арқылы әдебиет қалай тамаша насихатталып отыр. Әрине бұл әдебиетке жетік, интеллектуал түрік сценаристерінің қажырлы жұмысының жемісі. Бір ойлап қарасақ, бізде неге бір сарындас: келін мен ене жаулығы, ауылдан қашу сияқты туындылар көптеп түсіріледі. Сценаристер ме...? Соны жазған кісілер баға жетпес, қызық сюжеттерге толы әлем әдебиетін, тіпті арыға бармай-ақ қазақ әдебиетінің жауһарларын оқыды ма екен?

Ақниет Озат, әдебиеттанушы

Бөлісу:

Көп оқылғандар