Мерей Қарт: Арқыраса тарпаң күреңім
Бөлісу:
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры ұйымдастыратын дәстүрлі "Алтын тобылғы" байқауының 2017 жылғы "Үздік поэзия" аталымының иегері, талантты ақын Мерей Қарттың аталған байқауда дараланып үздік шыққан жүлделі жырларын ұсынып отырмыз.
Арқыраса тарпаң күреңім,
Бал-бұл да жанар түр-өңім.
Көнеден қалған көзімсің,
Күміс көмкерген жүгенім.
Өмілдірігім де дін аман.
Өң-бойын ою құраған.
Омырау тұсы шашақбау,
Астары – қызыл шұғадан.
Көшпенді елміз көшелі.
Маңдай бақ біткен бес елі.
Құйысқаным да – құйма алтын,
Өркениетім ғой кешегі.
Жаратып мінген күлігін,
Сайыпқыран Сақтың ұлымын!
Үзеңгімен-ақ үзгенбіз,
Қарсы шапқан қасқыр жұлынын.
Тақым қажамас таралғым,
Зерленген шеті – сары алтын.
Былғары – бекзат тоқымым,
Осы күнге аман оралдың.
Шөлдесем қымыз ішкенім.
Шипасы қандай күшті едің!
Ат терін адал сімірген,
Жабағы жүнді ішпегім.
Қайыңнан шапқан қапталым,
Жәдігерімдей сақтадым.
Іңірге тізгін қаңтарып,
Ізгінің күттім ақ таңын!
Қанжығам – құтты қайыстан.
Шыңдалғам көкпар-сайыстан.
Бес жастан шауып бәйгеге,
Жанарымнан жасыл жай ұшқан.
Қамшым да – қызыл тобылғы.
Соққызба, тағдыр, санымды.
Келер ғасырға аттандым,
Оңғарса Тәңір жолымды!
ҚҰМАЙ
(Алтынбас тазыма арнау)
Шақшабас, шашаққұлақ, дөңес маңдай,
Қабысқы қарыны – жылқы таң асқандай.
Қыран көз ұмтылғанда аңды көріп,
Алтынбас – адырнадан жебе ұшқандай!
Қос шынтақ – қос қанатқа нұсқа дайын.
Азулы, үшкілтұмсық, қысқамойын.
Тік сирақ,
Сар сіңірлі!
Серіппелі!
Жеткізбес ұша кетсе құсқа дәйім!
Шымыр сан!
Ою құйрық!
Қалқан кеуде!
Жотасы жалт етеді желден белге!
Ай тырнақ!
Аю табан,
Қылшығы – алтын!
Шалдықпас күншілікке кем дегенде!
Аз-маздау айтқан болдым тазыға сын.
Алтынбас,
Сен ұмайлық қазынамсың.
Қиқулап аңға қоссам жаһан шығып,
Мұң-шерден кеудем толы жазылам шын!
АДАСУ...
Көңіл де,
Бесқасқам да ала қашып,
Тау ішінде адастым, қара басып.
Ай тумаған.
Айнала – тасқараңғы.
Суық үрей түнетті санама шық…
Жыны өргенде ат жалын желдің кәрі,
Тақым қызып,
Тебініп…
Жанның қамы.
Қия кесіп, көл кешкен секілденем…
Құзға барып тірейді жолдың бәрі!
Темірқазық бұғынып бұлт ішіне,
Түн үңілер бозарған түр-түсіме.
Обалар ма ұлыған қасқыр болып?..
Құмар ұрған Мартудың күлкісі ме?!..
Жаңылысып әдеткі ізгі ойымнан…
Қайың – қыздан айнымай!..
Қыз – қайыңнан!..
Есімді бір жиғанда,
Жапалақтар
Жарқыл-жұрқыл кетті ұшып құз қойнынан!..
… Мен солайша тау түнеп,
Таң асқанмын.
Арша иісімен ақылды аластадым.
Азап емес, кәдімгі ғажап екен –
– ат үстінде, Ай іздеп адасқаның!..
ЖАННЫҢ ТҮНГІ ТЫЛСЫМЫ
Айға лақтырып шылбыр ұшын,
Айдалада түн қаттым.
... үкідауыс үңгір ішін
Үр қызына тыңдаттым!
Ол сұлудың төсенішін
Салдым балғын аршадан.
Сезім шоғын көсеу үшін,
Ертекті ерен аңсағам!..
Ойымдағы оттың күшін
Санадан тыс лаулаттым!..
Көңіл үшін –
Шегіртке үнін
Алақаныма аунаттым!
Майын да ішіп тасбұлақтың,
Марту қызын құшып ем!..
Қара жоннан қасқыр аттым,
Қара сөздің күшімен!
Жындар ғашық бәлкім маған?..
Жырдан асқан бар ма дін?..
Жапалақ көзімен жарқылдаған,
Жылан дәтін арбадым!
Соңына ердім шұбар лақтың!..
Ат жалынан шоқ үрлеп!..
Бұлт ішінде бұлан бақтым!
Құлан көзі – шегіркөк!..
Құздармен де қауқылдастым.
Елірдім жел есерге!
Жұлдыздармен аңқылдастым,
Өзге әлемге көшерге!..
Адастырды бір мұң сары!..
Қайда болдым?!..
Аң-таңмын!..
Құланиек құлқынсәрі...
Қиялымды қаңтардым!
Мерей Қарт
Бөлісу: