«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының генезисі

Бөлісу:

19.09.2017 11094

Ілгеріде «Әдебиет порталына» «Ертегі мен миф» деген атпен материал жариялаған едік. Мына мақаланы да соның циклдық жалғасы деп біліңіз. Осы мақаланың жазылуына себепкер болған рухани ұстазым Ғұзыхан Ақпанбек мырзаға өз алғысымды айта отырып, бұдан кейін де мұндай дүниелерді қаузай түсетінімізді қаперлеріңізге сала кеткіміз келеді, мәртебелі оқырман қауым.

Бірінші бұрау

(беташар сөз)

Жапон ертегілерінің бірінде:

«О, Миямино алқабы

Не деген қалың шық...»

деп әр шөп басына тұнып, маржандай жылтыраған ғажайып көріністі суреттеген жас ақынның осы бір екі жол өлеңін аяқтай алмай ажал құшатыны бар-ды. Кейінірек бұл қос жол ғазалға ұстазы бүй деп бір жол өлең қосарлап түйіндегендей болады. Сонда шәкірт пен ұстаздың өзара үндестігінен туған лирикалық дуеті төмендегідей болып түзіліп шыққан ғой.

- О, Миямино алқабы

Не деген қалың шық?!

Жұлдыз біткен

Жерге көшіп алғандай.

Ғажап! Неге екенін қайдам, осы бір мақаланы жазу барысында бір шумақ жапон жырының қайыра есіме түскені. Себебін білмеймін, бәлкім, шық пен жұлдызды өзара шендестірген ғазалдың тым әсерлі болғандығынан шығар. Менің бар білетінім, көшпелі қазақтың алқаракөк аспанында жамыраған жұлдыздардың бабалар қиялын қытықтап, оның әр қайсысы кеудеде жыр болып маздағаны еді. Жұлдыздың сан қилы жыр мен дастан тақырыбына тиянақ болғандығын дәл осы арада шегере тұрып, ең әуелі оның адам тағдырына қатысы хақында бірқадар сөз шығындай кетейік. Әріде бабаларымыз парақтаған «Мухит», «Манафиғ», «Қазихан» секілді тым көне тылсымдық еңбектермен қатар, Бекасыл әулиенің «Жұлдызнамасын», Мәшһүр мен Машанидың аспан денелеріне қарасты еңбектерін оқи отырып жоғарыдағы байламға шын иланады екенсің. Аталған еңбектерде жұлдыз бен адамның ішкі байланысы жайында жан-жақты жазылып, тіпті, әр адамның тағдыр-тәлейіне дүниеге келген мерзімінің (туған күні мен айының) тікелей қатысы бар екендігі айтылады. Бұл көне кітаптардағы деректерге нансақ, адам баласы жарық дүниеге келгеннен бастап, өлгенге шейін аспан денелерінің бақылауында болады екен. Мәселен, бала алғаш ана құрсағына біте салысымен-ақ аспан сайрандарының (планеталарының) қарамағында болып, олардың әр қайсысы сәбиді қырық күн бойы бақылауында ұстайды. Алғаш болып Зұхал (Сатурн) өз бақылауына алса, одан кейін Міштірі (Юпитер), үшінші Мәріх (Марс), төртінші Күн, бесінші Зәһре (Шолпан), алтыншы Ғытард (Меркурий), жетінші болып Ай бақыласа, сәби өмірге шыр етіп келген күннен бастап енді осы тізім керісінше жүреді. Алғаш болып Ай төрт жылға дейін баланы аялап бақса, 4-12 жасқа дейін Меркурий, 13-20 жас аралығында Шолпан, 25-37 жасқа дейін Күн, 37-49 жас аралығында Марс, 50-63 жасқа дейін Юпитер одан кейінгі қалған ғұмырында адам баласы Сатурн планетасының дәргейінде болады дейді. Бізде бір өте жаңсақ көзқарас қалыптасқан. Жаңалық атаулының бәрі XXI ғасырға ғана тән деп түсінетін. Небір ғажайыптарға толы ұлы өркениеттер уақыт әміріне шыдас бермей жер үстінен біржола ізім-ғайым жоғалып тынды. Айталық, адамның өзіне ерлі-зайыпсыз репродуктивті жолмен генетикалық көшірме жасауы (яғни, клондау) бүгін ғана емес, кешегі көне ғасырлардың да еншісіндегі дүние екен. Ақжан Машани адамның дене жасушасының ядросын арнайы шыны түтікшелерге салып, оны жоғарыдағы жеті планета бағытының астына қойып қолдан адам жасау орта ғасырларда-ақ болғандығын алға тартады. Міне, осыған қарап-ақ жоғарыдағы деректердің еш негізсіз емес екендігін түсінуге болады.

Төрт тек

(Ақжан Машанидың «Пешене кестесі»)

Біз ғаламды құраушы төрт тек туралы жақсы білеміз. Десек те мұның түйінін таратып беру үшін сөз кезегін әуелі Мәшһүр-Жүсіпке берелік. «...Бұлардың басын бір араға қосып, біріктіріп тұрған: от, су, топырақ, жел – төртеуі бір жерге жиылумен дене болды. Адам денесінде осы төрт нәрсе бармақтың көлеміндей ғана көздің ішінен табылады. Көздің ашылып, жабылып тұрғаны – жел барлығына дәлел. Жас ағады, су барлығына дәлел. Бір нәрсе тисе жарқ етеді, от барлығына дәлел. Бір арадан қозғала алмай тұрғаны – топырақ барлығына дәлел. Желден қорытылып, қан болады. Оттан қорытылып, зерде болады. Судан қорытылып, қақырық болады. Топырақтан қорытылып қарақұрым (қорым) болады. ...Қан – су орнында, ылхым – жел орнында. Зерде – от орнында, қарақұрым – топырақ орнында» дейді ғұлама. Бабатанымда осы төртеудің түп негізіне адамның тартып туатыны, бұл төртеуі адам мінезіне де әсер етпей қоймайтыны хақында айтылады. Қалай десеңіз де адам ұлы табиғаттың туындысы ғой. Тәні топырақ пен судан, от пен желден құрам тапқандықтан, оның мінезінен осы төрт тектің көрініс бермей қоймасы анық (Мұны айтқандағы себебіміз, күллі түркі халықтарының аса құнды жәдігерінің бірі Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу біліг» (Құтты білік) кітабының бесінші тарауында осы төрт тек пен жеті планетаның өзара қатынасы жайында мол мағұлұмат бар). Әр адамның өзіне ғана тән жұлдызы болады деп пайымдаған қазақ дүниетанымы адам мінезін мынадай: «топырақ тегі», «су тегі», «жел тегі», «от тегі» деп төрт топқа бөліп, оған арнайы анықтама берген (Мәселен, топырақ текті адам салмақты, су текті адам секемшіл, жел текті адам қозғалысыты болады деген секілді). Адам темпераментін «холерик», «флегматик», «сангвиник», «меланхолик» деп атап, оған қоса қан тобын да дәл осылайша төртке бөліп қарайтын бүгінгі ғылымның айтып отырғаны ілкідегі біздің бабалар жазбасымен бірдей екендігіне кәдімгідей қайран қаласың. Енді мына бір қызықты қараңыз. Біз кейде өзімізге еш қатысы болмаса да бір адамды көргенде қараптан-қарап оны жанымыз жақатпай тұрады. Мұның себебін Бекасыл әулие: «Топырақ пен су, от пен жел дос. Ал топырақ пен жел, от пен су өзара дұшпан. Мұның ғылым екенін біліңіз» дейді. Бұдан біз от пен су, жел мен топырақ текті адам мінезінің (жұлдызының) әманда біріне-бірі сәйкес келмейтінін аңғарамыз. Ендеше, біз әдетте көп айтатын, бірақ та мағынасына еш бойлай бермейтін «жұлдызым жараспады» я болмаса «жұлдызым қарсы» сөздерінің танымдық қабаттарында осындай құпиялар жатқан болды ғой.

Жеті сайранның (планетаның) өзіне тән өңі мен түсі болатынын, мәселен Юпитер (Есекқырған) көк түсті болса, Марс (Арай) қызыл, Сатурн (Санжар) сары, Шолпан ақ, Меркурий (Айғыз) қара түсті болып есепке алынады. Мұны жазып отырғанымыз бұл түстердің мүшел жыл есебін қайыруда аса қажет екендігі. Себебі әр он екі жыл сайын бұл түстер жылыстап өз ретімен орындарын ауыстырып отырады. Осыған қарап-ақ қазақтың нұжым (жұлдыз) ғылымын етене меңгеріп, ешкімге ұқсамайтын астрономиялық қор қалыптастырғанын түсінуімізге болады. Бір мысал. Адамның ашуланғандағы сәтін бейнелейтін «Ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шығу» сөзінің түп төркінін індетіп көрейік. Біздіңше бұл ұғымның адам ашуына ешқандай да қатысы жоқ, бұл бұрнағы жұлдызшылардың күнделікті қолданылатын астрономиялық төл түсінігі деген ойдамыз. Он екі жыл болғанда бес түстің өз кезегімен алмасып, ол әр кірген жыл жануарына телініп отыратынын жоғарыда атап өттік. Бұл жұлдызшының (ақ) ит жылының кіруімен (көк) ит жылының шығу арақатынасын есептеуінен туған төл термин болса керек-ті. Құс жолының ит жұлдызы басында орналасса, қиян (көнек) жұлдызы аяғында орналасқан. Арасының алшақтығынан бұлармен шендесетін ешбір жұлдыз жоқ дейді жұлдыз танитын қариялар. Қазақтың тым алыс сөзін «Ит арқасы қиянда» деп атауының мәнінде де осы бір сыр жатуы бек мүмкін.

Бекасыл Биболатұлы: «Жауза жұлдызы Ғытард (Меркурий) табиғаты секілді отқа, ал Саратан жұлдызы Қамар (Ай) табиғаты секілді топыраққа тән» дейді. Осыған қарап-ақ бұл төрт тектің төбедегі жұлдыздармен етене байланыста екендігін түсіну соншалықты қиын емес тәрізді. Ал Ақжан Машанидың дерегіне илансақ, адам тақылетіне осы төрт тек топырақ пен су, от пен жел ғана әсер етіп қоймайды, олардың саны бесеу дейді. Сөйтіп, бұлардың тізіміне бесінші етіп көкті (яғни жұлдызды) қосарлайды. «Ғаламның құраушы тегі бесеу, олардың Һандас- Қиас өрнегі де бесеу. Бәрінің басын қосқан бестік негіз латынша оны quinta essentia (квинтэссенция – бесінші тек) деп атаған. Қазақтың маңдайға жазылған пешене ұғымы да дәл осы бес ана (бес ене) мағынасынан шыққан деп білеміз» деп ой түйіндейді. Ғалымның айтқанымен келіспеске болмайды (Бұған басқалай еш ұғымға телінбейтін От +ана, Жер+ана (яғни топырақ), Су+ана секілді түсінікті қосыңыз). Қазақтың «Бесенеден белгілі» сөзі де о бастан-ақ маңдайға жазылған (пешене) ұғымының дәлме-дәл баламасы емес пе? Тағдырдың біз ойлағандай бейсана емес, бес тектің негізінен тұратынына осы БЕСЕНЕ ұғымы негізгі интерпретация бола алады деген ойдамыз.

«Қозы Көрпеш» жырының генезисі

Дүниедегі кез келген зат белгілі бір мақсатпен жаралған десек, зеңгір көкте жамыраған әр жұлдыз жай ғана жарқыраған от емес екен. Жер жаралып, су аққалы бергі жылнаманы ішіне қаттаған жыр-аңыздарға жадағай әм қораш түсінікпен қараудан асқан парықсыздық жоқ.

Міне, біз сөз етіп отырған «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырының кей ұғымдары да осындай сакральді мәнге ие. Сол үшін де (жұлдыздарға қатысты) жоғарыдағы түсіндірмені жазуға талаптанып бақтық. Әр шығарма айтушы мен жеткізушінің тарапынан байып, өз дәуірінің уақытына сай тәпсірленіп отыратыны тағы да шындық. Әрине, бұдан болып түпнұсқа түбегейлі жойылып кетеді деген ұғым тумаса керек. Адамзаттың алғашқы жыры есебінде мәлім Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» поэмалары ерлік рухқа толы. Бір қызығы, көне жырдың ішінде (астарлы түрде) аспан денелерінің қозғалысы қоса қамтылып отырады. Бұл жағынан гректің байырғы жырының қазақтың «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырымен астрономиялық өз ұқсастығы бар. Біз «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырының жасы әлдеқайда әріде, ол тіпті «Илиада» мен «Одиссейден» де үлкен деген пікірдеміз (Сәл сабыр етсеңіз мұның бәрін төменде егжей-тегжейлі баяндайтын боламыз). Ең әуелі, бұл ғажайып туындының астрономияға қатысты екендігін алғаш рет Ақжан Машанидың еңбегінен оқып қайран қалсақ, кейін Таласбекті оқығанда бұл таңданысымыз тіптен арта түсті. Сөзіміз дәйекті болу үшін Т.Әсемқұловтан бір үзім мысал келтірейік: «...Әлі де болса бірегей, бірақ, іштей екіге бөліну мүмкіндігі бар ғарыш әлемі жыныссыз маралдың кейпінде бейнеленген. ...Сарыбай – жарық күннің сакральді (яғни, киелі) бейнесі, ал, Қарабай – қараңғы түннің образы. Сарыбайдың ұлы Қозы – мәңгілік таңның образы, Қозыны жақсы көретін Баян, мүмкін таң жұлдыздарының бірі болар. Қозының анасы Мамабике – мұң мен құмарлық, қорқыныш пен күдіктің және адам болмысына қатысы бар басқа да құбылыстардың тәңіриесі. Келесі кейіпкер Қодар – құдық тәңіриесі (қазақтар әлі күнге дейін құдықты «Қодар қазған» деп атайды). Ал Қарабайдың сан жеткісіз жылқысы – бұл әлем, кеңістік, кейіннен ол адам бойына еніп, оның жаны болмақ. Міне, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» қысқаша мифологиялық бейнесі осындай», – дейді. Ұлы көшпенді халықтың көне жәдігер жырына байланысты екі эрудит ғалымның жасаған ғажайып жорамалын жөптей отырып, біз әуелі өз сау ақылымызбен қорытқан шындығымызды оқырманмен бөліскіміз келеді. Сөз жоқ, бұл жұлдыздардың қозғалысынан туған ғажайып жыр. Адамзат нәсілінің уақыт есептеуінің ең көне түрі жұлдыз есебі екендігі мәлім. Халық жырында көп кездесетін «Ол кезде жұлдыз есеп, айдан бұрын» деп айтылатыны да сол ғой.

Біздің пайымдауымызша, бұл жердегі ҚОЗЫ ТОҚТЫ ЖҰЛДЫЗЫ БОЛСА, БАЯН БИКЕШ ЖҰЛДЫЗЫ. Аталған қос жұлдыздың тоғысуы оқиғаның ең негізгі тамыздығы болған. Жырдың өн бойында жүріп отыратын «ұлы көш» осы тоғыстың қозғалысы мен салтанаты десек те болатындай. Біз жоғарыда грек ақыны Гомердің қос поэмасы «Илиада» мен «Одиссейді» жайдан-жай мысалға алғамыз жоқ. Жырдағы жай оғын жібергіш Зевс Юпитер (Есекқырған) планетасы. Грек аңызында Бикеш жұлдызы адамдарға жер өңдеуді үйрететін жеміс құдайы Деметра бейнесінде. Енді гректен шығып өзімізге қарай ойысайық. Жұлдызтанушы ғалым Жүніс Сахиев Тоқты жұлдызына қатысты: «Ертеректе өмір сүрген қазақ жұлдызшылары Күн жолындағы зодиактың он екі шоқ жұлдызының бірі – Тоқты жұлдызына ерекше назар аударған. Күн ол шоқжұлдыздың тұсына көктем шығып, мал біткен бауырын көтеріп, жасыл шөпке жайыла бастағанда келіп жететін болғандықтан, Тоқты жұлдызы деп атаған. Одан екі жарық жұлдыз бірден көзге шалынады. Соған қарап халқымыз кейде оны Қосжұлдыз деп те атаған», – дейді.

Астроном ғалымдар күннің бір шоқжұлдызға қайта айналып соғу үшін шамамен 26 000 жыл, ал бір шоқжұлдыздан екінші жыл басының теңгерісіне 2 160 жыл өтуі керек дейді. Ендеше Тоқты мен Бикеш жұлдызының тоғысы бұдан шамамен 16 мың 880 жыл бұрын болған деп қорытынды жасауға болады. Оқиғадағы кейіпкерлер есімі де аспан денелерімен етене байланысты. Мәселен, Таңсық (таңда туатын) Шолпан жұлдызы десек, екеуара құда болмақ ниеттегі Қарабай (қара түнде жүзген) Ай есебінде болса, Сарыбай кәдімгі Күн есебінде. Қазақта: «Адамның жасы Құдайдан бір-ақ жас кіші» деген ғажайып тәмсіл бар (Бұл адам нәсілінің жасы қаншалықты қадым заманалар қатпарынан сыр шертетіндігін көрсететін шежірелі сөз ғой). Олай болса, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры осы қос жұлдыз тоғысының шын куәгері мен тірі шежіресі. Бұл бағзыдан талықсып жеткен жәдігердің бүгінге бүтін жеткен бір дерегі десек те болатындай.

(жалғасы бар...)

Бөлісу:

Көп оқылғандар