Ғаббас Қабышұлы: Орашымды жоқтадым

Бөлісу:

28.09.2017 6010

Жазушының соңғы суреті. Дели, 1993 жыл

– Ғаббас аға, жаныңызға жақын ініңіз Оралхан Бөкей бақиға аттанғанда көкірегіңіз қарс айырылып жоқтау-естелік жазған едіңіз. Одан беріде 20 жылдан астам уақыт өтті. Асыл ініңіз есіңізге түскенде ойыңызға алдымен не оралады?

– Е-е-е... ата-бабамыздың көне де көркем мекені – Алтайдың аспанында туған сөнбес жұлдыздардың бірегейі еді Оралхан. Ол маған Алтай күнінің елшісі, Алтай таңының жаршысы тәрізденетін. Шын мәнінде солай да! Қазағының қуатты тілін ту етті, жазып оқырманын, сөйлеп тыңдарманын тамсантты. Исі қазақ білді! Иә, Ораш туралы айтары аз емес қазақтың бiрiмін. Жадымда жатталып, қатталып жатқан ой-түйiндерiмнiң оннан бiрi ғана қағаз бетіне түскен шығар. Қалғаны кезеңiн, кезегiн күтiп, көп күйбеңді тiрлiгiмнiң күндерiн санап көкейімде жатыр.

Ораш – әдебиетiмiздегi әйдiк тұлға болуымен ғана емес, жанымыз жақын бауырым болғанымен де қымбат едi. Кiтапханамда Ораштың жетi жинағы қатар түзеп тұр. Бәрiнде: «Ғаба!» деп бастаған iнiлiк жылы лебі – қаламының ыстық iзi бар. Алтауын оқыдым, орысша аудармасын ғана оқымадым. Тәржiме тiлi көбінесе солғын болады ғой, Ораштың ерекше оралымды, қарымды, қуатты көркем тiлiнiң орысшадағы құр сүлдерiне көз салғым келмедi. Сол кiтабын ұсынған өзiнен аудармаға көңiлi тұшынар-тұшынбасын сұрағанымда: «Ә, шыға берсiн де!» – деп әдетінше иегiн иығына қарай көтере күлiп қойған… Ал осы жетi кiтапқа мен күнде көз тастаймын. Жазу үстелiмнiң жанында, қолсозымда. Қараған сайын елес пен ой қабаттасып, қанаттасып кете барады. Ораштың, өр Алтайдың көңiлiмде бiр сәтке ғана тынған, тыншыған, тұнған кескiн сурет көрiнiстерi iлкi қайта жанданып, әрленiп, нәрленiп, сағыныш сезiмнiң мазасын алады, тербейдi, толқытады. Мен оған, олай болғанына әсте ренжімеймін, Құдай куә, кейiмеймiн, керiсiнше жанымды қалайда жылытатын, бiр тәтті мұңға, бiр сұлу елестерге кенелтетiн, мазасыздықты ой маужырасына жалғастыратын сағынышым үзiлмесе екен деп шын тiлеймiн.

Шығыс Қазақстанның «Коммунизм туы» деп аталған (қазiргi «Дидар») облыстық газетi редакциясының мәдениет және тұрмыс бөлiмiнде меңгеруші болып жүрген кезiмде Ораштың ауылдан анда-санда жолдап тұратын очеркiн, әңгiмесiн, хабар-ошарларын оқып, ең әуелi тiл құнарына қызықтым. Өзiм естiмеген, оқымаған сөздердi ұшырастырып, шын таңдандым. Өзiмнен әлдеқайда кiшi баланың соның бәрiн қайдан бiлетiнiн түсiнбейтiнмiн, ал кейде тiптi сене алмайтынмын, бiрақ сенбесiме қоймады, қызықтыра, тарта түстi. Орыс арасында өскен мен сияқтыларға таза қазақ ауылындағы Орашша тiлге жүйрiк болу тым қиын екенiн ақырында түйсiндiм, оның жазғандарына қалам тигiзуден тартындым. Алайда, амал не, әңгiме-очерктерiнің көбі өзiне қайтарылатын болды, біз жастар жақтағанмен, редактор мақұлдамайды, «ащы iшекше шұбатылған бiрдеңе екен, болмайды! Подвалдан асырмай жазсын!» – дейдi. «Екi нөмiрге бөлiп берелік» десек, шарт-шұрт шамданып: «Ол, немене, обкомның, облисполкомның қызметкерi ме едi?!» – деп ажыраяды. Марқұмның өлшемi «подвал», газет бетінің төменгі жартысы, болды да, облпартком мен облаткомның қызметкерлерiнен басқаның жазғандарын ол жаққа әсте жолатпады.

Бірде мен редакторға жел жағынан жақындап: «Қаламы ұшқыр жас екен, өзі елгезек те сияқты», – деп бипаздап сөйлеп, Орашты «редакцияға жұмысқа шақырсақ» деген жолдастарымның ниетін білдірдім. Ол тұста редакцияда журналистикадан хабары бар қызметкер жетiспейтiн едi.

Қысқасы, Ораш жұмысқа келдi, бiрақ үш ай ғана тұрақтады. Редакцияның жетi бөлiмi бар-ды, соның бесеуiн жаттанды сөз-сөйлемге әбден бауыр басып алған «тәжiрибелiлер», мамандығы журналшы еместер, басқаратын, солар Ораштың жазғандарына мұрын шүйiрiп: «Мынау қазақша емес, қазақ бұлай жазбайды!» – десiп кейкиетiндi шығарды, редактор оларды қостап кеңкiлдейтiн болды. Орашты жақтайтындар азбыз, бiздi кекселер тыңдамайды: «Әй, шырағым, сен бiзге ақыл айтатын жасқа әлi жеткен жоқсың!» – деп кергидi.

Бiр күнi Ораш: «Аға мен ауылға қайтамын!» – дедi. Мен не дейiн?! «Кiшкене шыдасаңшы… көрейiк…» – деп күмiлжiдiм. Ораш иегiн иығына бұрып тастап: «Құрысын!» – дедi.

Шығармашылық жолында ақ жаңбыры да, қара бұршағы да болған қаламгердiң бiрi Ораш екенін мен де бiлемiн. Ораш күйiнген сәттерде менiң бар айтарым: «Көреалмастың көзiне көк бөрi бол, бауырым!» едi. Қасаң тiртiптi жүйеде әдiлдiкке иек сүйеуден арғы игiлiктi күту қиямет екенiн, заман сенi өз еркiне иiп көндiретiнiн, пендешiлiк үмітпен сүйеген иегiңдi жұлқа жұлып алып итке тастай салмағанына шүкіршілiк етпеске лажың болмайтынын мен журналистiк жолымның ең бірінші қадамында- ақ басымнан кешiргенмiн. Орашқа: «Ерегес те жаза бер. Хикаяттарыңның, пьесаларыңның түпнұсқасы өзiңнен басқаның қаламы тимеген қалпында жеке мұрағатыңда жатсын. Таңдамалыңды шығарар тосқауылсыз кезеңiңе жеткенде түзеу-күзеусiз шығартатын боласың», дегенiмде ол сыңар езуiнен жымиятын… Ораш інімнің жазушы-суреткерлік шеберлігіне іштей мақтанатыным сияқты, оның екі қолын жанқалтасына салып шалқия, әлдебір алысқа басын сәл қисайта асқақ қарап келе жататынын қызықтайтынмын. «Тәкәппарсың-ау, бауырым! Бірақ саған тәкәппарлық жарасады! Еңсеңді биік ұстағаның жарасады!» деген ойымды оны көрген сайын іштей қайталайтынмын. Өзі бір құлшыныспен, құмарлықпен бейнелеген, ауызша әңгімелерінде де қызына жиі айтатын Кербұғысындай керімсал тұлғалы қашанда көз алдымда.

– Орекеңмен ұзақ уақыт көрші де болған екенсіз. «Көрші ақысы – құдай ақысы» дейтін қазақпыз ғой. Ініңіз жайлы көрші болды ма?

– Бiз сегiз жыл бойы (1976–1984) құдайы көршi болдық. Жамбыл көшесіндегі 165-үйдiң соңғы подъезiнде: 36-пәтерде – бiз, 39-пәтерде – Ораштар. Екi шаңырақтың сүйініші де, күйініші де ортақ болды. Сенбi, жексенбi күндерi Ораш та, мен де таңертең бiрiне бiрi қиғаш балкондарымызға шығып күншуақтаймыз. Жылдың жылы мезгiлдерiнде бас шұлғысып, қол көтерiсiп сәлемдесемiз. Көршi жiгiттердiң қайсыбiрi аулада, жанама шолақ көшеде керiлiп-созылып, ары-берi жүгiрiп жүредi. Ораш соларды иегiмен мегзеп: «Ғаба, аналардың жүз жасағылары келiп жанталасып жүргендерiн қараңызшы!» – деп лекіте күлетін. Ал салқын мезгiлдерде телефон шалысып, бiр-бiрiмiздiң уақытымызға «құда түсетiн» едiк. Жылыда ол «мәселе» балконда-ақ шешiледi, әрине. Мен «құдалықты»: «Ораш, шайқалып келдi ғой!» деп бастаймын. «Ғаба, трынькаға қалайсыз?» деп ол бастайтын. Маған картада «трынька» деген ойын барын айтқан да, үйреткен де – Ораш. Менiң «шайқалып келдi ғойым» – шұбат. Қаскелең ауданындағы бiр совхоздан аптасына он бес литр шұбат алдырып тұратын едiм. Асқазаным ауыратын, ал шұбат соған шипа десті. Алғаш алдырған күнi Ораш пен Айманды әдейiлеп шақырып, бiр рахат отырыс өткiздiк. Ораш: «Ағатай-ау, мынауыңыз әлгi жүгерiшi көсем айтқан коммунизмнiң нышаны ғой», – деп мәз бола отырып, сүйсiнiп iштi. Бiрақ ол екi кеседен артық iшпедi. «Осыны дәру деседi, солайы солай да сияқты, бiрақ үйренбеген асқазанымды үркiтiп алам ба деп қорқам», – дедi, жымың-жымың етiп. Бiр күнi: «Ау, Айекесi! Аға-жеңгемiзге аспаннан ақша жаумайды, мына аппақ балды текке iше бермей, кәне, төлеп iш!» – дедi ойнақы дауыспен. «Әрине, әрине!» деп Айман халатының қалтасына қол салды. «Аймаш, тентек болма!» дедiм, Ораштың «айдап салу» әзiлiне орай әдейi өктем үнмен. Аймаш екi алақанымен бетiн басып күлiп жiбердi. «Мен өзi тәп-тәуiр провокатормын, ә, жеңгей?» – деп Ораш Әсилаға қарап, шалқалап кеп күлдi. «Әй, жолдас «провокатор», сен де тентек болма!» деп iнiме жорта ажырайдым. Ол: «Ағатай-ау, бiздiкi жай қалжың ғой, әйтпесе, текке iшкенге не жетсiн!» – дедi жорта бұртиып. Бәрiмiз мәз-мейрам болдық. Сондай сәттер ұмытылар ма?! Сондай сәттердi қалай сағынбассың, ай, жалған дүние-ай!..

– Орекеңнің алғашқы жұбайы Айман қандай жан еді?

– Қарындасымдай болған Аймаш та ақкөңiл, адал жаратылыс едi-ау!.. Алла тағала бiр шикiөкпеге зар етiп, iштей еңiреп арманда кете барды... Аймаш бiздiң балаларды үйде болса үйде, далада болса далада көтерiп алып, аймалап сүйiп, кәмпит берiп, айналып-үйiрiлетiн, кiшi қызымыз Жанарға қуыршақ әкеліп жүретін, кейде үйлерiне алып кететiн, бiрер рет көйлек кигiзiп, бантик байлап алып келгені де бар. Ол қылығына: «Аймаш, тентек болма!» – дей алмадым. Ерiксiз жұбанышына жүрегiмiз жаншылатын. Әсила да аңқылдаған көңiлшек адам едi: «Аймаш Жәкөндi орайынан иiскеп-иiскеп жылап жібередi…» – деп өзi де егілетін. Мен көз жасы құрығырды жұтып отыратынмын. Ораштың да маған бiрде бар мұңын шағып, Аймаш екеуiнiң айырылысуға келiскендерiн, «менен ең соңғы белгi осы болсын!» деп алғашқы кiтабына қоштасу сөзiн жазып бергенiн, бiрақ айырылысуға өзiнiң дәтi шыдамағанын айтқаны бар. Мен не дейiн?! «Бастарың жас, түңiлмеңдер…» – дедiм.

...Ораштың бала сүйiп, әке қуанышына бөленiп жүргенiн де көрдiм. Джинс деген жарғақтан пенжақ-шалбар киген екі, үш жастағы Айханын жетектеп жолыққан сайын: «Ғаба, жерден жаңа көтерiлiп келе жатқан мына А.О.Бөкеев жолдастың сиқына қараңызшы!» – деп мәз болатын едi…

Қырқынан кейiн үйiне әдейiлеп барып, кейiнгi келiнге, оның «папасымын» деген бурыл бас ағайынға Ораштың әдеби мұрасына мұқият болсақ, жаңаларын шығаруды ойластырсақ, бiздiң Аударма алқасына мақалалар жинағын тапсырмақшы едi, соны қолжазбасын қарасақ дегендей ойларымды бiлдiрдiм», – селқос тыңдап, үнсiз шығарып салды. Жерлес ағасы, танымал қаламгер Қалихан Ысқақовқа айтып едiм, ол: «Жаңа келiндi бұрын бiлмеушi едiм, олармен Дидахмет пе, бiр жiгiттер жақын жүретiн, соларды жұмсармыз», – дедi де, сонымен тындық.

Пенде ғой, немесе марқұм болып кеттi ғой деп емес, қаламының қуатына тәнтi болып қамқорлық жасау тым сирек ұшырасатын жәйт емес пе? Ораш сол шын қамқоршыға, әсiресе, қолжазбасын кiтапқа айналдыру ойын iске асыру кездерiнде, жари бермеді. Сол күйге ендi әдеби мұрасы душар болмаса екен!

…Айманды арулап аттандырған Оралхан төсек жаңғыртты. Алланың алды кең ғой, едел-жедел екі перзент берді. Ораш Айхан атты ұл, Айжан атты қыз сүйді. Біз де сүйіндік. Бірақ, ойда жоқта өкініш килікті. Үндістанға сапар шеккен ақын-жазушылар тобының жолбасшысы Ораштың Делиде ұйқысынан оянбай қалғанын мәлім еткен суық хабар келіп жетті. Орашымыз 49 жаста ғана еді. Мүшел жас...

Айханы төрт жасында, Айжаны үш жасында мейірімді Әкеден айырылды… Біз аяулы азаматтан, ұлы қаламгерден айырылдық… 1993 жылдың мамыры көз жасын төгіп тұрды… Елі, халқы Оралханын жоқтады… Мен Орашымды жоқтадым…

– Орекеңді соңғы рет көрген сәтіңіз есіңізде ме?

– Жұмыр басты пенде не ойламайды, есiне не түспейдi, көз алдына не елестемейдi. Ораш аты аталған сайын, сөремдегi кiтаптарын көрген сайын оның кабинетiме еркелене шайқала басып кiргенiн, жымыңдап отырып сөйлескенiн, қиық көзi жұмыла күлiп, қолымды қысып қоштасқанын, ақын Нұтфолла Шәкенов жазғандай, «кеудемде суретi қалғанын» сезiнемiн. 1993 жылғы мамырдың үші күнi сағат 12 мөлшерiнде:

– Можно? – деген ол, есiктi айқара ашып. Әзiлдескiсi келгенде әуелi орыстың осы сөзiн алдына сала сөйлейтiнi бар едi.

– Всегда можно! – дегенмiн, көңiлiнiң желпiнiсiн қоштап.

– Құдай қосса, ертең Делиде отыратын болдым, Ғаба-аға!

– Түркияға қашаннан берi Дели арқылы ұшатын болыпты

– Маршрутты өзгерттiм. Үндiстанға баратын болдым.

– Е, неге? Түркияға бармайсыңдар ма, кейiнге қалдырылды ма?

– Олар ертең ұшады, ал мен бүгiн кешке ұшамын.

– Мұның қалай?

– «Адам айдаса – барман, дәм айдаса – қалман» емес пе, Ғаба-аға? Маған Үндiстанға жол түстi.

– Ораш-ау, онда қазiр күн күйiп тұр ғой, 40 градустан асқан ыстық дейдi. Қан қысымың жоғарылап мазалап, «көк қағазбен» бiр айдай жүрiп, жұмысқа шыққаның кеше ғана, қалай болар екен?

«Көк қағаз» дегенім жұмысқа уақытша жарамсыздық туралы бюллетень ғой.

– Ештеңе етпес, Үндiстан көне мәдениет елi ғой, оны бiр көру арманым едi, сәтi түстi, барып келейiн. Түркия мына тұрған жер, оған әлi талай барармыз, ол оңай. Осы жаңалығымды айтып шыққалы келдiм, Ғаба-аға. Сiзге не сувенир, то есть, нендей байғазы әкелейiн? – дедi ол күлiмдеп.

– Сауынға жарайтын бiр пiл ала келсең, сол да жетер, – дедiм.

– Самолетке сиса – бiттi! – деп күлдi.

– Ендеше, жолың болсын, бауырым! Армансыз аралап, рахаттанып, аман-сау орал!

– Сау болыңыз, жеңгейге сәлем айтыңыз!

Орашты соңғы рет көруiм сол болды... Түркия сапарынан айнымаса... Үндiстанға бармаса… Ей, пендешiлiк-ай, қай-қайдағы ой қаумалағанда қайсысына бодан боларымды бiлмей мүлгiп қаламын… Әкем Қабыш нағыз құмар аңшы болған едi. Құсбегiлiк әңгiме бола қалғанда: «Алтайдың ақиығы құзжартаста жанып, шыңда сөнедi», – деп отыратын. Бала кезiм ғой, ол «жану» мен «сөнудi» түсiнбейтiнмiн. Кейiн аңдадым. Оралхан ғұмыры сол бейнелi сөздiң мәнiн және бiр растады... Шыңғыстай мен Дели арасын жалғаған қысқа ғұмыр!..

Бөлісу:

Көп оқылғандар