Әсет Найманбайұлының екі томдық шығармалары жарық көрді

Бөлісу:

06.10.2017 5385

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бастамасымен қазақ әдебиеті тарихында өз есімін мәңгіге қалдырған кемеңгер Абайдың дарынды шәкірті, XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында өмір сүрген қазақ халқының дарынды ақыны Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай екі томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

Мұнда Әсет ақынның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Қазақ Ұлттық орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақталған әдеби мұрасы, 1968, 1988 жылдары Қазақстанда жарық көрген кітаптарында, 2000 жылы Қытайда Бейжің баспасында басылған шығармалар жинағында және әр жылдары мерзімді баспасөзде жарияланған туындылары еніп отыр.

Ә.Найманбайұлының «сегіз қырлы, бір сырлы» сері ақындардың қатарына жататынын білеміз. Сондықтан аталған кітапта ақынның өнері жан-жақты қамтылған.

Бірінші томда Әсеттің өлеңдері мен толғаулары, ел арасында кең тараған Ырысжанмен, Кемпірбаймен, Кәрібаймен, Қалимен айтыстары және сөз қағыстары, жазба айтыстары жұрт назарына ұсынылған.

Екінші томға ақынның «Алашқа», «Кешубай-Жәмила», «Пушкин-Татьяна», «Мұңлы қыз», «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Бахтияр», «Дастархан», «Шәкір-Шәкірат», «Ғалым-Сәлім», «Үш жігіттің хикаясы», «Үш жетім қыз», «Нұғыман-Нағым», «Ғаббас Шаһ» сынды өлеңдері мен дастандары енгізілді.

Алты алашты әсем әнімен уатып, өткір жырларымен рухтандырған біртуар дара тұлға Әсет Найманбайұлының артында қалдырған әдеби мол мұрасы – ұлтымыздың бірлік пен берекеге шақырған рухани асыл тірегі болатынына сеніміміз мол.

Біржан АХМЕР,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің ғылыми қызметкері

Бөлісу:

Көп оқылғандар