Бейсенбай Кенжебаев: Ерлік - біздің дәстүріміз
Бөлісу:
Бейсембай Кенжебаев – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалап, әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесінде батыл қадамдарға барып, дарынды да қарымды шәкірттер тәрбиелеген әйгілі ғалым. Ғалымның «Ерлік – біздің дәстүріміз» атты мақаласы қазақтың қаһарман ұлы Мәлік Ғабдуллинге 1943 жылы Кеңес Одағының батыры атағы берілуіне орай жазылған екен. «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген бұл мақаланың патриоттық рухына қоса, тілдік қолданысында мән беріп, ой таразысына саларлықтай кейбір ерекшеліктер бар.
Кеңес Одағының бас газеті «Правдадағы» қазақ халқына берілген жағымды мінездемені беттұздық ете отырып, автор туған халқының ерлік дәстүрінің қайнар көзін тереңнен, еркін көсілте тартады. «Еркін көсілте» деуіміздің мәні – бұл кезең ұлт батырларының атын атап, олардың ерлігі арқылы елді рухтандыруға, тіпті діндарлар үшін мінәжат ету орындарын ашуға дейін рұқсат берілген бір жылымықтау кезең еді. Бірер жылдан соң осы мақалада аталаған Едіге, Кенесары, Наурызбай т.б. ұлт қаймақтарымен қоса «Қамбар батырдан» өзге батырлық жырларды оқуға түгелдей тыйым салынып, ұлт жадынан өшіруге ұмтылыс жасалатынын, өздерінің жаппай қудаланатынын ғалым сезбеген болар, әрине.
Мақаладағы Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» жырындағы қазіргі «жер шалмай» деп жүрген тіркес «жер шолмай» деп берілуі көкейге қонымдырақ па, қалай? Себебі, жер шалу – елге жайлы қоныс іздеушінің, жер шолу – айналада жасырынған жау-жар жоқ па екен деп барлау жасаушының қарекеті сияқты, негізі.
Сонымен қоса, мақалдағы Абылай ханның «Жаяу жорық», «Қаптың түбі қағылған жорық», «Шаңды шабуыл» қатарлы жорықтары туралы да бұлар жайында індете зерттеген тарихшы мамандар болмаса, былайғы жұртқа беймәлім екені тағы рас қой. Сарғайған парақтардағы саңылаулы сөзге сіз қалай қарайсыз, оқырман?
Ерлік – біздің дәстүріміз
Бүкіл адам баласының қас жауы неміс-фашист басқыншыларының ұрыша жасырынып келіп, бейбіт жатқан елімізге қарсы соғыс бастағанына екі жыл болды.
Елдің елдігі екі талай кезде, ел басына күн туғанда сыналады. Герман фашизмнің Советтер Одағына қарсы бастаған соғысы біздің еліміздің елдігіне зор қауіп, зор сын еді. Бірақ совет елі осы сын үстінде өзінің елдігін айқын танытты.
Совет халықтарының неміс-фашист басқыншыларына қарсы жүргізіп отырған Ұлы Отан соғысы үстінде өзін, өзінің елдігін бүкіл жер жүзіне танытқан халықтардың бірі – қазақ халқы болды. Отан соғысы үстінде қазақ өзінің нағыз батыр халық екенін, досқа кішіпейіл, адал, жауға – қатал, мейірімсіз екенін және анамыздай ардақтаған Советтік Отанымызға шын берілгендігін айқын көрсетті.
Бұл жөнінде партиямыздың орталық газеті «Правда» былай деп жазды: «Қазақстан майданда жауға қарсы жақсы ұрысады, тылда олардың әкелері, аналары, әйелдері майдан үшін жұмысты аянбай жақсы істейді...
Біздің ел қазақ халқын жақсы көреді, өйткені ол, қазақ халқы, жайдары, турашыл, ержүрек, кішіпейіл, адал» - деді.
Бұл жөнінде майданда жүрген капитан Шәріпов Қасым былай деп жазады: «Біздің ұрысқа кіргенімізге біраз уақыт болды. Көп жерлерді жаудан босаттық. Біртіндеп алға басудамыз. Жігіттердің қимылы тамаша. Меніңше, қазақ тек меймандос, ақкөңіл ғана халық емес, соның қатар, ол сабырлы, төзімді, табанды, батыр халық екен, мұны ол осы Отан соғысы кезінде айқын көрсетті. Біз Қазақстанда туғанымызға мақтана аламыз», - дейді.
Елдің атын ер шығарады. Қай кезде болсын – бұл өмір шындығы. Қазіргі Ұлы Отан соғысы тұсында да қазақ халқының атын шығарып, бүкіл жер жүзіне танытқан – қазақ халқының ержүрек ұл-қыздары. Олар майданда болсын, тылда болсын, жан аямай қызмет істеп, төзімділік, қаһармандық көрсетті. Партиямыз бен үкіметіміз қазақ халқының ұл-қыздарының бұл ерлігінің жоғары бағалап, олардың талайына Советтер Союзының ордендері мен медальдарын сыйға берді, әлі де бермекші.
Өз халқын, өз елінің халықтығын әлемге әйгі еткен қазақтың сегіз ұлы: Әлікбай Қосаев, Нарсұлтан Есболатов, Мәлік Ғабдуллин, Асқар Кенжебергенов, Мұсабек Сеңгірбаев, Төлеген Тоқтаров, Спатаев, Нұркен Әбдіров – Советтер Союзының Батыры деген ең құрметті атақ алды.
Қазақ халқының Ұлы Отан соғысы үстінде ер халық атанып, оның ұлы-қызының тамаша ерлік көрсетуі, Мәлік, Төлеген, Асқар, Әлікбай тағы басқалардың Советтер Союзының Батыры деген даңқты атаққа ие болуы кездейсоқ нәрсе емес, тарихи заңды нәрсе. Өйткені, қазақ ежелден ер халық, ерлік қазақ елінің ата – бабасынан келе жатқан дағдысы, ежелгі дәстүрі.
Халқымыздың бұл ерлік, батырлық дәстүрі қазақтың ауыз әдебиетінде, батырлар туралы жырларында толық суреттеледі. Аты шулы Едігенің, Қобыландының, Тарғынның, Сайынның, Қамбардың, тағы тағылардың ерліктері тек қана бір батырдың ерлігі емес, халық ерлігінің бейнесі. Оқушыға мәлім, Едіге:
Едіге деген ер дұрмын,
Елдің қамын жер дұрмын.
Ел шетіне жау келсе, -
Мен барайын дер дұрмын», -
десе, Тарғын өзіне өзі:
Алты қырлы ақ мылтық,
Ата алмасаң, маған серт!
Қозы жаурын қу жебе,
Ойған алтын алпыс кез,
Тартатұғын шақ болды,
Қиғаш салып жауырыным,
Тарта алмасам, маған серт!
Алты аршын ақ болат,
Жау ішінде жұлынып,
Толғамасам, маған серт!
Толғауыма шыдамай,
Толықсысаң, саған серт!, -
деп серт беріп жаудың жеті мың қолына қарсы дара аттанады. Сондай-ақ, Қобыланды бейбіт жатқан ерікті еліне баса көктеп енген жаумен алысарда:
Кескекті туған атанмын,
Кескілеспей басылман,
Кілегей қара бұлытпын,
Келе бір жаумай басылман.
Тұтамдай сүйегім қалғанша,
Дұшпаным, саған бас ұрман,
Алдыңа келіп тұрмын деп
Әруағымды қашырман, -
деп ант ішіп, өзіне серт етеді; ақыры жауын жеңіп, елін азат етіп тынады.
Қысқасы, қазақ халқының ертедегі қай ері, қай батыры болсын, елін – отанын қорғап, сол арқылы батыр, ер деген атақ алған. Бұл жөнінде Нұрпейіс ақсақал былай дейді:
Бұрынғының ерлері,
Береңгі сауыт кигені,
Беліне садақ ілгені,
Жасанған жауға тигені,
Ерлікпен дәурен сүргені.
Тұлпардан таңдап ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген,
Жасанған жауға көп тиген,
Қолындағы көк жебе,
Қара тастан өткізген,
Жанасып кеткен жаулардың,
Кемесін құмға шөккізген.
Алмасын тасқа қайраған,
Жауды көрсе жайнаған,
Халықтың қамын ойлаған,
Байтақ елін қорғаған...
Қазақ халқының бергі жердегі, яғни мемлекет болып бас қосқаннан кейінгі кездегі ерлігі – Қасым хан, Абылай хан тұсындағы ерліктер. Бұл кезде қазақ халқы Қасым ханның, Жалаңтөс батырдың, Абылай ханның, Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек сияқты батырлардың басшылықтарымен, еркіндігіне, елдігіне, бақытты тұрмысына қол сұқпақ болып, өз елін тұс-тұсынан қоршаған жауларға қарсы жан аямай күресті. Бұл күрестерде осы аттары аталған бабаларымыздың әрқайсысы және солардың соңына ерген халық өлшеусіз ерлік көрсетіп, анталаған жауға соққы беріп, Отанын, елдігін әрдайым қорғап отырды.
Абылайдың: «Жаяу жорық», «Қаптың түбі қағылған жорық», «Шаңды шабуыл» деген сияқты алуан-алуан жорықтары бар. Бұлар тек сол жорықтарды бастаған кісінің ерлігін ғана көрсетіп қоймайды, сонымен қатар, көбіне, қазақ халқының ерлігін көрсетеді. Осы жорықтарда үнемі жауын жеңіп шығуы арқасында халық Абылайдың әруағы бар, жауды көрсе оның сол әруағы қозады деп аңыз ететін. Азаматын жауға аттандырарда «Абылайдың әруағы қолдасын!», - деп бата беретін.
Қазақ елі бергі жерде, орыс патшалығына бағынғаннан кейінгі жерде, өзінің ұлт бостандығы жолында қырық-елу жыл бойы күресті. Бұл күрестерде де халқымыз тамаша ерліктер көрсетті. Қазақ халқының бұл қозғалыстарын Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай, Есет, Бекет, Аманкелді тағы басқалар бастады. Бытыраған, тек атам заманғы садақпен, найзамен, айбалтамен ғана қаруланған халықтың, ғылымның соңғы табысы бойынша істелген қару – жарағы бар, байырғы әскерге қарсы шабуыл жасап, соғысқа шығуы – елдің ержүректігін, өз бостандығы үшін, өз елі – отаны үшін неден болсын тайынбайтындығын көрсететін еді. Махамбеттің:
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шолмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала,
Сақалы шығып жат болмай
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық, шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріс түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?! –
деген сөздері қазақ халқының жау жүректігін, ешнәрседен тайынбайтындығын суреттейді.
Илья Эренбург «Қазақтар» деген мақаласында: «Қазақтар кең далада атпен жүруге дағдыланған. Бірақ, керек болса, олар жер бауырлап еңбектей біледі, жүгіре біледі, өрмелеп тауға шыға біледі, батпақтардан кешіп өтеді: оларды ешнәрсе тоқтата алмайды», - деп жазды.
Жазушының бұл сөздері қазақтың тек бүгінгі жауынгерлеріне ғана емес, сонымен қатар, қазақтың ертедегі, ұлт бостандығы жолында күрескен ерлеріне де дәл айтылған сөз.
Сонымен, қазақ халқының тарихы жатқан ерлік, ерлік – қазақ халқының салты. Сондықтан, біздердің қай-қайсымыздың болсын қазақтан тудым деп мақтануға, «Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын» (Сұлтанмахмұт) деуге толық правомыз бар.
Қазақ халқы, оның ертедегі ерлері өз тұстарында ата-бабаларының туып-өскен жері, отаны Сарыарқа үшін күресіп, ерлік көрсетті.
Қазақ халқы, оның ұл-қызы өзінің отанын шексіз сүйеді.
Осы сүю, ата-бабаларының ерлік бейнелері оларды батырлыққа, батырлық істер істеуге бастайды.
Бейсенбай Кенжебаев,
«Социалистік Қазақстан» газеті
1943 жыл
Бөлісу: