Кәкімбек Салық: Ақ тілек

Бөлісу:

22.01.2018 5466

АҚ ТІЛЕК

О, тағдырым!

Бергім келіп мол өнім,

Әр сөзіме көңіл нұрын төгемін.

Мен ғашықпын самғауына Сәкеннің,

Құс қанат бер, тік шырқауға көнемін.

Дей көрмеспін

«О, тағдырым, тыным бер!»

Шәкәрімнің сан салалы мұңын бер.

Шал ақынның әзілінен бір жонып,

Махамбеттің жау жасқантар қырын бер.

Бір сөз үшін жерден жеті теремін,

Мың толғанам іздеп ойдың тереңін.

Не де болса мәрттігін бер Мағжанның,

Ал содан соң жетегіңе еремін.

Ақын Қасым дабылы бар санамда,

Ол дес келді біздің бодан заманға.

Құлагершіл,

Кең далашыл жаралған

Ілияс ақын дүбірін бер маған да.

Әне, сонда дер едім мен күштімін,

Көп бітірер өлеңім де іс­тыным.

Тілегімнің ең үлкенін айтайын –

Сыйла, тағдыр, Абайлықтың ұшқынын.

Менің­дағы көп аңсатқан ақ гүлім,

Жер­жаһанға «Жезкиік» боп тапты үнін.

Ақан сері болып құсқа ән қоссам,

Құлагердей ұрып жықпа тап бүгін.

08.10.2010.

Астана

ДАРАБОЗ ТУҒАН ЕР ҚАЗАҚ

(Жұмабек Тәшеновке)

Қазағымның тарихында сұр белең,

Тың игеру деген туды дүрбелең.

Сол жылдарда әйгі болды Тәшенов

«Тың өлкесін» Ресейге бермеген.

Құптамаған Хрущевтің ұранын,

Асыл тұлға кешті өмірдің сынағын.

Үкіметтің басшысы еді,

Қуғындап,

Шымкент етті төмендетіп тұрағын.

Жан болмады кейін әділ байқаған,

Ащы сырды енді ашық айта алам:

Хрущев құрып кетсе ­дағы,

Шіркін­ай!

Кейінгілер көтермеді қайтадан.

Ресейден Қырымды алып қинаса,

Белгілі ғой алабүлік тынбаса.

Сол індетке ұрынар ек біз­дағы,

Тәшеновтей қазақта ұл тумаса.

Сыр бермесе кеңестік сұм сойылға,

Өз басы емес,

Ел тұрды оның ойында.

Бурабайда Жекебатыр секілді,

Ұйықтап жатыр Сырдария бойында.

Тарлан тарих ашса ақиқат есігін,

Сағыныпты асыл ұлы Есілін.

Елбасының бұл да дана шешімі,

Астананың көшесі алса есімін.

Осы дерсің тәуелсіздік жеңгенді,

Еңсесін бір көтерді ғой ел де енді.

Ол туған ел қай жерінде жатса да,

Барша қазақ жүрегінде жерленді.

СЕРІЛІКТЕН БИІК ТҰРҒАН КЕМЕҢГЕР

Ұстаздарым – Сегіз сері, Нияз сері.

Біржан сал

Мұхиттарда дауыл кешкен кеме дер,

Сегіз сері –

Асқан талант, ерен ер.

Серіліктен азаматтық жолы кең,

Сол емес пе озық туған кемеңгер.

Аз уақытта мол шарықтап үлгерген,

Жүрек қылын дәл табатын сұр мерген.

Баһрам ұлы ол Мұхаммед­-Қанафия,

Ақындығы, батырлығы мыңмен тең.

Сөзі сара, әні дара, асқақ­ты,

Оны жастай ұлтжандылық басқартты.

«Тентек қазақ ереуілін бұз!» – деген

Губернатор жарлығынан бас тартты.

Үздік ақын, ұлы сазгер, хас батыр,

Онда көп қой ғашықтықтан басқа сыр.

Исатай мен Махамбетке септесіп,

Сан жорықта құрды бірге ақ шатыр.

Содан кейін Сыр бойына оралды,

Дертке дауа тапқандай тез оңалды.

Төтеп беріп Хиуа, Қоқан, Ойратқа,

Өзі дербес ел қорғаны бола алды.

Қалай ғана Мақпал қызға тамсанбас,

Ғажап сол ғой атына сұлу жан салмас.

Мерт болды ол

Ойраттардың оғынан,

Сонда туды ән төресі «Гауһартас».

Кемеңгерге тіл тигізу обалы,

О, заман­ай!

Тына қойған жоқ әлі.

Керуен көшіп бара жатыр жөнімен,

Есуастардан әлдеқайда жоғары.

01.02.2010.

Астана

ДӘУЛЕТБАЙ БЕРГЕН «ШАЛҚҰЙРЫҚ»

Арғын қарауылдың Жақсылық

тармағынан тараған Дәулетбай Әбілмансүрге

пана болды, жылқыдағы ең жақсы аты

«Шалқұйрықты» берді. Сол аттың

үстінде ол Абылай атанды.

Шоқан Уәлиханов

Дәулетбай – төл баласы Қалдаманның,

Бірі еді Жақсылықта малды адамның.

Тебінде мыңдап жылқы кісінеткен,

Дәл өзі Алла бақыт арнағанның.

Сенеміз көне тарих көп ілімге,

Толқиды дария тасқын көңілімде.

Әйгілі Абылай ханға пана болған,

Көп сыр бар Дәулетбайдың өмірінде.

Шындыққа Шоқан бабаң іңкәр келген,

Айтыпты тарих сырын ұтар жерден:

Жоңғарға Әбілмансұр аттанарда,

Дәулетбай Шалқұйрықтай тұлпар берген.

Жануар әз бітімін мәлім етем,

Жүрісі құйын­желдей ағын екен.

Алтын жал, алтын құйрық көз қаратпас,

Тұлғасы лаулап тұрған жалын екен.

Төрт тұяқ шаң боратар шабысы бар,

Айқаста әр қимылдың мәнісі бар.

Кеуделеп жаудың атын соғып өтер,

Үйреткен Әбілмансұр әдісі бар.

Жүйткісе тік созылар алға басы,

От тұяқ тепсе тиер жарға тасы.

Малдың да ата­тегі, үйірі бар,

Шалқұйрық – Құлагердің арғы атасы.

Шарышқа от жалындай жанып жетті,

Жасқанған жау көзінен бағыт кетті.

Сол кезде Әбілмансұр көк желкеден

Қалмақтың қауға басын қағып өтті.

Күш те мол, ыза­-кек те ашындыртқан,

Жас батыр жалауланды затын ұққан.

Шарыштың басын алған Абылайдың

Үстінде Шалқұйрықтың аты шыққан.

БАРША ҚАЗАҚ БІРЛІГІНІҢ БЕЛГІСІ

(Жәлел Қизатовтың құлпытасын ашқанда)

Қан майданда фашизмді қиратып,

Адамзатты өткен қатты сыйлатып,

Тірі күнде аты аңызға айналған,

Осынау жерде жатыр Жәлел Қизатов.

Сексен жылдық тойын атап жан­-жақтан,

Құлпытасты аштық көркі таңдантқан.

Қызылорда алғыс айтам халқына,

Асыл тұлға асқақ белгі орнатқан.

Куә болдық қонған іске ақылға,

Биік екен өнерпаздық татым да.

Зор бағанда жайнап тұрса жұлдызы,

Мәрмәр кітап ашылып тұр ақынға.

Есіл ұлы Сыр бойында жатқаны,

Дос­жаранның ақ сенімін ақтады.

Көз жұмарда жатар жерін өзі атап,

Талай жылғы сыйластықты сақтады.

Ескерусіз қалмас әсте ер кісі,

Құрмет табар тірліктегі зерлі ісі.

Өзім көрген осынау ғажап құлпытас –

Барша қазақ бірлігінің белгісі.

ЕСІЛ МЕН КӨКШЕ – БАУЫРЛАС

Есіл ортақ, Көкше ортақ

Бауырлас асыл аймаққа.

Емес бұл жеңіл сөз жортақ,

Сүйенген шындық аруаққа.

Бәрі ортақ – сексен көлімен,

«Гәккудей» әні – бал-дәрі.

Айыртау Саумалкөлімен,

Зеренді, Борлық, Шалқары.

Ну орман үнсіз баурайды,

Сүйсініп денең қызғандай.

Ақ қайың көзді арбайды

Ақ балтыр, аппақ қыздардай.

Қожаберген жырау – өр тарлан,

Өлкеге ортақ Шал ақын.

Абылай хан өшпес жол салған,

Шоқандай туған дара шың.

Көк Есіл мен Ер Көкше –

Құтты жер, сыры сан алуан.

Мағжандай ақын ерекше,

Абайға жақын жаралған.

Сегіз сері, сал Біржан,

Ақан, Ыбырай, Орынбай –

Мәңгілік мұра қалдырған,

Ән-күйдің асыл қорындай.

Көк Есіл ортақ жағасы,

Сал Көкше жазы, күзі ортақ.

Қазаққа қымбат бағасы

Құлагердің ізі ортақ.

Бабалар ерте ұғысқан,

Жас ұрпақ жолдан жаңылмас.

Ағайын, асыл туысқан,

Есіл мен Көкше – бауырлас.

2012

Бөлісу:

Көп оқылғандар