Жазушыны мазалаған сұрақ
Бөлісу:
Ескі газеттерді қарап отырып, көзім сүйікті жазушым Милорад Павичтің сұхбатына түсті. Журналист «Біз Ресейде «суреткер жақсы жазуы үшін аш болуы керек пе, әлде тоқ болуы керек пе?» деген сұрақ төңірегінде жиі пікір алысамыз» дейді. Павич ойланбастан: «Жоқ, меніңше, дұрыс емес. Әрине, суреткер шығармашылықпен алаңсыз айналуы үшін тоқ болуы керек. Одан да сіздер «жазушы отбасын құруы керек пе, жоқ па?» деген сұрақ төңірегінде пікір-таластырыңыздар. Шынымды айтсам, мені осы сұрақ мазалайды. Рас, мен әйелімді жақсы көрем. Бәрібір осы сұрақ туралы жиі ойланам» деп жауап беріпті.
Әлем оқырманына кесек, құнды туындылар берген жазушыны бұл сұрақ мазаласа, мазалаған шығар, бірақ «оқырманның ұйықтап жатқан миын ояту» үшін түрлі шығармашылық эксперимент жасаған Павичті адамзаттық, ғаламдық мәселелер толғандырғаны анық. Шын талант, шын жазушы шығармасында ақиқатты іздейді. Мәңгілік сұрақтарға жауап іздеп, шарқ ұрады. Құдай мен оқырманның арасын жақындатады. Қарапайым адамға көрінбейтін «паралельді әлемді» сезінеді, көреді. Уақыт пен кеңістікті санасына сыйғызып, бүкіл әлемнің мұңын сезінеді, адамзаттық мәселелерді жалғыз өзі шешетіндей ізденеді.
Сонымен, біз бүгін танымал жазушыларды мазалаған сұрақ туралы ой өрбітпекпіз...
Ақиқатты іздеген жазушы
Біздің заманымызға дейін қаншама шығарма жазылды. Өз заманының қаншама жазушысы «атымды тарихта, әдебиет тарихында қалдырдым» деп ойлады. Шын ақын, шын жазушы эгоист, олардың өліп бара жатса да, атақ пен даңқ туралы ойлайтынын жазғыра да алмайсың...
Екі ғасырдан асса да, оның «Фаусы» адамзатты таңдандырумен келеді. Он ғасыр, жиырма ғасырдан кейінде (егер ақырзаман болмаса...) «Фауст» оқылады. Әр уақыттың әдебиетшілері өз бағасын береді, жаңаша көзқараспен сараптайды.
Гете «Фаустқа» ғұмырының алпыс жылын сарп етті. Жүйкесімен, қанымен жазды.
Өзінің ашкөздігі мен қанағатсыздығын жеңе алмаған, ішкі жалғыздығынан жапа шегіп, нәпсісін, өзін-өзі жеңе алмаған адамзат Ібілістің соңынан кетіп бара жатқанын біле ме? Адам жаны қайтсе, тыныштық табады? Адам «рухани апаттан» өзін-өзі құтқара ала ма? Неге өмірден шаршап, Құдайдан безінген, ақыл-ойы жетілген адам (бәлкім, психикалық ауытқуы бар) жанын шайтанға сатқысы келеді? Әлемнің барлық құпиясын адамзаттың ешқашан біле алмайтынын неге түсінбейді? Бізді басқарып отырған күшке деген қарсылық адамды қандай күйге түсіреді? Біз қайдан келдік, қайда барамыз? Құдайсыздық адамды қайда апарады? «Паралельді әлем» мен адамзат әлемінің арақашықтығы қандай? Адамзаттың рухани құлдырауының құны қандай болмақ?
Гете өзін мазалаған сұрақтарға жауап таба алды ма, жоқ па, мұны кесіп айту қиын. Бір нәрсе анық: ол оқырманына өз танымындағы ақиқатты танытқан жазушы.
Шиллердің шындығы
Кедей отбасында өскен, жоқшылықтың зардабын тартқан, танымал ақын, драмтургке айналған кезінде де достарынан қарыз алып, қарызға батқан оған өмірде «ұтыс лотореясы» аз шыққан жоқ.
Әскери фельдшер әкесінің арқасында әскери академияның заң факультетіне әзер дегенде оқуға қабылданса да, үлгерімі нашар болды. «Заңгер болу арманым емес, бұл мамандықты жек көрем» деді, оқудан шығып кетпей, академияның медицина факультетіне ауысып алды.
Танымал емес ақынның «Қарақшылар» атты кітабынан пайда таппасын білген баспагерлер тегін басуға бас тартты, қарызданып, қауғаланып жүріп, кітапшасын шығарды. Пайда таппақ түгілі, қарызын досына ұзақ жыл қайтара алмады.
Әскери салада дәрігер боп жүріп, жұмысын тастап, басқа қалада қойылып жатқан пьесасын тамашалап жүрген драматург, әрине, жазаланды.
«Танымал болсам да, қарызым бастан асады. Қашан үйленем? Жалпы үйленем бе? Жалпы шығармашылық адамына үйлену керек пе? Өзімді асырай алмай жүріп, әйелімді асырай аламын ба?» деген сұрақты өзіне аз қойған жоқ. Кедейлігін бетіне басып, жақсы көрген қызы Маргарита тастап кетті. «Жеңілтек, миы жоқ» деп Маргаританы аз жазғырған жоқ. Сосын «Неге өзімді емес, оны жазғырам» деп ақтап алды.
Десе де, Шиллер Шарлоттаға үйленетін кезде жолы болды. Граф Карл Август бір жылға ақшалай стипендия тағайындады.
Кедейшілік, жоқшылық, кітабының шықпауы, пьесасының қойылмауы, өзінің туған қаласынан қашып, айдалаға безіп кету, құрт ауруымен ауру... уақыт өте келе бәрі де жан ауруының қасында түк емес екенін түсінді. Мүмкін сәтсіздік, жоқшылық... бәрі жиналып, емделуі қиын жан ауруын тудырған шығар? Жазу – дерт. Жазылмайтын дерт.
Тарих туралы жиі қалам тербеген ол «Қоғамды дамытатын қайраткерлер қандай болуы керек? Адамзат қоғамы дамуы үшін не істей аламын? Адамды эстетикалық тұрғыда қалай тәрбиелеуге болады?» деген сұраққа жиі жауап іздеді. Өз қиялындағы қайраткерлерді кейіптеді.
«Өмір поэзиясы», «Би», «Гений», «Үміт» шығармаларында болмыстың мәніне тереңірек үңіледі.
Болашақты болжаған ақын
Егер ақын-жазушыны шығармашылығымен емес, өмір сүру дағдысымен бағалайтын болса, онда көптеген ақын-жазушының есімі әдебиет тарихынан сызылып қалар еді. «Қара тізімнің» ең басында, әрине, Байрон тұрар еді. Өзінің әкесі бір, анасы бөлек әпкесімен көңілдес болған (тіпті кейбір деректерде әпкесінен қызы бар дейді) ақынды ақтай алмайсың... Бұл үшін өзін аз жазғырған жоқ, аз жек көрген жоқ. Басын тауға да, тасқа да ұрды. Өзін кешіре алмай, өзіне қолжұмсап, өлгісі келді.
Ол шығармаларында адамзаттық ой айтып, Еуропаның ғана емес, әлемнің болашағын болжайды, қоғамға диагнозды да дәл қояды.
Адамзат пайда болғанға дейінгі жер бетіндегі тіршіліктің мәні, адамзаттың пайда болуының мәні Байронды аз толғандырған жоқ. «Періште боп туылып, күнәға батып, өмір сүретін адамды жаратудағы мақсат не? Біз Құдайдың ойыншығымыз ба? Әлде жер бетіндегі ойыншымыз ба?».
«Чайльд-Гарольдтың қажылығы» поэмасында арыстанды (Наполеон) тақтан тайдырған «қасқырлардың» (билікті қолына алған топ) бір-бірінің түбіне жететінін, олар өздерін ғана емес, Еуропаны құрдымға кетіретінін күңірене жырлайды. «...Волку льстить, покончив с мощью Льва? Вновь славить троны? Славь – но испытай сперва»... «К чему радоваться, что лев убит, если мы сделались вновь добычей волков?».
Еуропадағы дағдарыс: бұл Наполеонның ғана емес, оның түбіне жеткен адамдардың ғана жеңілісі емес еді, бұл – қоғамның, идеялардың, идеалдардың күйреуі еді. «Қоғамды алға сүйреуге, дамытуға, көркейтуге қабілеті бар, потенциалы мықты адамдардың бағытынан адасып, күйреуіне не себеп?» деп күңіренді ақын.
Байрон шығармалары арқылы өз қоғамына ғана емес, болашаққа да сұрақ тастады.
«Кім сыбырлайды: Құдай ма, Ібіліс пе?»
Бодлерді өмір бойы бір сауал мазалады: «Оның құлағына өлеңді сыбырлайтын Құдай ма, әлде Ібіліс пе?». Ол осы сұраққа бас қатырып, жауабын таба алмады. Бұл сұрақты испан ақыны Лорка да өзіне талай рет қойды. Бәлкім, әлемге әйгілі барлық ақын қойған шығар...
«Құдай сыбырлайды» дейін десе, жасөспірім кезінен қарызға батып, анасы мен өгей әкесін зар қақсатты. Өзіне туған баласындай қамқорлық жасап, жақсы лицейде оқытып, «балам, сенің болашағыңнан үлкен үміт күтем» деп болашағы үшін алаңдаған, қарызын ұрыспай төлеген өгей әкесін жек көрді.
«Енді ешқашан наша шекпеймін, қарызға батпаймын, жезөкшелерге бармаймын» деп анасына қаншама рет уәде берді. Бірақ анасына берген уәдесінде тұрған жоқ.
Жезөкшелерге барып, сифилис ауруын жұқтырып, өлім алдындағы қорқынышты сезініп, өлең жазғысы келген тентек ақынның әрекетін түсіне де, қабылдай да алмайсың.
Ібіліс сыбырлайды десең, анасын шексіз жақсы көрді, оны сағынғанда мейірімге толы хаттар жазды. Өзін талай рет қорлаған, намысын таптаған, сезімдері мен жүйкесімен ойнаған жеңілтек Жанна ауруға шалдыққанда, оны тастап кете алмады. «Қайда барады? Ол енді кімге керек? Қалай күн көреді? Бір жерде өліп қалады ғой» деп алаңдады. Оның орнында басқа адам болса, кек алар ма еді?! Жасаған опасыздығын алдына келтірер ме еді?!
Өзі қарызға батып, күнін әрең көріп жүрсе де, достарына соңғы нанын бөліп берді. Қиналып тұрған адамға көмектесті. Әдебиетке адал болды. Мансап пен атақ үшін әдебиетті саудаға салған жоқ.
Жүрегінің түкпірінде үлкен мейірімділік жасарынып жатқан, тек оны ашық көрсете алмайтын ақынның құлағына өлеңді кім сыбырлады екен? Жұмбақ...
Чеховтың еркіндігі
Ұмытпасам, Довлатов айтса керек: «Чеховты, меніңше, өмір бойы бір сұрақ мазалады. «Жазушымын ба, әлде баяндаушымын ба?». Бұл сұрақ жазушыны мазалады ма, жоқ па, кім білсін... Бірақ бір нәрсе анық: ол өзіне «мен дәрігермін бе, әлде жазушымын ба?» деген сұрақты өмірбойы қойды.
Чеховтың қай шығармасын оқысаңыз да, адам жанының еркіндігіне жазушы баса назар аударады. Адам жаны нені қалай? Неге адам өз жанының қалауын, пікірін, көзқарасын еркін айта алмайды. Адамның өзін-өзі қалыпқа салуы мен «қалыптан шығаруының» арасалмағы қандай? Адам жанының еркіндігінің «формасы» қандай болуы керек?
Бір қарағанда, жазушының шығармалары қарапайым, күрделі емес. Бірақ жазушы қарапайым детальдарды ойнатып отырып, үлкен ой айтады.
...Чеховтың Мәскеудегі үйінде болғанда жазушының әйелі Ольгамен жазған хаттарының қолжазбаларын оқып, тамағыма өксік тығылды. Өмірбойы құрт ауруынан азап шеккен жазушыны шулы Мәскеу, түтінге көмілген қала шаршатып, қатты әлсіретеді. Өмірінің соңғы жылдарында біржола Ялтаға қоныс аударады.
Ольга өз кезінде Мәскеу театрының танымал актрисасы болатын. Өзі денсаулығымен алысып жүрген жазушы актрисаға үйленер ме еді, үйленбес пе еді, кім білсін, Ольга «жұрттан тығылып жүре алмаймын, үйленейік» деп талап қояды. Ольга – Мәскеуде, Чехов – Ялтада тұрып жатады, екеуінің арасын хаттар жалғап тұрады. Жазушы жұбайын «сүйкімді итім», «абалаған төбетім», «сұр жыланым» деп еркелетіпті. Чехов әйелінің Мәскеуде басқа ер адамдармен кездесіп жүргенін, әрине, естиді. Бірақ ол әйелімен ұрсып, ажырасып кеткен жоқ. Неге? Әлде бұл – өзі шығармаларында айтатындай, адам жанының еркіндігі ме? Өзі қойған сұраққа жауабы ма? Жо-жоқ, Чеховтың танымындағы адам жанының еркіндігімен Ольганың «өмір сүру дағдысын» шатастыруға болмайды. Жазушы актрисамен құжат жүзінде үйленгенімен, бәлкім, оған «көңілдесім» деп қараған шығар. Әрине, бұл – Чеховтың шындығы.
Жазушы танымындағы еркіндік: жан тыныштығын іздеген еркіндік, Құдай мен адам арасындағы, адамдар арасындағы адами қарым-қатынас, ой азаттығы мен болмыстың тәуелсіздігі.
Аягүл МАНТАЙ
Бөлісу: