Дүкен Мәсімхан: Бұл буын әдебиеттің бағытын мүлде басқа арнаға бұрады
Бөлісу:
- Салыстырмалы зерттеу бағытымен қытай әдебиеті мен қазақ әдебиеті хақында көп жаздыңыз. Қазіргі қазақ әдебиеті мен қытай әдебиетін деңгей, жаңашылдық пен шығармашылық ізденіс тұрғысынан салыстырып көруге бола ма?
- Иә, өзің айтқандай, біз қазақ және қытай әдебиеттерін салыстырмалы әдебиеттану ғылымының теориясы мен принциптері тұрғысынан салыстыра зерттеп докторлық диссертация қорғадық, елдің іші-сыртындағы жетекші ғылыми басылымдар бетінде неше ондаған зерттеу еңбектерін, монографиялар жарияладық. Дегенмен, сөздің осы тұсында басын ашалап айта кететін бір жағдай, аталған екі халықтың әдебиеттерінің тарихи жүріп өткен жолын немесе тұтас әдеби қазынасын салыстырып шығу мүмкін емес. Оны қойып, екі әдебиеттегі бір ғана жанрдың арғы-бергісін тұтастай алып, оның бүге-шігесін салыстырудың өзі ғылыми позиция болмас еді. Сондықтан біз ХХ ғасырдың басындағы қазақ және қытай әдебиеттеріндегі дәстүр мен жаңашылдық мәселесін, сондай-ақ бұл мәселені сол кездегі екі ел әдебиетінің аса көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезов пен Лу Шүн шығармашылығы негізінде салыстыра қарастыруды өзіміздің зерттеу нысанымыз ретінде алған болатынбыз.
ХХ ғасыр басындағы Қазақ және Қытай елдері әдебиетіндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық тақырыбын, бұл тақырыптың М.Әуезов пен Лу Шүн шығармаларындағы көрінісін салыстыра зерттеуімізге түрткі болған, ХХ ғасыр басындағы екі елдегі қарайлас мезгілде өрістеген саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени, әдеби хал-ахуал болатын. Жалпы былайынша үстірт қараған кісіге бұл салыстыру тосындау сезілуі мүмкін. Ал шынтуайтына келгенде, ХХ ғасыр басында екі елде қатар, бір сипатта өрістеген саяси, әлеуметтік, рухани бетбұрыстарға назар аударатын болсақ, толып жатқан ортақтықтарға, сарындастықтарға куә боламыз. Атап айтқанда, отаршылдық езгіде (қазақ халқы патшалы Ресейдің, қытай халқы Цинь патшалығы мен шетел отаршылдарының) өмір сүру, ұлттық буржуазияның қалыптаса бастауы, жаңа сападағы ұлт зиялыларының өсіп-жетілуі, рухани саладағы тың бетбұрыстар, Қытайдағы Синьхай төңкерісі (1911 жылы), Қазақ еліндегі ұлт-азаттық көтерілістер (1916 жылы), жалпыұлттық ояну мен ұлтық ағартушылықты басты мақсат еткен түрлі қоғамдық ұйым-топтардың, партиялардың құрылуы, тың сипаттағы мерзімді баспасөздердің жарық көруі, жаңа сападағы көркем әдебиеттің қалыптасуы, т.с.с. көптеген саладағы ауқымды, жалпыұлттық шаралардың мезгілі жағынан ғана емес, сипаты мен мақсат-міндеті жағынан да үндестік тауып, сарындасып жатуын әшейін кездейсоқтық дей алмасақ керек.
Ал екі елдегі осындау жалпыұлттық жаңғырудың басы-қасында жүрген, жаңа, өскен, өркендеген әдебиеттің негізін қалап ғана қоймай, оны талантты туындыларымен шырқау биікке көтеріп кеткен, шығармаларының денін ұлттық ағартушылық пен ұлттық оянуға арнаған қос қаламгер – Мұхтар Әуезов пен Лу Шүннің шығармашылығы мен азаматтық болмысында да ұқсастықтар өте көп болды.
Жалпы бұл саладағы зерттеулеріміз туралы әңгімені күнді түнге жалғап айта беруге болады. Ол туралы егжей-тегжейлі білгісі келетін оқырман болса, біздің «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» атты монографиямызды тауып оқып алар.
Ал енді сенің сұрағыңа оралайын, дәл қазір екі елдің саяси-әлеуметтік жағдайында, рухани-мәдени беталысында ХХ ғасырдың басындағыдай үндестік, сарындастық, ұқсастық жоқ. Біздің еліміз отаршылдық бұғауынан жаңа ғана құтылғандықтан, қай салада болмасын жоғын түгендеп, барын базарлаудың қамында. Біздің әдебиетіміз бен өнеріміздің басты миссиясы – өз-өзінен сананы отарсыздандыру мен қазақстандық патриотизм болып қалды. Ол әрине, түсінікті де. Өйткені біздің басты байлығымыз бен негізгі құндылығымыз – тәуелсіздік. Қалай болғанда да біз оны қолдан бермеуіміз керек. Ал Қытай елінің бүгінгі жағдайы мүлде басқа. Қай тұрғыдан айтсаң да қазір ол әлемдік алып держава. Айғайлап айтпағанмен, әскери, экономикалық әлеуетімен ғана емес, әдебиет пен өнер, мәдени-рухани салалада да әлемдік ой-санаға ықпал еткісі келеді. Сондықтан олардың әдебиеті мен өнері қазір ауыз жүзінде үлкен жақтан «социализм үшін, халық үшін» деген ұран жетегінде болғанымен, іс жүзінде ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бермен қарай тек «өнер – өнер үшін» қағидамен, әлемдік биіктерді бетке алып дамып келеді.
Салыстыру дегенде, ескерте кетер бір жағдай, жалпы жер бетіндегі халықтардың әдебиеті мен өнерін, мәдениетін «деңгей» тұрғысынан салыстыруға болмайды. Оның себебін өзің де білесің. Ал енді екі ел әдебиетін «жаңашылдық пен шығармашылық ізденіс тұрғысынан» салыстырып көруге неге болмасын?! Әбден болады. Алайда есте болатын бір жағдай, екі халықтың әдебиеті де ұшы-қиыры жоқ, ұшан-теңіз дүние. Сондықтан салыстыра, салғастыра зерттеудің қандайы болса да, нақты мәселе, нақты құбылыс, нақты қаламгерлер төңірегінде болу керек. Мәселен, қытайдың жаңа поэзиясындағы қалыптасқан әдеби құбылыс (ағым деуге де болады) «күңгірт өлеңнің» ту ұстаушылары мен біздің жас ақындардың ізденісін салыстырып көруге әбден болар еді. Сондай-ақ қытайдың талантты әйел жазушысы Те Ниңнің шығармашылы мен қазақтың классик жазушысы Төлен Әбдіковтің шығармашылығындағы сарындастықтар, тың ізденістер, терең қатпарлар салыстыра зерттеуге сұранып-ақ тұр. Қытайдың дарынды ақыны Бэй Дао мен қазақтың талантты ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімұлының поэзиясы да өзара салыстыра қарастырып, олардағы «үндестіктің» сырын ашып беретін адамын күтіп жатыр. Айта берсек екі ел әдебиетінде салыстыра қарастыруға тұрарлық құбылыстар аз емес.
- Біз бұған дейін тек қытай ойшылдарынан Кұңзы мен Лу Шүнді ғана білдік десек те болады. Қытай жазушысы Моян нобель сыйлығын алғаннан кейін ғана қытай әдебиетіне назар аудара бастадық. Қытайтанушы және әдебиетші ретінде айтыңызшы, Моянь қандай жазушы? Қазіргі қытай әдебиетінің біз білмейтін қандай мықты өкілдер бар?
- Иә, дұрыс айтып отырсың, жалпы бір біз ғана емес, санаулы қытайтанушы ғалымдарды есепке алмағанда, бүкіл жержүзі халықтарының біразы қытай десе, тек Кұңзы мен Лу Шүннің есімдерін ғана атай алатын. Шырқап бара жатқанда Таң дәуірі ақындарынан Ли Байдың, Ду Фудың, Ваң Вэйдің, Бай Цзюинің есімдерін, Лу Шүннің замандастарынан Мао Дун, Ба Цзинь, Лао Шэлардың есімдері мен шығармаларын білетін еді.
Ал Лу Шүн қайтыс болған 1936 жылдан Мо Яньнің Нобель әдебиет сыйлығын алған 2012 жылға дейінгі аралықта дерлік 80 жылға жуық уақыт жатыр, дөңгелектеп бір ғасыр десек те болады. Осы аралықта қытай әдебиеті неге томама-тұйық күй кешті? деп отырсың ғой?... Оның себебіне жан-жақты тоқталсақ, ол ең кемінде тұтас бір монографияға жүк болуы мүмкін. Дегенмен, барынша жинақтап айтып көрелік, өткен ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында Жапония Қытайға басып кірді, ол кезде Қытайдың өз ішінде гоминдаң мен компартия арасында азаматтық соғыс жүріп жатқан. Осы жағдайға байланысты компартия мен гоминдаң иелігіндегі жерлерде өмір сүретін қаламгерлер тұтастай «жапон соғысына» жұмылдырылды. Соның нәтижесінде аталған кезеңде «жапонға қарсы әдебиет» деген ұғым қалыптасты. 1946 жылы Жапония жеңіліп, Қытайдан шегініп шықты. Тағы екі-үш жылға жалғасқан азаматтық соғыстан кейін гоминдаң жеңіліп, 1949 жылы ҚХР құрылды. Сол күннен бастап ондағы әдебиет «социалистік реализм» бағытын берік ұстанып, «компартия басшылығындағы бақытты өмірді» жырлауға міндетті болып қалды. Бұл үрдіс 1949 жылдан 1979 жылға дейін отыз жылға созылды. Тіпті осы отыз жылдың соңғы 20 жылында қытайда талантты қаламгердің бәрі абақтыға жабылып, жер аударылып, тұтқындалып кетті де, аман қалғандары тап-таза жеке басқа табынуға, «Маоға одалар» арнап жан сақтауға мәжбүр болды. Тек билік басына қытайдың кемеңгер перзенті, ұлы реформатор Дэн Сяопин келгеннен кейін, жалпы саясатқа елеулі бетбұрыс жасады, саяси, экономика саласында ғана емес, ғылым, білім, әдебиет, мәдениет салаларына «төңкеріс» деуге тұрарлық бетбұрыстар жасалды. Абақтыда жатқан, жер аударылып кеткен талантты қадамгерлер бостандыққа шығып, қаламдарын қайта қолға алды. Жас буын, дарынды қаламгерлерге үкімет барынша қолдау көрсетті. Әлем халықтары әдебиетінің бұрынғы-соңды озық үлгілері түгелге дерлік қытай тіліне аударылы. Қытайдың Мәдениет министрлігі жанынан қытай әдебиетін шетелдерге насихаттау кеңсесі құрылып, қытайдың дарынды ақын-жазушыларының талантты туындыларын үкімет қаржысымен шетел тіліне аударту жұмысы жүйелі жолға қойылды. Сонымен бірге, талантты ақын-жазушыларға «кәсіптік қаламгер» деген атақ беріп, жеткілікті жалақы төлеп, олардың тап-таза шығармашылықпен айналысуына шарт-жағдай әзірлеп берді. Міне әдебиетке жасалған осындай қолайлы шарт-жағдай мен қамқорлықтың арқасында он-ақ жылдан кейін қытай әдебиеті жаңбырдан кейінгі алсындай дүрк көтерілді. Қытайдың өз ішінде ғана емес, әлемге әйгілі қаламгер шыға бастады. Осылайша, поэзияда Бэй Дао, Хань Дуң, Ван Цзясинь, Ди Юңмиң, Хай Цзы, Чэн Дуңдуң, Гу Чэң бастаған жүздеген талантты жаңа есімдер жарыққа шықты. Прозада Уаң Мың бастаған аға буын қаламгерлер қайыра қайратына мінген болса, Цзя Пиңао, А Чың, Уаң Шуо, Мо Янь, Чжаң Чыңчжы, Уаң Цзыңчи, Дэн Иоумэй, Ляң Сяобо, Гао Сиңцзянь, Чжаң Цзе, Уаң Аньи, Те Ниң, Лу Вэнфу секілді, бүгінде өздері де аға буынға айналып бара жатқан жаңа таланттар келіп келіп қосылды. Бұлардың ішінде Мо Янь мен Гао Сиңцзянның Нобель әдебиет сыйлығын алғанын еске алсақ та қытай әдебиетінің бүгінгі биігін шамалауға болатын шығар.
Ал Мо Яньға келсек, ол өзін шыншыл-реалист жазушымын деп есептейді. Нобель сыйлығының оған берілу негіздемесінде «шындық пен қиялды, тарих пен қоғамдық болмысты шебер қиюластыратын таланты үшін берілді» деп жазылған. Ал көптеген шетел әдебиеттанушылары оны магикалық реализм тәсілін шырқау биікке көтерді деп есептейді.
- Қазақ классиктерінен қытай тіліне кімдер аударылды? Қытай оқырмандарына біздің бұрынғы-соңғы қандай қаламгерлеріміздің есімі жақсы таныс? Қытай әдебиеттанушылары біз туралы не дейді?
- Қазақ әдебиетінің миллиардтардың тіліне аударылуы онша көңіл көншітпейді. Қытай тіліне ғана емес, тіпті әлемнің қай тіліне аударылу жағына назар аудармаңыз, бәрі солай. Жырғап тұрған жағдай жоқ. Дегенмен, қытай тіліне қазақ қаламгерлері Кеңес Одағы кезінде там-тұм аударылған екен. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл үрдіс шамалы жанданғандай болды. Бүгінге дейін Абайдың өлеңдері мен қарасөздері, Жамбыл өлеңдері, М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы, И.Есенберлиннің «Қаһар» романы, О.Сүлейменов пен М.Мақатав өлеңдері, Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» романы, Рақымжан Отарбаевтың әңгімиелер жинағы аударылғанын білем. Ал арнайы қазақтың тарихы мен мәдениетін зерттеп жүрген ғалымдары болмаса, қытай әдебиеттанушы-ғалымдары біздің әдебиет туралы көп ештеңе біле бермейді. Мен бір қызық жағдай айтайын, осыдан он жыл бұрын, докторлық диссертация қорғаудың қарсаңында Пекиннен шығатын «Лу Шүн зерттеу» деген журналға қытай тілінде жазылған «М.Әуезов және Лу Шүн: шығарма өзегі – ұлт тағдыры» деген зерттеу мақаламды жібердім. «Қазақстанда бір ізденуші ұлы Лу Шүнмен Мұхтар Әуезов деген бір қазақты салыстырып, докторлық диссертация жазыпты» дегенді естігенде, алғашында журналдың қызметкерлері, қытайдың лушүнтанушы ғалымдары миығынан күлген көрінеді. Көп өтпей маған хат келді. Хатта: «Лу Шүнмен салыстырылатын жазушының деңгейіне біз ерекше мән береміз. Лу Шүнмен салыстыратындай бұл М.Әуезов деген – кім өзі? Ең әуелі, бізге сол туралы мәлімет берсеңіз», – делінген. Әуезов туралы анықтама бердім. Қытайлар табынып оқитын Л.Арагон, М.Шолохов, Л.Федин, А.Фадеев, Ш.Айтматовтардың Әуезовке берген бағасын айттым. Содан кейін барып олар мақаланы басты. Өткен жылы аталған журнал бетінде бір қытай ғалымының Лу Шүнмен салыстырыла зерттелген әлем жазушылары туралы мақаласы жарық көрді. Мақала авторы Әуезовті де ерекше ілтипатпен ауызға алыпты. Демек, бір ғана біздің осындай болмашы ізденісіміз қытайлардың Алаш қозғалысы туралы, ХХ ғасыр басындағы қазақ елі туралы, жалпы қазақ әдебиеті туралы, М.Әуезов туралы қасаң түсінігінің сеңін бұзуға мұрындық болды деуімізге болады. Ал егер бір ғана Мұхтар Әуезовті емес, басқа да ұлы қаламгерлерімізді әлемнің өзге де классиктерімен салыстыра қарастырсақ, зерттеу еңбектерімізді сол елдерде жарияласақ, артынан шығармаларын аудартсақ, өз елімізде олардың қалың-қалың томдарын қайта-қайта шығарғаннан гөрі, әлдеқайда жемісті, мәнді, мағыналы шаруа болар еді.
- Сіз әдеби аудармамен де айналысып келесіз. Біздің елімізде аударма мәслесі көңіл көншітпейтіні түсінікті. Оны қалай жолға қою керек? Қысқасы, қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін, әлем әдебиетінің жауһарларын бізге таныстыру үшін не істемек керек?
- Қазақ тілінің өз ел, өз жерімізде өгей баланың күйін кешіп жүруінің бір себебі – осы аударма ісінің дұрыс жолға қойылмауында жатыр. Қазақ тілінде дүниежүзінде болып жатқан ғылым-техниканың жаңалықтарына қатысты, әлемдік ой-сана мен мәдениеттің жетістіктеріне қатысты еш қандай ақпарат жоқ. Қазақ халқы бұл саладағы қажеттілігін тұтастай әрісі ағылшын, берісі орыс тілі арқылы толықтырып отыр. Мен бірде студенттерге қытай әдебиетіне қатысты курстық жұмыс жазу туралы тапсырма бердім. Қазақ тілінде еш қандай әдебиет жоқ, бәрі орыс тілінде. Шәкірттерім орыс тіліндегі әдебиеттерді қазақшалай алмай әбден қиналғанын айтты. Бұл гуманитарлық ғылым ғой, жаратылыстық ғылым саласы тіпті де солай. Ал әдебиетіңізге келсек, ізденімпаз жастар керегін орыс тіліндегі аудармалардан тауып алып жүр, қазақ тілінде Кеңес Одағы кезінде аударылған біраз дүниелермен шектелеміз. Бізде негізі мемлекет кітап шығару ісіне жыл сайын қомақты қаражат бөледі, өкінішке орай ол қаражаттың дені жыл сайын «бәленбайдың 100 жылдығы», «түгендайдың 90 жылдығы», «анақайдың 80 жылдығы», «мынақайдың 70 жылдығы» т.с.с шаралардың ауқымында солардың «көп томдықтарын» шығаруға кетіп жатады. Ол көп томдықтарды парақтап көрсең көпшілігі «ұлы совет халқының бақытты өмірін» жырлаған, кеңестік идеологияның үгіт-насихаты ғана. Ондай кеңестік кезеңнің туындылары жас ұрпақты улағаннан басқа, не береді?! Оның орнына неге біз ізденімпаз, талантты жас қаламгерлердің шығармашылығына жол ашпаймыз?! Қазір кім көп, құдайға шүкір, шетел тілін жақсы меңгерген жастар көп. Неге біз соларға қаламақыны дұрыстап төлеп, әлем халықтарының ең үздік ақын-жазушыларының шығармаларын аудартып шығармаймыз?! Егер осылай өз буымызға өзіміз пісіп жүре беретін болсақ, ерте ме, кеш пе ұлт ретінде ой-сана, мәденет, өнерден кері кетіп, жұртта қаламыз. Сондықтан үкімет жыл сайын кітап шығаруға бөлетін қаржының «мұнша пайызын жас авторларға, мұнша пайызын ересек авторларға, мұнша пайызына шетелдік авторлардан жасалған аудармаларға» деп нақты бөліп көрсету керек. Сонымен бірге, анау бір жылғы «Мәдени мұра» деген бағдарлама секілді үш-бес жылдық ауқымды мемлекеттік бағдарлама жасап, әлем халықтарының озық ой-сана жауһарларын, ғылым-білім жаңалықтарын түпнұсқадан қазақ тіліне қотарып, шығарып алуымыз керек. Бұл бір жағынан тұтас қазақ халқының ой-санасының өсуі мен дамуына ықпал етсе, екінші жағынан қазақ тілінің әлеуетін де көтеретін игілікті іс болар еді.
- «Қоныс аударушылар әдебиеті» деген термин жиі айтылып жүр. Отанға оралған этникалық қазақ қаламгерлердің туындыларын осылай атау қаншалықты орынды?
- Отанға оралған этникалық қазақ қаламгерлердің туындыларында тақырып, өзекті идея, бейнелеу тәсілдері жағында өзіндік ерекшелік бар екені жасырын емес. Олардың шығармашылығындағы сондай бөлек бөгенайды әдебиеттанушы ғалымдар мен сыншылар сондай бір құбылыс ретінде бөліп алып, арнайы қарастырып жатса, оның еш қандай әбестігі жоқ деп ойлаймын.
- Маған соңғы кездері қазақ жазушысы жиырма бірінші ғасырға өтіп алғанымен, әдебиеті мен аңсары, ойлау жүйесі мен тіл мәдениеті жиырмасыншы ғасырда қалып қойғандай көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?
- Бұған берер жауабымды жоғарыда «аударма» туралы қойған сұрағыңның ауқымында айтып кеттім ғой деп ойлаймын. Тарқатып айтсам, сөз ұзап кетеді, негізгі түйіні сол.
- Қазақ әдебиетінің ендігі бағыт-бағдары, тақырып өрісі, көркемдік болмысы қалай бет алады? Жан жүйемізге салынған отарлықтың жарасы жазыла бастаған осы кезеңдерден кейін қазақ әдебиеті қалай өзгереді?
- Алдағы күннің қалай боларын тек бір Алла ғана біледі. Ал осы әдебиет дейтін саланың ұлы қазанында қайнап жүрген ақын, аудармашы ретінде өз болжамым да жоқ емес. Енді бір 20-30 жылда әдебиет саласында көне көз, ескі буын негізінен қалмайды. Ол әрине, менің қалауым емес, табиғаттың заңы. Оның есесіне әдебиеттің негізгі жүгін бүгінгі жаңа буын арқалайтын болады. Ал менің «жас, жаңа буын» деп отырғаным – өткен ғасырдың 90-шы лдарынан кейін өмірге келген, ой-санасы мүлде азат, қазіргі жастар. Дәл қазір олардың дені ізденіс үстінде, оның үстіне көбі бір-екілеген шетел тілін меңгерген. Осы буын жақын болашақта қазақ әдебиетінің арнасын мүлде басқа, жаңа бағытқа бұратын болады. Қазірдің өзінде бұл бетбұрыстың нышанын байқау қиын емес. Шамамен осы ХХІ ғасырдың 40-жылдарында біздің әдебиетіміз «бұқаралық-әмбебап әдебиет» және «таза әдебиет» деп екі үлкен жікке бөлініп, олардың оқырмандары да қақ жарылады. «Таза әдебиет» ағымындағылардың ішінен әлемдік ауқымда танымал қаламгерлер көбірек шығып, қазақ дейтін халықтың әдебиеті өнер ретінде әлемге жаппай таныла бастайтын болады. Ал «бұқаралық-әмбебап әдебиетінің» белсенділері де ертегі рәуіштегі прозасын жазып, ақындары «әләулайлап» өлеңін құрастырып жүре береді. Сөйтіп ХХ ғасыр басындағы ;апон әдебиетіндегі секілді «төңкеріспен» пара-пар ойталасы қайталануы мүмкін.
- Соңғы оқыған кітабыңыз туралы айтыңызшы? Қандай кітап оқыдыңыз? Қандай әсер алдыңыз?
- Менің екі-үш жылда бір рет Абайдың екі томдығын бір оқып шығатын әдетім бар еді. Жақында ғана тағы бір оқып шықтым. Әсерге келсем, бір ғажабы, әр оқыған сайын ұлы ақынды тұңғыш рет оқып отырғандай әсерде болам. Көзім жеткен бір ақиқат, бүгінгі қазақ Абайдың қазағынан сауатты, білімді. Бірақ иман, ар-ұят, береке-бірлік жағына келгенде ештеңе өзгере қоймаған. Тіпті кейде жаңағы «сауат пен білім» сұмпайылық үшін таптырмас қару болып кеткен. Мәселен, ұлы ақынның «Бөтен елде бар болса...» деген толғауын оқысаң, осы бүгінгі біздің қоғамда, маңайыңда шапқылап жүрген қазақтарды көресің.
- Махаббатпен бостандықтың ара қатынасы қандай? Махаббат бостандықты шектей ме?
- Қызық сұрақ екен. Біріншіден махаббаттың ауқымы өте кең құбылыс. Мәселен, қыз бен жігіттің махаббаты бар, одан тыс адамдардың жаратушыға, ата-анаға, туған жерге, отанға, ағайын-туған, дос-жаранға, дүние-мүлік, байлыққа деген махббаты бар. Ал бостандық адам баласының бостан, азат өмір сүруі. Бірақ оның да ұлттың бостандығы мен жеке адамның бостандығы деген түрлері бар. Мәселен, бір адам өзінің махаббаты үшін саналы немесе санасыз түрде жеке бас бостандығынан баз кеше алуы мүмкін. Бірақ сипатына қарай оның кейбіреуі «ерлік» болып есептелсе, кейбіреуі «қылмыс» болып саналады. Ал өзінің махаббаты үшін ұлтының, елінің, отанының бостандығына қианат жасаса, ол сатқындық болып есептеледі.
- Ғылымда күмән келтіру дәріптеледі. Ал дінде күмән келтіру күнә болып саналады. сіз бұған қалай қарайсыз?
- Әрине, ғылымды өсіретін, өркендететін сұрақтар мен күмәндар. Баяғыда Нютон саябақта дем алып жатқанда алма ағашынан үзіліп жерге түскен алма туралы ойланады ғой, «неге жерге түсті? Ағашынан үзілген алма үшін жоғары қарай ұшып кетсе де еш кедергі жоқ, неге төмен құлады?...» деген сұрақтардың астында қалады. Содан барып ұлы ғалым Жер шарының тартылыс күшін ашады. Ал қай діндегі діндар болса да, діни кітаптағы «жеміс-жидек піседі, сосын жерге түседі...» деген «құдай сөзіне» шүбә келтірмес еді. Өйткені дінде құдайдың құдіретіне, сөзіне шүбә келтіру күнә!
Демек, соңғы мыңжылдықта мұсылман әлемінде адамзат қоғамының дамуы мен гүлденуіне мұрындық боларлық әлде қандай ғылыми-техникалық жаңалықтардың ашылмауына, адам баласының ой-сана мәдениетінің өсуіне ықпал етерлік ұлы еңбектердің болмауына – ислам елдерінің діни-наным сенімге шектен тыс бой ұрып кетуінің де әсері болғаны жасырын емес. Ол туралы өзгені былай қойып, Мысырдың ұлы қаламгері, әйгілі драмматург, Мухаммад Таймур өзінің «Египеттіктердің мешеу қалуының бір сыры» атты шағын әңгімесінде өте шебер бейнелеген болатын.
Сұхбаттасқан: Ербол Алшынбай
Бөлісу: