Бағдат Мүбәрак: Мінезіңді өмірде емес, өлеңде көрсету керек

Бөлісу:

20.09.2017 8278

Бағдат аға, баспасөзде сирек көрінесіз. Неге? Сұхбат беруден қашасыз ба, әлде журналистер іздемей ме?

– Баспасөзде сирек көрінетінімнің себебі: жалт-жұлт етіп ана жерден бір, мына жерден бір шығып, сайрай бергенді суқаным сүймейді. Тіпті әдеби ортамен қоян-қолтық араласуға да зауқым жоқ. Жалпы кісікиіктеу адаммын. Журналистер іздесе – жақсы, іздемесе – тіпті жақсы.

– Көп көрінетін, әдеби ортада есімі жиі айтылатын ақындар бар, бірақ өлеңін оқысаң, ешқандай ерекшелік, жаңалық, ізденіс көрмейсің. Әдебиеттегі өтірік мақтау, жершілдікке, рушылдыққа тартып, мақтау, түсінбей мақтау, ортақол ақындарды көтеру – біздің әдебиеттің трагедиясы. Ағасының, көкесінің «көлеңкесінде жүрген» ақындармен араласыз ба?

– Негізінде аға-көке деген менде де бар. Бірақ өзімнің талантыма сенген соң, олардың беделін түсіріп, былыққа араластырғым келмейді. Беттің арын белге түйіп, «атағы – менікі, ақшасы – сіздікі» деп қазылар алқасына өтініш айтқан ақындарды да көргенбіз. Маған салса, «атағын өздерің алыңдар да, ақшасын маған беріңдерші» деп айтушы едім. Атақ алған соң, оны арқалап жүре бермей, жауапкершілігін де сезіне білген дұрыс. Біріншіден, оған сен шынымен лайықсың ба, сені әдеби орта толық қолдады ма, өз күшіңмен, талантыңмен алдың ба, әлде өзгеге арқа сүйеп, алдың ба... деп, ойлану керек шығар. Әрине, ойланатындай басында бір шайнам миы болса... Ал ақша деген жақсы ғой, атақ сияқты өмір бойы жабысып жүрмейді, бүгін бар, ертең жоқ. «Шіркін ақша, жерде жатса...» деп Қасым айтқандай.

Араласып, хабарласып жатса, барлық ақынға «кет әрі» емеспін. Кезінде осы өлең үшін талай қызыл кеңірдек болдық. Оның зияны болмаса, пайдасын көрген жоқпын. Таяқтың бір ұшы өзімнің маңдайыма талай тиді. Мүйізі қарағайдай кейбір ағаларымыз көлденең көк аттыны көпіртіп мақтап жатқан соң, «осы менікі не жырқыл» дедім да, барлығын доғардым. Бәлесінен аулақ! Сонда да Темірхан Медетбек ағам айтпақшы, кейде түк көрмейтін су соқыр, түк естімейтін таскерең болғым келеді.

– Неден шошисыз? Неден қорқасыз?

Құдайдан қорқамын. ХХІ ші ғасырдан қатты шошимын! «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деп данышпан қалай ғажап айтқан! Сол көзі қанталаған балалар ғой, дүниенің тұтқасын ұстап отырған.

– Бірде Қадыр ақыннан сұхбат алдым. Тым жас едім. «Тұманбай ақын екеуіңіз қазақ поэзиясында қатар шапқан тұлпарсыздар. Айтыңызшы, ақын ретінде екеуіңіздің ең басты ерекшелігіңіз неде?» деп сұрадым. Қадыр аға «Сұрағың ұнады. Маған осындай еркін сұрақтар ұнайды» деп күлді. Сұрақ шынымен ұнады ма, әлде «жас қой, жастың бетін қақпайын» деді ме, білмеймін... «Тұманбай – сезімнің ақыны. Ал менің поэзиям – интеллектуалды поэзия» деп жауап берді. Меніңше, әрбір шығармашылық адамы айқайлап айтпаса да, оңаша қалғанда, өзіне баға береді. Өз пікіріңізше, сіз қандай ақынсыз?

Жалпы менің шығармашылығым жайлы өзім емес, өзгенің айтқаны жөн шығар?.. Алайда бір білерім, өлеңдерімде пессимистік сарын басым. Оның да өзіндік себебі бар...

Төрт құбыласы түгел, басы бақыттан айналып жүрген ақындар да қайғының қара бұлтын үйіріп, өлең жазады. «Өлеңі мынандай болса, өмірі де сондай шығар» деп түсінетін адамдар бар. Бұл енді эмоцияға беріліп оқығанның әсері болу керек. Мұны жаман деп отырған жоқпын, жақсы, әрине.

Бір оқырманым: «Сіздің жырларыңыз, тұнып тұрған менің өмірім ғой, аға» ­­деп еді. Жазғаның тірі организм сияқты жұртқа әсер етпесе, оның несі поэзия? Әр адамның пешенесіне жазылған Құдайдың өлшеп берген қасіреті мен қуанышы бар. Қаламгерлердің илеп жүрген пұшпағы осы екеуі ғана. Енді ойлашы өзің, сол қасірет пен қуаныш бізге ғана тиесілі емес қой. Серік Ақсұңқарұлы айтпақшы: «Ақындар айтып өтеді, Арманын бүкіл пенденің...». Қысқасы, сезімтал болмасаң, ақын болуың да неғайбыл.

– Бодлер Эдгар Поның шығармашылығымен ауырып, мақала жазды. Сіз кімнің шығармашылығымен ауырдыңыз?

Жиырма жасымда Қарағандыға Мағжан, Қасым, Жұмекенмен ауырып келдім. Не айтсам да, осы үшеуінен мысал келтіріп отыратынмын. Соны аңғарып қалған Секең (Серік Ақсұңқарұлы): «Әй, сен жата-жастанып қазақтың классиктерімен ауыра бермей, қолың қалт еткенде Еуропаның ақындарына да барып қайтсаңшы» ­деді. Соларды түпнұсқадан оқимын деп, біраз уақытым кетті. Түсінген соң, ауруды қойдым. Біреуді қайталағым келмейді. Мүмкін, аз жазатыным да сол шығар.

– Қай ақынды оқығанда қасиетті қызғанышыңыз оянады?

– Қазір бір ақынға байланып қалу ғадетімде жоқ. Жақсы өлеңдер оқысам, таңғажайып күй кешіп, басқа әлемде жүргендей боламын. Соның әсерінен шыққым да келмейді. Қалай шығасың, солай күйкі тірлік басталады ғой.

– Бізде поэзияның қадірін кетіріп, әдебиетті шоуға айналдырғысы келетін әдеби шоумендер бар ма?

Дәл қазіргі уақытта бұндай ақындардан «ит батпақтап, күшік сүрінеді». Біздің өткізіп жүрген шығармашылық кешіміздің өзі қып-қызыл шоу ғой. Міндетті түрде сенің өлеңіңе жазылған ән болу керек, оны эстрада жұлдызы орындау керек. Көбінесе абырой сонымен өлшеніп жатады. Телеарналарға ақшаң болса, болды – мықты ақынсың ба, осал біреусің бе, шаруалары жоқ, түсіре береді. Ғафу ағам айтпақшы, танымал халтурщиктер осыдан кейін қылаң береді. Анада Ресейдің бір телеарнасынан Е.Евтушенконың шығармашылық кешін көріп, қатты таңғалдым. Сахнада Евтушенконың өзі ғана отыр, біздікіндей даңғыр-дұңғыр даңғыра жоқ, қоршаған жағымпаздар жоқ. Мақтауыңды асырып, жер-көкке сыйдырмайтын жүргізуші де жоқ. Залда ақынның жырларына ғашық оқырман ғана жиналып, өлеңдерін кәдімгідей балқып тыңдап отыр. Астына ат, арқасына шапан жауып жатқан шенеуніктерді де көрмедім. Банкет те болмаған шығар. Ал біз дарақылық пен даңғазалықты қоса алып жүрмесек, көңіліміз көншімейді.

– Қазақстанда сіз тұрмаған қала аз шығар... «Көшпенді ақын» деп достарыңыз да әзілдеп жатады. Жалпы көшіп-қону, бірнеше қалада тұру шығармашылығыңызға әсер етті ме? Қазір қайда жүрсіз?

Достарымды қойшы, дұшпандарым бұдан да әдемілеп, көркемдеп жеткізеді. Сосын менің көшіп-қонып жүрген екі-ақ қалам бар, ол – Қарағанды мен Балқаш. 2009 жылы Алматыға барып келдім. Қазір Қарағандыға қайта келдім. Балқашта енді тұрмайтын шығармын. Бұл Балқашқа өкпелегенім емес, ол – менің қалам ғой. Мәселе, басқада...

С.Сағынтай айтқандай, осы «рухани қаңғыруым» шығармашылығыма керемет әсер етті. Дәл осындай ғұмыр кешпесем, анандай өлеңдер жаза алмас па едім. Біреулер менің өміріме қызықпаса да, өлеңіме қызығады. Оған да шүкір!

– Дұшпандарыңыз көп пе?

Дұшпаным көп емес, бесеуге де толмайды. Бірақ саусақпен санарлықтай олардың өзі мыңға татиды. Солардың пыш-пыш еткен өсегіне бола маған қараптан-қарап ренжіп жүрген адамдар бар екенін ішім сезеді. Оған бола менің ештеңем кетпейді. Көшке берген тайлары болса, алып кетсін! Маған хабарласып бір-бірін жерден алып, жерге салатын таныстарым да бар. «Аааа, солай ма? Білмейді екенмін» деп аяқасты ақымақ бола қаламын ондайда. Өзімнің көзім жетпей біреулердің алып-қашпа сөзіне бола сыйлайтын адамдарыма көзқарасымды өзгертпеймін. Жалпы мінезіңді өмірде емес, өлеңде көрсеткен дұрыс.

– «Шығармашылықта, әдеби ортада дос болмайды» деген пікір бар. Осы пікірмен келісесіз бе?

– «Сеземін, көп ішінде ит өлгенін,

Жалған сөзден жұқарды жүйкем менің.

Батпандай шер өлеңге сыймайды екен,

Дос жоқ қой,

Досым болса, бүйтер ме едім...» деп «Ақын-ғұмыр» атты өлеңімде жазғанмын. Бірақ бұл туралы Мағжаннан асырып ешкім айтқан жоқ. Қаншама шер-шеменім беріш болып жүрегімде жатыр. Ешкімге мұң шаға алмайсың, ешкімге сыр шерте алмайсың. Айтсаң, мүсіркеп қарайтын сияқты... Дүниеде ең жек көретін нәрсем – сол мүсіркеу. Ол аздай «жылағанға – өкірген жолығатын» өлара шақта өмір сүріп жатырмыз. Марқұм А.Сейдімбек: «Мен жыламаймын, мен жыласам, қатындардан асырып жіберемін» деген екен. Еркек үшін бұдан артық не айтуға болады?!

– Қазір жақсы жазатын жас ақындар аз емес. Маған жақсы ақындар емес, ерекше ақындар ұнайды. «Ерекше ақын» деп жастардан кімдерді айта аласыз?

Ерекше ақындар: Ерлан Жүніс, Азамат Тасқара, Мирас Асан, Батырхан Сәрсенхан, Мерей Қартов.

– Саналы түрде өлеңді қолдан құрастыратын ақындар да бар. Жалпы сіздің де өлеңді қолдан құрастыратын кезіңіз бола ма?

Жас кезімде эксперимент жасап, қолдан құрастырған бір-екі өлең жазғанмын. Қан жоқ, сөл жоқ бірдеңе боп шықты. Бір сөзбен айтқанда өзіме ұнамады. Қалай жазғаным да есімде, бір деммен отырып қағазға түсірдім. Мен өлеңді үстелде отырып, жағыма сүйеніп, жазып көрмеппін. Қағаз бен қаламды қолыма ұстап алып, ана бөлмеге барам, мына бөлмеге барам, жатам, тұрам, отырам, әйтеуір аяқталғанша діңкелеп бітемін. Сырт көзге сау адамның тірлігі емес сияқты көрінетін шығар, бәлкім. Ол жағы мені қызықтырмайды енді. Сосын мезгіл мен уақытқа қарамаймын. Түн бе, күн бе, шынымды айтсам, бәрібір маған.

– Өлеңдеріңізге қаламақы алған кезіңіз бар ма?

2009 жылы мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітабыма «Жалын» баспасы 50 000 теңге қаламақы қойды. Алайда ол ақшаны алған жоқпын. «Сол ақшаға кітабымның тиражын көбейтіп беріңіздер» дедім. Себебі, 2000 данамен шыққан жинақтың 150 данасын ғана қолыңа береді, қалғаны кітапханаларға тарайды. Өлеңіме берілген қаламақының алғашқысы да, соңғысы да сол болды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:

Көп оқылғандар