Айдаһардың ажалы

Бөлісу:

15.09.2017 6146

Жалғыз жапон халқының ғана емес, ол әлем әдебиетінің жарық жұлдызына айнала бастаған 35 жасында жан күйзелісіне шалдығып, вероналдың көп мөлшерін (ұйықтататын дәрі) ішіп, 1927 жылдың 24 шілдесінде уланып өлді. Өмірінің өліарасындағы тіршіліктің тауқыметіне малтығып жүрген шағында емес, қалың елді мойындатып, талантына табындыра бастаған мезгілде Акутагаваның өлімге мойынұсынып, өзіне-өзі қол салуы көпшілік күтпеген оқиға болды, себебін ешкім түсіне алмай таң қалысты.

Акутагава әдебиеттегі жолы бірден болған жазушылардың қатарынан. 1915 жылы алғашқы жарық көрген «Расемон қақпасы» және «Мұрын» әңгімелерімен-ақ ол жапон прозасының хас шебері Сосэки Нацумэнің ыстық ықыласына бөленген жалғыз жапон қаламгері болды. Сән қуған прозаиктердің соңынан ілесіп кетпей, ағысқа қарсы жүзіп, сөз өнеріндегі өзгеше әлемін жасаған Нацумэні бір нәрсеге таң қалдыру қиын еді. Ал, суреткердің «Сізге құрметпен қарайтын мысық пақырыңыз» романы жапон прозасындағы соны тәсілмен жазылған көркем туынды болып табылады.

Акутагава 1892 жылдың 1 наурызында ежелгі заманғы санау тәсілі бойынша Айдаһар жылының Айдаһар айы мен Айдаһар күнінде дүниеге келді. Рю сөзінің мағынасы айдаһар деген ұғымды білдіреді. Жапон прозасының айдаһары өмірін бастамай жатып-ақ тағдырдың қатал сынына ұшырады, тоғыз айға толғанда анасы жынданып кетіп, заң бойынша және қалыптасқан дәстүр салтымен сәбиді шешесінің туған ағасы Акутагава Митиаканың қолына тәрбиелеуге береді. Міне осылайша болашақ ұлы жазушының бұрынғы Ниихара деген тегі Акутагава болып өзгертіледі.

Ол сәби күнінен өте алғыр бала болып өсті. Мектеп қабырғасында жүргенде жапон және қытай классиктерінің шығармаларымен танысып, он бір жасқа толғанда әдебиетке бір табан жақын сыныптастарымен бірігіп шығарған журналды редакциялап, он төрт жасында әйгілі драматург Генрих Ибсеннің шығармаларын құмартып оқиды. Жиырма жасында Еуропа ақындары, прозаиктері мен философтарының жазған дүниелерін түк қалдырмай түгесіп, Бодлер, Стриндберг, Бергсонның шығармашылығына қатты үңіліп, шеберлігін шыңдайды.

1913 жылы Акутагава Токио императорлық университетінің ағылшын әдебиеті бөліміне түсіп, проза саласындағы бағын сынап көрмекке белін буады..

Акутагаваның ашқан жаңалықтары

Акутагаваның тырнақалды туындысы «Расемон қақпасы» әңгімесін жапон прозасының хас шебері Сосэки Нацумэнің өзі жоғары бағалап, «Сен дұрыс жолда келе жатырсың» деп оның арқасынан қағады. Ұстазының мақтауы шәкіртін қанаттандырып қана қоймай, әдебиеттегі темірқазығын әлі анықтап үлгірмеген жазушының ұлы өнердің жолынан адасып кетпеуіне зор ықпалын тигізді. Егер Сосэки Нацумэдей ұстазы болмағанда Акутагаваның адасушылыққа ұрынуы әбден мүмкін еді.

1885 жылдары әдебиеттанушы Сее Цубоути «Романның мәнісі» деген ғылыми трактатын жариялап, сол уақыттағы қауым үшін жапон әдебиетінің мінезі мен келешегін айқындап қойған болатын. Ол жаңашылдықтың үлгісін көрсетпекке ниет танытып, барлық жазушыларды дәстүрлі жапон поэтикасынан бас тартып, еуропалық «суреттеу техникасын» қабылдап, өмірде болып жатқан оқиғаларды сол қалпында суреттеуді ұсынды. «Сядзицусюги» деп аталатын бұл әдеби тәсіл көпшіліктің көңілінен шықты. Жұрттың бәрі осы тәсілдің жапон прозасын дамытудағы жалғыз дұрыс жол екеніне кәміл сенді. Әдебиет табалдырығын енді аттаған Акутагава ғана оның өміршеңдігіне күдіктене қарады. Сондықтан да ол осы тәсілді қабылдап, шығармаларын жазып жатқан Тококу Китамура, Итие Хигути, Рока Токутоми, Тосона Симадзаки, Катай Таямалардың шығармаларының нағыз өнер туындылары болып табылдатынына күманданды. Қатты күманданды.

Жапон прозасаның енді ғана қалыптасып жатқан елең-алаңында бұл мектептен іргесін аулақ салған Сосэки Нацумэ ғана дәстүрден қол үзбей, жапон поэтикасының барлық мүмкіндігін пайдалана отырып «Сізге аса құрмептен қарайтын мысық пақырыңыз» атты шынайы өнер туындысын өмірге келтірді. Әдебиет табалдырығын енді аттаған Акутагаваның басқа емес, Сосэки Нацумэнің шеберлік мектебінен дәріс алуы шын мағынасындағы өнердің тамырын таба білген зеректігін аңғартады. Жазушының «Расемон қақпасы» әңгімесі соның айқын дәлелі іспеттес.

Әдебиет зерттеушісі Аркадий Стругацкийдің «Рюноскэ Акутагаваның үш жаңалығы» атты еңбегінде Акутагаваның шығармашылық құдіреті туғызған әңгімесінің арқасында Расемон қақпасының әлемге әйгілі болғаны жайлы айтылады. Бұл хикаяда баяндалатын оқиғаның сюжетін ол «Кондзяку моногатари»-ден (ХІ ғасырда хатқа түсірілген ежелгі заманғы хикая) алады. Ол ескі аңыздағы сюжетті түрлендіріп, адам психологиясын зерттеудің жаңа тәсілін ойлап тапты. Бар жан-тәнімен зұлымдыққа қарсы адам, қайыршы кемпірдің жасаған айуандығын көргенде жаны шыдамай, оны тонап, қылмысқа барады. Міне осылайша Акутагава әдебиеттегі ең алғашқы жаңалығын ашты. Ол әдебиет адам сезімін суреттеумен емес, оның психологиясын зерттеумен айналасуы керек деген қорытындыға тоқтам жасады. Ал адам психологиясын ашатын бір-ақ нәрсе бар. Ол –оқиға. Тек оқиға ғана адамның жан-дүниесін қозғап, пенде баласының қалыпты тұрмыста байқалмайтын шынайы табиғаты сол оқиға барысында ғана танылады.

Шығармашылық ізденісінің тамыры ұлттық топырықтан үзілмей, орта ғасырдағы аңыз-эфсаналар мен эпостармен сабақтасып жатқан Акутагаваның қанша уақыт өтсе де адам табиғатының өзгермейтінін көзі жетті. Міне сондықтан да оқиға уақытына аса мән бермеген ол жазған шығарма ең алдымен адамның жан әлемінің тереңдігіне бойлау алуы керектігіне баса назар аударды.

Өкінішке қарай Акутагаваның замандастары жазушының жаңашылдығын қабылдай алмады. Бәрі жабылып оны өмірдің шындығынан қашады деп айыптады, ескілікке құмар деп жазғырды. Жазушыға қарсы айтылмаған сөз, атылмаған оқ қалмады. Шын өнердің не екенін замандастарына қарағанда терең түсінген Акутагава бастапқыда ол айыптауларға жауап беруді қажет санамады. Уақыт өткен сайын жазушыға қарсы жөнсіз сынның жойқыны күшейе түсті. Қайтпек керек? Акутагаваға амалсыздан қолына қалам алуға тура келді.

«Мен тақырыпты аламын да оны әңгімеге айналдыруға тырысамын. Тақырып мейлінше көркем, мейлінше шынайы ашылуы үшін маған қандай да бір ортақ қалыпқа сия бермейтін оқиға қажет. Ал мұндай тосын оқиғаны мен бүгінгі Жапонияда өтіп жатқандай етіп суреттей алмаймын. Олай жасауға әрекеттенген күні-ақ сәтсіздікке ұшырар едім» деп ақталды ол өз атына жауып жатқан жөнсіз сындардың жаңбырынан қорғанып....

Акутагаваның екінші жаңалығы

Акутагава өмір сүрген уақыт оқиғаларға бай болды. Солтүстік-Батыстағы алып елде коммунистер император мен жеті генералды атып өлтірсе, Жапонияны көтерілістің жалыны шарпып, дүкендер мен қоймалар, алыпсатарлардың зәулім үйлері бірінен-соң бірі өрт құшағына оранды, Приморье мен Шығыс Сібірде жапон мен америка солдаттары ақ гвардияшылардың көмегімен халықты қырып-жойып жатты. Бірақ Акутагава осы оқиғалардың ешқайсысына да қызығушылық танытқан жоқ.

Ол Байрон сияқты азаттықтың ақыны болмады, Севастопольді азат етуге қатысқан Толстойдай оқ пен оттың ортасында жүріп ерлік жасамады, Эмиль Золя мен Виктор Гюголардай қоғамдағы әділеттілік үшін күреспеді немесе Максим Горький сияқты төңкерістің жалынды жаршысы да болмады. Әлемдегі соғыс, төңкеріс, табиғи апаттардың бәрін де ол суретшілік назарын аударуға тұрмайтын өзгерістер ретінде қабылдады. Өйткені ол «адамның өмірі Бодлер жазған өлеңнің бір жолына да тұрмайды» деген қорытындыға келіп, өнердегі екінші ұлы жаңалағын ашып қойған еді.

1918 жылы «Осака майнити» газетінде ұлы жазушының «Тозақ азабы» деп аталатын жаңа әңгімесі жарық көрді. Акутагаваның өнер жөніндегі ұлы ұстанымы осы әңгімеде айқын көрініс тапты.

Шығармада мына жалған дүниеде жалғыз қызы мен өнерден артық ештеңені сүймейтін Есихиде есімді сарай суретшісі туралы баяндалады. Күндердің-күнінде әміршісі осы Есихидиге тозақ азабының көрінісін елестететін сурет салуды тапсырады. Бастапқы кезде қолы әжептәуір жап-жақсы жүреді. Бірте-бірте суретті салу қиындай түседі. Ойындағы дүниесін жүзеге асыру үшін ол шәкірттерін неше түрлі жан төзгісіз азапқа салып қинайды. Бәрібір картинаны ойындағыдай етіп жаза алмай азапқа түседі. Қайтпек керек? Ойына алған дүниесін қалай жүзеге асыруға болады? Әйтеуір бір нәрсе жетіспейді? Не екенін өзге түгіл өзі де жөнді түсінбейді.

Бір күні қалада болған алапат өрт кезінде қорқынышты сүгіретті көргені Есихиденің есіне түседі. Ол үшін суретші жалындап жанған атарба мен оның ішінде тілмен айтып жеткізе алмайтын тозақ отынан жаны қиналған жас әйелдің қалай азапқа түскенін көзімен көруі тиіс. Сонда ғана ол ойына алған картинасын жазып шыға алады. Ақыры суретші әміршіге осындай бір көріністі көргісі келетінін айтып, өтініш білдіреді.

Әмірші келіседі. Бірақ түкке тұрғысыз суретке бола еш жазығы жоқ әйелді өлтіруден тайынбайтын суретшіге өмірі ұмытылмайтын сабақ болуы үшін Есихиденің сүйікті қызын арбаға отырғызып, өртеп жіберуге бұйрық береді. Алайда мұндай жантүршігерлік тозақ азабын көзімен көрген Есихиде сол сәтте бәрін ұмытып, мәз-мәйрам күйге түседі. Ол тіпті атарбаның ішінде жан дауысы шығып, шыңғырып өртеніп жатқан нәзік жанның ең сүйікті қызы екенін де тарс есінен шығарып алады. Картинаны жазып біткен соң суретші үйіне келіп дарға асылып өледі.

Акутагава хас туындының жанында адам өмірі дегеніміздің түкке тұрмайтынын және өнердің жолында кез келген құрбандықты ақтап алуға болатынын айтқысы келді осы шығармасы арқылы.

Расында да миллиондаған адамдар өмірден өтіп жатыр. Пенделік тіршіліктің күйбеңінде жүріп біз оларды тез ұмытып кетеміз. Ал мәңгілік өнер туындыларын біз ешуақытта да ұмыта алмаймыз. Әлемнің сұлулығын да мәңгілік етіп тұрған жалғыз құдірет –өнер, өнер және өнер ғана. Өнерден қасиет кеткен күні халық жалғыздыққа ұшырайды. Жалғыздық –өлімнен де ауыр қасірет.

Акутагава өзін-өзі өлтіруге бел буарының алдында жазған хатында былай деп ағынан ақтарылыпты: «Мен, асылы өмірі сүру сезімінен өзім байқамай жүріп айырылып қалсам керек. Тастай суық әлемде тіршілік кешіп жатырмын. Өз-өзіме қол салу туралы ой миымнан шығар емес. Бірақ табиғат маған бұрын дәл мұндай әдемі болып көрінбеп еді. Рас, сіздерге табиғатқа сүйсініп отырған адамның өз-өзіне қол салуы жайлы ойлауы қисынсыз, күлкілі болып көрінетін шығар. Бірақ табиғат мен соңғы рет жанарымды тігіп жатқандықтан ғана әдемі»…

Акутагаваның соңғы жаңалығы және өлімі

1920 жылдардан кейін Жапониядағы «натурализм мектебінің» жалауы жығылып, таза сауда-саттықтың дауылы соғып, әдебиет жайлы ұлы ұстанымдардың күлі көкке ұшты. Заман өзгеріп Сэйдзи Номалардай тек қана таза пайда табуды көздеген кәсіпкерлердің айы оңынан туып, шығармашылық иелерімен басқаша сөйлесе бастады.

Кітап шығарудың қалыптасқан дәстүрлі заңдылығы бұзылып, бұрынғыдай баспагер қаламгерден жазған шығармасын сұрап жалынбайтын болды, керісінше баспагерден «не жазу керек?» екенін сұрап табалдырығын тоздырып, оның артынан жүгіретін күн туды жазушылардың басына. Ірі қаламгерлердің бәрі күнкөрістің қамы үшін арзанқол шығармалар жазып, тіршіліктің тезегін теріп кетті.

Өнердің асыл мұраттарының аяққа тапталуы біраз қаламгерге ауыр соққы болып та тиді. Талантты жазушы әрі драмматург Такоэ Арисима тағдырдың тозағына шыдай алмай өзіне-өзі қол салып өлді. Ал, түнектен жол таба алмай адасқандар жалған өнердің жалына жармасып тіршіліктерін жалғастырып жатты. Жалғыз Акутагава ғана әдебиетке берген сертіне адал болып, таңдаған жолынан таймады. Адал болып қана қоймай бар күш-жігерін салып, шын мағынасындағы өнер туындыларын бірінен соң бірін бұрқыратып жазып, тынымсыз еңбек етті.

1921 жылдың желтоқсаны мен 1922 жылдың тамызы аралығында ғана оның қаламынан жиырмаға жуық ғажайып шығарма туды. Әдебиеттегі әріптестері «жазатын ештеңе қалмады» деп күйзеліп жатқан өліара мезгілде ол қайта уақыт таба алмай, бірінен-бірі өтетін классикалық шығармаларын жазып жатты.

Ол тынымсыз еңбектеніп, өте көп жазды. Шеберлікті шыңдау үшін жазудың мол тәжірибесі керек екеніне көзі жетті. 1925 жылғы «Бүгінгі шығармалардың жинағы» атты көптомдық серия Акутагаваның таңдамалысымен ашылды.

Акутагава ірі суреткер болғандықтан, ішкі түйсікпен тұтынушысы бар уақытта ғана өнердің толыққанды болатынын бірте-бірте сезе бастады. Енді ол өнердің тұтынушысы халық деген ұғымды қалыптастырғанда ғана, оның бағы жанады деген ойға шомылды. Өнер халықтың өз құрсағынан жаратылуы, ал өнер сол халықтың құрсағын ұрықтандыруы тиіс екеніне көзі жетті. Бұл Акутагаваның өнердегі ашқан ең ұлы - үшінші жаңалығы.

Бірақ осы үшінші жаңалығын ашу арқылы ол «өнер –өнер үшін» деген қағидатты ұстанған өз шығармашылығына үкім шығарып қойғанын да жақсы түсінді. Енді бәрін қайтадан бастап, басқаша жазу керек.

Акутагаваны бұрынғыдан да ауыр ойлардың азабы қинап, есікке қысылып қалған мысықтай болып оның жаны шыңғырды. «Шекспир, Гете, Тикамацу Мондзаэмондар бір күні өледі. Бірақ оларды жаратқан ұлы құрсақ –ұлы халық –еш уақытта да өлмейді. Кез келген өнердің үлгісі өзгере бергенімен, олардың бәрі тек ұлттық топырықтан нәр алады».

Үшінші жаңалығын ашқан жазушының жан азабын түсінуге болатын еді. Өйткені ең соңғы сұмдық жаңалығының ақиқат екеніне көзі жеткен күннен бастап оның өмірден де қатты сүйген өнеріне деген күмәны күшейе түсті. Түні бойы ұйықтай алмайтын, мазасыздық дертіне шалдықты. Аспанға қолын жайып, Тәңіріне жалбарынып, қолдау сұраған кездері де көп. «Акутагава Рюнескэ! Акутагава Рюнескэ! Ұлттық топырағыңа қарай тамырыңды тереңдете бер. Сен – жел тербетіп тұрған құрақсың. Мүмкін сенің үстіңе төнген бұлттар да сейілетін шығар. Тек аяғыңа мықтап тұр».

Жазушы үшін өнердегі таңдаған жолыңның адасушылық екенін кеш түсінгеннен артық қандай қасірет болуы мүмкін, мына опасыз жалғанда. Ең ауыры Акутагаваның бойында бәрін қайтадан басынан бастайтын жігер де мүмкіндік те сарқылған. Бүгінгі тірлігі – бұлыңғыр, келешегін –белгісіздіктің қара тұманы қоршаған. Көңілі нілдей бұзылып, үмітін жалғаған нәзік жіптің бәрі үзілген. Тамырынан ажыраған қаңбақтай жанын, дәуірдің долы дауылы беймәлім әлемге ұшырып әкетіп барады. Күні кеше ғана жүрегін жадыратқан, қараңғы көңіліне сәуле түсірген әдемі армандарының бәрі алдамшы сағым болғаны қандай -өкінішті. Өкінішті!

Ұзақ түндер бойы көз шырымын алмай жазған дүниелеріңнің келешегінің жоқ екені –өкінішті. Халықтың қайғы-қасіретіне ортақтасудың орнына – «өнер –өнер үшін» деген әдемі өтірікке алданып, ұлтыңның мұң-мұқтажынан іргеңді аулақ салып, ауыр күндерде шығармашылық-орамалыңмен халқыңның көз жасын сүртуге жарай алмағаның –өкінішті. Ең бастысы Құдай бойыңа дарытқан талантыңды халықтың игілігі үшін жұмсамағаның, көңіл сарайын нұрландыратын ақиқатты іздемегенің –өкінішті. Жүрегіңді жаралаған мұндай өкініштерден кейін өмір сүруде де еш мағына қалған жоқ. Бәрінен де қиыны осы ақиқатқа көзің жеткенде тажал ажалдың есігіңнің қақпасын тықылдата бастағаны –өкінішті. Өміріңнің соңында соның бәрін түсініп, қасқырша ұлығаннан өткен өкініш жоқ екен өнер адамы үшін. «Әрине, мен сәтсіздікке ұшырадым. Бірақ мені жаратқан дүние басқа біреуді де жаратады. Жалғыз ағаштың құлауы – жеке құбылыс. Қойнауында шексіз ұрығы бар жер аман тұрғанда әлі талай зәулім ағаштар өсіп шығады» деп қиналды енді ол басқа біреудің өнердің қалың орманында дәл өзіндей адаспауына жол сілтегісі келіп.

Жүйкесі тозып, байғұс жазушы бірте-бірте сандырақтай бастады. Социализмнің не екенін түсінбей жатып «Социализмнің шындығына күмән келтіруге болмайды. Социализм –болмай қоймайтын құбылыс» -деді. Тағы бірде «мінезім бойынша –романтикпін, көзқарасым бойынша –реалистпін, саяси сенімін бойынша –комунистпін» деп те сандырақтап қалған кездері бар. Шындығында жазушының жүйкесі сыр беріп, депрессияға шалдығып, өмірінің соңында не айтып жүргеніне ол есеп беруден қалған еді.

Жазған дүниелерінің келешегі бар екеніне деген Акутагаваның сенімі біржола өшті. Өнерінің туған халқының топырығынан тамыры үзіліп қалғанына қатты қайғырып, жалғыздықтың тозағында қаңғырып, түнектен жол таба алмай адасқан Акутагава ақыры вероналдың (ұйықтататын бәрі) шамадан көп мөлшерін ішіп, мәңгі ұйқыға кетті. ...

Әңгіменің түйіні немесе Акутагаваның ақиқаты

Біз бұдан бұрынғы әңгімемізде көптеген шығармаларының сюжетін ұлы жазушының жапон аңыздары мен ертегілерінен алғанына тоқталғанбыз. Мысалы, «Жанып кеткен алқап туралы әлдене» атты шығармасында ақын Мацуо Басенің соңғы күндері, дүние саларының алдындағы өсиеті, ұстаз өлімінің шәкірттеріне тигізген ықпалы жайлы әңгімелейді.

Акутагаваны қандай ойлардың мазалағанын таразылау үшін оның туындыларындағы ой ағысына қайта-қайта үңіліп, көңіл сүзгісінен өткізу қажет. «Тозақтың азабы» мен «Шілтерде» ол жақсы көрініс тапқан деп ойлаймын. «Көлеңкені» оқығаныңда тұла бойың түршігіп, қараңғы ойлар жанына тыныштық бермеген Акутагава үшін шынымен шоши бастайсың. Тұла бойыңды түршіктіріп жіберетін осы дүниелерде Акутагаваның тағдырының қайғылы аяқталуына әкелген бір жұмбақ жатыр. Ұлы жұмбақ...

Басқа туындыларынан оқшауланып тұратын «Қалың орман» әңгімесінен пенделік түйсікпен біз де сол ұлы жұмбақтың сырын саралағандай болдық.

Біздің ойымызша ақыл-ойы ерте толысқан Акутагава адам өмірінің тозақтан да бетер ауыр азап екенін тым ерте түсініп қойған сыңайлы. Өмірін бастамай жатып-ақ ол өлім жайлы, жазмыш жайлы, тағдыр жайлы толғана бастады.

Алланың әміріндей болған Өлім –Жазмыш-Тағдыр төңірегіндегі тұманды ойлардың әкелген ақырғы аялдамасы –Ажал болды. «Қалың орманда» ақиқатты іздеп, жауабын таба алмай жаны күйзелгенде Акутагава «ол қайда?» деген мәңгілік сауалды қойды жаны жабырқап.

Әсіресе Акутагаваның эсселерінен қайғылы ойлардың қара дауылы қаттырақ соғады. «Ергейжейлінің сөздері» деп аталатын эсселері арқылы Акутагава оны ұлылардың қатарына жатқызудың қажет еместігін айтқысы келгендей болып көрінеді маған.

Өйткені ұлылық дегеніміз – Құдайға жақындай түсіп, ауыр азап шегу емес пе? Ал өмірден бақыт іздеген Акутагава ұлылық пен ергежейлінің арасындағы алтын орталықтың мекенін тапқысы келді.

Тәңірімен тайталаспай сол алтын алтын орталықты тапқан адамның ғана шексіз бақытқа кенелетінін ол ерте түсінді. Бірақ сол алтын орталықты іздеу жолында жазушы Ажалға жолықты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар