Өзі құрған өкімет Сейфуллиннің өзін де аямады

Бөлісу:

11.08.2015 5394

75 жыл бұрынғы «Әдебиет майданы» журналының маусым айындағы нөмірі Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып қайтқан Сәкен Сейфуллинді құттықтаған жалынды жеделхаттарға толды.


Большевиктік билік орындарынан бастап, ақын-жазушы, қарапайым еңбек адамдарына дейін Сәкен Сейфуллинді шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуына орай көкке көтере мадақтады.

ОРДЕНДІ СӘКЕН

«Әдебиет майданының» 1936 жылғы дәл осы нөмірінде әдебиет сыншысы Ғаббас Тоғжановтың «Сәкен Сейфуллин» деп аталатын көлемді сын мақаласы мен орден иесінің:

Әр ұлттың сен досы да, тілегі де,
Көшбасшысы, қорғаны, тірегі де.
Сені айтады әрбір ұлт шаттықпенен,
Сен деп соғады әр ұлттың жүрегі де,- деп келетін, «Халықтар көсемі Сталин жолдасқа» дейтін арнау өлеңі жарияланды.

Журнал бетіндегі материалдарды оқи отырып, арада екі қыс өтісімен осының бәрі ойран-топыр боларына, советтік баспасөздің «халық жауы Сәкен Сейфуллинді» жаппай қаралайтынына сену қиын. Сәт сайын құбылған большевиктік идеологияның кісіні көкке көтеруді де, жерге кіргізуді де шебер жүргізгені таңғалдырады.

1936 жылғы мамыр айында СССР орталық атқару комитетінің жарлығы бойынша Сәкен Сейфуллин қазақ жазушыларының ішінде бірінші болып ең жоғарғы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды да, екі жарым жылдан соң ең жоғары үкіммен атылып кете барды.

САЯСИ ЭЛИТА ЕКІГЕ ЖАРЫЛДЫ

Сәкен Сейфуллиннің азаматтық, қайраткерлік, ақындық, жазушылық болмысына берілген баға Қазақстандағы саяси хал-ахуалға байланысты бірнеше рет өзгерді.

Сәкен Сейфуллин жөнінде монографиялық зерттеу иесі Амантай Кәкен осыған орай: «...ақ патша тұсында абақтыға қамалып, «азап» вагонын бастан кешкеніне, ал жаңа кезеңде үкімет басқарып, қазақ елінің іргетасын қаласқанына қарамастан өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап оған «байларды жақтайды», «ескілікті жырлайды», «алашордашылармен дұрыс күреспейді», «ұлтшыл коммунистік идеологияға қарсы шығып, «сейфуллиншіл» жікшіл топты басқарды», «троцкийшіл» деген кінә тағылып кетті. Ақталған соң «коммунистік партияға шын берілген еді, оның идеологиясын жақтап еді, «совет өкіметін, Ленинді жырға қосқан нағыз» коммунист, қызыл сұңқар еді» деп жер-көкке тигізе мақтады. Алашорда қайраткерлері ақталған тұста қайтадан даттаушылар табылды» деп жазады.

Әсіресе, «Алашорда» қайраткерлері ақталғалы большевиктер жағында мемлекет ісіне араласқан азаматтардың іс-әрекетіне қатысты сыни ой-пікірлер жиі айтылды.

Бұл көзқарас туралы 2007 жылы «Ана тілі» газеті үшін осы жолдардың авторына берген сұқбатында профессор Тұрсынбек Кәкішұлы:

«...Алаш партиясының азаматтары да, қазақ коммунистері де қазақ халқына қастандық ойлаған жоқ... Бір жағы Алаш партиясын таңдады, бір жағы коммунистік қозғалысқа кетті. Коммунистке барған адамдар қазақ халқына қиястық жасауға, зорлық жасауға әдейі ниеттенген адамдар емес. Барлық пәле 1925 жылы Қазақстанға келген Голощекиннен басталды. Голощекин қазақ оқығандарын біріне-бірін айдап салды. Соның ішінде ең белсенділері Сәкендер жағы болды» деген еді.

«ЫНТАСЫЗ, КӨҢІЛСІЗ ІСКЕ САНСЫЗ БӨГЕТ...»

1922 жылы 6-13 қараша өткен советтердің ІІІ съезінде Сәкен Сейфуллин 28 жасында халық комиссарлар советінің төрағалығына сайланды. Ол сонымен қатар өзі негізін қалаған «Еңбекшіл қазақ» (кейінгі «Социалды Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан») газеті мен «Қызыл Қазақстан» (кейінгі «Ауыл коммунисі», «Қазақстан коммунисі», бүгінгі «Ақиқат») журналының жауапты редакторы міндетін қоса атқарды.

Халық комиссарлар советінің төрағалығы – қазіргі премьер-министр лауазымына тең келетін республикадағы ең үлкен қызметтердің бірі болатын. Сәкен Сейфуллин осы лауазымда отырып «қазақты «қазақ», қазақтың тілін - мемлекет тілі етуге» кірісті.

1923 жылғы ақпанның 15-інде «Еңбекшіл қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген мақаласында былай деп жазды:

«Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келеді. ...Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты, Палкан, киргиздан да жамансың!» дейтін болды... Қазақтың бір қылығын жақтырмаса, «белгілі енді, киргиз болған соң қайтуші еді!» дейтін болды... Енді ол күндер өтті. Октябрь төңкерісі қазаққа бұлай қарауды тыйды. Енді қазақ та бір, басқа халық та бір. Біздің әр қазақ жігіті «киргиз» дегенді тастап, қоймастан «қазақ, қазақ» дегенді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйретуі керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек».

Қазақтың «қазақ» атауы 1925 жылы советтердің V съезінде түзетілді. Осы мақаласынан кейін-ақ Сәкен Сейфуллинге Мәскеу тарапынан «ұлтшыл» деген атақ жапсырылды. Соған қарамастан бастаған істі соңына дейін жеткізуге тырысып, биік лауазымының пәрменін барынша пайдалануға ұмтылды.

«Еңбекшіл қазақ» газетінде үстін-үстіне жарияланған «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» (09.06.1923), «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» (25.06.1923), «Қазақстанның губерниялық һәм уездік исполком төрағаларының құлақтарына» (03.08.1923) «Не қылдыңдар?» (15.08.1923), «Қазақстанның орталық кеңес комитетінің ІІІ жалпы жиналысының қорытындысы» (11.09.1923), «Қазақстанның Заң комиссариатына теңеліңдер» (19.09.1923), «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу» (22.12.1923), т.б. мақалалары жоғарыдан нұсқау беріп қана қоймай, оның орындалуын қатаң қадағалайтын басшының табандылығын танытады.

Қазақстан Орталық атқару комитеті 1923 жылы 22 қарашада кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу жөнінде декрет қабылдады.

«Ынтасыз, көңілсіз іске сансыз бөгет, сансыз уайым табуға болады. Бірақ себептің ең үлкені – іс басындағы адамдардың бұл іске шындап кіріскен
...біздің қазақ коммунистері қазақ тілі туралы қатты кірісуден: «біреу «ұлтшыл» деп айтады...» деп бой тартады


ниеттерінің жоқтығы, ынталарының жоқтығы», «біздің қазақ коммунистері қазақ тілі туралы қатты кірісуден: «біреу «ұлтшыл» деп айтады...» деп бой тартады. Бірақ бұл қулық, бұл коммунистік қылық емес, ол – жарамсақтық, жағымпаздық. Кейбір сасық, жалмауыз демагог өзін «жақсы коммунист екен» деп айтсын деп, қазақ тілін кіргіземін деп жүрген белсенді адамдарды: «анау ұлтшыл, мынау ұлтшыл» дер. Бірақ ондай сасық демагогтар коммунистік партияның Орталық Комитетін «ұлтшыл» деп айта алмас» дейді 1920 жылдардағы Қазақстан «премьер-министрі».

Сәкен Сейфуллин 1923 жылдың бас кезінде Орынбор қаласында өткен Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа толуы құрметіне орай салтанатты жиынды ұйымдастыруға басшылық етті. Осы жиынның ашылуында: «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын шын сүйетін ұлтшыл. Ұлтын сүюдің зорлығынан «Алаш» партиясында болды, сол ұлт қамы үшін коммунист партиясына кірді. Байын, кедейін айырмай қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл жазушысы аз, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына «Оқу һәм тіл құралдарымен» қылған қызметі таудай» деп сөз сөйлеген еді.

СТАЛИНГЕ ХАТ

1924 жылы қаңтарда Ленинді жерлеу рәсіміне қазақстандық делегацияны басқарып барған Сәкен Сейфуллин сол жылы қарашада халық комиссарлар советінің төрағасы қызметінен босатылды. Осы кезеңде бұрынғы большевиктердің өз ішінде билікке талас күшейіп, оған коммунистік партия қатарына кейін кірген «алашордалықтардың» ықпалы күрт өсті.

1922 жылы қатарынан бірдей жарық көрген «Асау тұлпар», «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» үш кітабы Ташкенттен шығатын «алашшыл» «Шолпан» журналы мен «Ақ жол» газетінде, Мәскеуден шығатын «Темір қазық» журналында бірнеше жыл ішінде аяусыз сынға алынды.

1925 жылы Сәкен Сейфуллин «Қазақ партия-совет қызметкерлерінің арасындағы қарым-қатынас туралы» Иосиф Сталинге хат жолдады. Хатта былай дейді:

«Мәселе - 1917-1918 жылдары Советтер үшін белсенді күрескендер мен 1917-1918 жылдары Советтер мен большевиктерге қарсы күресіп, 1920 жылдары партияға кіргендердің көпшілігінің мені және бірқатар қызметкерлерді ұнатпайтындығында. Қазір партиялас болып жүрген жолдастар өткенді ұмыта алмай, біздің 1917 жылы Бөкейханов басқаруымен большевиктерге қарсы күрескен «қырғыз ұлтшыл алашордашыларға» ашық қарсы тұрғанымызды кешіре алар емес. Олар - түгелге жуық Бөкейхановтың, Тынышбаевтың, Досмұхамедовтың жолдастары не достары. Ал аталған үш субъектінің кім екені сізге мәлім шығар».

Иосиф Сталинге «Дутов, Толстов, Колчак пен Анненков секілді генералдар талқандалғаннан кейін олардың шылауында жүрген алашордашылар 1920 жылдары партияға кіріп алып, ескі большевиктерден де көбейіп кетті. Содан кейін қырғыз коммунистерінің арасында екі тенденция – оңшылдар мен солшылдар байқала бастады» деп жазған Сәкен Сейфуллиннің сөзінен сол кездегі саяси жік анық көрінеді. Алашордашылардың қызметіне қатысты Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойында сөйлеген сөзі төңкеріліп түскендей.

Хаттың авторы ары қарай ойын былай сабақтайды: «1923 жылға қарай оңшылдар өздерінің бұрыс бағыттарына тартқанын қойғандай көрініп, біз оларға шын сене бастадық. Бірақ онымыздың қате екеніне енді көзіміз жетіп отыр. Оңшылдар не дейді? Бұл жолдастар, біріншіден, Қырғызияда (Қазақстанда – ред.) тап жоқ дейді. Екіншіден, олар партия ішіндегі мәселелерді партияда жоқ интеллигенция өкілдерімен бірлесе талқылауды ұсынды. Ал олары – кешегі Алаш-Орданың жетекшілері. Үшіншіден, олар қырғыз (қазақ - ред.) арасында коммунистік жастар одағын құрудың түкке керегі жоқ. Дұрысы қырғыз жастар одағын құру керек деген сыңайдағы ұсыныс айтып жүр».

Бұрынғы алашордашыларды, негізінен «Бірлік туы» газеті мен Сұлтанбек Қожановты айыптаған Сәкен Сейфуллиннің бұл хаты Тұрар Рысқұловтың одан бір жыл бұрын, яғни 1924 жылы 18 сәуірде «Бірлік туы мен» «Ақ жол» газетін шығарушылар туралы Сталинге жазған хатының мазмұнымен сай келеді. Айта кетерлік жайт, осы кезеңде қазақ зиялыларымен қатар Қазақстандағы билікке араласып жүрген орталықтың «өз адамдары» да Мәскеуге «елдегі саяси ахуал жайлы» хат жолдаумен шұғылданды.

«МОЙЫНДАУ»

Сәкен Сейфуллин 1925 жылы өлкелік партия комитетінің қолдауымен маусымда Әбдірахман Байділдин, Бейімбет Майлиндермен бірге қазақтың пролетар жазушыларының ассосациясын (КазАПП) ұйымдастырды. Қазақтың «төңкерісшіл» жазушыларын ғана қатарына қосқан бұл ұйым кешегі алашордашыларды маңына жақындатпады. 1927 жылы өз атауын «Қазақтың пролетариат – қара шаруа жазушыларының ұйымы» деп өзгертіп, олардан іргесін аулақ салды.

Сондықтан Мағжан Жұмабаев бастаған «алашшыл» жазушылар өз алдына «Алқа» деп аталатын ұйым құрмақ болды. Осыған орай баспасөз бетінде «қазақта тапшыл ақындар бар ма, жоқ па» деген қызу пікірталас жүргенде төңкерісшіл қаламгерлер «тапшыл ақындарының бастауы» ретінде Сәкен Сейфуллинді атады.

1926 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Советстан» атты поэмасы, 1927 жылы «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романы, 1927 жылы тек осы ұйымның жазушыларының шығармаларынан құралған «Жыл құсы» альманахы жарық көрді.

«Тар жол, тайғақ кешудің» беташар сөзіне: «Азын-аулақ қазақтан шыққан, ұлы өзгеріске қатысқандардың ұстазы Ресей большевиктік партиясы болып, революцияның жалпы жауларына қарсы шығысқанда, күрескен дұшпанының бірі «Алаш» еді...» деп жазған автор кітапта төңкеріс тұсындағы тарихи оқиғаларды совет белсендісінің көзқарасымен баяндап шықты.

1928 жылы мамырда, Сәкен Сейфуллин Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректорлығына тағайындалғанымен, бір жыл өтпей-ақ қызметінен босатылып, Алматыға оралды. Бірнеше айдан соң Абай атындағы педагогика институтының әдебиет кафедрасының меңгерушісі болып орналасты.

Сол кездегі баспасөз бетінде «жікшіл «сейфуллиншіл» топтың ұйымдастырушысы» деген түрлі айыптаулардың соңы «Еңбекші қазақ» газетінде «Менің қателерім туралы» деген мойындау хат (02.09.1929) жазып, «партия жолынан қиғаш кеткен жерлері үшін» жаздым-жаңылдым деуге мәжбүр болды. Совет өкіметі сөйтіп Сәкен Сейфуллинді бір рет тезге салып алды. Бұл кезде жоғарыда аталған «Алқа» ұйымын құруға талпынған жазушылар сотқа тартылып та кеткен болатын.

Сәкен Сейфуллин Қазақстанды ашаршылық жайлаған 1931-32 жылдары «Қазақ әдебиеті» оқулығын, «Біздің тұрмыс» атты сатиралық романын баспадан шығарды. 1932 жылы өзі бас редакторлық еткен «Әдебиет майданы» журналында «Қызыл ат» поэмасының үзінділері жарық көрді. Кейінгі әдебиет зерттеушілердің айтуынша, соңғы аталған екі шығармасы да өзін астыртын қудалап келген сол кездегі өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Филип Голощекинді әжуаға айналдыруды көздеген шығармалар болып саналады.

АТЫЛУ

1934 жылы маусым айында Қазақ совет жазушыларының тұңғыш съезін Сәкен Сейфуллиннің ашуы оның «төңкерісшіл», «тапшыл», «нағыз советтік ақын» ретінде мойындалуының белгісі еді.

Сөйтіп 1936 жылдың шілдесінде орден беріп ардақтаған ақынын совет өкіметі көп ұзатпай жүндей түтті. 1937 жылғы тамыздың 13-інде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Әдебиеттегі троцкийшіл-бухариншіл ұлтшыл фашист зиянкестерді жеріне жеткізе құрту керек» деген мақала жарық көрсе, «Социалистік Қазақстан» газетінде «Қазақ әдебиетіндегі авербахшылдықтың қалдығын толық жою керек» (29.08. 1937), «Лениншіл жас» газетінде «Троцкийшіл, оңшыл, ұлтшыл сұмырайларды құртайық» (04.07.1937) деп аталатын мақалалар бірінен кейін бірі жарық көрді.

Сәкен Сейфуллинді НКВД 1937 жылғы қыркүйектің 24-інде тұтқынға алып, 1938 жылғы ақпанның 25-інде атышулы 58 баптың айыптары бойынша атып тастады.

«Советстанның» авторы 1957 жылғы наурыздың 21-інде әуелі қылмыстық тұрғыдан ақталды. Ізінше арнайы үкімет комиссиясы құрылып, ақын қаламынан туған шығармалар саяси тұрғыдан қайта зерделенді. Содан кейін Сәкен Сейфуллин тұлғасы «қазақ совет әдебиетінің Маяковскийі», «қазақ совет әдебиетінің атасы» ретінде қарастырылып, Абайдан кейін көп зерттелген қазақ ақындарының біріне айналды. «Нағыз тапшыл ақынның» есімі советтік Алматыдағы ең ұзын көшеге берілді.

Асылхан МАМАШҰЛЫ

www.azattyq.org

Бөлісу:

Көп оқылғандар