Қазақ әдебиетінде форманың неше түрі бар...

Бөлісу:

14.09.2017 9589

Америка мен Еуропа әдебиетінде пайда болған кейбір әдеби ағымдарды орыс ақын-жазушылары жандандырып, «сіңіріп алды». Меніңше, бізде әлем әдебиетіндегі ағымдар туралы талдай алатын әдебиетшілер өте аз. Біздің ағымдарға «үркіп» қарауымыздың негізгі себебі: бұл тақырыптың бізде аз зерттелетіні болса керек...

Неге біз сонша «изм»-дерді жатсынамыз, неге эксперимент жасаудан қорқамыз? Эксперимент жасаудан қорқатын әдебиет әлемге таныла ала ма? Біздіңше, әлемге әйгілі ақындардың көпшілігі «изм»-дерге жұтылмай, керісінше «изм»-дермен «ойнай» білген.

Тәуелсіздік жылдарында пайда болған «эстрадалық ақындар» өздерін қоғамға керек сезінеді. Ал шын таланттар, интеллектуалды ақындар өздерін қоғамға керек сезіне ме? Көкейде сұрақ көп... Сол сұрақтың бір парасына жауап іздеп едік...

1.XX ғасырдың басында орыс ақындары топ-топқа бөлініп, поэзияда формалық ізденіс іздеп, өздерін әлдебір ағымның өкіліміз деп атады. Мысалы, символизм, акмеизм, футуризм...

Неге біздің ақындар әдеби ізденістер жасап, бір-бірінің формалық ізденісінен үйлесімділік тауып, қазақ әдебиетіндегі ағымды қалыптастырмайды?

2. Әдеби ортада «эстрадалық ақын» деген ұғым бар. Эстрадалық ақынға сіз қандай сипаттама бересіз? Қазақ әдебиетінде эстрада ақындары көп пе? Олар кімдер?

3. Сіздіңше, қазаққа қандай поэзия керек?

Бақытжан АЛДИЯР, ақын:

Қазақ поэзиясынан қазақтың қара өлеңінің иісі аңқып тұруы тиіс

1.Шынымды айтайын, мен сол сіз айтқан «изм»-дерді онша «қаға» бермейді екем. «Изм»-дерден итім шыққанын да жасырмаймын. Алдыңғы толқын ағаларымыз секілді Әдебиет институтында оқығам жоқ. Түрлі ағымдарға бөлінсе, орыстар мен басқалар бөлінген шығар?! Біз – қазақпыз ғой. Діннен бастап қоғамның қилы саласында бөліну, қақ жарылу процесстері жаппай жүріп жатқан мына кез-кезеңде бәрін қойып, поэзияда да бөлінуіміз керек пе?! Сосын... Қазақ ақындары әдеби ізденіс жасамаған, жасамайды дегенді кім шығарды?! Абайдан бастап ізденіп келе жатқан жоқ па?! Өлеңнің формасын, буынын, ұйқасын өзгерту, ойнату түрлері керек пе?! Бәрінде де бар емес пе ол?! Мысалы, Абайдың «Сегіз аяғындағыдай» форма соған дейін болды ма?! Әрине, жоқ! Өлеңнің кез-келген формалық ойнату үлгілері Мұқағалида, Жұматайда, Жұмекенде, т.б. толып жатыр. Қазір де баршылық.

Айта кететін тағы бір мәселе Өзіңіз айтқан «қазақ әдебиетіндегі ағымды қалыптастыру» жөнінде. Жалпы бізге сол ағым деген нәрсе керек пе өзі?! Дәл осы кезеңде?! Соңғы уақыттарда «ағым» деген сөз естісек, қиялымыз қилы-қилы қиырларға кетіп қалатын боп жүр. Бір білетінім, қазақ поэзиясы өзінің бастапқы таза, пәк қалпынан – қазақтың қара өлеңінен алшақтаған күні қазақ поэзиясы боп аталмайды. Сан түрлі формаға салсын, қилы қиялардан қиыстырып, мың түрлі ұйқасқа салсын, түптің түбінде қазақ поэзиясынан қазақтың қара өлеңінің иісі аңқып тұруы тиіс.

2.Иә, кейбір өлеңдер болады. Іштей ғана сүйсініп, тұщынып, сезіммен, үнсіз ғана өзіңіз ғана оқисыз. Ал кей өлеңдер арқырап, арқаланып, жұртқа оқу үшін жазылғандай. Бір таңғаларлығы, екінші аталған өлеңдердің кейбірінің ұйқасы мен мазмұнының, формасының «төрт аяғы тең түсіп тұрмаса да екпіндеп, арындап оқығанда жұртқа білінбей кетуі мүмкін. Қолыңызға алып, көз жүгіртіп оқысаңыз бірінші аталған өлеңдерден әлдеқайда төмендеу екенін байқайсыз.

«Эстрада ақындары» кімдер?» деген сұрақ өте қолайсыз қойылып отыр екен. Сонда мен осы арада «олар анау, мынау, әне біреу» деп аттарын атап тастауым керек пе?! Онда қып-қызыл майдан ашып алмаймын ба?! Онсыз да датталып, сотталып, артына «шала сүйретіп» жүрген Б.Алдиярға сол керек пе?!

Дегенмен, бір нәрсені атап айту керек. «Эстрада ақыны» ма, басқаның ақыны ма, әйтеуір кім болса да, олар қазақ әдебиетіне үлес қосып жүр. Солай емес пе?! Бірақ олар тым көп емес...

3.Тағы да қайталауға тура кеп тұр. Қазаққа «ғарыш кезіп», «көк аспанды шарлап», қиялиланып, бошалап кететін қиял-ғажайып ертегілердей өлеңдер емес, қазақтың ұлттық иісі аңқып тұратын, ауылдың қарапайым қазағынан бастап, ел басшыларына дейін түсінетін қазақтың Қара өлеңі керек!!!

Гүл ЗАРҚҰМАР, ақын:

Ерекшелік енгізу үшін тәуекелшілдік жетіспейтін сияқты

1.XX ғасырдың басы орыс поэзиясына өзгеше екпін, тың өзгерістер әкелген ерекше дарынды ақындардың келуімен «Поэзияның күміс ғасыры» деп аталған кезеңді қалыптастырды. Жалпы ғылымда, әдебиетте, мәдениетте жаңа таланттар, батыл көзқарастар, жаңашыл, түрлі бағыттар пайда болды.Сонымен қатар «күміс ғасыр» мәдениетіне орыстың сол кездегі таным-түсінігіне мүлдем қарама-қайшы салт-сана да енді деуге болады. Әдеби авангардтан тыс реализм, модернизм, символизм, футуризм, акмеизм секілді әдеби бағыттар М.Цветаева, А.Ахматова, О.Мандельштам, В.Маяковский, С. Есенин, А.Блок, Андрей Белый (Б.Бугаев),

Б.Пастернактардың бір-біріне ұқсамайтын, қайталанбайтын бірақ, бір-бірінің жоғын жоқтап, жыртысын жыртып, бірін-бірі толықтыратын шығармалары арқылы орыс поэзиясын жасады. Орыс әдебиетіндегі батылдық, жанкештілік бізде де бар. Фариза Оңғарсынова, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов,Мұқағали Мақатаев, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев, Өтежан Нұрғалиевтер социалистік реализмнің шеңберінде өмір сүрсе де, цензураға қарамастан ұлттық болмысынан ажырамаған жасампаз поэзия жасап кетті. Ал бүгінгі қазақ поэзиясында да талғамы ерекше, өлеңі өзгеше ақындар жоқ емес, бар. Жанна Елеусіз, Тыныштықбек Әбдікәкімов...

Жастардың арасында да көретін көз, еститін құлақ болса, баршылық. Бірақ бізге бүкіл бір кезеңге, уақытқа ен салып, ерекшелік енгізу үшін тәуекелшілдік жетіспейтін сияқты.

2. Эстрада – көп жанрлы сахналық өнер. Эстрада әншілеріне өлеңнің тереңдігі, мағынасы, тағдыры маңызды болса, өлеңнің құнын түсірмесе, құба-құп. Алайда, кейде әжептәуір ақындардың әп-әдемі өлеңдері эстрадалық әншілердің орындауында қасиет-қадірін жоғалтып алып жатады. Эстрадаға өлеңін беретін ақындарға өлеңіне қандай композитор ән жазады, қай әнші орындайды дегенге аса мән берген дұрыс деп ойлаймын.

«Атын атап, түсін түстеу» артық дүние.

3.Өз қағынан жерімеген,өзгенің озық мәдениетін бойына сіңірген,менталитеттен аттап кетпесе де,жүректі,тәуекелшіл поэзия керек-ақ!

Абай ҚАЛШАБЕК, ақын, аудармашы:

Ізгілік шегінен шыққан адам ақиқатты қалай таппақ?

1.«Іші - алтын, сырты күміс сөз жақсысы» деген мақаламда «Байтұрсынов тағы да былай дейді: «Шығарманың екі жағы бар: «Бірінші, ішкі пікір жағы, екінші, тысқы тіл жағы». Дәл осы жіктеу қазақтың қара өлең тілінде «Іші – алтын өлеңімнің, сырты – күміс» деп өрнектелген. Бұл – мазмұн формадан жоғары тұрады деген сөз. Бұл жерде теория қара өлең тілімен өріліп отыр. Теорияны білмеген ең аяғы мазмұн мен форманы ажырата алмайды. Атын білгенімен, затына бойлай алмайды. Осы кемшілік қазіргі жас ақындарда да, жас жазушыларда да бар. Қазіргі модернизмнің түрлі бағыттары – осы сыртқы форманы мазмұннан жоғары қоюдың әуресі, екеуінің парқын білмей шатастырудың әлегі. В.Катаев «Пушкиннің дүние есігін ашумен басталып, Чеховтың бақиға аттануымен тәмамдалды» деп сипаттайтын орыс әдебиетінің алтын ғасырының модернизмнің келуімен күміс ғасырға айналуы көп нәрсені аңғартады. Аңғара білгенге, әрине...» деген жолдар бар. Әлі де осы ойдамын. Одан соң өзіңіз «топ-топқа бөлініп, поэзияда формалық ізденіс іздеп, өздерін әлдебір ағымның өкіліміз деп атады» деп отырған ақындардың көбі «қиын» адамдар болған. Сөзім құр сөз болмас үшін бір-екі мысал келтірейін: Мысалы, италяндық фашизмді жақтаған, мектеп қабырғасында жүріп «Варварская похоть поцелуев», «Эфирные перси, на которых проходят вся ночь» деген өлеңдер жазған (тақырыптарына мән беріңіз) акмеист Д’Аннунцио Габриелені алайық. Габриеле – орыс акмеистеріне қатты ықпал еткен адам. Габриеленің тұлғасын тереңірек тани түсу үшін Всеволод Жарковтың «Гавриеле Д’Аннунцио» деген мақаласынан үзінді келтірейік: «Поэт, превративший свою жизнь в литературную мистификацию, эстет, беспредельно любимый женщинами. Он пил вино из черепа девственницы, носил ботинки из человеческой кожи и всеми возможными способами стирал границы между поэзией и реальностью. Автор романов, ставших известными всей Европе. Создатель термина «политика красоты». Любитель восточной роскоши, распутных красавиц и собачьих бегов. Негодяй и аферист, чья репутация была более чем сомнительна. Главный декадент Европы начала XX века, за свои скандальные театральные постановки отлучённый от церкви.» Тағы да осы мақаладағы мына үзіндіні оқып көрейік: «В детстве у мальчика проявилась психическая аномалия, выражающаяся в наслаждении от вида крови: в десять лет Габриеле упал и повредил руку, чувство, которое он испытал при виде крови из раны, он позже назвал «spasimo dell’orrore», что-то вроде «сладкий трепет ужаса». Бізде ақынның шығармасынан оның өмірін бөліп қарау керек деген қате түсінік бар. Неге бөліп қарау керекпіз? Асқар Сүлейменұлы «Мінсіз шығарма жазу оңай, қиыны өміріңді мінсіз шығармаға айналдыру» дегенде осыны меңзеп отыр. Орыс әдебиетінің алтын ғасырында қаламдары алмас қылыштай жарқылдаған

М.Лермонтов, Л.Толстойлар да өмір мен шығармашылық бөлек дейтіндердің сапынан емес-ті. Баукеңше айтқанда, «періштенің сөзін сөйлеп, пенденің ісін қылғанның» сөзінде не қадір бар?! Жаңағы Габриелеңіз фашизм дәуірлеп тұрған шақта князь титулын алып, «Корольдік ғылым академиясын» басқарған. Сюрреализм терминін қолданысқа енгізген, кейіннен осы бағытқа көп «еңбек» сіңірген Гийом Апполлинер шығармашылығынан имморализм мен эпатаж сипаттары көрінеді. Имморализмнің мәні: жалпы адамзатқа ортақ адамгершілік қағидаларын мойындамау. Дәл осы түсініктердің сол кездегі Еуропаның жалпы танымына тигізген ықпалы зор болғандығын атап өтуіміз керек. Сюрреалист Андре Бретон, Филипп Супо, Жан Коктолар Гийомның «шапанынан шыққандар». ХХ ғасыр басында Мағжанның: «Күнбатысты қараңғылық қаптаған, Қараңғыда бір адам жоқ лақпаған. «Иман» деген асыл сөзді ұмытып, «Қарын» деген сөзді ғана жаттаған» деуі сол дәуірдегі батысты тап басып, танығандық деп білемін. Бұлардың сондағы «дерті» – адамзатқа белгілі ізгілік шегінен шығып, ақиқатты іздеймін деушілік. Ізгілік шегінен шыққан адам ақиқатты қалай таппақ?! Мұқағалидың ақиқатты іздеуі бұларға мүлде ұқсамайды. «Ел қайда ақиқат деп аталатын» деп шарқ ұрған ақынның жолы бұлардан бөлек. Одан соң қара өлеңнен нәр алған Мұқағалида форманың неше түрі бар. Мысалы, «Тағдырластар» өлеңі – формалық ізденістің биік үлгілерінің бірі. Бірақ Мұқағалидың бұл ізденісі – мазмұн тұнықтығына көлеңке түсірмеген қайырлы ізденіс. Меніңше, «Алпысыншы жылғылар» кезеңінде Мұқағалидай терең ізденісте болған ақын кемде-кем. Ол – әлем әдебиетінің ең озық үлгілерін бойына сіңірген ақын.Бірақ арқа сүйеп, үлгі тұтқаны – қазақтың қара өлеңі. Гийом прозасына тән екінші аспект – эпатаж. Бұл қазақтың «атың шықпаса, жер өрте» дегеніне келеді. Ақиқатын айтқанда, сан қилы форма іздеп сабылғандағы негізгі мақсаттары – жұртты таңғалдыру, «өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылмақтың» әлегі. Сюрреалист Пикассоның суреттеріне бір сәт мән беріп қарап көріңіз. Өз басым Пикассоның суреттерін көріп отырып, оған жаным ашиды. Оның талантты суретші екеніне дауым жоқ, бірақ сол талантты құбыжық образдарға сарп еткені өкінішті. Қазақ әйелінің көрпешеге салған құрағы мен кемпірлердің текеметке салған түріне астар болуға жарамайтын рабайсыз бейнелер бір жағынан Пикассоның ішкі әлеміндегі бей-берекетсіз өмірден хабар беріп тұрғандай. Ішке суық көзбен қарап, «сырттың шашбауын көтерген» осындай бағыттың бірінің негізін Тристан Тцара ныспылы ақын қалаған дадаизм. Дадаизм сөзінің мәніне байланысты бірнеше нұсқа бар. Біреулер зәңгілердің кру тайпасы тілінде «Қасиетті сиырдың құйрығы» деген мағына береді десе, енді бірі бұл жай ғана баланың былдыры деген. Бізге оның аты емес, заты керек болғандықтан, оған тоқталмаймыз. Қайткен күнде де «дадаизм» сөзі өнердегі тұтас бір ағымның атауы ретінде тарихқа енді. Дадаистердің айтуы бойынша, бұл өмір мағынасыз. Олардың ұраны мынау: «Дадаист деген ешкім емес, олар ештеңеге де жетуді көздемейді». Ал түсініп көріңіз. Модернизмнің түрлі бағыттарының өзіндік ерекшеліктері болғанмен, олар бір-бірімен араласып, астасып, сапырылысып жатады. Дадаизмнің негізін қалағандар сапында Хуго Балль, Рихард Хюльзенбек, Тристан Тцара, Макс Эрнсттер. Бұлардың барлығы өз елдерінің басшыларына деген жеккөрініш сезімімен «уланған» жандар болатын. Мүмкін бұл адамдар жаратылысынан саф, шыншыл, өмірге сергек көзбен қарайтын ғиззатлү уә құрмәтлү адамдар болған шығар, бірақ кейін өмірден тепкі көріп, шатасқандары анық. Дадаизмге жақын ағымның бірі – Эмиль Гудодан тарайтын фумизм (фюмизм деп те айтылады). Фумистердің жалпы ұстанымы адамның көзін ашытып, тұншықтырғаннан басқа пайдасы жоқ, түтінді елестетеді. Фумистердің бықсып өмір сүрген адамнан, жанып тұрған өнер шықпайтынын білмегені анық. Альфонс Алленің бір «шығармасы» «Битва негров в глубокой пещере тёмной ночью», (1882) деп аталады. Сондағысы қағазды қап-қара бояумен бояп тастаған. Болды. Мағынасыздығы өз алдына, бұл «өнер туындысының» астарында нәсілдік кемсітушілік жатқаны айқын. Алленің тағы бір «шедеврі» «Темекі шегіп тұрған Джоконда». Неғұрлым түсініксіз болу, неғұрлым тұманды ойлармен бүркей түсу, ешбір шектеусіз мазақ ету – фумистердің негізгі ұраны деуге болады. Ақ қағазды сары, қызыл, көк түспен бояу, осыны өнер санап шуласу кейінгі кезеңде тіптен көбейіп кеткені белгілі. Солардың арасындағы ең атақтысы супрематизмнің шашбауын көтерген Казимир Малевичтің «Қара шаршысы». Басқа суретшілерді айтпағанда Малевичтің өзінде мұндай квадраттардың бірнешеуі болған. Сюрреалистік бағыттағы суретшілер қолданған техниканың бірі – негізін Вольфганг Паален қалаған фьюмаж. Бұл техниканы кейіннен Сальвадор Дали көп қолданған. Осы шым-шытырық «измдердің» негізгі проблемасы – ақиқаттан ажырау. Шындық нұрынан ғапыл қалып, сағым қуу. Осы бағыт өкілдері сөз өнеріне ешқандай үлес қосқан жоқ, модернистік бағыттағы қаламгер біткеннің барлығының тұлғасы жоғарыдағы авторлар сияқты деуден аулақпыз. Тек өнерге «іші алтын, сырты күміс» болсын деп талап қойған бабалар мұрасынан форма қуалаған желөкпе өнерді жоғары қоймайық демекпіз.

Тәуелсіздік дәуірінде әдебиетке келген буын өкілдерінің арасында осы түрлі бағыттардың ішкі мәніне терең бойламай, сыртқы сәніне алданғандар да бар. Біз әлемдік әдеби үдерістен тыс қала алмаймыз, егер олай етсек қателескен болар едік. Сонымен бірге ессіз еліктеп кеткеніміз де жөн бола қоймас. Әуезов айтқандай, Еуропаға Абайша баруымыз керек. Ал Абай Еуропаға арқасын ақиқатқа тіреп алып барды. М.Әуезов «Абайдың орыс әдебиетінен алғаны тек мына екі нәрсе: көңіл-күй лирикасы мен махаббат лирикасының формалары» дейді. Еуропаға Абайша бару дегенде осыны меңзеп отырмын. «Неге біздің ақындар әдеби ізденістер жасап, бір-бірінің формалық ізденісінен үйлесімділік тауып, қазақ әдебиетіндегі ағымды қалыптастырмайды?» депсіз. Ізденіс керек. Мазмұндық тұрғыдан да, формалық тұрғыдан да ізденбей болмайды. Оған дау жоқ. Егер біз форма іздесек, оның түп-тамыр қайнар көзі қазақтың қара өлеңінде, батырлар жырында, жыраулар поэзиясында (тіпті) екенін ұмытпай іздеуіміз керек. «Ішті - алтын, сыртты күміс» деп бағалаған ұлттық танымға табан тіреуіміз керек.

2.Заманауи әдебиеттану ғылымында «алпысыншы жылғылар» деген термин бар. Бұл құбылыстың тұтас кеңес дәуіріндегі әдеби процеспен тығыз байланысты екені анық. Эстрадалық поэзия осы дәуірде көрініп, қатты дәуірлеген-ді. Бұл кезең – орыстың Белла Ахмадулина, Вознесенский, Евтушенко сияқты ақындарының атағы кеңестік жыр сүйер қауымның құлағын елірткен кезең еді. Ештеңе кездейсоқ болмайды. «Алпысыншы жылғылардың» тарихта тұтас бір кезең ретінде қалуы күрделі феномен. Осы кезеңде әдебиетте, кинода, театрда, тағы да басқа өнер салаларында ірі-ірі тағдырлы шығармалардың дүниеге келуі, әрине, кездейсоқ емес. Белгілі бір тұрғыда осы топқа қазақ әдебиетінің Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов сияқты ірі тұлғаларын да жатқызуға болады. Екеуі де қазақ әдебиетіндегі тұтас бір дәуір десек қателеспеспіз. Қазір Шаханов сияқты стадион толы халықты өлеңімен баурай алатын ақын жоқ, оның дәуірі өткен болар, бәлкім. Егер сұрағыңызды дұрыс түсінген болсам, жауап осы.

Егер сұрағыңыз эстрадалық әндерге сөз жазып, поэзияның қадірін қашырған эстрадалық ақындарға да қатысты болса, олар туралы айтқым да келмейді. Жеңілтек әнге жеңіл сөз жазып жүрген ақынның өнердегі ғұмыры қысқа.

3. Қазаққа алма ағаштың гүліндей, текеметтің түріндей поэзия керек.

Бөлісу:

Көп оқылғандар