БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ, ақын: «Мен сал-серілікпен біраз «ауырған» адаммын»
Бөлісу:
«Көшпелі өмірде өскен біздердің дүние танымызда ұқсастықтар мол екені рас, әйтсе де оның барлығы жаңалық емес. Сөйте тұра, сол ортадан шыққан жаңа ақынды көргенде, жаңалық ашқандай қуанамыз. Мезет сайын өзгеріп, өшіп бара жатқан ескілігімізді аңсайтын кезіміз де жиілейді. Сондай кездерде Байыттың өлеңін оқығың келеді. Өйткені, ол сен аңсап жүрген сол ортада жүр, сол ортаның жақсылығына қуанып, жамандығына күйініп жүр. Қалаған сәтіңде ол сенің көкірегіңе сол сағыныштың нәрін тамызып, күш-қуатыңды еселеп, жігерлендіріп береді. Дүние затты алыстан аңсағаннан гөрі, көзбен көріп, қолмен ұстаған пайдалы... Көшпенділер үшін ең нәрлі өлеңдер Байыттың жүрегінде жатқаны да даусыз. Ақын түйсігі оны да дөп басатын сияқты», - дейді аудармашы, қаламгер Жүкел Хамай ақын інісі Байыт Қабанұлы туралы.
Иә, ақын айтқандай, Байыт Қабанұлының өлеңдерінен бүгінгі қазақ санасынан көмескіленіп бара жатқан көшпелі ғұмырдың сарыны еседі. Оның ақын туралы да түсінігі ерекше. «Ақын» атты эссесінде ол: «Ақындар үшін тірі жүрген уақытында ертең деген күн жоқ. Олардың ертеңі мына дүниені артына қалдырған күні басталады», «Сен базардан бар нәрсені сатып алуыңа болады, ақшаң болсаң болды. Сол секілді кім кім де ақын болуына болады, бірақ дарыны болса ғана», «Қырдың қызыл желіндей есіп, таудың асау суындай тасты тасқа ұрып тасып жататын шешен сөздің шеберлерін, ақпа сөздің ағындарын халық АҚЫН дейді. Иә, ағын ағын болғанда да жәй ағын емес, ертелі кеш лаулап көкке шапшыған от ағын» деп толғанады.
Қазақтың көшпелі қоңыр тірлігін кешіп, жасында ат үстінде, думан кештерде сал-серілік құрған Байыт ақынмен біз де аз-кем сұхбат құрған болатынбыз.
«Бүгін көп ұрпақ отырықты тірліктің салтымен тәрбиеленіп келеді. Олар тілесе де тілемесе де еуропалық мінез табады»
- Байыт аға, Сіздің санаңызға алғаш өлең деген киелі дүниені ұқтырып, ақын деген болмысты мойындатқан кім еді? Қандай өлеңі еді?
- Қыздар ғой бауырым. Осы қыздар қай ақынның мысын құртпады дейсің. Алғашқы өлеңдерім де сол қыздарға жазған хаттардан басталған....
- Ақындықтың алғашқы «белгілері» де сонда сыр берді дейсіз ғой?!
- Менің әкем кітапты көп оқитын адам еді. Біздің үйде көп кітаптар болатын. Содан ба екен жастайымнан кітап оқыдым. Ән айтып үйрендім. Сол кітап пен әннің әсері көп тиді маған. Жазғытұрым мал туған кезде, тіпті жазда да қой күзетуші едік түнде. Сол қой күзеткен түндерде, қой жайған өрісте кітәп оқуды нағыз көрсететін едім. Кітаптан әр түрлі оқиғаларды оқып, соларға еліктеп бір басқаша өмір сүргім келетін. Әрі қатты қиялшыл болып кеттім. Сол қиялшылдықтың соңы ақындыққа қарай бейімдей берді негізі...
«Әкемнің айтқан ақылы», «Апамның дауысы» атты кішігірім естеліктеріңізді оқып, нағыз қазақы тәрбиеде өскеніңізді білдік. Бұрынғы әке тағылымы, ана еміренуі мен бүгінгі отбасы тәрбиесінің арасындағы алшақтықтан не байқайсыз?
- Әрине мен малшының баласы болдым, малшылық деген нағыз көшпенді тірлік ғой. Енді тіршілігің жаз жайлау, қыс қыстау деп көшіп жүретін болған соң басыңнан кешесің. Үйренейін демесең де үйренесің. Өмір өзі үйретеді бәрін. Істеген іс, сөйлеген сөзіңнің бәрі сол тіршілікке байланысты ғой. Қай халықтың болмасын тілі, салты, дәстүрі... сол секілді бәрі бәрі тіршілігінен туындайтыны белгілі. Көшпенді тірлік өзі бай тірлік, сондықтан да көшпенділердің тілі де бай. Салт-дәстүрі де бай. Сол «байлық» балаға да бай тәрбие береді.
Ал қазіргі ата-ана мен ол кездегі ата-ананы салыстырып сөйлеуге келмейді негізі. Өйткені тірлік тұрмысы екі бөлек. Бүгін көп ұрпақ отырықты тірліктің салтымен тәрбиеленіп келеді. Олар тілесе де тілемесе де еуропалық мінез табады. Себебі тіршілігі, күнделікті көргені сол ғой. Бұл да атақты жаһанданудың түрі. Қазіргі ата-аналардың көпшілігі өзі сол отырықты өмірдің тәрбиесін көргендер. Олар анау қазақтың дәстүрлі тәрбиесін баласына берейін десе де бере алмайды. Өйткені өзінде жоқ. Оларға қалай кінә артасың?!
«Мен Әсет Найманбаевтің «Ақырғы өлеңін» оқып жиырма бір жасымда өзімнің ақырғы өлеңімді жазған адаммын»
- Өлеңдеріңізде де көшпелі өмірдің, қазақи болмыстың иісі аңқиды. Бір сұхбатыңызда жазба ақындыққа сал-серіліктен келдім деп едіңіз. Бәлкім, сал-серілікпен айналысқандардың соңғы тұяғы да өзіңіз боларсыз. Сол сал-серілік дәурендегі қазақтың ақындығы жайында естігіміз келеді?
- Иә мен сал-серілікпен біраз «ауырған» адаммын. Жақсы ат көрсем басқа дүниені ұмытып соның артынан кететін едім. Әкем Біржан – Сараның айтысынан бастап Біржанның байлауда жатып айтатын өлеңіне дейін жатқа айтатын. Кейін Сәкен Жүнісовтың «Ақан Серісін», Илья Жақановтың «Аққулар қонған айдын көлін» оқып сал-серілікке деген ауруым мүлдем асқынып кетті. Аттың жақсысын таңдап мініп, киімнің жаңасын таңдап киіп, қолға домбыра алып қайда думан той болса сонда кететінді шығардым. Біздің қазақ әсіресе көшпенді қазақ ғажап халық қой, сондай сән салтанатпен топтанып барып түсе қалсаң танысын танымасын басқа жұмысын тастап үлкен құрметпен қабыл алып мал сойып, себепсіз той істейтін еді. Сөйтіп таң атқанша ән, өлең айтып келесі ауылға қарай жол шегетінбіз. Ақындығымыздың шамасы қанша екенін айта алмаймын, әйтеу тыңдаған жұрт риза болатын. Мен Әсет Найманбаевтің «Ақырғы өлеңін» оқып жиырма бір жасымда өзімнің ақырғы өлеңімді жазған адаммын. Қатты ауырғанымның белгісі шығар. Өзім өлген соң біреулер оқыр мүмкін деп сақтап жүретінмін. Соңында іздеп таппай қойдым, шамасы әйел, бала-шағамның бірі жыртып тастаған болуы керек.
Ал сал серілік дәуіріндегі қазақтың ақындығы ол меніңше ғажайып еді ғой. Олардан қажет өнердің бәрі табылатын.
«Мен ертең немесе жүз жылдан кейін үлкен ақын болам, болмаса әлемге қазақ әдебиетін мойындатам деп ешқешан ойлап көрген емеспін»
- Сіздің «Ақын» деген эссеңізді оқып едім бұрындары. Сонда: «Уақыт ақын жанының жаралуын асыға күтеді, егер сәті түсіп нағыз ақын жаралса санын шапалақтап қуанады. Сосын, сол ақынды ақын қалпымен бұзбай сақтау үшін білмеген, көрмеген, байқамаған, түсінбеген секілді болып «ұмытып» кетеді» деген едіңіз. Сонда қоғамнан тепкі көру, уақытында мойындалмау, елеусіз қалу – ақын тағдырының жазылмаған қағидасы ма? Ақын – ақын қалпын сақтауы үшін жаңағы соқтықпалы, соқпақты жерлерден өтуі міндет пе?
- Жооқ, ақын біткен тепкі көру міндетті емес. Бірақ түсінесің бе, нағыз ақын қайткен күнде қай қоғамнан болмасын бір қақпай көрмей тынбайды. Өйткені оның жаратылысы таза жаратылыс. (Бұл жерде мен НАҒЫЗ АҚЫН туралы айтып отырмын) Ол өзі өмір сүріп жатқан қоғамының айнасы болып өмір сүреді. Айна қайтетінін білесің ғой, ол тымағың теріс қарап тұрса да сол қалпымен көрсете салады. Дәл сол сықылды нағыз ақындар айнымай таразылайды. Және соны жасырып жаппай ашық айтады, жазады. Сол қылығы қоғамға жақпайды. Қақпай көреді. Ең ғажабы сол қақпайды көрген сайын оның бойындағы дарыны желді күні күзгі далаға жіберген өрт сықылды құтырынады. Ақын ретінде мойындалмай қоймайды.
Ал уақытында мойындалмау, елеусіз қалу... дегендерді мен білмеймін. Өлеңдеріңді қандай бір дәрежеде халқың оқып жатыр ма, онда сен ақынсың. Онда сен еленіп жатырсың. Ал өкімет саған мың жерден орден, медель беріп жатса да өлеңіңді ешкім оқымаса, түсінбесе сен ақын емессің. Болды, менде басқа қағида жоқ.
- Сол эсседе «Өлең – баршаға түсінікті, қарапайым болуы қажет» деген ойды айтасыз. Интеллектуалды өлеңдер туралы не дейсіз?
- Жалпы түсініксіз өлең болу керек дегенге мен келіспеймін. Келіспеймін дегенім басқалар ондай өлең жазбасын дегенім емес. Кімнің не жазуы өз еркінде. Бірақ ешкімге түсініксіз болса ол туынды ешкімге ештеме бермейді деген сөз. Былайша айтқанда ешкімге қажетсіз. Бұл менің өзімнің ұстанымым. Басқалар қайтсе өйтсін, әйтеуір өзім барынша оқырманға түсінікті болуға талпынам. Сәл пәл бір жері түсініксіздеу өлең жазылса оны ешқашан кітапқа кіргізбеймін. Өйткені мен осы казір Монғолиядағы азғана қазақтың қажетін өтеу үшін талпынып туынды жасап жүрмін. Барған сайын ұлттық тілі кедейленіп бара жатқан жастарға түсініксіз өлең ұсынсаң ол себін тигізудің орнына кері әсер етеді. Сондықтан мен ертең немесе жүз жылдан кейін үлкен ақын болам, болмаса әлемге қазақ әдебиетін мойындатам деп ешқешан ойлап көрген емеспін. Алдымен өз халқыма бір тамшы болса да себім тисін. Әлем менімен кемімейді, кемімек тұрмақ керек те қылмайды. Өз ана тіліңде туынды жасап өз халқыңа жеткізе алмай отырып өзге әлемнің жоғын жоқтаймын десем ол құр далбаса ғана. Шындық осы.
Ал жүйелі түрде бір ел өз әдебиетін басқаларға таныту үшін көлемді іс жасаса ол басқа дүние.
- Бүгінде Моңғолиядағы қаламгерлердің қарқын-қарымы қалай? Жиі бас қосасыздар ма? Әдебиетке қаншалықты көңіл бөлініп отыр ол жақта?
- Монғол да өзіміз сықылды көшпенді халық. Бірақ мың жылдық мемлекет тарихы бар ел. Сонымен қатар соноу МОНҒОЛДЫҢ ҚҰПИЯ ШЕЖІРЕСІНЕН бастап бүгінге дейін дамыған әдебиеті бар. Сол әдебиеті жетеді өздеріне. Ал әдебиет саласына өкіметтен жасап отырған үлкен қомқорлық тіпті жоқ деуге болады. Кім не жазып не бастырып таратады өз еркінде. Бірақ белгілі дәрежеде ел арасында әдебиет оқылады. Былайша айтқанда әдебиет қажеттілігі бар деген сөз. Өлең поэзияны тіпті жақсы оқиды халық.
Ал жазармандар арасындағы қарым қатынас бар әрине. Ана мына ақын жазушының даталы тойын тойлау, поэзия кешін ұйымдастыру, кітәптің тұсауын кесу... тағы сол секілді іс-шаралар жиі болады. Бірақ ол ерекше әлем-жәлем шоу емес. Қарапайым оқырмандар келеді, ақын өлеңін оқиды, әңгіме дүкен құрады, оқырман да ақын да мәз болысып қайтады. Болды. Біз бір мектептің спорт залына да, даладағы алаңға да кешті өткізе береміз.
- Қазір шығармашылығыңызда қандай жаңа дүниелер бар? Алдағы уақытта қандай үлкен дүниені тудыру жоспарыңызда?
- Сондай бір керемет жаңалық жасап жатырмын дейтін ештемем жоқ, жаңадан жазылып жатқан өлең баршылық. Бірнеше кітапты баспаға әзірлеп қойып отырмын. Алла қаласа алдағы уақытта басылып шығады. Өлеңнің сыртында мен қысқа әңгімелер, эсселер жазамын соларға көбірек көңіл бөліп жүрмін. Ол да бүгінгі жастардың ертеңіне алаңдаушылықтан туындап жатқан нәрселер.
Ал алдағы уақытта не туындайтынын бір Алла біледі. Тек сөйтсем, бүйтсем деген арман дейміз бе жоспар дейміз бе дүниелер бар әрине.
- Сұхбатымызды соңғы жазған өлеңіңізбен тәмамдайық.
* * *
Жылқы ішінде ала жүр ойнақтаған,
Қыл мойнына қыл арқан байлатпаған.
Ұрылар жүр алаға шалма тастап,
Шалма түссе қайғымды қайда ақтарам.
Жылқы ішінде ала жүр кісінеген,
Ауырлады аланың ісі неден.
Мұң мен зарын тыңдайтын кім бар соның,
Кісінеуін қағазға түсір өлең.
Жылқы ішінде ала жүр үйретпеген,
Үйретпекке қойыпты сүйретпемен.
Сол сүйретпе мойнымнан алынбаса,
Айтыңдаршы мен қандай күй бөктерем.
Сұхбаттасқан: Наурыз САРША
Бөлісу: