Алдан Смайыл. Қазақ кітаптарының тарихынан

Бөлісу:

23.10.2017 8666


Италиядағы Венецияда Әулие Марк храмының кітапханасында «Кодекс куманикус» атты кітап сақтаулы тұр. Оның мұқабасында 1303 жыл деген белгі бар. Шығарма латын әрпімен қыпшақ тілінде жазылған. Мазмұнына үңілсеңіз, қыпшақтың күнтізбесі мен ауыз әдебиетінің мұралары жинақталып, латын-қыпшақ тілінің сөздігі берілгенін көресіз.


Кітап 1303 жылдан бастап қыпшақ тілінен ағылшын, француз, испан, серб тілдеріне бірнеше рет аударылған. Орыс тілінде алғаш рет 1828 жылы Санкт-Петербургте жарық көрді. Аталған құнды еңбекті зерттеген Г. Клопорт, В. Банг, Г. Кун, В. Радлов, М. Оболенский секілді ірі ғалымдар қазақ тілінің қыпшақ тілі негізінде туғанын дәлелдейді. Өкінішке орай, кітаптың авторы бізге әлі күнге дейін белгісіз.


КСРО Ғылым академиясы кітапханасының қорында қазақтың ғалым-тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551 жылдар) «Тарихи Рашиди» атты кітабы сақталған, шығарма 1546 жылы жазылған. Онда қазақ хандығының құрылуы, хандар тегі, қазақ халқының қалыптасу шежіресі баяндалады. Кітап қазақ тілінде араб әрпімен жазылған. Орыс тіліне 1793 жылы аударылды. Кейін ағылшындар тәржімалаған. 1530-1605 жылдар аралығында өмір сүрген Қадырғали Жалаиридің «Шежірелер жинағы» атты еңбегі де аса құнды, ғалым қазақ және орыс халықтарының тарихын таратады. Ол бұл еңбегін 1602 жылы Москвада бітіріп, шығыс дәстүрі бойынша орыс патшасы Борис Годуновқа сыйға тартады. Кітап бүгінде Орыс мемлекеттік музейінің сирек шығармалар бөлімінде сақтаулы.


Енді Қадырғалидің Москваға қалай барғаны туралы айта кетейік. Ол біраз уақыт Сібір ханы Көшімнің кеңесшісі болады. Хан әскерін Ермак қарақшы талқандаған соң, Сібірдің басқа ханы Сейдекке (Сейд-Ахмед) қызмет етеді. Ремезов, Миллер, Шоқан Уәлиханов секілді ғалымдар қазақ ханы Тәуекелдің жиені Ораз Мұхаммед Онданұлы, Сібір ханы Сейд-Ахмед және Қадырғали мырза 1588 жылы Тобыл түбінде воевод Даниил Чулковтың қолына тұтқынға түсіп, Москваға жіберілгенін нақты атап көрсетеді. Қадырғали Жалаири Москвада «Шежірелер жинағын» жазады (Миллердің «Сібір тарихы» кітабын қараңыз, 294-бет).

Бізге жеткен теңдесі жоқ кітаптардың бірі – Әбілғазы атамыздың «Түркі шежіресі» еңбегі. Ғалым 1603-1664 жылдар аралығында өмір сүрген. Бұл құнды тарихи шығарма Еуропаға швед Ф.И. Стралейберт арқылы белгілі болды. Ол Карл XІІ Полтава түбінде орыстардан жеңілген соң тұтқынға түсіп, Тобылға айдалады. 1720 жылы Әбілғазының кітабы қолына тиеді. Шығарманың құндылығын білген соң алдымен орыс тіліне, кейін неміс тіліне тәржімалайды. Ол 1726 жылы Францияда басылып шықты. Орыс тіліндегі нұсқасын В. Тредиаковский Санкт-Петербургте1768 жылы жариялады.

Қазақ кітаптарының тарихы туралы айтқанда Ақмола топырағы да құр қол жатпағанына айрықша назар аударуымыз керек. XІX ғасырда империялық Қазан университетінің баспаханасынан қазақ тілінде 63 кітап жарық көрген екен. Соның бірі – жерлесіміз Шортанбай Қанаевтың (1818-1881 жылдар) еңбегі. Ол «Шортанбайдың поэмасы» деген атпен 1848 жылы шығарылған. Кейін, 1888, 1890, 1894, 1911, 1916 жылдары бес дүркін қайта басылады.


Ақиық ақын Дулат Бабатаевтың (1802-1874) «Өсиетнама» еңбегі 1880 жылы жарыққа шығыпты. Ақын Мұсабай деген тағы бір ағамыздың «Батыр Жанқожа Нұрмағамбетов» атты кітабы 1894 жылы орыс тілінде басылған. Баспаға дайындаған – зерттеуші И.В. Аничков.

Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына Ақмола облысында туып-өскен, осындағы мұсылман мектебінде білім алған, қаладағы медресенің ұстазы Мақыш Қалтаев та (1865-1916) өзіндік үлесін қосады. Ол жеті кітаптың авторы, орыс классиктерінің екі еңбегін қазақ тіліне аударады. «Насихат қазақия» атты кітабы 1907 жылы, «Сара жол» еңбегі 1912 жылы, «Өткен оқиға» өлеңдер жинағы 1913 жылы көптің қолына тиеді.

Өкінішке орай, біз бұл көркем дүниелердің қазір қайда екенін білмейміз. Олардың тағдырымен таныс адамдар болса, бізге хабарласса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Бөлісу:

Көп оқылғандар