Мәскеудегі кітап көрмесі
Бөлісу:
Жыл сайын қыркүйекте Мәскеу қаласында халықаралық кітап көрмесі өтеді. Әлемнің бірнеше мемлекетінен келген баспалар өз өнімдерін жарнамалайды. Танымал жазушылар оқырманмен кездесіп, сұхбаттасады.
Биыл көрме отызыншы рет өтіп жатыр. 40 мемлекеттен 600 баспа қатысып, өз кітаптарын насихаттады. Көрмеден өз кітаптарын сатып отырған авторларды да аз көрмейсіз. Әрине, олар танымал жазушылар емес. Бізге қатарынан төрт жыл Мәскеудегі кітап көрмесін тамашалау бұйырыпты.
Кітап көрмесі ашылған күні, түстен кейін ВДНХ-дағы таныс 75 павильонға келдік. Билет құны – 150 рубль, яғни, 900 теңге шамасында. Ал демалыс күні барсаңыз, 200 рубль (1200 теңге) Былтыр да, алдыңғы жылы да көрмеге тегін кіргеніміз есімде. Біз ғана емес, адамдардың бәрі тегін кіріп жатқан болатын. Рас, ол кезде ашылған күні келгеніміз жоқ. Көрме өтіп жатқан төртінші не бесінші күні келген болатынбыз. Мәселе: кітап көрмесіне ақшамызды аяп отырғанымыз жоқ, бірақ оқырман кітап оқудан алыстаған уақытта кітапты кеңінен насихаттау үшін, оқырманды тарту үшін көрмені тегін жасағанын қалап едік. Әрине, мұнда біздің қалауымызбен санасатын адам көрмедік. Бұл туралы да орыс журналистері айтып жатты. Айтқандай, баспасөз өкілдері тіркелсе, кірмеге тегін кіреді.
Мәскеу – кітап оқитын қала. Әлемнің әлеуметтанушылары зерттегендей, орыс халқы кітап оқитын халықтың көшін бастап тұрады. Сол себепті де, «көрмеге кітап іздейтін оқырман өзі үшін келеді» деп ұйымдастырушылар көрмеге кіруді ақылы етсе керек.
Кассадан билет алып жатқан адам аз емес. Кәрілік жеңіп, аяғын сылтып басқан, бірақ кітапқа деген құштарлығы жоғалмаған, жүзінен зиялылық көрінетін орыстың қариялары кітап көрмесін аралап жүрді. Өздері әзер жүрсе де, кітап сатып алып, әрең көтеріп бара жатты. Сырттай қарап тұрып, сүйсінесің.
Залға кіргенде кітаптың исі шығады. Әлемдегі сәбиден кейінгі ең әдемі иіс – кітаптың исі. Кітап сатып алып тұрған, кітап парақтап тұрған, кітап көтеріп бара жатқан адамдарға қарап тұра бергің келеді. Осы картина бітпесе екен дейсің, айналдырып көре беретіндей кинодай бітпесе екен дейсің... Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жазушылар мен баспагерлерге де, оқырмандарға да осы көрініс ұнайтын секілді. Олар да осы сәтті ұзақ есінде сақтағысы келетін секілді. Мұндағы адамдар біреу мазасы болмай тұрса, «ауырып тұрған жоқсыз ба? Сізде бәрі дұрыс па? Көмек керек емес пе?» деп сұрайды. Ешкім ешкімді қағып кетпей, жол береді. Біреу кітабын қолынан түсіріп алса, екі-үш адам бір мезетте еңкейіп, кітабын әпергісі келеді. Жастар аялдамаға дейін қарттардың кітабын көтеріп апарады. Адамдардың бәрі мәдениетті адамға айналып кеткен, (бәлкім, көрмеге тек қана мәдениетті адамдар келген шығар) олардың әрқайсысы бір-біріне ізетпен қарайтын күнді қалай ұмытасың?!
Көрмеде біреу көркем әдебиетті парақтап жатса, біреу өнер адамдары туралы кітапты қызықтап тұр, енді біреу діни кітаптар сатып алып жатыр, енді біреу гүл өсіретін кітап іздеп жүр, біреуді шығыстың асханасы туралы кітап қызықтырады... Не керек, жұрт көрмеден керегін тауып жатты...
«Қазір дағдарыс па, әлде Ресейдің саяси аренасындағы байланыс па, биыл бұрнағы жылдардан баспалар аз. Бұрын Украинаның баспалары да келіп, украин баспагерлері кітаптарын насихаттап, бір-бірімізбен араласып, олардың не шығарып жатқанын, олар біздің не шығарып жатқанымызды көретін. Әңгімелесіп, қауқылдасып қалатынбыз. Ол күндерді де сағынады екенсің. Бірақ менің аты-жөнімді жазбаңызшы» дейді ресейлік баспаның кітабын жарнамалап тұрған, баспада жұмыс істейтін етжеңді орыс.
Көзімізге «Фолиант» баспасы оттай басылды. Алыста жүргесін бе, еліңе қатысты қандай да нәрсе көрсең, қуанасың. Қазақ тіліндегі кітаптарға ұзақ қарадым. Баспа сапалы, мағыналы кітаптарын әкеліпті. Баспаның орыс тіліндегі кітаптарын қызықтап, сатып алып жатқан оқырмандарды көріп, қуанып қалдық.
Кітап көрмесінде Түркия баспасы әкелген кітаптардың қасына аялдап, кітаптарын парақтап тұрғанда орта жастағы ирандық «Қожанасыр – біздікі» деді, Түркия баспасының өкілі, жас қыз «Біздің Қожанасыр туралы кітап» деді. Сырттай пікір-таласты тыңдап тұрған, «Наука» баспасында көп жыл редактор боп қызмет атқарған орыс кісі «Қожанасыр – парсы тілінде сөйлеген, ирандық болуы керек» деді. Бәрінің сөзін тыңдап тұрған мен «Қожанасыр – Шығыс халықтарына ортақ, жартылай мифтік тұлға» деп өз пікірімді айттым.
Біз барғанның алдында Дмитрий Быковтың оқырманмен кездесуі өтіпті. Жо-жоқ, Быков мені тартатын жазушының қатарынан емес. Қазаққа көзқарасын айтпағанның өзінде, өзіне қалай пиар жасауды білетін ортақол жазушы санаймын.
Біз барғанда ақын-жазушы Максим Замшевпен кездесу болып жатыр еді. Модератор «Дмитрий Быков «қазір әдебиеттің уақыты емес» деді. Бұл туралы сіздің көзқарасыңыз қанадай?» деген модератордың сұрағына «Әдебиет қай дәуірде де қиын кезеңді бастап кешірді. Қазір салыстырмалы түрде әдебиет үшін жақсы уақыт дер едім. Жазушы не жазғысы келеді, кім туралы жазғысы келеді, әлде билікті сынағысы келе ме, сынай алады, баяғыдай цензура жоқ. Шын суреткер қай дәуірде өмір сүрсе де, қиналып өмір сүреді. Жазушы ешқашан тобырдың тілінді сөйлемейді, тобырды өз тілінде сөйлетуге әрекет жасайды» деп жауап берді.
Алғаш рет Максим Замшевты «Литературная газетаның» редакциясында көргенмін. Кезінде оның «Литературная газетадағы» мақалаларын оқып, сүйсінгенмін. Аз-кем әңгімелескенде оның өте білімді, эрудициясы кең, өзінің шығармашылық әлемінде өмір сүретін, талантты адам екенін байқағанмын.
Максим Замшевтің сұхбатын журналистер, баспагерлер, оқырмандар қызыға тыңдап, жастар кітабына қолтаңба жаздырып алып жатты.
Кітап көрмесінде оқырман жазушылармен ғана кездеспейді, жыл сайын Ресейдің танымал бір артистері мен режиссерлері өзі туралы, әріптестері туралы жазған кітаптарын оқырман назарына ұсынады. Биыл көрмеде актер, «Интерны» сериалы арқылы қазақ көрерменіне жақсы таныс Иван Охлобыстин «II Магнификус» кітабының тұсауын кесті.
Алдыңғы жылы өзінің партиясын, партиясы туралы жазылған кітаптарды насихаттап, айқайлап тұрған Жириновскийді көргеніміз есімізде. Жұрт «мұның партиясы, кітабы не береді дейсің?» деді ме оның қасынан өте аз адам көргенбіз. Біреулер мазақ етіп, миығынан күліп тұрды. Бірақ жұрттың күліп, өзін мазақ етіп тұрғанын Жириновский әдеттегідей көзіне де ілмей, тамағы қарлығып айқайлай берді.
Биылғы кітап көрмесінің бір ерекшелігі: жүз жыл бұрын Ресейде жарық көрген кітап-журналдарды, ескі газет тігінділерін жұрт назарына ұсынды. Өздерінің тархынан сыр шертетін басылымдарды тамашалаған ресейліктер аз емес.
Ұйымдастырушылар балаларды да назардан тыс қалдырмапты. Балалар балалар жазушысы Марина Дужининамен, Дмитрий Емецпен, Мариэтто Чудоковамен, Холли Веббпен кездесті.
Кітап жәрмеңкесінде Ресей мемлекеттік балалар кітапханасы «Балаларға кітап сыйлайық!» акциясын өткізіп, өздерінің кітап қорын байытты.
Кітап көрмесінің төртінші күнінде балалар оқулығы, баланы мектепке қалай тәрбиелеуге болады, тілдік кедергілерді қалай жеңуге болады, шет тілін қалай тез үйренуге болады т.б. мәселелер тақырыбы талқыланды.
Кітап көрмесінде кітапханалар мен баспалар ғана емес, әдеби сайттар да өздерінің электронды кітаптарын оқырманға кеңінен жарнамалады.
Тағы бір айта кетерлігі, жәрмеңке аясында Ресей халықтарының ұлттық фестивалі өтті. Коми, бурят, лезгин, авар, осетин, ингуш, шешен, башқұрт, татар, чуваш, алтай, қалмақ, якут, нанай тілінде сөйлейтін ақын-жазушылармен кездесу өтіп, әр ұлттың өз тілінде халық әндері шырқалды.
Кітап көрмесіне келген кезде есіме Мәскеуде өмір сүріп жатқаным түседі. Себебі, мұндағы асханадағы тағам өте қымбат. Қияр мен қызанақтан жасалған ең қарапайым салаттың 100 грамы 600 теңге. Әрине, бұл мәскеуліктер үшін сондай қымбат баға емес. Бірақ ұйымдастырушылар кітап көрмесіне кітап бизнесінен пайда тауып жүрген баспагерлер ғана емес, әлеуметтік тұрмысы қарапайым оқырман келетінін де ескермеген. Мәскеуде тұрып жатқан төрт жылда азық-түліктің қай жерде арзан, қай жерде қымбат екенін, қандай асхана арзан екенін біліп қалдық қой. «Өзімнің Мәскеуде өмір сүріп жатқанымды сезіндім» дегенімнің сыры» осы еді.
P.S.Мәскеуде өтетін халықаралық деңгейдегі осы кітап көрмесі аясында қазақтың мықты ақын-жазушыларының кездесуін өткізіп, кітаптарын неге насихаттамасқа?! Бұл да қазақ жазушысын әлемге танытуға әсер ететіні анық еді.
Мәскеу
Бөлісу: