ӘДЕБИЕТТАНУДЫҢ БАС САРДАРЫ – СЕРІК ҚИРАБАЕВ
Бөлісу:
Егемендік алып, еңсемізді көтергелі басқа ғылым салаларымен қатар әдебиеттану ғылымы да қарыштап дамып келеді. Қазақ әдебиеттану ғылымының негізі ХІХ ғасырда Ш.Уәлихановтың зерттеу еңбектерінен бастау алып, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхаммедов, М.Әуезов сынды ғалымдардың тұсында жүйеленіп, жеке ғылым саласы ретінде қалыптасты. Қазақ әдебиеттену ғылымы десе, осы аталған ғалымдар қатарында З.Шүкіров, З.Ахметов, А.Нұрқатов, Р.Бердібай, Т.Кәкішев, С.Қирабаев секілді қазақтың біртуар азаматтары мен әдебиеттанушы ғалымдардың есімі ойға оралады. Себебі, бұл ғалымдардың қай-қайсысы болсын қазақ сөз өнері ғылымына өзіндік қолтаңбасымен, іргелі зерттеу еңбектерімен орасан зор үлес қосқан дарынды тұлғалар.
Саналы ғұмырын қазақ халқының мүддесі үшін, ұрпақ тәрбиесіне, қазақ әдебиеттану ғылымын дамытуға арнаған сыншы, ғалым, ұстаз, академик Серік Смайылұлы Қирабаевтың жүріп өткен өмір жолы, ғылым жолы «бүгінде даналық даңғылына» айналды. Академик Серік Қирабаев өзіне дейінгі Әбунасыр әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов және т.б. ұстаз-ғалымдардың ғылыми-зерттеу шығармашылығы мен ұстаздық-қайраткерлік жолын жалғастырған әдебиеттанушы ғалым және ағартушы ұстаз ретінде республика жұртшылығына кеңінен танымал.
Серік Смайылұлы 1927 жылы 23 наурызда Жезқазған облысының (қазіргі Қарағанды облысы) Жаңаарқа ауданына қарасты Атасу ауылында туған. Туған жеріндегі орта мектептен білім алыпты. Ұлы Отан соғысы жылдары ауылда мұғалім жетіспейтіндіктен, бастауыш мектептің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, 1947 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) оқуға түсіп, Сталин атындағы стипендия алады. Институтта білім алып жүрген уақытта-ақ жазған ғылыми-зерттеу және сыни мақалалары баспасөз беттерінде жарық көріп, сыншылығымен көзге түседі. Серік Смайылұлы Жазушылар одағының әртүрлі әдеби іс-шараларына белсене араласып, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында, «Әдебиет және искусство» журналының редакциясында қызмет атқарып, артынша аспирантураға түседі. Тынбай еңбектеніп, сыни-зерттеу мақалаларымен назарға ілігіп, 1952 жылы КСРО Жазушылар одағына мүше болып қабылданады. 1956 жылы Ғабиден Мұстафиннің көркем шығармаларын зерттеген ғылыми еңбегі қазақ тілінде жарық көрсе, 1957 жылы орыс тілінде кітап болып басылады. С.Қирабаев Спандияр Көбеевтің шығармасы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, «…С.Көбеевтің Ыбырай Алтынсариннің жолын қуған аса көрнекті педагог екенін көрсетумен бірге, жазушылық еңбегін де бірінші болып жұртшылыққа танытты».
Абай атындағы ҚазПИ-де білім алып жүрген кезінде ұстаздық жол мен ғалымдыққа бет бұрғаны оның білім нәрін мейлінше терең сіңіріп, оқу-білімге тиянақты түрде мән бергенін ғалым-ұстаз зор тебіреніспен еске алады: «…алғашқы сабақтан бастап, мен барлық пәннен лекцияны ұқыпты жазып отырдым. Өйткені оқулық жоқ. Сол лекцияларым әлі бар. Кейбіреулерін сақтап ұстаздарымның мерейтойларында өздеріне сыйладым. Ахмеди Ысқақов оқыған «Қазіргі қазақ тілі» (монография), Сәдуақас Бақшилов оқыған «Жалпы тарих» сияқты дәптерлерім осы жолмен авторларына қайтарылды. Үшінші сабаққа («Әдебиеттануға кіріспе») Қажым Жұмалиев келді.
…Күн сайын жаңа сабақ, жаңа мұғалім. «Қазақ фольклоры» (Мәлік Ғабдуллин), «ХVІІІ-XІX ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (Қажым Жұмалиев), «Тіл біліміне кіріспе» (Т.Қордабаев) тағы басқа пәндер өте бастадық.
Осыдан жетпіс жыл бұрын өзі білім алған Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны, білімнің киелі қарашаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Серік Смайылұлы өмір мектебінен өтіп, ұлттық және өркениеттік мәні зор ғылыми негіздерден сусындап, қазіргі таңға дейін туған халқының рухани құндылықтарын ардақтаумен, туған тілі мен әдебиетін қастерлеумен келеді.
Академик Серік Қирабаев әдебиеттанушы ғалым не сыншы ғана емес, сондай-ақ, дарынды журналист те бола білген. Оның қаламынан шыққан уытты сыни мақалалар мен әлеуметтік мәселені қозғаған туындылары қазақ журналистикасының дамуына өзіндік ықпалын тигізді. Серік Смайылұлының ғалымдығы бір төбе болса, журналистік қабілеті бір төбе. Ол 1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіргеннен кейін аспирантурада оқи жүріп, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, «Әдебиет және искусство» журналының бөлім меңгерушісі болып істеген. 1952—1955 жылдары «Пионер» журналында редактор, 1955—1958 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде меңгеруші, редакциялық алқа мүшесі болды. Ғылым сардарының азаматтық болмысын, қайраткерлік тұлғасын асқақтата түсетін тағы бір қыры – оның ұстаздық қызметі. Өзінен кейінгі өренін өркендету жолында әрбір адам педагог десек те, Серік Смайылұлының бұл саладағы еңбегі ұшан-теңіз.
Академик Серік Қирабаевтың ұстаздық жолын сөз еткенде біздің кеудемізде ерекше бір мақтаныш сезімін ұялататын, басқа ғалымдардың алдында шоқтығымызды биіктететін бір жәйт – ол кісінің жоғары оқу орнындағы ұстаздық ұлы қызметі қасиетті қара шаңырақ – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кешегі тарихымен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен тікелей байланыста өрілгендігі. Серік Смайылұлы ғалым ретінде өзі зерттеп жүрген қазақ тарихындағы күрделі де шытырман кезең әдебиетінің қыр-сырын ашуға, арыстарымыз насихаттаған ұлттық мүдде мен құндылықтарды шәкірт санасына зерделеп құюға, неғұрлым тереңірек ұялатуға ұмтылды. Өз дәуірінде ғылым көшін алға сүйреумен қатар оқу процесін жетілдіру, тәрбиелік шаралар мен әртүрлі ұйымдастыру жұмыстарын да қоса атқара білді. «Сол тұста филология факультетінің жеке шаңырақ құрып, жұмысының алға басуына ұйытқы болды. Кезінде Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезовтер еңбек еткен кафедраның өміріндегі ең бір жемісті жылдар да Серік Смайылұлының ұстаздық жолымен тікелей байланысты». Себебі, жас ұрпақтың бойына білім нәрін құйып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет атқарған елу жылдан астам уақыт ішінде сан мыңдаған шәкірттер ғалым-ұстаздан дәріс тыңдап, үлкен өмірге жолдама алды. Ғалымның жетекшілігімен кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, ғылым айдынында жүзген жас ғалымдар қаншама!
Академик Серік Қирабаевтың дәрісін тыңдап, ол кісіден тікелей сабақ алған шәкірт ретінде өзімді бақытты ұрпақ санаймын. Серік Смайылұлы біз үшін ғалым-ұстаз ғана емес, дос аға, әкедей қамқор, жанашыр жан болды. Ол кісінің қабақ шытқанын көрмей, тек «айналайын» деген жан жылытар сөзін естіп, мейірімін көріп өскен біз – өскелең ұрпақты шуағыңа бөлей отырып, жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелеудің үлкен мектебінен өттік десем, артық айтқандық болмас. Әдетте ақындар «Абайдың шекпенінен шықтық» деп жатады. Сол секілді біз де Серік Смайылұлының шапанынан шығып, қасиетті білім ордасында ол кісіден тыңдаған әрбір дәріс бізді ұстаздық мамандықтың құдыретті әлемінің тереңіне біртіндеп тарта берді.
Ұстаз өмірі әрдайым шәкірттерінің ортасында, жеткіншек ұрпақ алдында. Бүгінде кең байтақ қазақ жерінің қай атырабына аяқ бассаңыз да, Серік ағайдың алдын көрген, дәрісін тыңдаған, студент ретінде Серік Қирабаевтың тағылымды өнегесін алу бақытына кенелген, соның арқасында өмірден өз орнын тауып, өзі де ұстаз, азамат, қоғам қайраткері атанған мыңдаған, тіпті, он мыңдаған шәкірттерін кезіктіресіз. Ағайдың тәлімін алған әрбір жан қымбатты ұстазының есімін мақтанышпен, ерекше құрметпен атайтыны анық. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің дәрісханаларына кірген кезде Серік Смайылұлының шәкірті ретінде ардақты ұстазымның маңғаз басып аудиторияға кіргені, дауысын кенеп, баптанып барып лекциясын бастағаны, ырғақ-әуені аса жоғары да емес, тым төмен де емес, орташа қоңыр дауыспен сөз бастағанда анық әрі құлаққа жағымды естіліп, әуезді үніне елітіп әкететін үні, дәрісінің тақырыбына арқау болған не Спандияр Көбеев, не Сәкен Сейфуллин, не Ғабиден Мұстафин, не болмаса әлем әдебиеті тарландарының бірі туралы шабытты ой орамдарын түйдектете төгілткені, әралуан ақындар мен жыраулардың жырын жатқа оқып, жаныңды өлең нәрімен нұрландыратын ерекше сәттері, әрбір студенттің аты-жөнін, қабілеті мен қылықтарын жадында сақтайтын ерекше қабілеті бейнетаспа секілді көз алдымнан тізбектеле жүріп өтеді. Балтабай Әбдіғазиұлы ұстаз-ғалымның дәрістері туралы былай тебіренеді: «Шәкірт көңілінен берілер тағы бір баға – Серік Қирабаевтың оқыған лекцияларының мазмұн жағынан қашанда терең болатыны әрі бір тақырыпқа оқылған дәрістерінің біріне-бірінің ұқсай бермейтіндігі, яғни, олардың әрдайым жаңа деректермен, тың пайымдаулармен байып, молайып, жаңғырып отыратындығы. Бұл, сөз жоқ, білімді ұстаздың қашанда оқу, іздену үстінде жүретіндігін аңғартса керек». Расында, Серік Смайылұлы әрдайым үлкен ізденіспен, айрықша дайындықпен жүретіні ақиқат. Ұстаз-ғалым өзіне де, өзгеге де қатаң талап қойып, сол талаптың орындалуын қадағалап отырады. Ол кісінің студенттерге қояр бір талабы – оқытушыдан кейін аудиторияға кірмеу, яғни, оқытушы келгенше студенттер аудиторияға кіріп, дәріске дайындалып отыруы керек. Студент кезімізде ұстазымыздан кейін аудиторияға кіріп, Серік ағайдың зілсіз, ашусыз, бірақ, талап қоя айтылған сөзінен кейін деканның рұқсатымен кірген кезіміз де болды. Бірақ, біз бұл оқиғадан өмірлік сабақ алдық.
Академик Серік Қирабаевтың зерттеушілік, журналистік, сыншылық, ұстаздық қасиетінен бөлек, ол кісінің оқу-білім саласында атын айшықтап тұратын тағы бір қыры, өнегелі бір ісі – оқулық жазу. Қазақ азаматтарының қанша буыны, қазақ қаламгерлерінің қанша буыны сыншылықты ғалымдыққа, ғалымдықты ұстаздыққа, ұстаздықты әдіскерлікке ұштастыра еңбектеніп келе жатқан С.Қирабаев оқулығымен тәрбиеленіп, білімін шыңдады. Кезінде академик Зейнолла Қабдолов «Әңгіме – қиын жанр» деп айтқан еді. Сол секілді оқулық жазу – оңай шаруа емес. Оқулық – білімнің анасы, бастауы, қайнар көзі. Оқулық – адамның ой көзін ашатын, даналыққа бастайтын даңғыл жол. Мақала, диссертация, монография жазу да оңайға түспейтіні анық, ал оқулық жазу – қиынның қиыны. Оқулық жазудың қиындығы туралы ғалым Құлбек Ергөбек: «…Қиын болатыны – ашқан ғылым, тапқан біліміңді көркемдік қабылдауы шектеулі, не айтсаң да нанатын, көп күдіктене қоймайтын мөлдір таза жүректерге арнап, сіңімді, сыйымды етіп бересің ғой. Өзіңді-өзің тежеп, күмәнді-күдікті деген сәттерді іркіп қалып, көңіл дітің жеткенше ақ, әділ тұтқан пайымдаулар мен байламдарды баяндайсың. Ғылыми стильден саналы түрде қашып, ептеп ауызекі ырғаққа құрылатын, «педагогикалық стильге түсу қажет оқулық жазатын кісіге», – деп түйіндейді. Баланың түсінік-пайымына жеңіл, ғылыми тілден гөрі қарапайым сөйлеу тіліне құрылған оқулықтар жазып, еліміздің болашағы болар мектеп оқушыларына қазақ әдебиетінің қыр-сырын ұтымды да тартымды етіп ұғындыруда С.Қирабаевтың үлесі зор.
Көпшілік алдында сөз сөйлеген кезде, қазақ әдебиеттану ғылымының дамуы мен өркендеуі туралы ой қозғағанда ерекше рухтанып, қанаттанып кететін ұстазым менің көзіме қияда қонақтап, маңғаздана айналаға қарап отырған ақиық бүркіт тәрізді елестейді. Қыран құстай ғылым шыңынан орын тапқан Серік Смайылұлы бүгінгі таңда торқалы тоқсан жасқа толып отыр. Тоқсанның төріне шыққан қарымды қаламгер, білікті ұстаз, әдебиетші-ғалым Серік Қирабаевтың қазақ әдебиеттану ғылымында атқарған шаруасы шашетектен. «Қазақтың Серағасы» атанып, ғылым шыңына еркін қалықтап шыққан академик-жазушы, ғалым ағамызға деніне саулық тілей отырып, ғұлама ғалымның қарымды қаламынан төл әдебиетіміздің тағдырына арналып жазылар жаңа еңбектер күтеміз.
Жанатбек ІШПЕКБАЕВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, с.ғ.к., профессор.
almaty-akshamy.kz
Бөлісу: