Байбота Қошым-Ноғай: ...сөйлеген бiр тал гүл екен!..

Бөлісу:

03.11.2017 8532

* * *

Меңiреу қырда тiл қатты маған

гүлдер де,

жел де кеше ептеп,

сыр ашты бiрде сырмақты далам,

төселдi дағы төсек боп.

Құрбымен барсақ,

гүлдерi бiздi

қарсы алды талай құлпырып,

сездi ме, қайдам,

жүргенiмiздi

бiр-бiрiмiзге ынтығып.

Сәскеде сағым қуалап кейде,

тарқамас едi құштарым,

бұлдырық дей ме,

дуадақ дей ме…

Көп көрдiм қырдың құстарын.

Сап түзеп үйлер далада бүгiн,

ол маңай мүлдем өзгерген.

Сағынып,

аңсап барам әлi күн

жолым бiр түскен кездерде.

Қараймын сұқсыр жолыққанда да

көргендей алғаш мұны мен…

…Қорғалжыңдағы қорықтар ғана

шулайды құстың үнiмен!..

* * *

Ауылға барсам,

сыбырлап тұратын-ды айқын

жалғыз жиденiң құстаңдай жапырақтары.

Шаршатпай,

жүдә, тынбайтын

аңызақ соғып тұр ма екен атырапқа әлi…

Жо-жо-жоқ!

Қыс келер ендi,

бiте көбелек ойнатып басына шыңдар.

Желдер-ай!

Желдер,

қалдырмай кiшкене белгi,

қай жаққа асығасыңдар?

…Ысқырып желдер,

бiр әндi салады мұңды,

сағыныш селi кеудемнен ақтарылмай ма?!.

Түсiрер еске бейкүнә балалығымды

қулар-ай,

хаттарың қайда?!.

Хаттардан қанша қайран бар бiрақ адамға?!

Шiркiн-ай,

не бар Қаратау бөктерiне тең?!.

Жылына бiр-ақ барамын.

Сiрә, маған да

батасын берген мәрт шалдар өкпелi ме екен?!.

* * *

Далада сағым.

Көкала мұнар…

Күн сұғын қадап биiктен,

жалт етiп көзден жоғалады да,

құйын боп борар киiктер.

Ал қуғын салдық тамаша көрiп,

қиқулап, мiне, барамыз.

Құба жон мең-зең…

Қараша келiп,

үскiрiк үрген қара күз.

Киiктер қашты далада маңып,

шыбындай жанын қорғалап.

Мынадан ағып,

анадан ағып,

тер жуды атты сорғалап.

Оған да қамшы тиiптi ендеше,

жосылған iз бар таңында.

Бұл – бiзге рақат.

Киiктерге ше?..

Қызық қой, өмiр, заңың да!!!

* * *

Да-а-ла-а-а!

Омырауыңа гүл қадап алып,

шығардың қардан көктемдi сүйреп.

Жыр жазушы едiм жылғаға барып,

шабытты шақ та кеткен-дi сиреп.

Кемерден қарғын асып ағатын

көкпектi қырды сағындым ендi.

Шақырса сәуiр,

асығады ақын

қызғалдақ өрген сағымды белге.

Уа, дала!

Дала!

Домбыра далам,

келдiм мен орап жанымды жырға.

Тағы да шабыт қонды ма маған,

қайталап жатыр әнiмдi жылға.

Жазғытұрымның жыршы күндерi

бағбанның сұлу бағын ықтапты.

…Өрiктiң титтей бүршiгiндегi

көктемнiң иiсiн сағынып қаппын!..

* * *

Тотығып жүзi,

сұр аспан тұр күлбеттенiп;

сауырын жалап жылқының,

ызғырық естi.

Қасқыр жон бұлттар батыстан бүлкiлдеп келiп,

көгiмде бүгiн үдерiп күз күнi көштi.

Жағамды жөндеп,

қымтадым омырауымды.

Қаңбағы көшiп,

құлазып атырап қалды.

Қыркүйек келдi сыңғырлап қоңырау үндi,

желкем жел жырлап,

шулатты жапырақтарды.

Тыраулап ұзап барады тырнаның үнi –

астыма мiнген күреңiм құлағын тiктi.

…Түсiме кiрген қарт анам бұрнағы күнi,

жасаурап тұрды жанарым…

Жыладым, тiптi!..

КҮЗДIҢ СОҢҒЫ КҮНI

Желге ұшып жамбы жапырақтары,

жүдедi ерте торғын бау,

қадiрiн бiлмес,

ақымақ дағы,

күз келiп оны қор қылды-ау!..

Бұтаққа бүршiк ұстатып толған,

сәуiрде сансыз гүл атқан,

адамға сая,

құсқа құт болған

бұл бақты мен де ұнатқам.

Теректiң алтын сырғасын

демде

қашады алып қыз-бұлақ,

дәрменсiз иiп тұр басын жерге,

қайтсiн-ай ендi күзгi бақ?!.

Жеткізіп суыт бiр хабарды өкпек,

күркiреп өттi көп жаңбыр.

Тыраулап ұшты тырналар көкте,

томсарып қалды тоғжан қыр.

Күпсек қар көмiп кеудесiн,

төсін,

ұштапқа өлкем оранды.

Айта да берем, беу, несiн,

несін,

күтiп тұр дала ақ боранды!

Қанатын қопал көлбеген, жүдә,

осы бiр қара –

құзғын-ау!..

Қарлығаш келген жолменен шұбап

тарғақтар қайтқан күз мынау!

Көзiнен Күннiң оқимын

қалың

алты ай қыс аю-ұйқыны.

Құлаққа жеттi қоқидың дағы

қоштасқан мұңдар қиқуы.

Көшеді сұр бұлт аспанды құрсап,

бұлдырық бәскiл ұшады.

Қарбалас кезең басталды бір сәт –

өктедi көктi құс әнi.

Көл бетi кеше – бiр думан-тұғын;

көл бетi енді – сiреу мұз.

Айырылып ырду-дырдудан бүгін,

жас алды көзге жүдеу күз.

Шалыпты қырау,

қатерге бөлеп,

орусыз шалғын-сiбердi…

Күнесте тұрған әкем де кенет

қамығып,

жылап жiбердi.

Белгiлi тарпы оның да маған

қартайған можа тәрiздi,

көктемi қалды соңында тамам,

бажайлап бақса әр iздi.

Таңдағы келте сонардай мүлдем

қызығы қалды санаулы,

қыраны шүйлеп қона алмай,

бір дем

көңiлi дағы жадау-ды.

Сiмiлтiр кедей кешегi күнгі –

әкем көп бейнет көрген-дi.

Жамбасқа батып төсегi,

мұңды,

жабығып жатты ол да ендi!..

* * *

Жыртылды беттер күнтiзбедегi,

ғұмыры бiтiп бiр күнгi.

Жыртылды Айдың iлкi iз,

бедерi,

сөзжұмбақтар да жыртылды.

Қайраткерге де,

жыршыға дағы

бас идiк бiр күн құрметпен.

Смаханұлы шымшымалары

жыртылды қоса бiр бетпен.

Жыртылды күндер жылымық,

тымық,

айналды “ертең” “бүгiнге”.

Бiр ғана тәулiк iлiнiп тұрып,

жыртылды туған күнiм де.

Жыртылды жұмыс күндерi талай,

жыртылды сенбi,

жексенбi.

Асықтық тағы iлгерi қарай,

ертеңге бiр дем жетсе ендi!..

Үзiлiп сарғыш жапырақтары

үстiмiздегi ғасырдың,

жапырақтардай ақыраптағы

желге ұшып,

жерге шашылды…

* * *

Көз жасын бұлттар

көшкенде

алған-ды iркiп,

қайыңдар

самал ескенде

қалған-ды үркiп.

Бал қымыз құйған тегендi

сапырады аспан.

Мұң басты жасыл емендi

жапырақ ашқан.

Алатау төсiн гүл жапқан

нажағай тiлдi.

Күркiреп ода –

қыр жақта ән

ғажап айтылды.

Құйды күн қара жауын боп

жалғанға нұрын.

Дариға-ай,

тағы сәуiр кеп

қалған ба бүгiн!..

* * *

Бұлттардан жебе суырды жаңбыр,

тарқатты күймен жер шерiн.

Уыз ұрттады уылжыған гүл,

көктемнiң емiп емшегiн.

Арнаға симай сылдырап аққан

тасыды бұлақ сол мезгiл.

Көкiрегiне гүлдi қадатқан

қызға ұқсап жатыр кербез қыр.

Сайқымазақ жел жұлқыды бақты,

бұтаққа ілініп бұрымы.

Алатау жақта бұлт ыдырапты,

сала алмай шыңға құрығын.

Жотадан әрi қашып барады

бiр уыс қарды ұрлап қыс.

Бiлегiн көкке асып қалады

шелектен босап сырлы әпкiш…

* * *

Екеуiмiз ғана жайлы бұл…

Еркем,

сен едiң онда жақсы әнiм.

Жаятын таңда ләйлi гүл өркен

омырауында бақшаның.

Наз айтып баққа бұлбұл да құмыр,

ақтарған сырын шешiле.

Бүр ашқан гүлдi жұлдым дағы бір,

қадап ем сенiң төсiңе.

Содан соң састым сүйiп ап,

шырын

әселің – жанның үзiрi.

Сүю де алғаш қиын-ақ,

шыным,

қылмыстай көрдiк бiз iрi…

Екеуiмiз ғана жайлы бұл, еркем…

* * *

Дiрiлден шошып өз демiмдегi,

барамын үркек болып тым.

Мен сенiң аңқау сөздерiңдегi

ақиқаттардан қорықтым.

Елеңдеп тұрған елiгiм, менi

өртедi қайтып өшкен мұң.

Бiр маған деген сенiмiңдегi

балалығыңнан сескендiм.

Өмiрдiң тербеп жаңа арынды әнi,

келген-дi сенi ерке еткiм.

Мен сенiң мұңды жанарыңдағы

пәк сезiмдерден селк еттiм.

Ұмытып тiрлiк күйбеңiн,

iсiн,

бiр саған тiктiм көзiмдi.

Сен менi шексiз сүйгенiң үшiн

кiнәлап жүрмiн өзiмдi!..

* * *

Соғады сағат бiр ырғақпенен,

аққұба таңды атырып,

жүрегiм жанып,

шымырлап денем,

өртенiп кеудем жатыр, ұқ!

Көңiлiм кiрден ашылар менiң,

өткiзсем оймен кей түндi.

Сүймейсiң!

Сүйсең,

жасырар ма едiң,

аяулым, менен кейпiңдi?!.

Iздемей қайтем көрiнбегесiн

көркiңнен сенiң қара мең:

хабарың жетсе,

өлiмге де шын

қабақты шытпай барар ем.

Жүзiңдi, қалқам, жасырмағын сен,

таса да болма көзiмнен.

“МҰҢ ДЕГЕН НЕ?”– деп,

қасымда жүрсең,

сұрар ма ем мүмкiн өзiңнен?!.

* * *

Тағы да келдiң,

тағы да көрдiм…

Жарқылдап неге күлмеймiн?

Қамыға бердiм,

қамыға бердiм…

Қамықтым неге?

Бiлмеймiн…

Өзiңдей нәзiк гүлге де менiң

көп едi айтар сырым да.

Келедi күлiп бiрдеңе дегiм,

не деймiн бiрақ,

шынында?!

Сағыныш буған шағымда маған

қол ұшын бердi елесiң.

Не деушi едi сағынған адам,

САҒЫНҒАН АДАМ не десiн?!

“Әуейi, солай жүрсiн!”– дедiң бе,

ұқпағансыдың нелiктен?

…Жүрек боп бүгiн дүрсiлдедiм де,

сыздадым жүрек болып мен.

…Жүрек боп сен де көрiп пе ең?!.

* * *

Бармаймын көптен жиынға, сiрә,

ежелден сүймен мұны мен.

Сен барсың, қалқам,

үйiмде асыға

күтетiн менi күнiмен.

Достарым кейде құйса да “анадан”,

тартынам бiраз деңгейде.

Шұғыл iссапар тисе де маған,

қарсылық қылам мен кейде.

Кезерiп күнде шөлдеймiн ерiн,

жандай-ақ жатқан жыл санап.

Қасыңнан шыққым келмейдi менiң

бiр мезет,

тiптi, бiр сағат!..

* * *

Қаланы көптен жүр кезiп бiр мұң,

тұнжырап мөлдiр жанары.

Бетпе-бет келiп,

мың кезiктiрдiм,

ашылмайды ешбiр қабағы.

Көргем жоқ кезiн күлiмсiреген,

қарғай ма қатал тағдырын?

Жас жуса жүзiн жылымшы,

денем

сезедi нөсер жаңбырын.

Сүйемiн үнсiз, тегi, мұңды мен,

отырып алып оңаша.

Алабұртады көңiлiм кiлең,

жайлы емес жанға ол аса.

Тым ыстық маған мұңның ажары,

жанары ойлы тұнжырап.

Жастықтың тарап дулы базары,

жүрегiм сыңсып тұр жылап.

Ортақ боп ойға осындайда мұң,

бөлiсер менiң сырымды.

Даңғаза шуға қосылмайды әнiм,

зерлеймiн шермен жырымды.

Сүйемiн үнсiз, тегi, мұңды мен

ажары ұқсас өзiңе.

Жуамын жаспен өңiрiмдi де,

көздерi түссе көзiме…

Ғашықтықпенен келеке қылды,

оны ылғи қинап Тәңiрiм.

…Сол мұңның

жұртқа

сен екенiңдi

айтқам жоқ,

жетiп сабырым!..

* * *

Бұрын, сірә, атып па еді мұндай таң,

бұла сезім бұзды менің ұйқымды.

Кеудемдегі қуанышты кімге айтам

қаламымнан басқа мынау сиқырлы?

Мұндай таңды бұрын көрген емеспін.

Тәтті ұйқыда жатырсың сен түс көріп,

бесіктегі бала сынды балбырап.

Алматыға тұр Алатау сұс беріп,

құс үніне елең ете қалды бақ.

Мұндай таңды бұрын көрген емеспін.

Сенің ұйқтап жатқаныңды аңғарып,

самал менің иығыма асылды.

Дидарыңа Шолпан жұлдыз таңданып

қарады да, жүзін дереу жасырды.

Мұндай таңды бұрын көрген емеспін.

Көкжиектен көрінген жоқ Күн әлі,

қандай нұрлы шүйке түткен шың мына:

пейіш, бәлкім, Һауа Анаға күнәлі

кешіріммен бетін бұрған сынды ма?!.

Мұндай таңды бұрын көрген емеспін.

* * *

Кезiп жүр бiр ақ перiште қиял ғаламын,

оны ажырата алмайды ешкiм де менен.

Жұматайға ұқсап мен оған күй арнамадым,

Тагордай көмек күткем жоқ кескiндемеден.

Көбейдi қазiр ұйқысыз атырар таңым,

зер төгiп шерлi,

жырымды жазамын нұрмен.

Сонетi дағы дәрменсiз Петрарканың

айшықтауға сол арудың ажарын мүлдем.

Дүрсiлдеп байғұс жүрегiм кіл үмiтпенен,

дегбiрсiз жиi соғады бүгiн асыға.

Сұп-суық сол бiр жанардың

жылынып келем

жалғанда мынау бейопа шұғыласына!..

* * *

Жаным,

қайғы

зәрiн

жайды

денеме!

Жүрек

шiркiн

жүдеп

бiр күн

семе ме?

Сараң –

уақыт.

Маған

бақыт

қона ма?

Сезiм

гүлi,

көзiм

нұры

сола ма?

Шерiм –

шемен,

шөлiм

сенен

қанбаған.

Сағым

құшып,

салым

түсiп

алданам!..

* * *

Уһ, жұпар атып,

көктемнің иісі келді,

үт жарықтық та сығалап үй ішіне енді.

Ұйқыдан тұрып Алатау,

аспанға қарап,

керіліп,

тұттай жалаңаш күйі шіренді.

Сергігім келді менің де далаға шығып,

сарғайтып еді сағыныш санама сіңіп.

Көкірегімді түртеді саусағыменен

бір ғажап мұң мен шаттығы аралас үміт.

Қар еріп кеткен жым-жылас осы кешегі,

бетпе-бет тұрып егіз шың есінеседі.

Күн күлім қағып,

ғарыштан қарайды маған,

түсіріп нұрлы шуағы есіме сені.

* * *

Санамды салып сары уайымға,

жатқанша күндi санап мен,

iшкiлiкке әбден салынайын ба,

тарқатып шердi шараппен?!.

Қаймана қазақ,

досты да құшып:

“Оқиыншы,– деп,– бiр өлең”,–

дұшпаныммен де төстi қағысып,

беймарал шайқап жүрер ем.

Сағыныш пенен үмiт әлемiн

жалғанда кiм бар түсiнген?

Сенi де сәтке ұмытар едiм

сарсаңға менi түсiрген…

…Сенi ұмытқанша,

өлмеймiн бе мен?

Күдерiмдi үзбен, әрине!

Жамалыңды, еркем, көрмеймiн деген

күнi МЕН ЖОҚПЫН ПӘНИДЕ!..

* * *

Бiлесiң бе, қалқам, сағындырғаныңды,

сарғайдым алтынға айналып.

Сырнайлы үнiн қосса жаным жырға мұңды,

жылайды жел тыңдай қалып.

Күрсiн демге толған көкiрегiм көптен,

күтумен хабарыңды, айнам.

Көз алдымды көрмес соқыр едiм неткен,

қармансам,

табамын қайдан?!

Шаршағанша шарлап шаһарыңды байтақ,

ұнжырғам түсiп тұрмын мен.

…Күркесiне кiрдi,

“қаһарымды” байқап,

үнi өшiп күшiктiң де үрген.

* * *

Қарғам менiң, қараңғы түн жамылып,

мен саған сырымды ақтардым,

дүрсiлiнен жүректiң мың жаңылып,

жырладым мұңын бақтардың.

Кейде қырға iңiрде жалғыз бардым,

сыңсытып сыбызғы дауысын.

Бозбала боп, көзiнен бал қыздардың

бiр кезде шық үздiм-ау шын.

Шу асаудай көрмеген бұғалық сап

бұла қыз бұлғақтайтын-ды;

қайтқанымша кей құрбым шығарып сап,

бетiмнен бiр қақпайтын-ды.

Шаттығына сан қыздың барам ендi,

ұмыт боп тойында қайғым…

Қарғам менiң, ал сенсiз бар әлемдi

ешқашан мойындамаймын!..

* * *

Өткен күнiм,

көктемгi мұң

ертегiм едi:

сенiң демiң,

ерiндерiң

өртедi менi.

Жоқ бiр кiрбiң,

пәк күлкiңнiң

сыңғыры дағы

сүйкiмiмен,

сиқырымен

жынды қылады.

Үнiңе мен

күнiменен

бiр қанбаушы едiм.

Кейде өкпелеп,

сөйлеп кенет,

бұртаңдаушы едiң.

Өмiр – кежiр.

Көңiлге жыр

салды мұң қанша!

Кеш, қарағым,

еске аламын

барлығын да аңсап…

* * *

Еркiмнен мен алғаш

айырылған кезiмде

шымылдық бола алмас

сабыр да сезiмге

күйде едiм.

Ал сен ше, сүйгенiм?!.

Сөзiңдi сiмiргем,

шарпып бiр от менi.

Көзiңе үңiлгем

шым батып кеткелi.

Сүйгенiм,

сен қандай күйде едiң?!.

* * *

Ақшамда ашқан Ақандай перiге сырын

оңаша қалсам,

Ай қадап желiге сұғын,

Алатау жақтан самалдың лебi келедi,

оның да қайталайтыны –

сенiң есiмiң.

Жаһанға жеттi жанымның шырылдағаны,

Құдайым бiрақ кектенiп қырын қарады.

Жырым қалады артымда жетiмсiреген,

жел өпкен гүлдей жүрегiм дiрiл қағады.

Болсам да ханның ұлындай,

қажыдым тiптен,

пендемiн бейне әзәзiл әзiлiн күткен.

Аумаймын Имру-л-Қайстан

муллақаттарын

Унейзаға арнап,

баз кешкен мәжнүндiкпен!..

* * *

Қасыңа

ғашықтығын

жасыра алмай, сiрә, асықты Күн.

Тұрғанмен сансыз жұлдыз арасында,

ажарын Айдың дағы басыпты мұң.

Ей, гүлiм,

қасiреттi

қайғы-мұң көк аспанды басыр еттi.

Алыстан жөңкiп келген қара бұлт та

көз жасын сағыныштан шашып өттi.

Жондағы,

қырқадағы

ән дағы атыңды атап шырқалады.

Түнерген бұлттың сырып шымылдығын,

найзағай дидарыңа бiр қарады.

Жасқадың

неге менi,

қастарың елестетiп селебенi?

Үрiмдей үлбiреген ерiнiңнен

тұрақсыз желiк қуған жел өбедi!..

* * *

Тым таныс дауыс…

Бiреу кеп маған үн қатты…

Аяқ астынан абыржып,

денем дiр қақты:

“Жоғалтып алған жоқсың ба, жаным, сен менi?..

Жоғалтып алған жоқсың ба сырды қымбатты?..”

Кенеттен кейпiн кештiм де ессiз жындының,

ұмтылдым алға,

барады кеуiп ындыным.

Өзiме өзiм сөйлеймiн баяу күбiрлеп:

“Сен кiмсiң?..

Иә, жоғалтып алған сындымын!..”

Тоқтай қап тосын,

көз салдым оң мен солыма,

бұрылдым тағы артымда қалған жолыма –

ешкiм жоқ!

Ғажап!!!

Әлде мен дерттi шығармын…

Қарасам,

бiр тал гүл ұстап тұрмын қолыма!..

“Жоғалтып алған жоқсың ба, жаным, сен менi?..”

(Түк емес Құдай қор қылам десе пенденi).

Гүл екен…

Иә, сөйлеген бiр тал гүл екен!..

Ой, тоба-ай, мына гүл үнi неткен шерлi едi?!.

“Ғафу ет, жаным!..

Кешiргiн мендей пақырды!..

Жоғалтқаным ғой…

Ұмытып қаппын атыңды!..”

“Сенiмен бiрге енемiн Жердiң қойынына,

мәурiтi жетiп,

сапарға шықсаң ақырғы!..”

“Үздiктiрмешi!..

Кiм едi, айтшы, есiмiң?!.

Айыбым болса,

сұрайын тағы кешiрiм!..”

“Сенi өзiң сүйген аруға бастап барамын,

қағамыз бүгiн кешке оның қайта есiгiн!..”

Гүл бастап жүрдi…

Төбемде тұрды Ай қарап,

жұлдыздар жымың қағады нұрмен айқалап.

“Жоғалтып алған жоқсың ба, жаным, сен менi?”–

алдымнан шықтың СЕН гүлдiң сөзiн қайталап!..

* * *

Маңдайдағы сор екен алданғаным,

қол жетпейтiн Айды мен армандадым.

Тұз татиды ғұмырдың кермек дәмi,

ұқтым Тәңiр көңiлге салғанда мұң.

Сабыр керек,

не шара,

сабыр керек,

сорың бар ма,

бар сенiң бағың, демек.

Сиддхартһа секiлдi айтам саған:

“Ақиқатты шырақтай қадiрле”,– деп.

Өзегiңдi өртке орап күрсiнбе сен,

күрсiне бер,

дұшпаным күлсiн десең.

Егер болғың келмесе мәңгi бейбақ,

тәттi мұңға меймiлдеп тұрсын кесең.

Бiз бақытты боламыз,

бiлесiң бе?

Мұңы бардың бақыт бар үлесiнде.

Ғашықтардың сырына құлақ түрдiм:

менiң жазған жырларым жүр есiнде.

Дүниеде мұң бар деп қамықпа,

әлi

бiз бақытты боламыз,

анық бәрi.

Жырымды оқып,

жұбатты жiгiт қызды,

менi ұққаны олардың – сенi ұққаны.

Бiз бақытты боламыз, қалқам, әлi,

бұл жұрт мөлдiр сезiмнен нәр табады.

Екеуiмiздi де бiрге еске алады

жүрегi бар ғаламның шартарабы…

Шырағданын шындықтың көрем де бұл,

шашу қылып шашамын өлеңге нұр.

…Сендiре алған емеспiн жүрегiмдi

мұң жоқ жерде бақыт бар дегенге бiр!..

Бөлісу:

Көп оқылғандар