Дәулетбек Темірбекұлы: Қоңыр жел қымсынбай билесін
Бөлісу:
***
Жасыл экранда өміріміз,
Өміріміз – ақ өлең.
Сезіміміз – мылқау кино –
ескі лента көнерген.
Жүрек – соқыр,
ой да – керең,
түннің ойы – өлермен,
Сықылықтап күліп отыр,
жылап отыр көрермен.
Сен – тәкаппар,
мен – бірбеткей
дәлелдейміз несіне???
кінәсі жоқ,
күнәсі жоқ
минуттардың көшіне
ілесеміз...
Содан соң сол,
тіл тигізіп
режиссер тағдырға,
жанарыңды жуасың ба
қаңтардағы жаңбырға?!
Сұрғылт бөлме.
Мұң күрсінген үнсіздік,
Ерегесу.
Елес арбау.
Құнсыздық.
Некелі өмір сценариін
кешіре алмай қос маңдай,
Еңсемізді суық сөздер
табанымен басқандай.
Сөздің ұлы кешірімін
күтеді ұлы тыныштық,
Жалтақтайды жанымызда
қөзқарастар ып-ыстық.
...Сен – тәкаппар,
мен – бірбеткей
дәлелдейміз несіне?
Көз жасыңның еркелігі
оралады есіме..
***
Бұл қала адасқақ армандар мекені,
Жарнама бетінде сезімдер арзан.
Жеңілдік бар болса
қазір-ақ
сатылып кетеді,
бонусқа бақыт бар...
Ал Бақыт – жалған.
18+ ға араналған ертегі,
Құны көк тиын махаббат дегеннің.
Күнәсіз гүлдер сол қоқысқа кетеді,
тек өлі сөздер бар – көлеңке көлемі.
Ғашықпын деген хабарландырулар,
Жүрек көзімен оқылмай қалған.
Сағыныш мезгілмен сарғаяды олар,
Сарғайды...
Бәлкім ол солған.
Бұл өмір – тоналған жүректің базары,
Маркетинг қылып жүр көбі.
Жаралы жанды кім емдеп жазады?
Кім емдеп жазады сені?!
***
Сағындым ауылымның,
қой көзді момын түнін.
Жұлдызды жақұт аспан,
жымыңдап күлетінін.
Жапырақ жүрегіммен,
сыйынып жыр көктемге,
ақ қайың xорын тыңдап,
көзімді ілетінмін.
Киелі Самарбайым,
көк майсам тербетілген.
Сыбызғы самалыңа,
жанымды емдетіп ем.
Арқаның көкірегін,
шұрқырай дүбірлеген.
Тұяғын тай-құнанның,
бояған қой бүлдірген.
Дарыған маңдайыма,
о менің далам құтты,
Ақ пейіл дарxан жұртым,
білмеген алалықты.
Жүректің көйлегіне
бақыт пен ақ сүт сіңген,
Сағындым ауылымды,
сағындым балалықты.
Ән аңқып қарағайы,
тербелген биші қайың,
Ат басын бұрып өткен
мақтайды ау қонақ жайын.
Жұпарлы ауасына
құмарың басылмайды ай,
Береке жерұйығы – киелі Самарбайым.
***
Жаралған нұрдан ғаламым киелі,
Сен жаққа жиі қарағым келеді.
Ғарыш жанарыңның кеңістігінде,
Жоғалғым келеді,
Жоғалғым келеді.
Тербесе мөлдір ән көңілімді,
Жыр еткім келеді сән көрігіңді.
Галактика толқыған қарашығыңа,
Зая еткім келеді бар өмірімді.
Ньютонның тартылыс заңы – жанарың,
Өкінбен сүйіп кешсем нала мұң.
Кірпігіңнің әр молекулла атомын,
Келеді жырлағым,
Келеді жырлағым.
Комета мұңға соғылсын басым,
Қателігім көп, азда емес жасым.
Жанарың үшін өмір сүргім келеді,
Себебі,
сүйгім келеді,
сүйгім келеді,
сүйдіргім келеді...
***
Бір, екі, үш...
Бір, екі, үш... Соңғы вальс.
Қоңыр жел қымсынбай билесін.
Төгіліп ызғарлы соңғы жас,
Күз ойнап жаңбырлы пернесін.
Уақыттай метроном ырғалып,
Сары жапырақ кестелі жол салып.
Нотасы шарықтап әуеге,
Күз ғұмыр барады жоғалып.
Соңғы рет
билеп кет вальсіңді қоңыр күз,
Музыка сөйлемі біткен жоқ.
Тактыда тербелсін жанымыз,
Мен саған айтатын назым көп.
Не деген әуезді әуенің,
мүмкін сен мен сүйген қыз ба едің?
Сағыныш жүрегі дәл сендей,
Үзбеген жапырақ күдерін.
Неліктен сұп-суық құшағың,
Тоңдырған жаңбырлы жасың ба.
Қия алмай тағы да жанарым,
Кешегі қоштасқан қызсың ба
Көруге әрдайым асықпын,
Тоқташы, сен неге асықтың.
Жолыққам ол қызбен күзіңде
Сондықтан сағанда ғашықпын.
Тербетіп сағыныш нотаңды,
Қоңыр күз билеп кет соңғы вальс.
Бір, екі, үш...
Бір, екі, үш... Соңғы вальс.
Ал ертең басталар қарлы марш.
Қоңыр күз қош!
Бөлісу: