Шәкен Күмісбайұлы. Атамның аманаты
Бөлісу:
– Ex... ex... ей... ей. Кім барсың... Шық... бері... Жар-жағалаудың маңы күңіреніп кетті. Бытыра оқ тигендей шұрқ-шұрқ тесік ұяларды айнала ұшқан құстар ұлан - азар шу көтерді. Кинофильмдегі көретін құс базарынан аусайшы.
– Бө.. ле.. .н.. .тай... Me.. .н жақсы иі.. .і.. .р.. .м тап.. тым.. .м... Бері... і.... ке...ее...лл.
– Жа...р...айды...
Қармағымды асығыс жинап, дауыс шыққан жаққа қарай жөнелдім.
Құлама жар Байтулақ алабына түс ауа келіп жеттік. Бәрін бүлдірген атам. Ертеңгісін ала биені қалақты арбаға жегіп, шалғы қайрағышты орын-орыңдарына байластырып, бидай көже құйылған торсықты қоржынға салып, орнымыздан қозғалғанда ол:
–Әй,балам. Адам жасында бір, қартайғанда бір бала. Мен сені Байтулақ бабамның қонысына апарамын, – деп әңгіме бастаған.
–Бұл дүниеде кіндік кесіп, кір жуған туған жерден артық не бар? Бір көріп қайтайын.
Атамның ішкі есебі түгел. Анау бір күні шай үстінде: –Жарықтық бабам түсіме еніп жүр, – деп күңк еткен.
Ендігі ойы бейітіне барып құран оқып қайту.
Қала берді малдың шөбін ойлап, шабындық жер таңдау да есінде. Мұндайда көршідегі жылпос Төкен қала ма.
–Ататай, мен де барайыншы. Көкиірімнің ол тұсында лақтай сазандар бар. Нағыз ғажап мекен ғой, –деп жабыссын. Атам көне кетті.
Байтулақ бабаның бейіті өткен күннің белгісі боп, айдалада, төбенің үстіне орын теуіпті. Сүйірлене біткен төбесі мүжіліп ішіне түсіп, омырайып тұр. Ел жылқы құйрығының қылын балшықпен араластырып құйған деседі. Бірақ уақыт өз дегенін жасапты. Атам биені доғарып боп, тізерлей отырып, құран оқып біткенше Төкен екеуміз әзер шыдадық.
– Ата, ата балық ұстауға кеттік, – дедім.
– Туһ, иттің күшіктері-ай. Бұлар не ұғар. Әй, құрт-құмырысқа, бақа-шаяннан аулақ. Жарды да байқандар, – деп атам дауыстап қала берді. Енді міне Төкен жерден жеті қап алтын тапқандай шақырып әлек. Жардың тұйықталар тұсынан оңға бұрылған өзен түбек айналып жазыққа шыға арнасы кеңейіп сала беріпті. Ну қамыс, бей - берекет өскен қалың тал. Төкен қай тұста жұр екен. Қалыңның ішіне қалай ғана жүрексінбей кірді. Нағыз тас жүрек. Жылдар бойы адам аяғы баспаған бұл мекенде қаншама жұмбақ тіршілік бар. Иір- иір, тілін жалаңдатып ысылдайтын жылан екеш жыланды айтсаңшы... Иш-ай. Түсі неткен суық еді. Аттап-бұттап төбенің басына шықтым. Әлде бұл жер ордалы жылаңдар патшалығы ма екен? Бірде-біріне жоламаған жөн. Өлтірсең тірілері сенен қайткен күнде де өшін алады. Апам сөзінің жалғаны жоқ. Туһ, не деп кеттім?
–Ех...ей...Қайда...а...а...жүрсі...ң? Төкеннің дауысы бұл жолы жақын жерден естілді.
–...М...ы....н....н...а ж...ер ғ а ж а ..п. Те...ез ж е е т! Тайпақтау жермен төмен қарай сырғи жөнелдім.
Үйретілмеген тайдай орғимын. Қалың ну жар табанына құлаған топыраққа іліндім-ау. Екі-үш жерден бетімді қамыс тіліп ашып барады. Бәрінен де сары маса тойымсыз. Жемтікке үймелеген құзғындай. Бет аузым домбығып сала берді. Биіктігі он бес-жиырма метрдей жар үстіне құлап кетердей күжірейіп тұр. Зәре жоқ. Жар етегін жағалай кеткен жалғыз із. Міне, биікке қарай көтеріліпті. Төкен дауыстамаса екен. Әйтпесе, маңайдың бәрі жаңғырығып, жар құлап... Кызықты қара. Сонадайдан Төкен көрінді. Қара үңгір. Байтулақ батырдың мекені. Біздің ауылдың қарттарының аузынан суы құрып «Сонау жаугершілік заманда»деп басталатын сан түрлі әңгімелерінің кейіпкері.
Жоңғарлар елді шауып, қанды қырғын шақта, Байтулақ батыр ел-жұртын осы үңгірге жасырыпты.
– Әй, Бөлентай, жүр. Үйірлі жылқы сиып кететіндей, шөп, түйеқарын, шидің ұясы торлаған қараңғы жері қалың, Қорқайын дедім.
–Балығың қайсы? Ол сасар емес. Ол сұқ саусағын шошайтып.
–Сен артаманырақ сал, көпіршіген тымық иіріммен қашқан балық саған барады. Қалтқысы қалқияды.
–Сәлден соң ішім пысты. Екеуміз бір-бірімізге қарадық.
–Мен ақымақ екенмін , – деді енді Төкен тілге келіп.
–Жар астына балық жоламайды. Төбеден топырақ құлайтыны анық. Иірімнің тымықтығын көріп алдандым. Кетейік.
–Әлгі лақтай сазандарың қайда?
–Ту, осы сенің тіліңді кесіп алар ма еді. Сен-ақ аула соларды, – деді Төкен.
Жар астында қалуға жүрек қайда? Төкеннің соңынан ілестім. Иін-иін жарды аралай жүріп, дөңге де шықтық.
– Атам әлі мұнда жүр ғой. Түбегіне бармапты, – дедім. Төкен басын жерден жұлып алды.
–Сен бала сияқтысың, Бөлентай, – деді Төкен.
–Атаң бұл жерге шөп шабатын жер іздеп келген жоқ. Ата жұртын сағынды.
– Сағынғаны қалай. Түк түсінбейсің бе? Әлгінде алаңдамасын деп балыққа тез кетіп қалдым.
– Соқ, өтірікті.
– Сенбесең, ер соңымнан. Төкен шалбарының балағын түсіріп, қармағын орап қалтасына салды.
Бейітке тұстап келгенде, атам құбыла беттегі көп молаға қарай бет алды. Бізді байқамаған сияқты. Төкен сыбыр етті.
– Атаңды сыртынан бақылайык. Көп бейітті аралай жүріп, атам былтырғы жылы қайтқан немере ағасы Көктайдың бейітіне бұрылды. Бір сәт тізерлей отырып құран оқыды. «Аллаһуакбар» деп бет сипағанда, біз де қосылдық. Орнынан тұрып бейіттің есігін ашып көрді де жерден бір уыс топырақ алып уатып шашты. Сәлден соң Көктай атамның бейітіне қайта оралды. Енді бір сәтте есік пен төрдей жердегі бос алаңды ары-бері адымдай ойқастады.
–Атам не істеп жұр? – деймін Төкенге сыбырлап.
– Кім біліпті? – дейді ол.
Одан әрі шыдауға дәтім шыдамады. Салып ұрып өкпе тұстан шыға келдім.
– Ата, не істеп жүрсің? – дедім дауыстай үн қатып. Атам енді ғана адымдай берген, қалт тоқтады да, ұрлық қылған адамдай ыңғайсызданып күбіжіктей міңгірледі.
– Жай,– деді сонан соң. – Құйын боп ұшып келдің бе, түге.
– Балықтар түскі үзіліске шығып кетіпті, – деді қалжыңдаған Төкен.
– Солай деңдер. Ал мен мына жерді ары-бері ойқастаумен жұрмін. Дүние шіркін бүгін барда ертең жоқ, – деді күрсінген атам. Төкен екеуміз елең етіп, атама жақындай тұстік. Қабағы қатулы, ойлы пішін. Бозаң тартқан мұртының түгі тікірейіп кетіпті.
– Осы жатқандардың дені кеше ғана көз көрген, тіл қатысқан жандар еді. Құдай жөні. Топырақ бұйырды, – деді атам сөзге келіп. Әлгі жар дегенде жалғыз ұл, қала-қала деп жер тепкілеп, ақыры дегенге жетті. Осы жерге талай рет ертіп келіп ем.
– Ғазизді ме? – деймін атама.
– Иә, соны. Ыңғайымды түсініп ұзамас деп ем. Ел өзгерді, заман басқа. Уһ...
– Ата, ата. Маған айтыңыз. Мен бәрін түсінемін, – деймін атама жаным ашып. Ол әп-сәтте өңі жылып маған бұрылды.
– Құлыным, түбі сенен бір нәрсе шығады. Тіліңнен айналдым, – деді атам еңкейіп маңдайымнан сүйіп.
– Түсінгенің дұрыс. Ғазиз сияқты шу қарақұйрық, басың ауған жаққа тартып кетіп жүрмейсің бе?
– Бесқайнардан ешқайда кетпеймін, ата, – деймін. Атам ойланып қалды. Аң-таңмын.
– Онда саған айтар атаңның аманаты бар. Мына Төкен досың куә, – деді атам сабырлы қалыпта, маған бұрылып.
– Бөгелмеңіз, ата, – деді Төкен жанып түсіп.
– Әй, балалар-ай. Мына атаң ауылдан алшақ жатқан Байтулақ жерінде несі бар деп ойлайсың.
Айналшықтап шықпай жүрген жоқпын ба? – деді ол әңгімесін жалғастырып. - Адам деген дүниеге келіп кетер қонақ. Бүгін бала, ертең жігіт. Одан арыда ел ағасы, ауыл ақсақалы. Сонан соң о дүниенің еншісі.
Атамның сөз төркінін түсінбей Төкен екеуміз аң-таңбыз. Асығар емес. Шыдамымыз таусылып барады.
– Ары қарай, ата, – деймін жеделдетіп.
– Асықпа, балам. Асығыс түбі өкініш, – деп атам тиып тастады.
– Айт десең айтайын. Ары-бері сенделгенімді көріп таңданған да шығарсыңдар. Бірақ, мен өзімнің құтты орнымды белгілеп жүрмін. Иә, солай балам. Атам сәл бөгелді. Тұңғиық жұмбаққа тағы тірелдік.
– Атаң мәңгілік емес. Ертеңгі кұні көз жұмып кетсем, мына Көктайдың жанына жерлеңдер. Бұл саған аманат, балам.
– Ата, ата сен өлмейсің. Жамандықты шақырмаңыз,– деп мойнына асыла кеттім. Атам күлімсіреді.
– Сенің әміріңді орындар-ақ едім. Оған амал қайсы. Өмірдің заңы ғой, балам. Қазір өлсем де арманым жоқ. Сендер барсыңдар. Туған жердің топырағы бұйырмай, талай боздақ дәмі біткен жерде сүйегі қурап қалды емес пе? Пау, дүние-ай.
Бәріміз үнсіз күйі, арба тұрған жерге беттедік. Атам ендігі сәт маған қуанышты көрінді. Ыңылдап жүріп биені жегіп, бізді жерден тік көтеріп апарып, әлгінде ғана шапқан жас шөптің үстіне қондыра салды.
–Әу, әлгі лақтай сазандарың қайда? – деді Төкенге бұрылып.
Маған атамның сыры енді белгілі еді. Шөпті сылтау етіп, Байтулақтың маңайына екі айдың бірінде сабылатынына да себеп бар екен. Күн ұзын ата жұртымен сағынысын көрісіп, сырласып қайтатын сияқты. Туған жердің топырағы деп тебіренуі сондықтан шығар.
–Ататай, аманатың орындалады. Тек әзірге өлмей менің жанымда жүре тұршы, – деп дауыстағым кеп кетті. Сонау қиырда Байтулақ алабы қарауытып қалып барады.
Бөлісу: