Атақты сахабаның есімін иеленген - Сәкен Сейфуллин

Бөлісу:

15.10.2017 11682

Сәкен Сейфуллин музейіне келе жатып, ақынның өзім білетін өмірбаянына іштей шолу жасап өттім.

Сәкеннің азан шақырып қойған аты – Сәдуақас. Қазақ жеріне Ислам діні келгеннен кейін қазақ балаларына солардай болсын деген ниетпен Пайғамбарымыздың (с.а.у.), атақты сахабалар мен дін ғалымдарының есімдерін қоя бастаған. Сондықтан болар, Мұхаммед, Омар, Оспан, Әли, Бәкір, Айша, Хадиша, Бәтима, Гүлсім, Қасым деген секілді аттар айналамызда жиі кездеседі. Кейбірі ұлтымыздың тіл ерекшелігіне байланысты, өзгерістерге ұшыраса да, негізі діннен бастау алып тұрғаны айқын көрініп тұр. Сондай қазақ арасына кең тараған есімдердің бірі – Сәдуақас. Бұл атаудың жәннатпен сүйіншіленген белгілі сахабалардың бірі, жаужүрек батыр Сағд ибн әбу Уаққастың есімімен байланысты екенін біреу білер, біреу білмес. Тек кейін қазақ төрт сөзден тұратын есімді біріктіріп, “Сәдуақас” атап кеткен, балаларына да атақты сахабаға ұқсасын деген ниетпен сол атты беріп отырған. Сәкеннің әкесі Сейфолла (“Алланың қылышы” деген мағынаны білдіреді) діннен хабары бар, оқыған, тоқыған жан болса керек. Ұлының атын “Сәдуақас” қоя отырып, баласының кейінгі тағдыры өмірінің соңына дейін дініне қызмет еткен даңқты сахаба Сағд ибн әбу Уаққас секілді, ұлтына адал еңбек етіп және сол жолда өмірін қиюмен өтетінін білмеген болар. Қалай десек те, әке үміті, ниеті ақталды. Сәкен деп еркелеткен Сәдуақасы ұлт үшін туған ұл болып шықты.

Осы ойлардың шырмауында межелі жерге келгенімді байқамай қалыппын. Сәкен Сейфуллин музейі Астана қаласындағы Әуезов пен Сейфуллин көшелерінің қиылысында орналасқан екен. Айналасындағы зәулім, заманауи үйлердің арасынан осы бір қарапайым ағаш үй көзге оттай басылады.

Музей жанында Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші бар. Ақын өз атындағы көшенің бойында ары-бері өткен-кеткен тәуелсіз қазақтың тұрмыс-тіршілігін бақылап отырғандай көрінеді.

Музейге кірдік. Келем, ақынның өмірімен танысам деушілерге құлаққағыс, музей сейсенбі – жексенбі күндер аралығында сағат таңертеңгі 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

Музейде біздің алдымызда ғана ақынның туған күніне орай “Сәкен оқулары” болып өтіпті. Біз кірген бірінші зал, яғни Мәжіліс залында жыл сайын ақынның туған күні мен еске алу күні аталып өтеді екен. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жайында конференциялар, мәжілістер мен лекциялар, Сәкен оқулары, Сәкен сабақтары «Сыр сандық» әдеби клубы аясында жүргізілетін көрінеді.

“Сейфуллиннің өзі бұл үйде тұрған ба? Музейге неліктен осы үй таңдалды?” деген сұрағымызға музей ішіндегі экскурсияны жүргізген Гүлсара Сұлтанқызы былай деп жауап берді:

- Мұражай екі ғимараттан тұрады. Біз тұрған ғимарат 1846 жылы көпес Казанцевтің әкімшілік үйі болып салынған екен. 1920 жылы ғана бұл үйде редакция болып, сонда Сәкен Сейфуллин қызмет атқарады. Тұрмаған, қызмет атқарған үйі деп айтуға болады. Ал мұражай болып 1988 жылы 20 қаңтарда Қазақ ССР кеңесінің жарлығымен Целиноград қаласынжа Сәкен Сейфуллиннің мұражайы болып ашылады. Ол кездегі Қазақ ССР кеңесінің төрағасы қазіргі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болатын. Ол кісінің өзі 1995 жылы 15 тамызда келді.

Қарсы алдымызда қазақтың атақты гоболеншісі Бәтима Зәуірбекованың ақын шығармашылығын оқи отырып тоқыған "Ақсұңқар - Сәкен" деп аталатын еңбегі ілулі тұр екен. Жұмыс екі жыл тоқылып, 2008 жылы бітіріліпті.

Келесі залдан Сәкеннің балалық және жастық шағымен таныстық. Мұнда негізінен фотосуреттер, құжаттар қойылған.Экскурсия жетекшісі ары қарай Сәкен өмірімен жалғастыруын таныстыра берді:

- Сол замандағы өзге қазақ зиялылары секілді Сәкен де алғашқы білімді Ағашаяқ (шын есімі Бармахамбет Әпебекұлы) атты ауыл молдасынан алады, арабша хат таниды. Тек 10 жасқа келгенде әкесі Сейфолла баласын Нілді кенішіндегі танысының үйіне жатқызып, орысша оқытады. Ал 1906-1908 жылдары Нілді (Успен) руднигіндегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде білім алады. 1908 жылы оқуын үздік аяқтаған Сәкен Ақмолаға келіп, 2 кластық приход мектебінде оқиды, кейін қалалық 3 кластық училищеде оқуын жалғастырады. Мынау ХХ ғасыр басындағы Ақмола қаласының көріністері, қазіргі М.Әуезов көшесі (бұрынғы Булыжная, Центральная және Октябрская көшелері).

Училищеде оқи жүріп, 1912 жылы Ақмолада мұсылман медресесінде қазақ және татар балаларына орыс тілінде сабақ береді. 1913 жылы 21 тамызда Ақмоладағы училищені аяқтап, өз білімін ұштау мақсатында 1913-1916 жылдары аралығында Омбы мұғалімдер семинариясында білім алады. Ал мынау – 1913-16 жылдары С.Сейфуллин білім алған Омбы мұғалімдер семинариясы ғимаратының көрінісі.

Осылай Сәкен Сейфуллиннің мұсылманша білім алып қана қоймай, медреседе сабақ бергенін оқып, таңғалдық.

Келесі залдан біз Сәкеннің қоғамдық және мемлекеттік қызметімен таныстық.

Кезінде осы Ақмола қаласында Сәкен тұрған үйдің макеті қойылған екен.

Түсінгеніміз, музейге келген адам Сәкен Сейфуллиннің өмірбаянымен толық таныса алады әрі экскурсия қызметтеріне өздерінің сұрақтарына жауап алады. Бізді бастаған Гүлсара Сұлтанқызы ары қарай Сәкеннің мектеп ашқаны, мұғалімдік қызметі, санақ жұмыстарын жүргізгені, газет ашқаны туралы әңгімеледі.

Бұл залда Сәкен Сейфуллиннің Анненковтың "Азап вагонында" 48 тәулік бойы қиындық көргені, Кеңес үкіметі тұсында еткен қызметтері баяндалды.

Осы кезде біздің әңгімемізге Сәкен Сейфуллин музейінің ғылыми қызметкері Әйгерім Мақажан араласып, жазушының "Тар жол, тайғақ кешу" романының алғаш жарық көрген нұсқасымен таныстырды:

- Мынау Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романы. Араб әрпінде жарық көрген 1927 жылғы түпнұсқасы Қызылордада баспадан шыққан. Романның 1936 жылы екінші басылымы латын графикасымен, кейіннен 1960 – 2004 жылдары баспадан бірнеше шығып, қырғыз, ұйғыр, орыс тілдеріне аударылды. Кітаптың алғашқы беттерінде Алаш басшылары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтың суреттерімен қатар роман кейіпкерлері, Алаш азаматтарының суреттері жарияланған.

Қазіргі уақытта көптеген тарихшылар да, қарапайым адамдар да Сәкен Сейфуллин мен Алаш зиялыларын бір-біріне қарсы адамдар ретінде әңгімелейді. Көпшілігі оны осы "Тар жол, тайғақ кешуде" Сәкеннің Алаш зиялыларын айыптап жазғанымен байланыстырады. Музейге келіп тұрып, бұл туралы сұрамай кету мүмкін емес еді. Менің "Алаш зиялалыр мен Сәкеннің көзқарастары бір-біріне неліктен қайшы келді? Расымен қарым-қатынастары дұрыс болмаған ба?" деген сұрағыма Әйгерім Мақажан былай деп жауап берді:

- Сәбит Мұқанов "Сәкен Сейфуллин" атты пьеса жазып, ол спектакль Қарағандыдағы драма театрда қойылды. Сонда Сәбит Мұқанов Сәкеннің аузына Әлиханға қарата айтылған "Әй, төбет! Аузыңды жап!" деген сөзді салыпты. Оны көрген адамдар "Сәкен Әлиханға солай айтатындай кім еді?" деп шу шығарыпты. Ал шындығына келгенде, Сәкен Әлиханға өмірде ондай сөз айтқан емес. Сәкенді тек Кеңес үкіметінің сойылын соққан адам ретінде көруді қою керек. Рас, Алаш зиялыларымен жолдары түйіспеген шығар, бірақ ұлтына Сәкен олармен рельстің қос жолындай қатар қызмет етті. Сәкеннің де ұлт үшін жасаған қызметі ұшан-теңіз. Қазақ тілінің мәселесін көтеріп, 9 бірдей мақала жазған. "Тар жол, тайғақ кешуді" оқыған адамдар "Сәкен Сейфуллин онда Алашорданы жамандайды, Алашқа қарсы болған" деп түсінеді. Жоқ, олай емес. Ғалым Күләш Ахметованың "Тар жол тайғақ кешудің" тағдыры" деген кітабы бар. Сонда ол кісі: "Сәкенді сөзге қалдыратын да - "Тар жол, тайғақ кешу", "Сәкенді ақтап алатын да - "Тар жол, тайғақ кешу" дейді. Расымен Сәкеннің 1927 жылы алғаш жарық көрген түпнұсқасында ол Алашорданы жамандамаған. Керісінше, түпнұсқада "Алашорданың зиялылары, ақ жағалылар, көк жағалылар, қазақтың оқығандары" деп жазған. Кейін 1936 жылы Сәбит Мұқановтың редакциялауымен латын графикасымен қайта басылады. Сол кезде үкімет тарапынан "Алашорданы жамандау керек" деген тапсырма болып, сөздер "байшылдар, феодалдар, Кеңес үкіметі жаулары" деп өзгертіледі. Бұған сенбеген кез келген адам, араб графикасын білетін болса, музейімізде тұрған осы кітаптан оқып көрсін. Кейінгі нұсқаларын оқып алып, Алашорда мен Сәкенді қарсы қою дұрыс емес.

Бұл залдағы назарымды аударған тағы бір дүние, ол - Сәкен Сейфуллиннің көзі тірісінде киген костюм-шалбары еді. Сәкеннің сырбаз, көрікті жігіт болғаны бізге аңыз болып жетті. Оның сол кездің өзінде-ақ Еуропа стилінде киінгені, сұлу адам болғаны, көшеден көрген қыз-келіншектердің көз салмай өтпегені барлық кітаптарда айтылады. Жазушы Ғабиден Мұстафиннің өзі ол туралы: "Есіме түскен сайын орта бойлы, толқынды қара шашты, өткір ойлы көзді, сымбатты, көрікті, түсі ақ пен қараның аралығындағы қоңырқай кісі көз алдыма келеді. Қадала қарағанда сыртыңды түгіл, ішіңді көріп тұрғандай. Ал, оған қадалған көздер, әсіресе, әйел көздері оңай айырыла алмайтын. Сырты өте сұлу, кербез, тәкаппар, іші өте қарапайым, кішіпейіл еді" деп еске алады. Мынау сол Сәкеннің костюм-шалбары екен.

Ал мына бір туфли туралы Сәкен Гүлбаһрамға Қырымда демалып жатқанда жазған хатында: "Мен өзіме туфли сатып алдым" деп жазған екен. Онысы - таза былғарыдан тігілген осы туфли.

Жанындағы таяқты көріп, экскурсия жетекшімізден: "Сәкен таяқ ұстаған ба? Аяғы ауырған ба?" - деп сұрап ем, ол кісі: "Бұл таяқты да Қырым қаласынан сатып алған. Бірақ ол кездегі зиялылар, мемлекеттік қызметкерлер таяқты сәндік үшін ұстаған. Тағы бір таяғы бар, оны қазір көресіз", - деп жауап берді.

Келесі зал әдеби қызметі мен журналистика залы екен.

Мұнда өзбек ағайындар сыйлаған тақия мен шапан ілулі тұр. Сәкеннің дәл осы шапан мен тақияны киіп сақталған суреті бар.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хош иісті ұнатқаны секілді, Сәкен Сейфуллиннің әтірді жақсы көргенін замандастарының естеліктерінен білеміз. Бірде әтірді қалай қолдануды білмеген Күләш Байсейітованың иіссуды шашына жағып жатқанын көріп, оны ақырын ғана мойынға жағатынын көрсетіп, үйреткен осы Сәкен екен. Ал мына бір Сәкенге тиесілі әтір қорабын көріп, Сәбит Мұқановтың онымен алғаш танысқан кездегі естелігі еске түсті: "Костюмімен ғана отырған Сәкенге енді қарасам: кескіні шынында да адамзаттың көркемі екен. Қыраусыз қап-қара қалың қасы, қою ұзын мұрты өзі сұлу ажарын ерекше шешіп тұр!... Томпақ қара көздерін одан да сұлуландыра түсейін дегендей, біреумен сөйлескенде ұзын кірпіктерін жиілете қағып, көзін бәлкім күлімдете, бәлкім ойнақтата қарайды... Күлгенде балуан мойнына біткен әдемі басын шалқайта, ұзын әдемі тістерін көрсете, аздап қана кеңкілдейді, саңқылдамайды. Қап-қара шашы толқындата біткен. Әсіресе маңдай алдының шашы сол жағынан бұйралана қайқайып барып, үйірілген ұшы кейін қарай қайта жығылады. Денесі таразы, саусақтары ұзын, тал бойында осынша жарасымды біткен мүшелерінен нұқсандысы, салт жүретін көшпелі елдің ұлы болғандықтан жіліншігі бәлкім қотандау (сонысын сездіргісі келмей, еш уақытта етік, галифе сияқты тар киімді аяғына жолатпайтын еді). Әйел пішінді сұлу еркек те болады екен ғой. Сәкен еркек пішінді, бейнелей айтқанда,«ер пішінді» адам. Жасы сол жылы 28-ге ғана толғанмен, кескіні сақа жігіт сияқты.Амандасып, кеңескенге дейін Сәкеннің тал бойында маған ұнамағаны – оң жақ білегіне салған, қара алтынмен әшекейленген сом, бұрамалы күміс білезік пен қайырмалы ақ жағаға тағылған галстук (коммунист, комсомол былай бұрсын, «советтік» деп аталатын барлық адамға да галстук тағу – ол кездегі адамның ұғымында бері салғанда «мещандық», әйтпесе, буржуазиялық салт есептелетін). Бұл «тұрпайылығының» үстіне, Сәкен хош иіс құйынып кепті".

Дәл осы әтірді Сәкен Мәскеуден сатып алыпты.

1934 жылы Максим Горькийдің басқаруымен Мәскеуде Кеңес жазушыларының бүкілодақтың бірінші съезді өтеді. Қазақстаннан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбек Майлин делегат болып барады. Ал 1936 жылы Қазақстан Жазушылар Одағы Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығына 20 жыл болғанын атап өтіп, Мәскеуде Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Сол жолы Сәкенге сыйланған алтын сағат осы екен.

Ал мына бір мүштікті көріп, "Сәкен темекі тартқан ба?" деген ой келуі мүмкін. Бірақ, ол темекі тартпаған. Әйелі Гүлбаһрам да өз естелігінде "Сәкен шылым мен шарапты ұнатпаған" деп жазады. Ал бұл мүштікті қонақтары үшін ұстаған екен.

Музей аралап жүріп, Сәкеннің жұбайы Гүлбаһрамның естеліктері ойыма орала берді. Ол өзінің жары туралы, оның адами болмысын ашатын түрлі оқиғаларды жазған еді. Соның бірінде: "Сәкеннің адамды сыйлау әдеті де қызық болатын. Оны дәреже емес, тек адамның басы ғана билейтін. Өзіне ірілік көрсетпек болған адам Сәкеннің сый-құрметінен құр алақан қалатын. Ал өзін тең көргенге, жолым, жасым үлкен деп маңғазданбағандарға Сәкеннің жүзі де жылы, инабаты да мол болатын. Өзінен кішілерге менсінбей қарау оған жат еді. Маған: «Үйге келген кісіні кім де болса жылы шыраймен қарсы ал, үйге топырлап қонақ келіп жатуының өзі бір ғанибет қой» деп, мықтап ескертіп қойған болатын. Мен жұбайымның бұл сөзін ешқашан тәрік еткен емеспін. тіпті, бұрын көрмеген, таныстығы жоқ адамдардың үйімізде апталап, айлап жататын кезі көп еді. Сәкен кісіні аямпаз да болатын. Қолдан келген көмегі мен жақсылығын ешкімнен аямайтын. Ол тіпті аң екеш, аңға да соншалық елжіреп аянышпен қараушы еді. Бір күні үш-төрт жолдасымен аңға кеткені бар-ды. Серіктері бір таутекені атқан екен, Сәкен жақындап барып қараса, әлгі жануардың емшегінен сүт саулап жатыр екен. Аңнан үйге қатты толқып оралды. Кейін соның етін үйге әкелдірмей қойды", - деп жазады.

Ал мынау Сәкеннің түрлі жылдары көзі тірісінде жарық көрген кітаптары. Кезінде Сәкен шығармашылығын заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: "Сәкеннің ақындық асуларында, әр жотадан атой бергендей, тәкәббір сөз үндері: «жабы емеспіз, тұлпармыз», «құладің емес, сұңқармыз» деп бұрынғы өткен тарихқа, бүгінгі оянған табыңа, езілген еңбекшілерге дабыл ұрады. Бұл сияқты тәкәббір үнінің өскелеңдеп, үндеп келген бір тұрғысы – «Альбатрос» заманының қасарысып соққан дауылына қасқиып ап, қанатымен қар сабап, қарыса ұшқан «Альбатрос» анау", - деп баға берген еді.

Келесі зал "Ел есінде" деп аталады.

- 1937 жылдың 24 қыркүйегінде С.Сейфулин Сталиндік қуғын-сүргінге байланысты жалған жаламен ұлтшыл, халық жауы ретінде тұтқындалды. С.Сейфуллинді тұтқындау ордері, анкетасы, қаулы, тінту протоколы, айыптау қорытындысы осында тұр. Сонда айдауға әкетерде шырттай болып киініп шыққан екен. Күз болғанына қарамастан, әйеліне алдын-ала дайындатып қойған қыстық киімін шығыпты. Әйелінің сұраулы жүзіне: "Мен түрменің не екенін білемін" деген екен. Сонда киген киімі мына суретте тұр.

Құжат бойынша 10 жылға деп тұтқындайды, бірақ бес айдан кейін ісі қайта қаралып, 1938 жылдың 25 ақпанында Алматы қаласында 16 сағ 40 мин ату жазасының іске асқандығы жөнінде қаулы шығады. Ол 43 жасында нақақ жазадан қаза табады. Ең соңғы мына суретінен-ақ ол кісінің қандай азап шеккенін көре аламыз. Сәкен тұтқындалған соң халық жауының туыстары ретінде әкесі Сейфолла Оспанұлы мен інісі Мәлік Сейфуллиндер түрмеге түсіп, ату жазасына кесіледі. Сәкеннің тұтқындалуынан кейін, оның жары Гүлбаһрам ұлы Аянмен НКВД органдарының қарауымен Ақмолаға жер аударылады. Сол Алматыдан Ақмолаға бара жатқан жолда ұлы Аян 1938 жылы қайтыс болды. Аянның шетінегені туралы куәлік және Аянның басына қойылған ескерткіш тақта, - деп сөзін жалғады Гүлсара апай.

- Сталин қайтыс болған соң Гүлбаһрамның өтініші бойынша С.Сейфуллиннің ісі қайта қаралады. Тек 1957 жыл 21 наурызда Партия есебінен ақынның ардақты есімі ақталып шығады. Сәкеннің есімі ақталғаннан бері ақынның мерейтойы тойланып, өмірі мен шығармашылығы зерттелді. 1964 жылы Жаңарқада ақынның 70 жылдығы тойланды. Сол жылы Сәбит Мұқановтың спектакілі алғаш рет сахна төрінде қойылып, Сәкен рөлінде Понамаров ойнайды. 1974 жылы Алматыда 80-жылдық мерейтойы тойланады, Сәкен рөлінде Сапар Оразалин ойнайды. Кейін 1994 жылы Ақмолада 100-жылдық мерейтойы аталып, оған арналған ескерткіш қойылады. Ал, Алматының Кеңсай зиратында С.Сейфуллиндер отбасына арналған «Тағдыр» атты ескерткіш тасы қойылады.

Келесі бөлмеде Сәкен Сейфуллиннің көзі тірісінде тұтынған заттары орналастырылыпты. Мұны жұбайы Гүлбаһрам көзінің қарашығындай сақтап, кейін музейге өткізген. Өзі сол жиһаздар туралы: "Оның кербездігі ақ жанының сыртқы айнасы еді. Олпы-солпы жүруді мейлінше ұнатпайтын, үй ішінде мұнтаздай тазалық пен тәртіптілік, әсемдік пен жарасымдылық болуын талап ететін. Жан жадыратар жиһаздардың көбін өзі таңдап, сатып алдыратын, әр нәрсенің ажарлы да сүйкімді болуын қатты қадағалайтын. орашолақтың қолынан шыққан бұйым алтыннан істелсе де маңайына дарытпайтын", - деп еске алады.

Ал мынау 1998 жылы салынған белгілі суретші Әмен Қайдаровтың "Бақыт" атты картинасы. Сәкен өміріндегі ең қуанышты сәт ұлы Аянның дүниеге келген кезі екен. Өкінішке қарай, Аян Гүлбаһрам "Алжир" лагеріне алынғанда, 1 жас 9 айында қайтыс болады.

Ал музейдің ғылыми қызметкері Әйгерім Мақажанның айтуынша, мына жинаулы ақ дастарханның өзіндік тарихы бар:

- Сәкен Сейфуллин мен Гүлбаһрам 1926 жылы Қызылорда қаласында отбасын құрды. Қызы Лаура 1929 жылы туып, 1932 жылы қайтыс болды. 1936 жылы ұлы Аян дүниеге келеді. Аянның 1 жасқа толу күніне әке-шешесі үлкен дайындық жасайды. Екеуі қуаныштан қатты толқып, қонақтарды жақсылап күту үшін базардан барып ақ дастархан сатып алады. Алайда, ақ дастархан қуанышқа жайылмады. Сол күнгі ұлының қуанышын бөлісуге қадірлі достары, жақын-жуықтар келеді деп елегізіп жүргенде Сәкенді НКВД адамдары тұтқынға алып кетеді. Ал «Халық жауының» әйелі атанған Гүлбаһрам күйеуінің жеке заттарын осы ақ дастарханның ішіне салып, беліне орап, аман алып қалған екен. Осы дастархан жайында Балтабай Адамбаевтың естелігінде айтылған. Ол Гүлбаһрам Сейфуллинаның үйіне Сүйіндік Сапақовты («Тар жол, тайғақ кешу» романында айтылатын С.Сейфуллиннің серігі) ертіп барған екен. «Есікті Гүлбаһрамның өзі ашты. Сәкенмен 18 жасынан жолдас болып, 28 жасында қалған Гүлбаһрам жеңгейдің бетін әжім, шашын қылаң шалған, қаны тасып жүрегі ауруға шалдыққан шағы… Осы кезде «шай дайын» деп бөлмеге Қарлығаш деген қыз бала кірді. Сонда Гүлбаһрам: – Тұра тұр, қалқам, Сәкеннің жолдасы мен інісіне Аянның ақ дастарқанынан шай берейін, – деп бұрыштағы жағыланды ашып, столға үлкен ақ торғын дастарқан әкеліп жайды. Шай құя отырып, дастарқанның тарихын әңгімелейді. – Мен Сәкеннен бір ұл, бір қыз тудым. Қызымның аты – Лаура, (Сәкен еркелетіп Дәрдана деп те атайтын), 1932 жылы Мәскеуде рабфакта оқып жүргенде жасы екіге толмай қайтыс болды. Сәкен өте балажан еді, Лаураның өліміне қатты қайғырды. Одан кейін 1936 жылы ер бала тудым. Сәкен оған да қатты қуанды. Мұхтар Әуезов атын Аян қойды. Аян бір жасқа толарда той жасауға әзірлендік. Тойға Қазақстанның басшылары Мирзоян, Садуақасов, Сегізбаев және басқа адамдар шақырылды. Олар келетін болды. Аянның тойына арнап алдын ала бірсыпыра жаңа заттар сатып алдық. Солардың ішінде төргі стөлге жаюға қол орамалымен осы ақ дастарқан алынған еді. Аян 1936 жылы 16 қарашада туған. Той болмай, жаңа дастарқан жайылмай қалды. Тек, 1957 жылы Сәкен ақталғаннан кейін ғана оның достары Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайлов, Мұхамеджан Қаратаевтарды үйге шақырып, ақ дастарқанды бірінші рет шешіп дәм бердім», - дейді. Яғни, С.Сейфуллиннің ардақты есімі ақталғаннан кейін, халқына адалдығы дәлелденгеннен кейін, ақ дастарқан алғаш рет жайылған.

Ал мынау - Сәкен Сейфуллиннің кабинеті. Мұнда ақынның жазу үстелі, киім ілгіш, патефон, баспа машинка, кітап сөресі, шкаф, портрет, фисгормония, кілем, бас киімі, шарф, саквояж және қолшатыры мен қабырға сағаты тұр. Бұл заттарды Гүлбаһрам апамыз "Түбі бір Сәкендей азаматтың музейі ашылар. Сонда өткізерсің" деп өмір бойы сақтап, сіңлісіне аманаттапты. Ал сіңлісі оларды Алматыдағы Орталық музейге өткізіпті. Кейін осы музей ашылған соң, сол жақтан сұратып алған.

Ал мына бір жазу машинкасы 1903 жылы Нью-Йорктен бар-жоғы 10 дана болып шыққан екен. Соның біреуі Сәкенге бұйырған. Музейге Рымжан Сейфуллина тапсырған.

Ал дәлізде ілулі тұрған Е.Сидоркиннің «С.Сейфуллинді оқығанда» сериясынан литографиялар 1963 жылы салынған. Бұл - Сидоркиннің Сәкен шығармаларын оқи отырып, көз алдына елестетіп салған суреттері. Ал 1965 жылы Германияның Липциг қаласында болып өткен халықаралық «Бес құрлықтың графикасы» көрмесінде дәл осы суреттер алтын медальға ие болған.

Осылай музейді аралауды аяқтап, Сәкенді ақын, жазушы ретінде танитын біз, өзге де қырларын, яғни, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталып қалуына үлес қосқанын, жөндеуден өткізгенін, орыс деректерінде "киргиз" атанып жүргенде "қазақ" атымызды қайтарғанын, Қазақ хандығы кезіндегі мұрағаттардың жойылмай қалуына күш салғанын, алғаш аэроплан мәселесін көтергенін осында алғаш білдік. Ал білмейтініміз, әлі зерттелмегендері қаншама.

Қалай болғанда да басымыздағы қазіргі үлкен бағымыз - тәуелсіздікті жақындатуға бар күштерін салған Сәкендей ұлт ұлдарының рухына біздер әрқашан тағзым етеміз!

Марфуға Шапиян

Бөлісу:

Көп оқылғандар