Аңыздай жұмбақ ғұмыр
Бөлісу:
(әдеби эссе)
(сол жақта Ж. Әлмашұлы, оң жақта Д. Досжан)
Елге жол түсті.
Соңғы кезде сирексіп кеткен сапар болған соң ба, осы жолы өзгеше толқып, ауылдың әр тасына, әр қыратына дейін назар салып, қайта-қайта қара жолына қарағыштай беріппін.
Жанымдағы серігім - Әкім. Жо-жоқ, аудан әкімі деп ойлап қалмаңыз! Тіпті ауыл әкімі де емес. Ол - үлкен әріппен жазылатын Әкім. Өйткені, бұл маған тереңнен қозғап әңгіме тиегін ағытқан асыл ағаның есімі. Яғни, аты - Әкім, ал заты - ақын!
Әкім аға туған топырақтың арғы-бергі тарихынан сөз сауып, кешегі батыр бабалар Көкен, Құттықожа, Төлек, Айтбай, Сырғақтарды тілге тиек етуде. Қорасан мен Қылауыз баба, Бақсайыс пен Айхожа ишан, Сунақ ата мен Сабылт ата, сосын Құлан мен Құтбай секілді ақын-жыршылар, нешелеген қоғам қайраткерлері хақында еселеп айтады. Бірқатар жазбалары да бар болып шықты. «Әттең, елдемін ғой, елде жүріп ақын-жазушы болу азап, әйтпесе басын қосып кітап етіп шығарса, кемі 2-3 том болар ма еді, қайтер еді» деп қояды сөз арасында.
- Туған жердің тарихын мүлде аз біледі екенмін, сізді тыңдап отырып, соны байқағандаймын, - деп, мен ағымнан жарылдым. Әкім ағам күлді. Күлді де:
- Жазушы болсаң, ана Дүкенбай ағаңдай болғаның абзал, - деді. – Дүкең әрі тарихшы, әрі зерттеуші, әрі жазушы...
- Оны білем.... - деп күмілжігем.
- Жоқ, білмейді екенсің, - деді Әкім аға. – Білсең, бұлай сөйлемеген болар ең. Сен өзі Дүкенбай Досжан деген қаламгердің қандай тарихи көркем дүниелерін ерекше бөліп айта алар едің?
- Ол енді... көп қой. Айталық, «Жібек жолы...»
- Орта жолдан бастадың, - деп, ағам сөзімді бөліп тастады. – Сені бұлай жайдақ сөйлейді деп ойламап ем.
Мен де қисая тілге келдім енді.
- Немене, «Жібек жолы» осал роман ба? Нашар шығарма ма?
- Осал емес! Тіпті де осал емес! Мәселе, бірақ, мынада. Дүкенбай осы романға келмес бұрын қаншама әңгіме-хикаяттар жазды. Жазушы болып қалыптасып та үлгерді. Алдымен соларды атамайсың ба, а?
Ойланып қалдым. Көз алдыма Дүкенбай ағамның «Фараби» «Отырар», «Жусан мен гүлдер», «Түркістан» секілді шоқтығы биік повестері елес бергендей.
- Ертегі... - деді Әкім ағам. – Ертегі секілді бәрі де...
Сөзін сол сәтте түсінбей қалсам керек, аузым ашыла Әкім ағама қарап тұрмын. Әкім аға енді былай деді:
- Есіңде болсын, мына Сыр өңіріндегі шым - шытырық, тарау - тарау тарихты ертегідей етіп қара сөзбен жырлап бере алған қаламгер - ол Дүкенбай. Дүкенбайша есте жоқ ескі заманды тірілте сөйлету, жан бітіре жырлау - әркімнің-ақ арманы.
Менің ойыма Дүкенбай көкеммен болған бір мөлтек әңгіме орала берді.
***
2002 жылдың жазы.
Жазушы ағам Дүкенбай Досжан қырық жылдан астам уақыт тұрған сүйікті Алматысымен қош айтысып, Астанаға қоныс аударып, көшіп келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ-ты.
Бір күні ол кісі маған телефон шалды.
- Жұмыста отырсың ба? - деді.
- Жұмыстамын.
- Ерте шыға аласың ба?
- Білмедім. Жағдайға байланысты...
- Сені сағат жетіде үйде күтемін. Әңгіме бар.
- Жарайды, аға. Баруға тырысайын.
Сәтін салғанда, сол күні кеңсе жұмысында сәл-пәл тыныштық болды да, ертелетіп Дүкенбай ағаның үйіне тарттым. Сол айтқан уақытында есігінің қоңырауы басып тұрдым. Ағам есікті өзі ашты да:
- Е, мемқызметтегі жігіттердің бәрі мына сендей берген уәдеде тұратын болса, біздің Қазақстан жайнап-гүлдеп кетер еді-ау! - деп әлде арман, әлде өкініш, әлде әзіл... сөзін айтты.
- Ой, аға, үлкен басыңызбен сіз шақырған соң, кешігіп келуге бола ма!-деп, мен де ол кісіге қолпаш білдіріп, екеуміз залға қарай өттік. Үйде жеңгей жоқ екен. Бәсе, Сәуле жеңгем болса, ендігі аңқылдап, алдымнан шығып, «ой, данышпаным» деп жарқылдап сөйлеп тұрмас па!
- Жеңгең Алматыға жол жүріп кетіп еді, оңаша сөйлесейін дегенім ғой,-деп Дүкең де менің ойымды оқып қойғандай, дереу анықтама беріп жатыр.
Әңгіме бірден әдебиет жайына ауысып жүре берді.
- Мені білетін һәм қадірімді арттыратын қатарлас қаламгерлер, сыйлас жазушылар, құдайға шүкір, қазақ топырағында баршылық,-деп Дүкең әңгіме арқауын ағытты. – Биыл 60-жасқа толмақшы екем, мерейтойлық мақала жазатындар да табылар. Арманым ол емес...
Сәл тоқтады. Стаканға толтыра құйып, су ішті. Тамағын кенеді.
- Менің өмірім бейнелеп айтсақ, аңызға ұқсас,-деді сосын. - Кейде өзімді ертегі әлемінде өмір сүріп жүргендей сезінетін сәттерім көп... Оның себебі неде деп ойларсың сен...
- Қызық екен. Әрине, себебі...
- Себебі-мен әу баста қаламгерлік жолды есте жоқ ескі замандар шындығын түп-тамырымен қопарып ашамын деп, сол заманға шым батып кетіп, көркем сөзбен сурет сала бастаппын. Бір әфсананы екінші әфсана жалғады. Бір аңызды екінші аңыз тірілтті. Мен туралы осы күні тереңнен ой толғаса, әсте не Әбіш (Кекілбай), не Мұхтар (Мағауин) болар еді-ақ. Бірақ...
Тағы да әңгімесін үзді. Тағы да су ішті. Тағы да тамағын кенеді.
- Ол кісілер молынан қамтып қалам тербесе, ғажап болмас па еді,аға, - дей беріп ем, Дүкең сөзімді бөліп:
- Менің аңыздарым сонау ел ішінен, Сыр бойынан, Қаратау иірімдерінен һәм қызылдың құмынан бастау алып жатқан жоқ па!-деді.
Сосын тағы да былай деді:
- Әр жазушының көңіл түкпіріндегі асыл арманы - шығармаларының тағдыры қайдан, қай жерден басталып, қандай асу - белестерден асып һәм қай жаққа бағыт бұрғанын дөп басып білетін ойлы оқырманы көп болғаны...
- Ол ғана емес,-деді сосын тағы да. – Ең бастысы – жазушы үшін үлкен бақыт сол – сені мақтаса да, сынаса да біліп-түсініп, ақ-қараңды ажыратып, төресөз тізіп, қара қылды қақ жарған әділ әңгіме болса ғой...
Мен таңданулымын. Дүкенбай ағамның дәл осылай барынша шешіліп, бүкіл жан-тәнімен сыр айтып, ағыл-тегіл сөйлегенін алғаш рет көріп отырмын. Көп шешіле бермейтін, көп сыр шаша бермейтін көкемнің бүгінгі жағдайын қалай ойласам да, еш түсіне алар емеспін...
Есіме түсті. Бір жылы белгілі сыншы З. Серікқалиұлы Дүкенбай жазушы туралы былай деп жазды: «... Екінші қадап айтарым: Дүкенбай Досжанның ешкімге ұқсамайтыны, ешбір канон, қалыпқа сыймайтыны; сондықтан ба, кезінде қаламгердің сыншысы көп болды, бәсекелес, бақталас қатарлары да аямай тірсектеп қағып бақты...»
Бұндай әділетті - әділетсіз қиянаттардың біразын өзім де естігем. Өзім де білуші едім. Өзім де әркез іштей қынжылып қоятынмын. Қаншама өтірік-расы аралас өсек әңгімелер қарша бораған жылдар да болған. Біреулер тіпті қаламгердің табаны тайып кеткен сәтті дереу пайдалана қойып, өз ұпайын түгендеп алуға да тырысқан-ды.
Сонда... қаламгердің өзгеден оқшау құпия таланты, сөз құдіретін тануы һәм кестелі көркем дүние тудыруы-бәрі де түкке тұрмағаны ма?
Сонда... жазушының сөз айдынында жарқ-жұрқ етіп, алмастай жарқылдап, төгілте жазып, мейлінше жаңа қырынан танылуға талпынған әрбір ізденісі елеусіз қалып, қарапайым өмірдегі момын-момақан мінезі елге ілік, сөзге тізгін бола бергені ме?
Қараңыз: «...Ұшы-қиырсыз Жібек жолының бойымен лықылдай соққан сары жел бір мезет демін ішіне тартқан. Күн арқан бойы көтеріліп, демде қызған көсеуге ұқсап жер құйқасын көңірсіте түсті. Күйген иіс көтерілді...»
Бұл-«Жібек жолы» тарихи романының әп деп басталардағы алғашқы сөйлемі. Осы шығарманы қағаз бетіне түсірген кезде Дүкенбай жазушы отызға да толмаған екен. Өзінің тұстастарының біразы ол кезде енді-енді ғана танылып, алғашқы әңгіме-хикаяттарын жазып жүрсе керек...
Ал, жас жазушының осы романында қат-қабат тартыс, қыртыс-қыртыс оқиға һәм алыс-жұлыс кейіпкерлер қақтығысы бар. Көне тарихтың көркем суреті бар...
***
Менің осындай бас-аяғы бітпес ұшы-қиырсыз ойымды қасымдағы ақын ағам Әкім Мейірбекұлы бөліп жіберді.
- Дүкенбай қаламгерді бұл қазақ, шамасы, әлі түсініп болған жоқ. Әсіресе, тарихшылығын, терең тарихтан молынан қарпып, телегей сыр тарта, төгіліп жаза білетін сыршылдығын...
Әкім ақынның бұл сөзіне өзімше дау айтқан болып:
- Дүкең тек тарихи тақырыпты қаузаған жоқ, ол кісі бүгінгі заман туралы да кесек-кесек шығарма жазды. Әңгіме дейсіз бе, хикаят дейсіз бе, роман дейсіз бе...-дей бергенімде, Әкім аға:
- Ол бөлек әңгіме, - деді. – Мен саған туған жердің тамырлап тараған тарихын бейнелі сөзбен берудің үлгісі қандай болады деген жағдаятты түсіндіріп отырмын.
- Сонда,-дедім мен өзімше қисая сөйлеп. – Тарихты қаузап жазбаған жазушы-жазушы емес пе? Олар туған топырақты риясыз сүймегені ме? Бұл тақырыпқа ешқашан бармаған, өмірі мақсат-мұрат тұтпаған қаншама ғажайып қазақ қаламгерлері бар. Мысалы, Соқпақбаев...
Ақын ағам маған жалт бұрылып қарады да, дереу көзін тайдырып әкетіп, былай деп күбірледі:
- Күз де келіп қалыпты-ау,ә! - деді. Енді күз туралы ойға беріліп кетті білем! Мен ағамның көңілін аулайын деп өлең оқыдым.
- Жазира далама жетіпті-ау тағы күз қоңыр,
Қоңыр күзде қоңыраулы қызды өмір!
Алтын сырғалы ағаштар шулап, ән салып
Көгілдір байтақ далама тағы жүзді өңір!...
- Ой, сен...-деді Әкім ағам жалт қарап. – Сен менің өлеңімді оқыдың ба?
- Иә, сіздікі.
- Жатқа біледі екенсің ғой.
- Әрине. Баяғыда сіздің өзгеше мәнермен жазылған жырларыңызды оқып, ақын болуды армандаған. Ал, Дүкенбай ағамды танып-біліп, кітаптарын парақтай бастағаннан кейін, жазушы болу ғанибет екен деген тоқтамға келгем.
- Әй, қу бала!-деді ағам. – Ақыры Дүкенбай нағашың жаққа ауып кеткен екенсің-ау!
- Аға, шығармашылыққа ұмтылған әрбір жас өзінің өресі мен деңгейін тезірек аңғаруы ләзім. Мен, сірә, жөні түзу ақын болмайтынымды тез-ақ байқасам керек.
Әкім аға енді ойға түсіп, аз-кем үнсіздікке кезек берді. Мен ол кісінің өмір - жолын еске алдым.
Мен білетін Әкім Мейірбекұлы - өмір бойы Сыр бойында, Жаңақорған кентінде тұрып жатыр. Ешқашан үлкен қалаға ұмтылмады. Ақын едім деп арындап, ел алдында кеуде қаққанын да естімеппін. Оның отты да сұлу жырлары республикалық басылымдарда жариялана бастағаны-өткен ғасырдың 60-жылдары. С.Мәуленов, Т.Бердияров, М.Мақатаев, Т.Айбергенов, С.Жиенбаевтармен дәмдес болып, олардың аузынан жылы лебіз естігенін де көп айтатын. Тіпті ақиық ақын Ә.Тәжібаевтың өзі «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас алаш») алғысөз жазып, бір топ өлеңдерін жариялатқанын да білемін. (1966 жылы екен.) Содан бергі уақытта бары-жоғы 4-5 жыр жинағын шығарды. (Бұл енді тым талғампаздығы дейміз бе, қайтеміз?) Жазушылар Одағының мүшесі.
Жас күнімде Әкім ағам біздің үйге жиі-жиі келетін. Келген сайын мені оңашалап әңгімеге тартушы еді. «Талабың зор, тілің жатық, қаламды тастама» дейтін. «Біздің ағайындардан, жаратқан ие асылық сөйлетпесін, ақын-жазушылар аз шыққан жоқ, С.Мұқтарұлы, К.Өтжанұлы, Ү. Әйшенов, М.Арысбаев, Т.Отарбаев....» деп ұзын сонар тізімді жалғай беретін. Содан соң, бір дем алып болып: «Сен осылардың бәрінен де озуың керек» дейтін.
Бүгін ойлап қарасам-мені жас күннен жақсы жазуға, мықты шығарма тудыруға әзірлегені екен ғой! Жазудың қилы-қилы машақатына жасымасын, алмастай қайрала түссін дегені екен ғой!
Ағатайым-ай! Көңілің қандай кең, пейілің қандай таза!
- Біздің өмір өтті!-деп, дауыс шығара айтқанда, селк еттім. Ойым кілт үзілді.
- Өткені қалай, аға?
- Шығармашылыққа барынша ынта-ықылас қойып, қасиетті өнермен түбегейлі айналыса алмағаным өкінішті. Бойда бар қабілет - талантты аялап ұстап, мейлінше пайдаланбадық. Енді, міне, жас болса жетпістен асып, сексенге бет түзедік.
- Ал, Толстой 80-ге тақаған шағында «Қажымұратты» жазды деген дерек бар...
- Білем. Толстой - ол Толстой! Бізді ондай тау тұлғамен салыстырма,-деп алды да, сәл-кем бөгеліп, тағы да Дүкенбай ағам жайлы әңгімеге ауысты.
- Біздің елден шыққан Толстой – ол осы Дүкенбай Досжан болар,-деді. – Қарашы, артында қаншама мол мұра қалды. Әттең, жетпістен аса бере-ақ көз жұмды. Енді тағы да бес-он жыл өмір сүргенде, бұдан да көп дүние бере алатын жағдайы бар болатын. Дүкенбай досым шаршаған жоқ, қалжырағанын байқамадым...
Ол кісі сөйлеп отырғанда есіме тағы да Дүкенбай көкеммен болған бір әңгіме орала берді.
- Мен тәуелсіздікпен ілесе алғашқылардың бірі болып Алаш арыстарын тірілту бағытында аянбай тер төктім, інім!-деп еді Дүкең. – Сен менің 1992 жылы жарыққа шыққан «Абақты» деген тарихи эсселер кітабымды оқыдың ба?
- Оқығам,-деп күмілжідім.
- Оқысаң да атүсті қараған боларсың. Ол жарамайды. Ал, мен сол кітабымда М.Әуезовтің, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, М.Дулатовтың, А.Байтұрсыновтың істі болуы жайынан сыр суыртпақтағам-ды. Бастан-аяқ тарихи дерекке құрылған дүние. Сол асылдар бастан кешкен азапты, ауыртпалықты, қиянатты танып-білмейінше, еш қаламгер тыныш ұйықтауға хақылы емес. Мен соны білем.
Ағамен сөз тайталастырып, қайта ақталып жатуды жөн санамадым. Әйтпесе, «Абақтыны» әуелгілердің бірі болып алып, түп-түгел оқыған да мен едім. Өзім де Алаш арыстарының өмір жолын аз-кем қаузап жүрген соң, неге оқымасқа! Сол жылдары С.Қожановты, Н.Төреқұловты, С.Сапарбековті зерттеп, енді кітап жазуға бел байлаған кезім-ді.
Ойыма оралды.
Д.Досжан былай деп жазып қалдырыпты:
«...Әуезовтың қиналып келген кезіндегі медет тұтары - кіші мақсатын үлкен мақсатының жолына қия білетіндігі, келешек ұрпақпен жүздесетін, шүйіркелесіп әзіз ғұмырын мақсаттардың мақсаты деп түсінетіндігі...» («Абақты», 43-бет)
Менің Дүкенбай көкем ше? Ол да аз мехнат көрмеген болар-ау! Біріне өз мінезі себепкер болса, енді бірі – мойнына қиып салынған қиянат! Бірінен ақталып жатса, енді бірінен ақталуға да мұрсат бермеген қиын қоғам...
«Асылы» деп ойлайсың осындайда. «Әлемдегі ғұламалар мен ұлылардың көбінің өміріне көз жүгіртсеңіз, қиянаттан, кесапаттан, өсек пен өтіріктен, азап пен мехнаттан ада емес! Қай-қайсысының да өмір жолы тақтайдай таза, даңғыл болмағаны тайға таңба басқандай болып көрініп тұрады...»
***
2012 жылы Дүкенбай Досжан 70-жасқа толды. Бірақ, неге екені белгісіз, қаламгердің мерейтойын өз деңгейінде атап өту туралы еш жерде сөз болмады. «Осыны өткізу керек еді» деген ынталы топ бой көрсетпеді. Бәрі де селқос кейіп танытты.
Осындай күндердің бірінде Дүкең мені тағы да іздеді. Телефон арқылы сөйлестік. «Үйге кел» деді ағам. Бардым. Оңаша отырып сөйлестік. Сәуле жеңгем шәй құйып беріп, «ой, данышпаным» деп менің бетімнен сүйді де, «әңгімелеріңе бөгет болмайын» деп келесі бөлмеге шығып кеткен.
Дүкең осы жолы тым шаршаулы екенін байқағандаймын.
- Аға, бір жеріңіз ауырып жүр ме?-деп сұрадым.
- Тәнім сау,-деді ағам. – Бірақ жаным сау емес.
- Неге? Неліктен?
Дүкең ойланып отырды да:
- Жетпіс жасымды дүркіретіп тойламай-ақ қояйын деп шештім, інім, - деді. - Тек үйге мол етіп үлкен дастархан жаямын. Ең сыйлы деген оншақты кісіні шақырамын. Жеңгеңнің де ойы солай.
- Ол да дұрыс,-дедім мен Дүкенбай ағамды көңілдендірейін деп. – Осы жетпіс жасты міндетті түрде елге дабыралап, шулатып тойлауды кім ойлап тапты екен? Мынадай заманда...
Осы сөзді естіген Дүкең де сәл жымиып:
- Сол дастарханды сен жүргізесің,-деді. – Бәлкім, сені қазіргі аға буын қаламгерлер әлі де бала көретін шығар, ал мен үшін қалыптасқан жазушысың, өз қолтаңбаң бар. Оның үстіне – бір елдің суын ішкенбіз. Сенің әрбір сөзің-маған қуат береді. Туған ауылдың бойға шымырлап даритын саф ауасындай болады...
Келіспеске амал қалмады.
Үйге қайтып келе жатып, тағы да Дүкенбай көкемнің тарихи романы туралы ойлағам-ды.
«... Иен даладан дүркіреп жабайы бұлттар өтті. Адырлардан қарғын ақты. Қарғынның қызыл суы жолындағы қиыршық, тас, құм, бұта, ағаш атаулыны құмыға жұтып, қоймалжыңына араластырып, алысқа-алысқа әкетті...»
Бұл-«Жібек жолы» тарихи романының соңғы жолдары. Түйінділер тұсындағы сөз түзілімі.
Есіме түсті.
Қаламдас, сыйлас досы, үлкен жүректі жазушы Ә.Кекілбай былай деп жазды: «Дүкенбай Досжановтың бір шығармадан бір шығармаға баспалдақтан өсіп, тынымсыз ізденуі өзімді қатты қызықтырады....»
Олжас Сүлейменов жазады: «...Меніңше, Досжанов сөз қаруын қасиет тұтатындықтан да қаламға қажетсіз жерде жөнсіз жармаспайтын жазушы...»
Г.Бельгердің, В Бадиковтың, т.б. қаламгерлердің де ой-пікірлері жүрегіңді қозғайды.
***
Осы мақаланы жазу үстінде мен әртүрлі ойға ерік бердім.
Кеше ғана өмірден озған қарасөздің жүйрігі Дүкенбай Досжан туралы қалам тербегенде, бәлкім, оның шығармаларына үңіліп, тереңірек талдаған жөн бе еді. Айталық, тарихи дүниелерін бір бөлек, бүгінгі заман туралы роман, әңгімелерім бір бөлек - жеке-жеке сөз етсе ше! Оның ішінде «Жібек жолы», «Дария», «Зауал», «Табалдырығыңа табын», «Ақорда», «Алаң», «Мұхтар жолы» іспетті кең тынысты романдарына тоқтала сөз арнасақ ше! Болмаса отызға жуық әртүрлі тақырыптағы кесек-кесек хикаяттарын талдаған дұрыс па? Бәлкім, ең соңғы жинағы – 100 әңгімеден тұратын екі томдық кітабы сөз өзегі болғаны орынды ма еді?!
Жо-жоқ, біз зерттеуші емеспіз. Әдебиеттің әр жанрын түп-түгел тамырлап жазып, терең талдау да – біз үшін мақсат болмақ емес.
«Абақты» кітабында М.Дулатов туралы жаза келіп: «... Уақыт-сарапшы, тарих - таразы. Арада өткен жетпіс бес жылдан астам уақыт кімнің кім екенін таразыға салып өлшеп көрсетті. Дулатовтың өзіне тән тұлғасын ұрпағына енді ғана айқынырақ көрсетіп берді...» деген түйіндеме жасайды. Асылы, осы түйінсөз Дүкенбай қаламгердің өзіне де арналса, еш артық емес. Ол - шын бағасын енді ғана алады. Алдағы күндерде артындағы мол асыл мұрасы таразыға салынады. Шындық айтылады. Жазылады. Біз үшін ең керегі-Дүкенбай есімді кең жүректі қаламгердің көзі тірісінде айтылмаған қырлары мен қадір-қасиетін аша түсіп, артында қалған жас ұрпаққа оның әдебиеттегі ерлік істері мен шынайы азаматтық бет-бейнесін барынша ашып көрсету...
Оған шама-шарқымыз жетпей, сөзіміз жайдақ тартып, атүсті кетіп жатсақ, амал қанша! Барға-қанағат!
Айтпақшы, Дүкенбай – қаламгер туралы өзінің құрдас-досы М.Шахановтың былай деп ағынан жарыла айтқаны да бар: «...Дүкенбай туралы ойласам: алпысыншы жылдардың басындағы тарихи повестері «Отырар», «Фараби» еске түседі, ол маған тарихи тақырыптың пионері болып, ескі арнаны анық елестетеді...»
Ал, біз былай дейміз: Дүкенбай Досжан тарихи тақырыпқа барса да, бүгінгі күннің әңгімесін қозғаса да, өзіне тән стиль мен тәсілді еркін меңгеріп, жорғадай тайпалтып, ойға алғанын орындап қана қойған жоқ, соңындағы жас қаламгерлерге көркем әдебиетте қалай еңбек етуді, қалай табандылық танытуды да үлгі етіп қалдырып кеткендей...
***
Мен елден қайтар сәтте тағы да Әкім ағаммен аз-кем тілдестім. Ол кісі маған туған елді сүюдің ең үздік үлгісі - туған тарихты һәм кесек-кесек аңыздарды терең білу екендігін, оны көркем тілмен кестелеп жаза білу екендігін тағы да қадап айтты.
- Дүкенбай аға сияқты ма?- деп мен күліп едім, Әкім аға маған жалт бұрылып:
- Оның еш күлкісі жоқ!-деді. – Дүкенбай ертегі-арманмен өмір сүрген қаламгер. Оның бүкіл ғұмырын әдемі де әсерлі ертегі деуге болады. Ендігі жерде Дүкенбай – қаламгер туралы әдемі әфсана, әлде ертегі, әлде аңыз шығарма жазуға да болар... Осы ой ешқашан есіңнен шықпасын, бала!...
Тұп-тура Дүкенбай көкемнің өз аузымен айтқандарын маған қайталап тұрғандай.
Содан соң аз-кем тыныстап алып, бір өлең оқыды.
- Өгей көрмейсің өзгенің жырын,
Туысыңдай тыңдайсың өзгенің сырын!
Қуана білесің, қуанта білесің,
Осы ғой, осы, азаматтық қырың!...
Тоқтап қалып еді, мен де жұлып алғандай асыға сөйлеп:
- Кімге арналған жыр бұл?-деп сұрап үлгердім.
Ағам үндемеді.
Өлең туралы ләм деп тіс жармады...
Тек бір-ақ ауыз сөз айтты:
- Жақында үш ғасыр бұрын өмір сүрген аңыз адам - Көкен батыр жайлы көлемді тарихи дастан бастадым. Бұл да сол Дүкенбаймен болған әңгімеден өрбіген ой. Жетпіс бестің биігіне көтерілген келген ағаңның арыны қалай, шабысы қалай - оны осы туынды аяқталған кезде бағалай жатарсың, бауыр інім...
Ақын ағаммен қоштасып болып, поезға отырғанымда терезеден Сыр бойындағы менің туған топырағым – Жаңақорған аймағы көз алдымда дөңгеленді. Бұл -Дүкенбай туған жер. Бұл - Дүкенбай ағама алғаш ертек әуезін тыңдатқан, аңыз әлемге барынша жетелеген кең дала! Демек, осындай аңыз - дала аман болғанда, сол даланы өле-өлгенше қара сөзбен дамылсыз жырлаған Дүкенбай Досжан неге естен шығады? Жоқ, Дүкенбай – қаламгер тірі! Ол біздің жүрегімізде...
Елден бастау алған ертегі - арман бұдан кейін де жалғаса бермек! Өйткені, ол – «Мың бір түндей» ұзақ...
Жолтай Жұмат
Жазушы-драматург
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Бөлісу: