Қасымхан Бегмановтың жаңа жырлары
Бөлісу:
Бүгін қазақтың қабырғалы ақыны Қасымхан Бегмановтың туған күні! Отты да ойлы жырларымен ерекшеленген, ұлт намысы жолындағы кесек қимылымен дараланған арда ақынды туған күнімен құттықтай отырып, сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін ұсынып отырмыз.
***
Ауыр жолды таңдағам, жеңіл жолда бақыт жоқ,
Аламанда алаңсыз керілуге уақыт жоқ.
Жеңіл жолмен жүргенді Жаратқанда кешпейді,
Қараша үйде жаққан от көкіректе өшпейді.
Жеңіл жолдың бойында өсімдіктер өспейді,
Жеңіл жолдың аруы көкейіңді теспейді.
Кейде рас қабат кеп шың - құздары бұралаң,
Тірек таппай таянар жалғыз қалып жылағам.
Қара дауыл соққанда тəлтіректеп сүрінгем,
Қара тасқа қан жұққан табанымнан тілінген.
Кейде маған дес бермес қиындықтар ұнаған,
Тұра алмастай сүрініп құздан ұшып құлағам.
Мұң шақпайтын боп алдым жатсамдағы етпеттеп,
Қасарысып айтпадым жақынға да кеп кет деп.
Мені мəңгі аяулым ар - ожданым күзеткен,
Қара жолдан сұрарсың ары-бері жүз өткен.
...Ауыр жолмен қапталдас жеңіл жолдар жатады,
Сол жолменен кеткен көп, осы маған батады.
***
Естен бəлкім кетпейсің,
Қалмас тіпті елесің.
Жалғыз туып көктейсің,
Жалғыз жатып өлесің.
Ешкім бірге өлмейді,
Жаны ашысын, жыласын.
Топырақта тербейді,
Тастан қарап тұрасың.
Жан - жарыңа өртеніп,
Үздіге тіл қатасың.
Кім біледі ерте өліп,
Бір жотада жатасың.
Арамдыққа жолама,
Түре көрме іргесін.
Көк шөп емес молаңа,
Тікен шығып жүрмесін.
Айналайын жақсылар,
Аманатын тапсырар.
Қара таспен бастырар,
Қара көзде жас тұрар.
Еске бəрі түсті ме,
Ана жолмен өтпедің.
Көктеп шығар үстіңе,
Басып кеткен шөптерің.
Бəрі бастан өтті ме,
Келеді кез шешетін.
Абайлап бас шөпті де,
Түбі үстіңе өсетін.
Ескі үйде
Ескі үй өзіңсіз өтті күн,
Ит қана күзеткен.
Жанымда ағамда жоқ бүгін,
Сөзімді түзеткен.
Үзілген үміті солардың,
Кеудеге тағы да толар мұң.
Сағынып, құлазып,
Апа мен үйге оралдым.
Апа мен оралдым ескі үйге,
Баяғы бəріміз тұратын.
Өлгендер тіріні ести ме.
Қуатым.
Тұрмын мен шетінде ауланың,
Сарғайған жапырақ шашылған.
От болып алаулап лауладым,
Көп сырды бəріңнен жасырғам.
Ұршықты иіріп, жүн түткен,
Шешемнің шуағы шашылған.
Сəулесі түсетін түндіктен,
Сырт көзден мұңдарын жасырған.
Із-түзсіз кетпепті,
Бір тамшы үзілдің.
Қылтиып сабағы көктепті,
Қолымен еккен сол жүзімнің.
Менің де тойым бар,
Əйел бар сəл ептеп ұнаған.
Жасы нес, қайдағы қойыңдар,
Мен емес, аспан ғой жылаған.
Дерті едік біреудің серті едік,
Апа мен ескі үйге оралдым.
Ол кезде жас едік, өрт едік,
Ұқпаған болармын.
Кім маған құшағын жаяды,
Бұл үйді ит ғана күзеткен.
Өмір ғой, өмір ғой баяғы,
Мені де жолдар ғой түзеткен.
Жырақта өмірім өткенмен,
Сатпайтын серігім өлең ғой.
Алысқа кеткенмен, көктеммен,
Апа мен тағы да келем ғой.
***
Ана жон жанушырып қаскыр қашкан,
Іздерін топ аттыға бастырмастан.
Жалт беріп сол бөрідей нуға сіңген,
Ол күндер көзден ұшты -ау таптырмастан.
Тазылы аңшыларға таптырмастан,
Қайқаң ғой ана жылы қасқыр қашқан.
Қос өзен төмен қарай құлай аққан,
Жанардай төмен аққан жас тұрмастан.
Ерке өзен сескенген ем ағысыңнан,
Қылаң ат қуат алғам шабысыңнан.
Егінге түсіп кеткен қозы-лақты,
Жүгіріп қайтарам деп жанұшырғам!
Қаңғитын шығарып ап үйін де естен,
Қабағы бар-жоғыңа түйілместен.
Кезеңнің аңшылары қаумалаған,
Қасымхан сол қасқырдың күйін кешкен.
Ешкімге аласарып кішірмеген,
Еңсесін ешқашанда түсірмеген.
Қу жанын қайда апарып жасырады,
Жатырлас бауыры да түсінбеген.
Бағатын əлдекімнің қабағын-ай,
Қағатын домыраның сағағын-ай.
Күніндей қарашаның бұлт айдаған,
Қайтейін мың құбылған заманым-ай.
Жапырақ жауған сары күз...
Ақ қағазға түсіріп сырын сыйған,
Қалай ғана туған ел қырын қиғам.
Жапырақ жауған сары күз сəуле шашып,
Жабырқаған жаныма нұрын құйған.
Қайран сол бір
гүл шашқан көктемдерім,
Жастық дəурен қимас шақ, өткендерім.
Сартапты сағыныштан бұл жылдары,
Күзге айналып жүрегім кеткен менің.
Жапырақ кешкем, аяулы елігіммен,
Алмастырды уақыт сені кіммен.
Қоштасқан күн,
бəрі де кеткенменен,
Кетпей қалды сары күз көңілімнен.
***
Қайтадан ғашық болғым келді менің,
Жанымды еріте ме ендігі ерін.
Несіне уайымдаймын, босқа жүдеп,
Жүрегіммен үйлессе басқа жүрек.
Мен сөйтіп өзгеремін, серпілемін,
Қаршадайдан берген бір сертім едің.
Шарпып өтті кеудемді өрті менің,
Алға алып келеді дерті ненің.
Жүректі əрең соққан кергілерін,
Жүзімді өрнектелген пергілерін.
Баяғы біз кездескен жерді керім,
Қайтадан тағы көргім келді менің.
Далаға тағы міне жетіп көктем,
Жылдар-ай кірпік қақпай өтіп кеткен.
Күндерге жалғыз тастап құлазытқан,
Түндерге су сылдыры сыр ағытқан.
Алдыңда аппақ дүние нұрын шашқан,
Жұлдыздар түнгі аспанда жымыңдасқан.
Баяғы туған ауыл қыратындай,
Мəңгілік осылай боп тұратындай.
Көңіл-ай армандарға алып ұшқан,
Өмір-ай сағыныштан, сабылысқан.
Кездер-ай жаңсақ басып жаңылысқан,
Сөздер-ай қиырларға алып ұшқан.
Қайтадан ғашық болғым келді менің,
Жанымды еріте ме ендігі ерін.
***
Бабайқорған баурайында қорым бар,
Сол зиратта парызым бар орындар.
Анам,əкем, əпкем жатыр бұл жерде,
Адамдар-ай сендер аман болыңдар.
Қара жолға бəлкім көзін тікті бел,
Жаназаға келер -ау деп күтті ме ел.
Мынау жеңгем, анау ағам, бауырым,
Қайран ауыл көшіп апты-ау түп -түгел.
Бабайқорған қыратында ардақтым,
Төмпешік боп жатыр маған жалғап мұң.
Шырт ұйқымнан оятатын жүрекке,
Түскенін-ай түскенін-ай салмақтың...
Қайран Бесқалам...
Бес саусағымдай Бесқалам,
бар екенсің ғой жарықтық,
Заманалардың өтінде,
Қан -қызыл болдық, тарықтық.
Бабалар өткен көшеңе,
Қатар да қатар гүлдер егіпсің арық қып.
Егін егіпсің қарықта, қарық, қарық қып.
Айбозым ақын тұрғанда
Бауырын жаза анау бір ойпаң, қыраттың
Жеттім ғой саған, өкпемді міне, қолыма ап,
Рухы қалған мұңайып.
Айбергеновпен бұл маңда,
Өмірзақ Қожамұраттың!
Қаршадайынан қара өлеңменен ауырған,
Оң жағымда Бауыржан,
Сол жағымда Бауыржан.
Айберген менен Жібек ананың аруағын,
Олардан туған Төлегендейін айбозым,
Қасастықтармен осында мəңгі кетіскен,
Шыққан ол мына маңдайы
айдай жарқырап,
Қоңырат пенен Нөкістен.
Ай - хой, шаңы ұшқан, мұңды өткен күн,
Алыстан жеттім, сəуірінде бұл көктемнің.
Тақтакөпірдің ар жағы Қазалы менен Қызылордаға ұласқан.
Қызыл қан төккен
қызылдан қашып қыр асқан.
Кешегі сонау сүргінде,
Жоғалтып алып сұрасқан,
Жұртымды іздеп кеп тұрмын!
...Самалына маңдайымнан сүйдіріп,
Жұдырықтай жүрегіме зарлы
тарихты сыйдырып,
Тұлабой менен жандүниемді
қара ошақта күйдіріп.
Мынау асыл топырақ, өтпесе де табаннан,
Өтті күні шекемнен,
Бұл өлкеге бөтен бе ем?
Ерте алмай көркем еркемді,
Қимасам да Ірге Айырған өлкемді.
Жанарымды көзілдірік қалқалап,
Қатепті қара Нарларға ғана жүк болар,
Сағынышымды арқалап,
Кетем мен!
Қайран да қайран Бесқала,
Мəңгі бақи сағынуменен өтем мен.
Өн-бойымды билеп алған нала - мұң,
Арт жағыма қайта-қайта
бұрылып мен қарадым.
Қолын бұлғап қалып қойған
қарағым -ай, қарағым.
Мұңлы, зарлы сырын бүккен Бесқала,
Бөлшегі едің ғой
еміренген анау ұлы даланың...
***
Арканкерген
Жер ғой бұл іздеп мені қалқам келген!
Қолдан қару
түспесін балтаң белден.
О, мұңлы арқанкерген, арқанкерген.
Кешір мені жаныңды ауырттым ау,
қайран анам балқаймақ, талқан берген.
шатқалды тау келмеген көлік көптен,
Бар сырын о дүниеге алып кеткен.
Ең соңғы
оғын атып осы арада,
Əскери боздақтарым өліп кеткен.
Қаздар өткен төбеде қаңқылдаған,
Бұл өлкеден шық түсіп салқындаған.
Дауысы мына сайда қалып қойған,
Капитан Кереевтің саңқылдаған.
Есіне ауылдағы бұлақ түсті,
Жағалай жайқалатын құрақ күшті.
Алысып кеудесіне тиген оқтан,
Əніки бір жауынгер құлап түсті.
Айтарға кейінгіге сөз таппадым,
Қайғым мен қасыретімнің қозғап бəрін.
Бейбіт күнде ел қорғап, шекарада,
Шахид кетті əскери боздақтарым!
Мұражай мен мұрағат
Кездігі мен кебенегі аңшының,
Түр-түрі тұр шоқпар, гүрзі, қамшының.
Арғымақсыз ер-тоқымдар еркімді ап,
Ауыр-ауыр ойлар езіп, жаншыдың.
Қош болыңдар күміс жүген, үзеңгі,
Енді қайтып кездеспейміз біз енді.
Кезектесіп келіп-кетер көктеммен,
Әлдекімді салмайды ойға күз енді.
Кей ғалымның кейбір ісін атқарып,
Көп жоғымды табатындай боп қалып.
Жылдар бойы туған елді шарладым,
Мұражайлар, мұрағаттар ақтарып.
Ескі күбі ұстап көріп піспегін,
Еске түсті-ау бала күнгі істерім.
Ысқыланған аяладым келсапты,
Өңге айнала бастағандай түстерім.
Ардақты еді ерте көзін жұмғандар,
Мұражайда жәдігер боп тұрғандар.
Жарты ай сынды таналар мен түймелер,
Қошқар мүйіз торсықтар мен құмғандар.
Емдегім кеп жүректегі жарамды,
Есіме алып аяулы әже, анамды.
"Бес қараумен" мұражайда тұрған бұл,
Ата-бабам қорғап қалған даламды.
Қасиетті мұрағат пен мұражай,
Бару керек, көру керек сұрамай.
Жәдігер мен ескі құжат сөйлейді,
Кете алмайсыз жүрегіңіз жыламай.
Қанша жанның кеткен бағы жанбастан,
Көз жасындай мөлт-мөлт етіп тамды аспан.
Зарын айтар қолыңызға алсаңыз,
Құжаттар-ай, құжаттар-ай шаң басқан.
Қай қалада, қай көшеде сұрап ап,
Алу үшін бір барарсың ұлағат.
Сені күтіп тұрар қашан келер деп,
Сырын бүккен мұражай мен мұрағат.
***
Ата-бабамыз айтқан жоқ босқа "бес күн" деп,
Терең түсінген мұң-зарын ұлы даланың.
Кейінгі ұрпақ өзіңмен ғұмыр кешкім кеп,
Бүгінгі күннен алшақтап кетіп барамын.
Бүгінгі күнде ... той қуған қазақ топталып,
Ой қуған мені түрткілеп түртті, қарағым.
Тағы бір ерлік жасағым келіп оқталып,
Есімді бірақ жия алмай тартып барамын.
Туған соң адам бейітке қарай беттейді,
Арттағы ғұмыр көкейден бір сәт кетпейді.
Байлық, мансапты арқалап ешкім кетпейді,
Алласыз сенің төбеңнен құс та өтпейді.
Сағындым, қалқам, самалы аңқыған қыр таңын,
Жала жабылған шала тарихты жыртамын.
Құрта алмайды ешкім Ата Дәстүрің тұрғанда –
Ер қазағымның намысты, отты ұрпағын!
Тарихи мұра – аманаттары өлген жоқ,
Куә ғой оған тылсымды, түпсіз жер мен көк.
Сұрақтарым да бар еді тағы қоятын,
Ол жақтан әлі бір адам қайтып келген жоқ.
Ұлы далам-ай, қайран да, алтын бесігім,
Оттан да ыстық, айдан да аппақ есімің.
Туған сәтімде шырылдап, жылап ашқанмен,
Өлген кезімде жабатын мәңгі Есігім.
Екі дүниенің ортасындағы жауһарым,
Іздей беремін кеткенше әлім, қауқарым...
***
Ғұламаларым,
Ғұламаларым,
Білмейтінімді сұрап аларым.
Ұрпақты ойлап оңашаларда,
Сезбейді-ау ешкім жылап аларын.
Ғұламаларым, ғұламаларым.
Тамылжып піскен тамыздарым-ай,
Жанардан жасты ағызғаның-ай.
Ойлары терең, далама тартқан,
Қос ғасыр көрген Абыздарым-ай.
Антты да берген,
Сертті де берген,
Соғысқа барып, өртті де көрген.
Санаулы қалған ғұламаларым,
Жазылмайтұғын дертті де көрген.
Тәуелсіз болып атқанда ақ таң,
Кітаптар қанша басылып жатқан.
Бауырларының аштықтан өлген,
Сүйегін жиған шашылып жатқан.
Империялар мен алысқандарым,
Ғұламаларым, данышпандарым.
Зарығып күткен, сағынып жеткен,
Ағарып атты-ау алыстан таңың.
Түрме де көрген, айдалып кеткен,
Көкіректерін қайғы алып көптен.
Аяулы абыз, ғұламаларым,
Мұңдастарыма айналып кеткен.
Іні ғып мені ерткен еді,
Сырларын бүкпей шерткен еді.
Бесік пен бейіт аралығында,
Салт пенен дәстүр зерттегені.
Ғұламаларым,
Ғұламаларым,
Жауапсыз сұрақ сұрап аларым.
У-шуға толы сұм жалған мынау,
Біледі бір күн тына қаларын.
Ғұламаларым,
Ғұламаларым.
Ғұламаларым,
Ғұламаларым,
Сезді у-шу тына қаларын.
Біле ме олар туған жерінде,
Ескерткіш болып тұра қаларын.
Ғұламаларым,
Ғұламаларым.
***
Даламызға шапағатын шашты кім,
Кімдер келіп жасамады қастығын.
Айтыңдаршы, ағайындар, күні ертең,
Сақталмаса, не боламыз Дəстүрім.
Дихандарым уайымдайды астығын,
Мансапқорлар аңдиды тек бастығын.
Уа, халқым-ау, ойланайық, бүгін біз,
Сақталмаса, кім боламыз Дəстүрің.
Қашты кімдер, жаңалықтар ашты кім?
Жаңа заман, алға қадам бас гүлім.
Тіл мен ділің, дін мен рух түп-түгел,
Жоғалады сақталмаса Дəстүрің.
Шексіз сүйдім олпы-солпы халқымды,
Қаршадайдан шығарсам деп даңқыңды.
Туған елім сақтайықшы ежелгі,
Ырым-тиым, əдет-ғұрып, салтыңды.
Аталғанмен тәуелсіз ел, егемен,
Уайым-қайғы шеге берем неге мен?
Текеметім қайшылармен қиылып,
Сарайларға шығарылды Кебежем.
Ырымдарым – əжелер ғой аяулы,
Тыйымдарым – тəрбием ғой бояулы.
Қазанымнан қақпақ кетіп бұл күнде,
Көңіл шіркін қаяулы ғой, қаяулы.
Жаңа ғасыр бəрін үнсіз жалмады,
Етек жайды түрлі діндер тармағы.
Ғұрыптарым ұмытылып біртіндеп,
Салттарымның кетті азайып салмағы.
Салт-дəстүрім тықсырылып бұрышқа,
Қайран тілім туралғандай қылышқа.
Немерең мен шөбереңнің күні ертең,
Бөтен жолмен кеткені айтшы, дұрыс па?
Анталаған дұшпандарды байқашы,
Бүлдірмесін арамызды жайтасы.
Неге кірді басқа дінге бозбала,
Иманды мен имансыздың айқасы.
Экспонат боп қалмасын Күбің де,
Барлық салмақ түсіп тұр ғой Бүгінге!
Қазағым-ау жойылса егер Дəстүрің,
Жойылады Тіл мен Дінің түбінде.
***
Ұрпақты олар ойлаған жатырға əлі түспеген,
Сыр етіп сөзін айтпаған санада əлі піспеген.
Арғымақтары жарысқан аспанда ұшқан құспенен,
Қайран бабаларым ай!
Ішкі шерлерін бөтен сөздермен қалқалап,
Жүрген бұл мені ұғар ма екен шартарап.
Алашорданың аманаттарын арқалап,
Есіктен шыққан шалқалап,
Қайран даналарым ай!
Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Бөлісу: