Нұртай Лахан. Тотайым
Бөлісу:
Үлкен көпірің үстінде тұр екенмін деймін. Әдеттегідей тор жорғасын тайпалтып келе жатқан Тотайымның алдынан көлденеңдей шығып, сәлем беріп жатырмын. Бірақ, мойынын бұрып та қарамаған күйі өте шықты. Бұрын тоқтай қалып, ат артына міңгестіріп ала кетуші еді...
Қызық, ол жақтан кеткеніме, міне, ширек ғасыр болды. Бірақ жиырма бес жылдан бері түсімде тек сол қара мекенде жүрем. Қандай түс көрсем де оқиға сол ескі жұртта өтіп жатады. Сағыныштан дейін десем, осы күнге дейін туған жер туралы ойламаған екенмін. Бәлкім, «атаңның басы қалыппа еді» дейтін сөзде бір мән бар шығар. Атасы түгілі, әкесінің де басы сонда жатыр ғой, мұның.
Жаңа ғана көрген түсінің әсерінен айға алмай ұзақ жатты.
Сол жылы көктем өте кеш келді. Маусым айының басында әрең қылтиып көрінген көк мал аузына енді-енді іліне бастаған. Ақбас толқындары жағаны соғып ағатын Қобда өзенін жылда жағалай қонатын ақшаңқаң үйлердің биыл бірі де жоқ. Бәрі қыстау үйден шықпай отыр. Күн арқан бойы көтерілісімен үлкен бұлақтың басына жиналатын ауыл шалдарының әңгімесі де ары тарт та бері тарт.
- Есің барда елің тап, ендігі көшті Қазақстанға бұрудан басқа ештеңе қалған жоқ, - дейтін еді Тотайым әдеттегідей әңгімені төтесінен бастап.
- Әй қайдам, жел ауыз қазақ емеспіз бе, ертең көзімізге шұқып, сен «монғолсың» деп отырса, ол да оңай емес, - деп ағасы Молдағам бірден қарсы шығатын ондай да.
- Не десе де өз қазағың ғой. Күндердің күнінде «көшкен елдің өгізі қалған елдің бұзауынан қорқатын күн» тумасына кім кепіл, - деп мына жақтан Мәкен жездем әңгімеге араласа кететін.
- Бізді қойшы, асарымызды асап, жасарымызды жасап қалдық, мына қарадомалақтардың ертеңін ойлау керек, - дейтін шақшасын өкшесіне қағып-қағып жіберіп, ағаларына сынай қараған Тотайым.
- «Әй, ол жағыңда да қазақшылық шамалы» дейді ғой. Бәрі орыстанып кеткен, -деп сол кезде Сегізбай әулетінің үлкені, Тотайымның ағасы Қожа ақсақалдың шыр-пыры шығатын еді.
- Көшіп барғандарға тек мал бақтырады екен. Басқа жұмыс жоқ,- дейді деп Молдағам да ағасын қолдай кететін.
- Үйреніскен жау атыспаққа жақсы. Атадан қалған кәсіпті қолға берсе несі жаман, - деп ағаларына берілгісі келмеген Тотайым да өз уәжін алға тартып болмайтын.
- Арыдан санағанда үш атамыздың сүйегі осында жатыр. Оны қалай қиып кетеміз, - деп ағайындылардың арасындағы таласқа тамызық тастар еді, күн ысыса да аяғындағы саптамасын тастамайтын Ұнай шал жамбастай жатып.
- Қай бабамыздың басы қайда қалмады дейсің. Осыдан бір ғасыр бұрын Алтайдан ауа көшкен аталарымызда осылай күйзелген шығар, - дер еді сонда, бағанадан үнсіз отырған Мұңсыз қарт ұйыған аяғын соза түсіп.
- Елге ел қосылса құт, ал бөлінсе жұт деген. Мынау нарығыңда қысып барады. Аштан өліп, көштен қалмай тұрғанда кету керек, - деп өздеріне тағы бір жақтаушының қосылғанын сезген Мәкен жездем әңгімеге қайта араласатын.
Үлкендердің әңгімесі осылай жалғасып кете беретін еді. Ал бізге жаңа қоныс, жаңа ел таңсық еді-ау, ол кезде.
Қазір сол қарттардың бірі де жоқ. Бірі анда, бірі мұнда, өмірден өткен екен. Солардың арасында бір адамның, марқұм Тотайымның әрбір сөзі мен әрекеті мұның көкейінде көбірек сақталып қалыпты.
Денелі, қияқ мұртты, көзі үнемі жалт-жұлт етіп ойнақшып тұратын Тотайымның сол кезде жасы шамамен елуді енді еңсеріп қалған. Өзі «жүз отыз келі тартамын» дейтін сұрағандарға. Денесінің ауырлығына қарамастан атқа жеңіл мінетін ол кісінің бір қасиеті – жанынан кітап тастамайтын. «Бес ғасыр жырлайдыны» жатқа айтатын Тотайымның берген батасына ауыл болып тамсанатын. Тотайымның тағы бір өзгелерден ерекшелігі – насыбай жасаудың шебері еді. Ерте көктем де немесе күзде бізге жыңғылдың шыбығын жинатып, оны кептіріп барып өртейтін де күліне қалампыр мен махорка темекісінің ұнтағын қосып араластырып, кейін оны келіге салып түйіп, әбден ұнтақтайтын. Ащылығы танауды жаратын насыбайын кейде біздерге де шым-шымдап алып, атқызып жіберер еді, «тұмау болмайсыңдар» деп. Ол кезде насыбайды қазіргінің шалдары секілді ерінге салмайды, танауға атады. Тұмау болып, танауың қанша жерден бітіп тұрса да Тотайымның насыбайынан кейін бірер мәрте түшкіріп, көзің шарадай жанып шыға келеді. Өзі де жарықтық «менің бір атым насыбайым -бір ат қой» деп бағасын беріп отыратын еді-ау.
Әсіресе, сол жылы көктемгі бір оқиға есінен кетпейді. Күнде қораға өзі келетін сиырлар сол күні далаға түнеп қалған еді. Түнімен мөңіреген бұзаулардың азынаған дауысынан ұйықтай алмай шыққан анам мені ертерек тұрғызып жіберді. Өрістегі шідерлі атты жолай жүгендеп, жайдақ міне салып келсем, сиырлар өзенге түсуге қорқып, қабақтың шетінде топталып тұр екен. Әдетте қодас сиырлар өзеннен аса көп қорықпайтын. Бұл жолғы судың ағыны тым қатты екен. Тау басындағы қар суымен араласып гүрілдей аққан өзеннің тасты ұрған ақбас толқындары төңкеріліп түсіп, аунап кетіп жатыр. Арнасының қай жерде қалғанын аңдаудың өзі мүмкін емес. Сиырларды «аухаулап» шақырып көріп ем, өзеннің гүрілі даусымды басып кетіп жатты. Балалық аңғалдық, әлде ақымақтық па кім білсін, киімдерімді шештім де, атқа қайта міне бергенімде «Өй, есуаспысың, әлде өлейін деп жүрсің бе» деген дауыс тура құлағымның түбінен естілді. Жалт қарасам астындағы тор атын ентіктіре жеткен Тотайым менің алдымды кесе көлденеңдей тоқтапты. «Сенде өзі ақыл бар ма, жоқ па? Мына судан сенің сүйегіңді де таппай қаламыз ғой ертең. Өлсем мен өлейін, асарымды асадым ғой. Әкеңнен жаным ардақты емес. Сен осында тұра тұр» деді де суға бұрылды. Тақымынан тастамайтын торжорға ат сәл тартыншақтап еді, қамшымен сауырлата тартып-тартып жіберді. Бұрын мұндайды көрмеген ат бірден суға қойып кетті. Суға түскен бетте-ақ сауырлықтан келген ағын атты қиыстай бұрып ала жөнелді. Біраздан кейін судың бетінде аттың басы мен Тотайымның белден жоғарғы жақ бөлігі ғана көрініп, ағысқа қарсы жүзіп бара жатты. Межемен бұрыңғы өткелден елу метрдей төмен шыққан ол сиырларды сәл өрлетіпп барып, өзенге қиыстай салды. Суға түсе берісімен-ақ тайынша торпақты жаңқа құрлы көрмей ағыза жөнелген өзеннің ағысын көргенде өзімнің қандай көзсіздікке бармақшы болғанымды түсіндім.
Жолшыбай, «сиырға кеткенімді қайдан біліп қойдыңыз» дегенімде «Сенің таң бозынан атқа барғаныңды көріп, бір пәленің боларын ішім сезді. Атты алдырып, ертетіп мінгенше сен кетіп қалыпсың. Шауып жеткенім сол болды. Баяғы да марқұм әкеңнің қазасын да шешеңе мен естіртіп ем» деп күрсінді.
Қазақстанға көшкендердің алды біз едік. Таңертең ертемен жиналған көршілер жүкті КамАЗ-ға тиеп болғаннан кейін, үйдің алдындағы көкмайсаға дөңгелете дастархан жайды. Төрде отырып сөз алған Тотайым анама қарата «Қатай, қырқыңда қанатың қайрылып, сүйеуіңнен айрылып, он екі баламен жесір қалдың. Бірақ жаманшылығыңды көрсетпедің, балаларыңның өмірің өксітпедің. Жеткіздің, өзің де жетілдің. «Жас өсті, жарлы байыды» деген осы, міне. Енді балаларыңның алды азамат болды, өзіңді алып атажұртқа бет алды. Менің осы күнге дейін Алладан бір тілегім болды, ол сенің жылауыңды көрсетпесін деген тілек еді. Марқұм шалыңның қазасын амалсыз, ат үстінде тұрып естірткен едім. Ол да бір Алланың бұйрығы шығар... Бірақ содан кейін сенің көз жасыңды көрсетпе деп тіледім, құдайы сөзім. Міне, сен де енді алысқа кетіп барасың. Бұдан кейін бір-бірімізді көреміз бе, жоқ па, ол да бір Алланың қолында. Алыста жүрсек те жаманшылығымды естіртпей, амандығымызды тілеп жүрейік» деген еді ұзағынан толғай келіп.
Сөйткен Тотайым да біз көшкеннен соң бір жылдан кейін ауырмай сырқамай өмірден өтіпті.
Орнына дұға қылып барған анамды кіші қызы құшақтап «сіздің жұртқа қарап жылап-жылап өліп қалды» депті көзінің жасын тия алмай.
Бөлісу: