Қызырбек Дүргінбайұлы:Поэзиядағы үзіліс немесе кідіріс...

Бөлісу:

05.10.2017 6701

Поэзия халық тағыдырымен бірге тамыр жаятын – рухани құндылық. Жалпы әрбір халық өзінің тағдыры мен тарихын өлең-жырының өзегі мен тармағынан тауып жатады. Біз зерттеу жұмысымызды жазу барысында Моңғолия қазақтарының тарихы мен тағдырын өлең-жыр өзегінен тауып келе жатып, кілт тоқтадық. Халық тағдырының рухани үзілісіне тап болғандай әсерде қалдық. Себебін іздедік, салдарын таптық. Бұл рухани бір буынның алмасуының әсері екен. Осы орайда кім? қашан? қалай? қайда? алмасты деген сұрақтар санаңызға оралары қақ. Оның жауабы: Қазақ елі 1991 жылы тәуелсіздік таңын қарсы алған тұста шекара сызығының сыртында қалған қазақтар ата қонысқа ат басын бұрды. Озбыр империялардың иелігінде қалған жерлерін, яки, баба қонысын басқаға тастап, барлығы кетіп қалмады. Халық қақ жарылып аға бауырдан, әпеке сіңіліден, нағашы жиеннен ажырап, ел іші екіге бөлінді. Бірі байырғы баба қонысын қимай қала берсе, енді бірі ата қонысқа көштің бетін бұрды. Ел екіге бөлініп, ағайын арасындағы алыс-беріс үзілді. Біз айтқан рухани үзілістің де, кідірістің де себебі мен салдары осы тұста басталды. Көшкен елдің қатарында бай-бағлан да, кедей-кепшік те, әнші-биші де, әкім де, ақын да кетті. Яғни, ат төбеліндей қазақтың көшкен елмен бірге рухани бір буыны кетті. Кетті дегеннен алмасты дегеніміз жөн шығар. Өйткені, рухани сол буын ата жұрттың руханиятына үлес қосып, рухани арнасын толтырды. Өз елінде жүріп, өмірін өлеңге айналдырды, өз елінде өлең болып көктеді. Біздің зерттеу жұмысымыздың нысанасына айналған Алтайдың ховда бетінен келіп, қазақ даласын қара өлеңмен өрнектеген ақындардың біразын ғана атап айтар болсақ, олар: Дәулеткерей Кәпұлы, Ақеділ Тойшанұлы, Ақсұңқар Ақын-Бабақызы, Ықылас Ожайұлы, Бауыржан Қарағызұлы, Ербол Бейілхан, Ержан Жаубайұлы, Айжан Табаракқызы, қатарлы т.б ақындар өлең өлкесінде өзіндік жолын тапты. Біз бұл ақындарды бір буын ретінде қарастыруды жөн көрдік. Себебі, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Зұфар Сейітжанұлы «Ақыт ақын» атты оқу құралында: «Бүгінгі таңда тәуелсіз ел болып, еңсе көтердік. Бұрынғыдай жасқаншақтап, жалтақтайтын заман келмеске кетті. Тарихи шындықты жасырмай да, асырмай да айтатын уақыт келді. Ата жұрттан алыстағы ағайындар ат басын бұрды. Олардың рухани мұрасын зерттеу де қолға алына бастады. Бұл – ұлттық-әлеуметтік қажеттілік. Әлемнің әр түрілі елдерінде тұратын қандастардың сөз өнерін қара шаңырақтағы қазақ әдебиетінің бір саласы ретінде қарағанда ғана, қазақ әдебиетінің тұтас тарихы жасалмақ»,-деген еді [25]. Біз Зұфар Сейітжанұлы айтқан қазақ әдебиетінің сыртта бүр жарып, іште гүлдеген бір бұтағын зерттеп, зерделеп көрмекпіз.

Туған жер топырағында бүр жарып, өзге топырақта көктеу адамды қойып, табиғаттың төзімді бөлшегі ағаштың өзіне оңайға соқпайды. Кейбірі солып қалатыны да бар. Біз тілге тиек етіп отырған ақындар солмады, көгеріп, көктей түсті. Себебі, баба рухы дамылдаған ата қонысына келген еді. Бұл ақындарда бір ғана өкініші бар. Ол – шекара сызығының сыртында қалған, кіндік қаны тамған туған топырағы. Ақын Дәулеткерейше айтсақ:

«...Шіркін Алтай бері болсаң «сызықтан»,

Қансонарда алтайыңды ілмес пе ем?!

Көксоқтада көктемірге мінгеспей,

Көкжорғаның жотасында жүрмес пе ем?!»,-дейді [26].

Бәріне ортақ бір мұң бар. Ол мұң – сағыныш. Ақын Дәулеткерей Алтайдың арғы бетінен бергі бетіне асып түсті. Өзі айтқан, өзегін өртеген «сызықтан» ғана өтті. Байбесіктің жері тура тартсаң алыс та емес. Ақынның «Қансонарда алтайыңды ілмес пе ем?!»,-деп жырлауының жөні сол. Қансонарлатып барып «алтайы қызыл түлкіні» қағып ғана қайтатын жер. Жақын, жақында болса алыс. Өкініштісі өзгенің иелігінде. Осы өлеңінің бастауында ақын бастапқыда біз айтқан ойды өлеңмен өрнектепті.

«Өр Алтайда өркен жайып гүл дестем,

Қайыртының жағасында күн кешкем.

Әрине, бұл бабам өскен топырақ

Астанада шығып кетер күнде естен...» [26].

Баба қоныста бүлкілдеп соққан жүрек сыры. Өлеңмен жазылған өмірбаян. Өлеңмен жазылған тағдыр. Ол ақынның тағдыры. Тағыдыр екендігін мына бір өлеңі өзі айтады: «Жақпарда өскен жалқы қасқа қайыңдай, жанарыңда жәудіреймін тағдыр боп»,-дейді [26]. Екіге бөлінген жүрек бүлкілі. Бұл біздің емес, Жайырда туған Жәркен жыраудың сөзі. «Шекара бөлді екіге жүрегімді, анамның құрсағында жатқан шақта-ақ» – деп жырлаған, шекара шебін бұзып өткен Жәркен жырау. Бір – тағдыр, екі – ақын. Ортақ сағыныш. Жүрегі екіге бөлінсе де, тілегі бір Дәулеткерей жалпы қазақ әдебиетінің бір буынының белді өкілі. Поэзия парағына көшпелі тірліктің соңғы суреттерін сөзбен сызған ақын. Дәулеткерей поэзиясына пікір білдірген Әбіл-Серік Әбілқасымұлы былай деп ой түйеді: «Бізге көшпелі қойшының қойын құрттап, айранын ұрттаған патрихалды тірлігі емес, сөзге келмей, жауының басын кесіп қолына беретін жаугер рухты поэзия керек. Ондай поэзия Дәулеткерейлермен бірге әдеби өмірімізге енді. Қалайық қаламайық поэзиямыздағы номадизм үстемдігіне ақыра ұрыс ашқан қазақ әдебиетіндегі – шумерлікті Дәулеткерейдің буыны емес, уақытын күтіп жатқан шумерліктің тап өзі өмірге әкелсе, Дәулеткерейдің буыны әр қазақтың санасының түкпірінде бұғып жатқан бағзы алаштық жадыны оята отырып шумерлікті ел өркениетіне мәдени аяда тарту етті»,-дейді [27]. Дәулеткерей өз буынын өлеңнен өгейсіткен жоқ. Жұмыр жердің бетіндегі қос мекенді тағдырын жұмыр жырға орап, оқырманына ұсынды.

«...Күрсіне айтып жұртқа жырымды,

Естідім үнін ұмайдың.

Түркіден қалған түп қазығымды,

Құшақтап тұрып мұңайдым.

Балалығымнан балғын ғұрпымнан,

Баян таптырар жоқ бейне.

Айналсоқ тауып алдым жұртымнан,

Айналып қайта соқ дей ме?!» [27].

Туған жұртын аңсаған ақынның генетикалық түйсігін көне түркілік танымы түрткілеп оятқандай. Алтайдың айналасы көне түріктің ата қонысы екендігі айдай анық, түпқазығы екендігі тайға таңба басқандай дәлелді. «Түркіден қалған түп қазығымды, құшақтап тұрып мұңайдым» – дейді ақын. Түпқазығым дегені Баян-Өлгий өңірінің кез-келген жерінен кездесетін сына тастар мен балбал мүсіндер. Орағытып арыдан айтар болсақ әлемге әйгілі Орхон – Енисей жазба ескерткіштері қазіргі Моңғолия териториясында. Осы балбал тастарды ақын – бабам деп қастерлейді. Мына бір өлеңінде: «Балбал тасқа бас сүйеп, қалғып кетсем тілегім»,-дейді [26]. Тіпті ақын балбал тасқа айналған бабаларымен бірге мәңгілікке дамылдауды тілейді. Ақынның ішкі әлеміндегі рухани бояуы осылай өлең болып, өлең түріндегі сурет болып санаңызға сызылады. «Балалығымнан балғын ғұрпымнан, баян таптырар жоқ бейне»,-дейді. Жылжып аққан жылдарды артқа тастап, туған жұртына оралған ақын балалығын іздейді. Бірақ, таппайды. Уақыт уыста тұрсын ба?! Сырғып аққан сағым жылдармен жылжып кеткен. Тіршілік бесігін тербеткен өмір процессі өз қазанында қайнатып, өзгертіп үлгерген. Балалығы енді еміс-еміс еске түсер естелік болып ғана қала бермек. Өлеңді ақын, өзгеше түйіндеген. Үміті үзілсе де, ішкі арман мұраты, аңсары басым ақын, «айналсоқ» тауып алуын жақсылыққа жориды. Ақынның ішкі түйсігінен түбі түркілік мекенімізге иелік етерміз деген алыстағы арман оты жылт еткендей. Дәулеткерей жылтыр ақын емес, жылқы мінезді ақын. Өлеңдері таза, тәкаппар, өр мінезді. Жырлары жылқы болып кісінеп, шұрқырап шұрайлы тілмен өрнектеліп тұрады. Өлең соңын айналсоқпен түйіндеуі де сондықтан. Жылқы танымы айналдырып әкеліп айналсоққа байлаған.

Ақын ата жұртта жатып, туған елге деген сағынышын өлең қанатымен ұшырады.

«Сұраған аға,

Құлазып жүрмін медиан құба далада.

Ал менің анау Алтайым, теріскейімнің

Жайлауында әлі жылан көз бұлақ ағама...?!

... зар шегетұғын

Жас жүрегімнің шығарды қанша ер өкімін?!

Көшпенділікке жоқтықтан өшпенділігім,

Жыланқияқты жинап ап қамшы өретінім...» [26].

Өлеңмен сырласу, мұң шағу әдебиеттегі дәстүрлі үрдіс. Арнау өлеңді қазақ әдебиеттану ғылымында алғаш енгізіп, ішкі жанрлық түрге жіктеген А.Байтұрсынов: «Арнаудың өзі үш түрлі болады: жарлай арнау, сұрай арнау, зарлай арнау» - деген. Бұл Дәулеткерейдің Сұрағанға жазған сұрай арнауы. Көп ішінде – бір жалғыз. Бұл ақынның тағдыры.Теріскейінде терлігі мұздап жүрген Сұраған ағасына сыр шертеді. Бұл өлең ақынның Сұрағанға деген сыры, туған жерге деген сағынышының формуласы. Сұрағанға сыр шертуінің жөні бөлек. Сұраған Баян-Өлгий қазақтары әдбеиетінің аға буынының белді өкілі, әдебиеттің ауыр жүгін арқалаған ақын. Моңғолия қазақтарының әдебиетінде өзінен кейін бір буын үзілсе де, кейінгі буынға поэзия тізгінін жалғап жіберді. Ал, Дәулеткерейдің көңілінде көшпелі өмір әлі көшіп жүр. Ақын «көшпенділікке жоқтықтан өшпенділігім, жыланқияқты жинап ап қамшы өретінім» - дейді. Бәріміздің де есімізде өрмеші болуға талпынған алғашқы әуестігімізді жыланқияқтан қамшы өрумен бастағанымыз. Өлеңнің осы шумағынан өзіңнің бала бейнеңді көресің. Қазақта «жігіттің бесқасқа жүгені, алты өрім қамшысы болса бақытты болады» деп жатады. Дәулеткерейдің жылқы түйсігі ішкі әлемінде кісінеп, он алты өрім қамшының орынына қауырсын қалам ұстап, жырдан таспа тіліп, өлең өріп жүр. Көшпенді тірлік өмірінде болмаса да, өлеңінде көшіп жүр. Ақынның бұл тақырыпқа айналсоқтап соға беруі түркілік танымы мен қазақы қанындағы түйір дән.

Ал, сөз төркінін аңыз астары мен жазба әдебиеттің іргетасы болған фольклордан қарастырып жүрген ақынның бірі, біз қарастырып отырған Моңғолия қазақтары әдебиетіндегі алмасқан буынның белгілі өкілі Ақеділ Тойшанұлы.

«...Дәуірлердің дегенін құп аласың,

Сары даланы енші еткен бұл алашың.

Сахарада кезіксең балбал тасқа,

Құшақтайсың бір мезет қуанасың.

Нәзік торды тербетіп жел лебі,

Айпарадай тас жазу көрінеді.

Айналады дәуірлер мезеттерге,

Уақыт жібі мәңгілік керіледі...» [29].

Ақын байырғы жазулармен өрнектелген балбал тастарды мәңгіліктің парағы деп білетіндей. «Айналады дәуірлер мезеттерге, уақыт жібі мәңгілік керіледі...»,-деп қазақтың мәңгілік ел болғандығын және бола беретіндігін меңзейді. Ұлттық әдебиетімізде әр суреткер өзгеше көркемдік форма табуымен ерекшеленеді, өзгелерге ұқсамайтын соны сүрлеуімен дараланады. Сөйтіп, әдебиет тарихынан орын алады. Әйтпесе, оны зорлықпен оқырманға таныту мүмкін емес. Көзге көрінбейтін өзгеше тін – фольклор. Осы тінді зерттеу арқылы Ақеділ Тойшанұлы оқырманмен біте қайнасып, оның жүрегіне жол таба білген. Себебі, әр қазақы оқырманның бойында ана сүтімен бірге дарыған, ұлттық сана, ұлттық діл бар. Соны дамытатын, жарыққа шығаратын бір жол – сөз өнері десек, сол өнердің шектеусіз мүмкіншілігін дұрыс пайдалана білген суреткер ғана классикалық дәрежеге жете алмақ. Ақын «дәуірлердің дегенін құп аласың, сары даланы енші еткен бұл алашың» деп тарихи тамырымыздың тереңде екендігін, алаштық арманымыздың астары балбал тастың жақпарына жазылғанын баса айтады.

Моңғолиядағы қазақтарды «қазақ диаспорасы» емес, қазақ «ирреденті» деп атауға болатындай. Себебі, олар жасап жатқан өңір геотарихи тұрғыдан алғанда байырғы Қазақ даласының құрамдас бөлігі. Осы бір байырғы мекенде көне таным түйсігін отаршылдық опатынан аман сақтап қалған буын, қазақ даласында өз өнерін еркін өрістете алды. Солардың бірі Ақсұңқар Ақын-Бабақызы.

«...От кешкен бала шағым-ай,

Арманнан жүрер арылмай,

Шыңына ғана талпынтқан,

Өр Алтай,

Боғда Тауым-ай!...» [30]

Таудан да биік арман арқалаған ақын алғашқы қадамынан із қалған, Өр Алтай Боғда тауынан алыста жатып, жыр азабымен арпалысқандай. Ақын «от кешкен бала шағым-ай» - деп жаман мен жақсыны, ыстық пен суықты, айыра бермейтін аңғал шағын аңсайды. Ақынның әрбір өлеңінен өмір өрнегін көруге болады. Өмір сүрген қоғамының тарихи әлеуметтік жағдайын аңғарасыз. «Әдебиеттің жалпы даму үрдісін қарастыру ең алдымен сол әдебиет оятқан ұлттық сананың болмысын бағдарлауды шарт тұтады. Ол үшін сол тұстағы тарихи әлеуметтік жағдайларға назар сала кеткен орынды» [31]. Ақсұңқар ақында да сол баяғы көшкен елдің оймақтай жұртында қалған сар тап сағынышқа оранған.

«Гүлдің түсі қып-қызыл,

Күннің түсі қып-қызыл,

Ерініңнің іш-сырты,

Тілдің түсі қып-қызыл.

Гүлдің тісі сап-сары,

Күннің тісі сап-сары,

Жүрегімнің іш-сырты,

Жырдың түсі сап-сары.» [30].

Ақын түр-түстің әр түрін терең философиялық ой-сезіммен қолданғанын көреміз. Жер бетіндегі әрбір халықтың шығу тегімен, ұлттық танымымен, салт-дәстүрімен астасып жататын түстер құпиясы ақынды тереңге жетелейді. Ал ақынның «жүрегімнің іш-сырты, жырдың түсі сап-сары» дегенін айтқызбай-ақ ұғуға болады. Өлеңнің өзі өмірге деген сағыныштың формуласы. Ақынның айтпағы да осы. Өлеңдегі сағыныш тақырыбы поэзиядағы дәстүрлі құбылыс екендігін, сол бір өлең өрнегін ақынға тағыдыры тарту етті.

Моңғолия қазақтарының әдебиеті ауыз әдебиетінің уызынан нәр алған, арнасы кең рухани керуен. Қазақ әдебиетінің нәрлі уызынан нәр алып, фольклорлық туындылармен тамырын тереңге жайған. Ғалым Уәлихан Қалижанов «шетел қазақтарының әдебиеті мен өнері» атты мақаласында: «Моңғолияға жасалған ғылыми кешенді экспедиция барысында қазақтар шоғырланып өмір сүретін Баян-Өлгий аймағы тұтастай, Қобда аймағының екі ауданы, Улан-Батор, Өлгий, Налаихан қалалары қамтылды. Осы экспедиция кезінде ғылыми қызметкерлер тоқсанға жуық кісілердің аузынан фольклордың сан-салалы үлгілерін, мәселен, қара өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, беташар, жоқтау, сыңсу, діни қиссалар, төйгелеу және шөрелеу жырлары, сонымен бірге фольклорлық үлгілер жарияланған сирек кездесетін кітаптарды жинады»,-дейді. [33].Бұл мысал өңірлік әдебиеттің рухани байлығын аңғартады. Ал осы рухани арнаның уызын еміп өскен ұрпақтың рухы асқақ болуы заңдылық. Осы өлкеде дүние есігін ашып, халық ауыз әдебиетінің бұлағын қанып ішкен бүгінде қазақ әдебиетінде өзіндік орыны бар ақынның бірі Ықылас Ожайұлы. Ақынның «тарих» атты өлеңіндегі тарихи тағылымға үңілер болсақ:

«Бөкен жон, бөрте қыраттар астында

Шөптермен жабылған,

Ақсөңке сүйектер сөйлейді,

Не түйдік аруақтар зарынан?!

Менің – тарихым ап-ащы, күп-күрең,

Себебі ол, анамның жасымен,

Атамның қанымен жазылған.

Қария қыраттар сөйлейді күңірентіп,

Қобыздың тілімен,

Бір әуен талықсып жетеді құлаққа

Торғын жел үнімен.

Қан бөккен даламның қайғысын сеземін,

Жылқының жалы мен жусанның бүрінен...» [34].

Біз талай-талай қанды ғасырды бастан өткердік. Әр тарихымыз тас бетіне тамыр жайып, тағдыр таспасымен өрілген – өмір. Бұл өлең аттың жалында, түйенің қомында кеткен ғасырлар – ғазалы. Ақын: «менің – тарихым ап-ащы, күп күрең»,-дейді. Расымен солай!!! Тұғырлы тәуелсіздікті тұғырына қондыру үшін тарихта қаншама жылдарды бастан өткердік. Сонау XVIII-ші ғасыр басында жоңғарлар Қазақ халқын «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұрындырса, 1916 – жылы басталған ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылы «Ақпан», «Қазан» төңкерісіне ұласты. 1931 – 1933-ші жылдары ашаршылықты бастан өткерген қазақ елі, 1937 – 1938 жылдар жаппай жазалау кезеңіне тап болды. 1941 – 1945 жылдар аралығында қанды соғыс майданына тап болсақ, 1986 жылдың желтоқсаны ызғарлы желімен қоса, ызалы кегімен келді. Осы бір күрделі де күңгірт күндерді бастан өткерген қазақ елі, 1991 жылы тәуелсіздік таңын қарсы алды. Тағдырлы тарихтың ақын өлеңінде «ап-ащы», «күп-күрең» болып суреттелуінің себебі осы. «Себебі ол, анамның жасымен, атамның қанымен жазылған» тарих деп ақынның өзі ашып айтты.

Қазақтың баба қонысы болса да, басқаның иелігінде кеткен жерде жүріп Баян-Өлгий қазақтары рухани құндылығын жоғалтпауы ұлттық рухының мықтылығы деуге болатындай. Рухани қажырлылық қақында Қалижанов Уәлихан: «Рухы мықты халық ғана замана сынына төтеп бермек. Бір ұлт озып, бір ұлт ұлттық болмысынан айырылып, бір ұлт тозып, құдайы дидарынан безініп, ассимилацияға ұшырап, тарих көшінен желге ұшып кетіп жатады. Ал ұлттың рухын ұстап тұратын не күш? Әрине, ол көшпенділер мәдениетінің алтын тұмасы – әдебиеті мен өнері. Ол ұлтты ғасырлар бойы түзеп келеді, ғасырлар қойнауынан халықтың ауызша тарихының жылнамасын жазып келеді»,-деп ой түйеді. [33]. Сол рухани күшті бойына сіңіріп, тағдыры мен тарихын қара өлеңге айналдырған ақынның бірі Бауыржан Қарағызұлы. Бауыржанның әр өлеңі модернизм иіріміне құрылады. Ақын өз қоғамынан таппаған рухани құндылығын өткен шақтан және болашақтан іздейтіндей.

«”Угай” әні көшеді – көшу оған жазғасын,

Бала мұңын сол сайда... (зар жұбатқан әз басын)

Сыйынады құдайға – тасқа тамған көз жасы.

Ал, балбал тас – тамырым, Топырағымның Киесі,

Қозғалмады, көшпеді, көкірегінде күй есіп,

Ол себебі, ай маңдай Сағыныштың Иесі.

Угай, угай, әй-угай...» [35].

Ақын өз ортасынан таппаған құндылықты халық әні «Угай» мен тұранның топырағына тамыр жайған балбалдан іздейді. Аңсайды. Ғаламды жатсынып тәкаппар философиялық ой орамына оранып, постимпрессионизм жасайды. Ақын «Топырақ», «Кие», «Сағыныш», «Ие» сөздерін өлеңде бас әріппен жазу арқылы өзінің ішкі әлеміндегі құндылығын қастерлейді. Киелі туған топырағы сар тап сағынышқа айналып өзгенің иелігінде қалып қойған ақын үшін бұл ұғымдардың қастерлі болуы заңдылық. Бабалар рухын сіңірген балбалдар мәңгілік сағыныштың символына айналып, байырғы жұртта қалса да, әнге айналған өмір өрнегі жүректен жүрекке көше бермек. Дәуір өрнектері цивиллизация құрбанына айналса да, балбалдар бойындағы құндылығын жоғалтпайды дегенге сенімі басым.

Бауыржанды ақын еткен пәрменді таланты мен мойымас мінезі және тағдыры.

«Түс көрдім – түсім емес, өңім менің,

Туған жер – түркілердің еліндемін.

Баян тау бұлдырайды бұлтқа айналып,

Бірге өскен бұрымды қыз көрінбедің.

Бала қыз, көрінбедің көзіме сен,

Атыңды тасқа басқан кезім екен...

Әлгі бұлт аяқ асты қала болып...

Жанымда біреу отыр –

Өзім екем...» [35].

Ақыннң өлеңінен сағынышқа толы лиризм төгіліп тұр. Түп атасы түркілердің мекені болған Баян-Өлгейіне деген сартап сағынышы өңінен алшақтап түсіне айналып үлгергендей. Дархан мінез дала халқын қала халқына айналдырып, жанұшырып жүрген жиырмасыншы ғасыр бейнесі ақын көңіліне сағыныш ұялатқан. Меніңше, ақынның талант күші, жасандылықтан ада періште табиғаты адуынды ағыспен жолындағы «тақырып» деген ауыр кедергіні жаңқадай ағызған...

Бүкіл қазаққа қуаныш сыйлаған ХХ ғасырдың соңы шеттегі қазақтарды да қуантты. Бірақ, қуантты да сағыныш көрпесіне орады. Тәуелсіздік таңы Моңғолия қазақтарының әдебиетінде, жалпы шеттегі қазақ әдебиетінде «сағыныш» тақырыбына ойып орын берді. Көшпеген ел көк туды сағынса, көшкен ел көне жұртын сағынды. Сағыныш тақырыбы поэзия әлемінде Төлеген Айбергеновтен басталып, Жәркен Бөдешпен жалғасын тауып, бүгінгі таңда ата мекеніне оралған әр бір ақынның тұрақты тақрыбына айналды. Ақындар географиялық алыс аумақта жүріп, геотарихи өлкесін өлеңге айналдырды.

«Бес асқардың басында ойын қалды,

Үш ойғырда кісінеп тайым қалды.

Өр Алтайда аңыз боп атам қалған,

Ақ жайықта мөлдіреп Айым қалды...

...өткен шақпен осы шақ арасында,

Бөрі – ғұмыр иттермен таласуда...

Арқан түсіп шошынған қашағандай,

Ей, өмірім, зымырап барасың ба?...» [37].

Ақын Ербол Бейілханның осы бір «өткен шақ пен осы шақ» өлеңі де өрілген сағыныш. Ақын жүрегі осылайша өзінің жоғын – туған тегін, бабалар заманындағы байтақ даласын, баһадүрлерін аңсап өткен шаққа назар салады. Балалық балғын шағын сағынады. Ақын осы шағын емес өткен шағын көп аңсайды. Қаймағы бұзылмаған Баян-Өлгейде, яғни, Үш ойғыр тауында қалған құлын ғұмырын қара өлеңге айналдырған. Қай уақыт болмасын қазақтың бар болмысын қара өлеңінен табуға болатын сияқты. Өйткені: «Қара өлең қазақ болып жаратылған әрбір жанның кіндігі бір егізі сияқты. Ана болып босағаны аттау алдындағы келін көріспен (қара өлеңмен) босағаны аттайды. Омырауын алғаш рет баласының аузына бесік жырымен салады. Өмірі де өлеңмен өріліп, ең соңында сол өлеңмен - көріс-жоқтаумен қара жердің қойнына кіреді. Сол айналайын қара өлең қазақ үшін - шежіре-тарих, ел жағдайын, жер жағдайын атадан балаға әулеттен әулетке шаршамай шертіп келді...»,-дейді Жәди Шәкенұлы «Жастар поэзиясы жайында толғаныс» атты мақаласында. [38].

Аттың басын ата жұртқа бұрған ақындардың бірі Айжан Табаракқызы. Айжан өлеңдерімен өмір аксиомасын жасап жүрген ақын. Өз өмірін өлеңге айналдыру арқылы биографиялық поэзия жасап келеді. Ақын лирикаларының иірімі реализммен тамырланып, тағдыр мен тарихтың куәсін кестелеген. Өлеңдеріне қарап өмірінің көктемі аз, күзі көп болғандығын байқадық. Ақын жылдардың жетегінде өткен уақыт кестесін жұрт топтамасында өрнектепті.

«Көз байланса көңілге ұялар мұң,

Өткен күнін өкпеге қиялар кім?

Сағынам ба, кім білсін бұл күндерді

Сол ауылды есіме жиі аламын.

...Мен кеткеннен сол ауыл бос қалама,

(Құдайдан артық адам дос таба ма?)

Жазғырмашы барам ғой, киелі жұрт,

Жотаңда қалған сол бір қос молаға.» [40].

Ақын – өз өлеңінің кейіпкері. Өлең арқылы өз өміріндегі өмірлік шындық пен әдеби көркем шындықтың арасын астарлаған. Ата жұртқа ауған көшке ілесе кеткен қаршадай қыздың ақын болып, бота мұңын өлең қылып боздатады дегенді ешкім ойламаса керек. Бәлкім өзі де ойламады. Бұл өлең – өмірге деген өкпесін өлеңіне жасырған ақын қыздың туған топырақта қалған «ата-ана» аруағына арнап жырмен оқыған дұғасы. Өмірлік шындықтың әдебиеттегі көрінісі. «Ал өмірлік шындық пен көркемдік шындықты салыстыра отырып суреткердің шешімін талдау, қисындарын ашу, оны түсінуге, түсіндіруге тырысу – әдебиеттану ілімінің міндеті»-дейді ғалым Тұрсын Жұртбай [41]. Біздің де іздегеніміз өлеңдегі өмірлік шындық.

«...Жанарымда момақан бұғатын мұң,

Сол мұңымды бар дейсіз ұғатын кім?

Жұтаң көңіл кетсем де, білесің ғой,

Бүйрегімнің өзіңе бұратынын.

Сезім қанша айтылмай кеудемде өлген,

Ондай күйге бүгінде менде көнгем.

Бауырыңнан бүр жарып, аяз ұрған,

Туған жер, мен өзіңнің шермендең ем.» [40].

Кіндік қаның тамған жерге бүйрегің бұрмау мүмкін емес. Ол мейілі Сібір, мейілі Тарым лагері, мейілі Барсакелмес болса да... Өйткені, тағдыр сені кіндігіңнен арқандаған топырақ қашан да болса киелі. Жалпы өлең тармақтарынан ақынның психологиясына әсер еткен өмір ызғары аңғарылады. Ақын әдебиеттегі психологизм әдісін әдейі қолданбайтын секілді. Керісінше, Айжанның ақындық қалыбы әдеби көркем психологизммен қалыптасқан. Оған себепкер – тағдыры.

Тәуелсіздік тарту еткен көштің теңінде кеткен ақындардың арманы орындалды. Тәуелсіз елінде бақытты ғұмыр кешуде. Алайда әр ақынның ішкі әлемінде сағыныш оты жанумен болды. Оны өлеңдерін талдау барысында аңғардық. Бұл буынның бөліне көшуі, Моңғолия қазақтарының әдебиетін рухани кідіріске ұшыратқанымен, қазақ әдебитіне нәр берді. Осы ойымызды Тұрсын Жұртбайдың мына пікірімен сабақтасақ: «Елден елдің бөлінгені – қасірет. Алайда, сол көшке үйір қазақтың тапқан бір олжасы – ұлттық мәйегінің сығымын аман-есен сақтап қалды»,-дейді. [41]. Әр ақын қазақтың руханиятына үлес қосып, ұлттық құндылығын арттыру жолында атсалысты. Алмасып келген бұл буын Қазақ еліндегі отарлау отынан аман қалған рухани құндылықты толықтыруға үлкен үлесі қосты. Ал Моңғолия қазақтарының рухани кеңістігі кідіріп барып, жалғасын тапты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар