Мұхит асқан атыраулық ақын

Бөлісу:

24.10.2017 10462

Иә ол – ақын, ол –ана, ол – қаламы қарымды қаламгер, ол – ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты. Сонымен қатар осынша жүкті бір өзі арқалап жүрсе де оразасын тұтып, бес уақыт намазын қаза қылмай, кейінгі жастарға үлгі бола білген иманды жан – Гүлзада Ниетқалиева.

«Әйтеуір таяқ лақтырсаң ақынға тиеді, танымал емес қой» дерсіз мүмкін. Алайда Жайықтың жағасында жүріп-ақ біраз іс тындырып, онысын жар салмай-ақ халық игілігіне жарата білген Гүлзаданың жөні бөлек-ау деймін. Жарқырап шығып келе жатқан күнді қолыңмен көлегейлей алмайтыныңдай нағыз талантты да тасада қалдыру мүмкін емес. Ол қашан болса да, қайдан болса да жарып шығады. Сонымен сөз тізгінін Ұлыбританияның астанасы Лондоннан кеше ғана оралған ақынға беріп, жағымды жаңалығымен бөлісейік.

-Гүлзада ханым, тамырдың әрленіп, бүрленіп, гүлденіп кетуі топырақтан-ау?..

-Дұрыс айтасыз, мен дүниеге келген жер – Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қиғаш өзені жағасындағы кішкене ғана «Көптоғай» деген ауыл. Құрманғазы ауданы – Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев, Мемлекеттің сыйлықтың иегері, ұлы ақын Жұмекен Нәжімеденов, эстет сыншы Зейнолла Серікқалиев, бүгінгі заманның классигі атанған Рахымжан Отарбаевтар өсіп-өнген құнарлы топырақ.

Біздің шағын ауылдың табиғаты ғажап еді. Оңтүстігінде талаурап жатқан қып-қызыл шағыл. Құмтауларының етегінде асыр салып, басына дейін өрмелеп шығып, сырғанайтынбыз, ол бір ғажап кезең. Саршағылдың нақ ортасында алақандай «Аққу көлі» болатын. Алланың шеберлігіне әлі күн қайран қаламын. Жан-жағын қоршаған қамыстың ішінен ертелі-кеш айдынға еркелеп шығатын аққулар әлі күнге көз алдымда. Ал, «Көптоғайдың» солтүстігі мен шығысында Қиғаш өзені ағып жатыр. Бір ауылда екі түрлі табиғат тоғысқан. Жаратушының құдіреті ғой, бұл! Қиғаштың жағасында тал-терек жайқалып, желге арзу айтқандай сыңсып тұратын. Атам Тұмарғали өте әңгімешіл адам еді. «Мына қызыл құм – бір кездегі теңіздің табаны. Қазір теңіз тартылып кетті ғой. Күнінде бұл жерлер шалқыған теңіздің айдыны еді» деп отыратын. Шындығында, ойнап жүріп, шағыл арасынан ұлудың қабыршақтарын тауып алатынбыз.

Мені ақын еткен сол ауылдың ерекше табиғаты болса, екіншіден, ата-әжемнің әлдиі деп ойлаймын. Атам да, әжем де қара өлең мақамына салып, сол бойда өлең құрастыратын жандар болды. Мені әлдилеп отырып, әжем соғыстан оралмаған ұлдарын жырға қосатын, сонда көз жасы бетіме бырт-бырт тамушы еді. Мен әжемді аяп, ұйықтап қалған сияқты болып жатсам да, жүрегім жылап жатушы еді. Сафиолла деген ағамыз үйленіп, сәбиі дүниеге келер-келместе, Сәбила деген апамыз бойжетіп отырғанда жазылмас науқасқа ұшырап, қайтыс болған. Әжем мені ертіп алып ауыл сыртындағы қорымға барушы еді. Жақындаған кезде даусын шығарып: «Қарғаларым, мен келдім, күтіп жатырсыңдар ма? Мен де бір күні келермін жандарыңа» деп оны өлеңмен айтқан кезде жетегіндегі мен де қосылып жылайтынмын. Атам да ертелі-кеш жыр айтып отыратын. «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қобыланды батыр» жырларын жатқа айтатын.

- Биылғы жылы қазан айының 10-13 аралығында Лондонда әдебиет күндері өтіп, шараға «Bestseller.kz» бірінші қазақстандық әдеби агенттіктің сараптауынан өткен ақын-жазушылар қатысқан екен. Алыстағы ағайындар қонақтарды қалай қарсы алды?

- «Bestseller.kz» бірінші қазақстандық әдеби агенттіктің шақыруымен Еуразиялық шығармашылық бірлестік ұйымдастырған шараға Лондон қаласына барып қайттық. «Eurasian Creative Guild» төрағасы Дэвид Пэрри, орынбасары Марат Ахмеджановтар өткізген аталған шараға Еуразияның, бұрынғы ТМД кеңістігінің ақын-жазушылары ғана емес, суретшілер, фотографтар қатысты.

Бізді Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшілігі қызметкері Ғани Қартбаев қарсы алып, қонақүйге орналастырды. Келесі күні шараға қатысушылар ретінде тіркелдік, ұйымдастырушылар тарапынан Лондон қаласындағы шығыс тағамдарын дайындайтын «Паша» мейрамханасында қонақасы берді. Сол күні, яғни, 11 қазанда Халықаралық «Open Central Asia International Arts Festival» шарасы қорытындыланды. Әншілер мен сазгерлерді, фестиваль жеңімпаздарын марапаттау да осында өтті.

Лондондағы әдебиет күндеріне «Eurasian Creative Guild» сериясымен «Hertfordshire Press» баспа үйінен кітаптары шыққан ақын-жазушылар шақырылды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Темірхан Медетбектің «Көк түрік – Көк бөрі», Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанның «Сағыныш», Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Тағдыр», Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Нәзікен Алпамыстың «Қия жол ғұмыр» және менің «Жүректегі иман гүлі» кітабым аталған сериямен шыққан еді. Қуаныш Жиенбай, Нәзікен Алпамыс, аудармашы Гүлжан Елешева, жас ақын, Атырау қаласындағы №34 лингвистикалық гимназияның 6 «г» сынып оқушысы Ардақтым Ниетқалиевалармен бірге осы сапарға шыққан едік. Әдебиет күндері өте жақсы өтті. Лондонда тұратын қазақтар қатысты, аудармашы, математик Нұрым Тайбектің отбасымен танысқаныма қуаныштымын.

- Осыған дейін көптеген кітаптарыңыз жарық көрді («Хазар Қасидалары», «Жүректегі жанартау», «Қарлығашы Қиғаштың» т.б.). Осының ішінен «Жүректегі иман гүлін» не үшін таңдады деп ойлайсыз? Осы орайда мінәжат өлең десе мұрнын шүйіре қалып, махаббат туралы десе жүзі жайнап сала беретіндерді қалай түсінесіз?

- «Жүректегі иман гүлі» осы жылдың басында «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан «Аллажар» деген атпен басылып шыққан еді. Бұл кітапты таңдаған - «Bestseller.kz» бірінші қазақстандық әдеби агенттіктің негізін салушы, аудармашы, қоғам қайраткері, қазақтың өте талантты қыздарының бірі Бақтыгүл Маханбетова. Бақтыгүлдің өзі үлкен қажылыққа анасымен бірге барған, жүрегіне иман тұнған жан. Оның айтуынша қазақ ақындары арасынан Алла Тағаланың 99 көркем есімін жырға қосқан тұңғыш ақын екенмін. «Қазақ әдебиетінің бренді атануға лайық шығарма» дейді ол «Аллажар» туралы айтқан пікірінде. Мұсылман әлеміне азды-көпті қосқан үлесіме бақыттымын, қуаныштымын. Бұның бәрі – Раббымызға деген жүректегі махаббатымызды паш етуге арналған қадам.

Әркімнің талғамы әртүрлі. Махаббаттың өзі Жаратушы жаратқан пендеге бағытталады ғой. Бір адамды шексіз сүю арқылы Аллаға деген махаббат жүрегіне ұя салып, Раббымыздың дәргейіне бас ұрған ақындар көп. Мен де соның бірімін. Сондықтан, ақындардың бәрі де ерте ме, кеш пе, әйтеуір Аллаға бет бұрып, мінәжат-тағзым өлеңін жазады деген сенімдемін.

- Алыс жол біраз қаражатты қажет етеді, демеуші болып қолұшын созғандар болды ма?

- Әлбетте, ақын рухани жағынан бай болғанымен, материалдық жағынан біраз ойлануға тура келетіні рас. Осы орайда өзім туған Атырау облысы, Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметовке, асыл досым Гүлнәр Мусинаға, сіңлім Ақмарал Ниетқалиеваға алғысым шексіз. Солар демеушілік жасамағанда мен бармайтын да едім. Көп адамдардан көмек сұрадым, әрине. Қазіргі таңдағы қаржылық қиындықты түсінемін, «жомарттың қолын жоқтық байлайды» дегендей, көмектескісі келіп, бірақ қолында қаражат болмай қиналған Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалы директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби, Түркі дүниесінің Мақтымқұлы атындағы сыйлықтарының иегері, ақын Қойшығұл Жылқышиев ағама да алғысымды айтамын.

- Тәуелсіздігімізге жиырма бес жыл, әдебиетте өзгеріс бар ма, қазіргі тыныс-тіршілігіне көңіліңіз толады ма?

- Әрине, жақсы өзгерістер бар. Жаңашыл леп бар. Қазақ әдебиеті әлемдік өркениеттің бір бөлшегі ретінде алдағы болашақ көшіне ілесуде.

- Әдебиет қана емес тарихты да меңгеріп алған ақынға ежелгі Сақ патшайымы Тұмар ханым туралы жырлау да қиынға соқпаған болар, «Тайманның ұлы Исатай», «Қараой қасіреті» жырларыңыздан жастарға қып-қызыл жалынды байқау қиын емес. Қалай келді?..

- Оның бәрін айтып отырсам, біреулерге мистика сияқты көрінер, біреуі қиял-ғажайыпқа да балар. Алайда, бұл дастандар менің көңіліме бір-ақ сәтте құйылып келгені сондай, компьютерде табандап отырып жазып шықтым. Орындыққа байлап тастағандай болды бір құдірет. Өлең дегеніміздің өзі – импровизация. Оны қиындатып, бәз бір ақындарша ойды күрделендіруге қарсымын. Өлең табиғаты қалай да сақталуы тиіс. Тұмар ханым туралы дастанды жазу туралы ұсынысты Фариза апам жасаған еді. Көпке дейін жаза алмадым, қиналдым. Тұмар туралы өлеңдер туды, бірақ дастанға айналып кетпеді. Сөйтіп жүргенде 2003 жылы «Қарой қасіреті» дүниеге келді. Соның алдында Махамбет бабамды көрдім, түсімде. Кесенесінің жанында тұр екем. Кесенеден шыққан Махамбет ақын маған екі қылышты айқастырып тұрып ұстатып кетті. «Қарой қасіреті» содан кейін жазылды.

Ал «Тайманның ұлы Исатай» 2013 жылдың 24 желтоқсанында туды. Өмірімнің аса бір қиын кезеңі еді. Ойланып, уайымдап келе жатып, жаяу жүргінші жолынан шығып кетіппін, сол сәтте менің алдыма ақбоз атты бір сұсты батыр қылышын сермеп тұра қалып «Қайт кейін!» деп ақырды. Мен қалшиып тұрып қалыппын. Есімді жисам әрі-бері ағылған көлік нөпірі. Әрең дегенде жаяу жүргінші жолына шықтым. Сол сәтте құлағыма «Тайманның ұлы Исатай» деген дауыс келіп, көкірегім күмбірге толды. Өз-өзінен ағылып келген жырды есімде сақтап қалу үшін тездетіп үйге жетіп, шешінбестен компьютерге шұқшидым. Дастанның негізгі бөлімін жазып бітіргенде таң атқан еді. Мен түнімен отырыппын. Бірақ, шаршағанымды сезбестен үйдегі балаларға дастанды оқып жатырмын. Ал олар мені шәйға шақырып жатыр...

- Өлеңнің өміршеңдігі неде деп ойлайсыз және кімдердің туындыларын ерекше бағалайсыз?

- Өлеңнің өміршеңдігі – халықтың жүрегінен орын алуында. Өзім ақын Есенғали Раушанов, Маралтай Райымбектің өлеңдерін, жазушы Рахымжан Отарбаев, Заря Жұманованың туындыларын іздеп жүріп оқимын.

- Қарбалас жұмыс кезі болса да уақыт тауып сұхбат бергеніңіз үшін рахмет. Жаратқан Өзі жар болып, жазар көбейсін!

Сұхбаттасқан Гүлмира СҮЙЕКЕНОВА

Атырау қаласы

Бөлісу:

Көп оқылғандар