Әлібек Асқаров: Ауыл әңгімелері
Бөлісу:
Асқақ Алтайдың ақбас шыңдарының бауырында дүниеге келіп, қазақ әдебиетінің қазынасына сол елдің тілімен айтқанда, мелжемді олжа салған бір шоғыр қаламы қарымды қара сөз шеберлерінің қатарында жазушы Әлібек Асқаров та бар. Туған өлке табиғаты, сол табиғатпен біте қайнасқан қайсар жұрттың арғы-бергі тарихы, бүгінгі өмірі, ертеңге деген үміті - қаламгер туындыларының арқауы. Жазушының туған күніне орай "Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді" атты кітабынан үзінді жариялап отырмыз. Осы кітапты және басқа да туындыларымен танысамын десеңіз, порталдағы автордың парағын ашып, онлайн оқуыңызға мүмкіндік бар, қадірлі оқырман.
Бұл ауыл «Төртiншi бригада» атанып, тасы өрге домалап тұрған заманда әр көшеде бiрдi-екiлi орыс отбасы бар болатын. Олардың да балалары төрт сыныпқа дейiн осы ауылда қазақша бастап, соңынан бiреуi Мұқырда, келесi бiреуi аудан жақта оқуларын әрмен қарай жалғастырысып жататын. Орыстардың балалары ғана емес, әке-шешелерi де қазақшаға судай едi. Ел жаппай Мұқыр жаққа еңкейген кезде мұндағы азғантай орыстар қоса-қабат кетiстi. Елмен қоса «мен де көшем» деп дүрлiккенiмен, ақыр соңында көшпей жұртта қалған жалғыз орыс Дмитрий шал, яғни «Метрей атай» ғана.
– Господи, Мұқырда қай туғаның күтiп отыр сенi? – деп Пелагея шешей шалының «көшем» дегенiне шат-шәлекей болған.
Әдетте, Метрей атай да, Пелагея шешей де орысша-қазақшаны араластырып сөйлей беретiн.
Әсiресе, Метрей атай шалдардың арасында таза қазақша сөйлеп отырып, оқта-текте орысшалап, шәлкем-шалыс сөздi тұздыққа араластырып қоюшы едi. Ауылдастарының құлағы Метрейдiң ондай шұбар тiлiне әбден үйренген.
– Осы Метрей, сен орыссың ғой, бiрақ орысша бiлесiң бе? – деп бiрде саңырау Кәрiм шын пейiлiмен сұрағаны бар.
– Саған қарағанда тiлiм сынық, қалаға барсам нан сұрап жеуге шамам жетедi, – деп Метрей кеңкiлдеп күлген. Метрей атай сөз арасында «значит» дегендi көбiрек қосушы едi. Бiрде осы кiсiмен шүйiркелесiп көше бойлап қатар келе жатқан Мелс мұғалiм:
– Сiзге бiр ескерту жасайын... «Значит» деген орыстың сөзi. Сiз ол сөздi бұдан былай «демек» деп алмастырыңызшы! – дейдi өтiнiп. Мұғалiмнiң өтiнiшiне шал шалқасынан түседi.
– «Демегi» несi мынаның? Бiзде жоқ сөздi қайдан ойлап таптың? «Значит» сөзi «Коммунадан» да бұрын, бұл ауыл «Айдарлы» боп тұрған кезде де бар болатын. Вот так, шырағым!
– Бәрiбiр, «значит» орыстың сөзi.
– Кiм айтты орыстiкi деп?.. Бұл сөз орысқа да, қазаққа да ортақ, шырағым. Мысалы... әлгi... «космонавт»... немесе «бригада» деген сияқты.
– Жо-жоқ, атай, бұл ондай сөзге жатпайды.
– Неге жатпайды? – Шамданған шалдың ендiгi жерде шеке тамыры көгерiп шыға келедi. – Оның жатар-жатпасын бұл ауылда ғұмыр бойы тұрып жатқан мен бiлем бе, жоқ әнеу күнi ғана келген кiрме бала сен бiлесiң бе? Вот так, шырағым дей сүмелекке қор еткенше, мен сенi балтамен шауып өлтiрейiн!
Сөйттiм де, пеш түбiнде жатқан бiр қара пиманы көтере бере, төр алдында алшысынан сұлаған күйеуiме тұра ұмтылдым.
– Глаша, Глаша! – деп бағанадан тiлсiз жатқан күйеуiме жан бiтiп, қолымен басын қорғалай бердi.
– Өлтiрмешi! Қойдым мен, қойдым! – дедi жалбарынып.
Бағанадан жауап бермей қасарысқан күйеуiмнiң аяқ астынан безек қағып, бұлайша қорқуы – менi одан сайын елiрте түстi.
– Бiттi, Гриша, мә, сыбағаңды ал! – дедiм де қара пимамен тоңқ еткiзiп кеудесiнен қойып қалдым.
Пима оншалықты қатты да тиген жоқ едi, тимесе де Гриша «аһ» деп жанұшыра айқай салғаны. Сосын аяқ-қолын серпи берiп, сылқ ете түстi.
– Әй, Гриша, сен шынымен қорқып қалдың ба? – дедiм күйеуiмнiң бетiне еңкейiп.
Григорий үндеген жоқ, көкпеңбек көзi шарасынан шыға бажырайып, қимылсыз қапты.
– Гриша, мен өтiрiк қорқыттым сенi. Қолымдағы балта емес, пима болатын, – дедiм зәрем кетiп.
Гриша кiрпiк қақпады. Бiр сұмдықтың болғанын сезiп, баж етiп аузымды бастым. Ес-ақылым шығып, көршi үйдегi ата-енеме қарай жүгiрдiм.
– Қайран, Григорий! – дейдi Пелагея шешей көзiне жас алып. – Менiң ашумен қорқытқанымды шын көрiптi ғой. Қара пиманы шынымен-ақ балта екен деп, қорқыныштан жүрегi жарылып кетiптi.
Қаншалықты қайғырғанмен, өлгеннiң артынан өлмек жоқ, әрине. Арада үш жыл өткен соң осы Дмитрийдi кезiктiрдiм. Екеуiмiз көп ойланып жатпай-ақ бас қосып, отау құрдық... Қайсыбiр кiсiнiң аузына қақпақ қоярсың, «күйеуiн өлтiрген жүзіқара» деген жаман атақ бiраз жыл бойы соңымнан қалмай, көзге шыққан сүйелдей мазалап жүрдi. – Господи, iшсiн, жесiн! Еркектiң онысына бола несiне тарыласыңдар!
Ер-азамат әйелдiң уанышы да, сүйенiшi де. Қасымызда қалқиып тiрi жүргенiне тәуба етiңдер! – дейдi Пелагея шешей күрсiнiп.
Бұл Пелагея шешейдiң өмiр жолынан түйген уағызына, айтар өсиетiне көбiрек ұқсайды. Бiрақ шешейдiң ол пiкiрiне ауыл әйелдерiнiң бiреуi келiссе, бiреуi келiспей жатады.
Метрей атай да құдай қосқан Пелагеясын қатты құрметтейтiн кiсi. «Сен сөйттiң» деп оған бәйбiшесi жақ ашпаса да, iшкенiн Пелагеяға бiлдiрмеуге тырысады, жасырады. Сол жасырып iшкеннiң салдарынан бұрнағы жылы ел-жұрттың алдында масқарасы шыққан. Тiптi оны еске түсiрудiң өзi ұят шаруа.
– Бекер сөз, ол әңгiменi Метрей ойдан шығарған ғой. Әйтпесе, бiз анау жылы тура соған ұқсас грузинский кино көргемiз, – деп сенбептi әлгi оқиғаны естiген кезде етектегi мұқырлықтар.
– Баяғыда соған ұқсас кiтап оқыған сияқтымын, – деп Таганрогтағы күйеу баласы да атасының iсiне күмән келтiрiп хат жазыпты. Мейлi, жұрт өйтiп сенбей жатса тiптен жақсы. Сенбей жатса – Метрей атайдың абыройы орнында деген сөз. Ал, жасырмай турасын айтсақ, атаймен ондай жағдайдың болғаны айдай шындық едi, әрi ол оқиғаны осындағы жетi үй түгелдей жатқа бiлетiн.
Мұқырлықтар айтқан «грузинский кинода» нендей қиқыметтiң болғаны бұларға белгiсiз, алайда Метрей жазғанның бастан кешкен сұмдығын мұндағы ағайынның бәрi де қолмен қойғандай сайрап бере алады.
Ол оқиға осыдан бес-алты жыл бұрын, қазiргi «қайта құру» бұлғағының бастауында болған жағдай екен.
Ол заман – ауылда iшiмдiк атаулы жоғалып, ер-азамат есiн жинап, отбасына әр бiтiп, өмiрге нәр бiте бастаған кез едi ғой. Метрей атай да мемлекеттiң саясатын қолдап, тентек судан нәр татпай, бiр жылға
дейiн шыдап бағады. Шыдамайын десе де лаж жоқ, ондай дүниенi қайдан тапсын! Таба алмай дiңкелеген атай ендiгi жерде айлаға көшедi... Өзiнiң жорамалы бойынша жамап-жасқап, iлекерлеп, самогон аппаратын жасап алады. Онысын кемпiрiнен жасырып, бақша бұрышындағы картоп салатын погребтiң iшiне сақтайды. Тамшылатып, жартылықтың көлемiндей жинаған соң, оны iшу салтанатына дайындалады.
Киiмiн дұрыстап, басытқысын ыңғайлап, су-суанын көтерiп, жұрттың көзiне түспестей моншаға барып тығылады. Көкiректе аңсай күткен сағыныш бар, ұлы шөл бар, алғашқы стақанды көзiн тарс жұмып тартып жiбермек болады. Тартып жiбермек болып оқтала бере, жүрегi дауаламай iркiлiп қалады. Самогонның түсiне қарап, ары-берi айналдырып көредi де, бiртүрлi күдiк келтiредi.
– Самогон дегендi бұрын да байқап жүрмiз ғой, бiрақ менiң самогоным өзгеше лай көрiндi, – дейдi атай мұртын шиырып. – Әрi көңiл құрғыр өзiм жасаған жаман аппаратқа да сенiңкiремедi...
Сонымен не керек, атайдың ақкiске ұқсас созалаңдаған тiк құлақ Манька деген қаншығы бар-ды. Атай алдымен самогонды сол сүйкiмсiздеу тiмiскi итiне iшкiзiп көргiсi келедi. Аулада алаңсыз шапқылап жүрген Маньканы желкесiнен қапсыра ұстап, төгiп-шашып оның аузына бiр стақанды тоғытып жiбередi. Қайтер екен деп соңынан иттi бiраз бақылайды. Манька құрғыр түктi сезер емес, құйрығын бұлғаңдатып, көбелек қуып, көшенi кезiп кете барады.
Көңiлi жайланған атай да стақанның бiреуiн сылқылдатып салып алып, қызара бөртiп көшеге шығады ғой. Ыңылдап өлең айтып, көпiрден өтiп Кәрiмнiң шарбағын айнала берсе – төрт аяғы көктен
келiп серейiп, бағанағы Манькасы өлiп жатыр екен дейдi. Өз көзiне өзi сенбей, иттi аяғымен түрткiлеп, аударып-төңкерiп көредi. Жан жоқ, көрiнген төбеттiң жетегiнде жүретiн жетесiз қаншық былқ-сылқ, бағана қатып қалған...
Шал болса да жан бермек оңай ма, мына сұмдықты көргенде атайдың жүрегi тас төбесiне шығады. Сасқан жерде iргедегi саңырау Кәрiмнiң үйiне ұмтылады. Түс әлетi екен, кiрiп барса Кәрiм алшыдан түсiп төр алдында борсып ұйықтап жатады.
– Мен үзiлiп барам, көмектес. Тездет, ойбай! – деп құрдасын сирағынан сүйреп оятады.
– Бiсмiлла, не боп қалды?
– Тезiрек, менi көтерiп медпунктке жеткiз, үзiлiп барам...
Дабыр-дұбырды естiп, ауыз үйде құрт қайнатып жатқан Нарша жетедi бақырын бұлғап.
– Байқаусызда у iшiп... үзiлiп барам, Нарша, менi тезiрек дәрiгерге жеткiзiңдер! – дейдi атай көзi қылилана ақшырайып.
Мұндайда әрбiр минут қымбат, Кәрiм мен Нарша сөзге келмейдi, екеуi атайды қолтығынан көтерген бойда дәрiгерлiк пунктке қарай дедектете жөнеледi.
Бұл ауылдың медпунктi қашан ашық тұрған, Нарша екi өкпесiн қолына алып, дәрiгер қызды iздеп үйiне жүгiредi. Барса – дәрiгер қыз дәрi iздеп сол күнi таңертең ауданға кетiп қалыпты. Бұл хабарды естiген кезде атайдың ақырғы үмiтi үзiлiп, тағдырдың жазуына ерiксiз мойынсұнады:
– Ендi менi үйге апарыңдар, кемпiрiме жетiп өлейiн! – дейдi өтiнiп.
«Метрей атай әл үстiнде, өлгелi жатыр екен!» деген хабар ауыл iшiне лезде тарап кетедi. Бұл хабарды үйде отырып естiген Пелагея шешей аңырап-боздап шалын көшеден қарсы алады. Шалында үн жоқ, тiлi кәлимаға келер емес, көзi қылиып ықылық атады.
– У iшiптi! – дейдi Нарша түйеден түскендей. Пелагея одан сайын ойбайға басады. Пелагеяның ойбайын естiп, тау басында шөп жинап жүрген жұмысшылар да ауылға қарай шапқылайды.
Атайды көтерiп апарып, төргi үйдегi төсекке шалқасынан салып қояды. Бурыл сақалы түштиiп, екi қолын айқастырып кеудесiне жинаған атай төсекте жатып халқымен қоштаса бастайды. Алдыңғы үй толы сұңқылдаған әйел, жылаған бала. Атай оның бәрiн де естiп жатады. Соңынан өзiнiң Пелагеясын шақырып, ақшам алдында ағынан жарылып, онымен де қош айтысады.
– Глаша, – дейдi кемсеңдеп. – Глаша, ренжiткен болсам, кеш менi!
– Кештiм, Митя, кештiм! – дейдi Пелагея шешей де орамалымен көзiн басып.
– Глаша, тентектiк жасаған болсам, оны да кешкейсiң, – дейдi атай көзiн жұмып.
– Оны да кештiм, – дейдi шешей.
Жиналған жұрттың көзiнше кемпiр мен шал өстiп ұзақ арыздасады.
– Глаша, мен сенi жанымдай жақсы көрiп, аялап өттiм, – дейдi атай.
– Бiлемiн, Митя, мен бәрiн де бiлемiн, – дейдi шешей.
– Глаша, мен сенiң көзiңе шөп салмауға тырыстым.
– Оны да бiлемiн, Митя, адалдығыңа сенiп өттiм ғой.
– Жо-жоқ, Глаша, мен сен ойлағандай адал да емес едiм.
– Ештеңе етпейдi, Митя, ер жiгiттiң басында не болмайды дейсiң.
– Глаша, мен сенi жалғыз рет қана алдадым. Сол үшiн кеш менi!
– Кештiм, Митя, кештiм!
– Есiңде ме, ақсақ Матвейдiң қалада тұратын қызы бар едi ғой?
– Есiмде жоқ, Митя.
– Жо-жоқ, сен есiңе түсiршi... Ел-жұрттың тың көтерiп шуласып
жатқан кезi едi ғой?
– Есiмде жоқ, Митя. Матвейдiң қай қызын таниын.
– Қаладағы қызы ше, Глаша?
– Мейлi, солай-ақ болсын...
– Кеше алсаң кеш, Глаша. Мас болып, бiрде сол қызбен далада қонып
қаппын.
– !?
– Неге үндемейсiң, Глаша?
– !?
– Глаша, кешпегенiң бе? Анау дүниеде күнәм жеңiлдесiн деп... өзiңе өлер алдында бар шынымды айтқаным едi. Кеш, Глаша, кеш менi! Рас айтам, содан кейiн әйел атаулыға көз тiгiп көргем жоқ.
– Қайтем ендi, Митя, кешсем кешейiн... Мен де саған қыздай тигем жоқ қой.
– Сенiң заңды күйеуiң болды ғой... Заңды некеде тұрдың.
– Оның рас. Бiрақ Гриша өлген соң да, Степан деген бiр жiгiт келiп
жүретiн...
– !?
– Сен ол Степанды бiлушi ме едiң?
– Танымаймын, Глаша.
– Жоқ, сен тануға тиiссiң, Ботап сайындағы омарташыны айтам. Колмогоров Степан ше?
– Танымаймын дедiм ғой, Глаша. Мен ешқандай Колмогоровты
бiлмеймiн, бiлгiм де келмейдi. Апырмай, тынысым тарылып барады. Басымды көтерiңдершi!
Жұрт құрақ ұшып жастық салып, атайдың басын көтередi. Бәрiбiр ауа жетпегендей сезiнiп, тынысы тарылып атай шыдай алмайды.
– Үзiлiп бара жатырмын бiлем, сыртқа шығарыңдаршы, жарық жалғанға соңғы рет көз салып өлейiн! – дейдi атай сырылдап.
Еркектер атайды төсегiмен көтерiп, есiктен сыймаған соң, бiр теуiп терезенi сындырып, далаға алып шығады. Таза ауаға шыққан атай ендi, өзi айтқандай, жарық жалғанға соңғы рет көз тастап, қош айтысып төңiрегiн шолады ғой. Шолып тұрса – сонадай жерде құйрығын шаншып шапқылап өзiнiң бағанағы Манькасы жүр екен дейдi. Атайдың қуанып кеткенi соншалық:
– Вот... с-сука! – деп орысшалап сылқита бiр сыбапты да, төсектен атып тұрып, иттi тырағайлатып қуалай жөнелiптi.
Сөйткен атай бүгiнде судың арғы бетiндегi өзi атын қойған «Заречный» көшесiнiң бойында, жұртта қалған жетi үйдiң бiреуi боп тұрып жатыр.
Бөлісу: