Сәбит Жәмбек: Оян қазақ! - деп ұрандатудың қажеті жоқ...
Бөлісу:
Паустовскийдің «Алтын роза» (золотая роза) повесі ерекше бір сиқырымен өзіне баурап алды. Адам жанының ішкі қалтарысын, ішкі жан сезімін, ішкі жан толқынысы мен дірілін нәрлі тілмен қалайша шебер жеткізген! Жан дүниең шұғылалы да, шуақты нұрға бөленгендей, көңіл түкпіріңді ақ сәулелер жарқ еткізгендей күй кешесің! Тылсым бір дүниеге енгендей боласың! Ғаламдық бір мұң өн бойыңды торлап, бар дүниеге елжірегендей хал кешесің!
Қазақ жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Талайсыз әңгімелер» кітабынан «Өлі мен тірі» деген әңгімені оқығанда да осындай күй кештім.
Айбол мен Сындыбала, Айсын тағдырлары ерекше ойға батырады. Әңгімені оқып болғанда, ерекше бір сезімде болдым. Еңсемді ауыр мұң басты. Жұмыр басты пенденің талайсыз тағдырларын қамыға ойладым.
Кейіпкерлерге деген аяулы сезіммен қатар, сол бір кезеңге, уақытқа деген, өтіп кеткен өмірге деген тілмен айтып жеткізгісіз ұлы сағыныш оянды! Олардың жарқын болмысын, өмір кешкен тірлігін ішің елжірей отырып, елегізи жоқтағандай қамырықты көңіл-күйге бой алдырасың. Тылсым тұңғыиыққа батасың. Жұмбақ сырға қанасың. Түйсікпен түсінерлік, танырлық, білерлік ғажаптар алдыңды орайды. Қалай айт, олай айт біз айта беретін постмодернизм ізі Мағауиннің осы әңгімесінде белгі беріп, сайрап жатыр!
****
Еуропаның классикалық прозасында алғаш философиялық, интеллектуалдық романдардың негізін қалаған, орыстың ірі суреткер-жазушысы Ф.М.Достоевскийдің Ресейдің бұратана ұлттарына қатысты (қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен) ұлыдержавалық, шовинистік ой-пікірлеріне ден қойып, қабылдамасам да, қазіргі біздің жастарға қатысы бар мына бір ой-пікірлері ойландырарлық екен: «Настоящее образование заменяется лишь нахальным отрицанием с чужого голоса, материальные побуждения господствуют над всякой высшей идеей, дети воспитываются без почвы, вне естественной правды, в неуважении или в равнодушии к отечеству и в насмешливом презрении к народу. Вот, где начало зла, в предании, в преемственности идей, в вековом национальном подавлении в себе всякой независимости мысли, в понятии о сане европейца под непременным условием неуважения к самому себе как к русскому человеку»
(Достоевский Ф. Полн. собр. Соч.: В 30 т.л., 1975. Т. 21. С. 132)
Ой-пікір сонау ХІХ ғасырда орыс қоғамына қатысты айтылса да, дәп бір біздің бүгінгі қазақ қоғамына қатысты айтылған сияқты!
***
Грибоедовтың ұлы шығармасы «Ақылдың азабында» мынадай бір ойлы пікір бар. «Служить бы рад, но прислужить точно» - заявляет Чацкий.
Қазіргі өзінен шені үлкен бастықтарға құрақ ұшатын біздің үлкенді-кішілі шенеуніктерге қатысты айтылғандай.
****
«Красота – страшная вещь, говорит Дмитрий, тут дьявол с Богом борется, а поле битвы – сердца людей» - дейді Достоевский өзінің Дмитрий деген кейіпкерінің аузымен «Братья Карамазовы» деген романында. Сол дәуірдің перзенті Абай да:
«Махаббат, ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?!» - дейді.
Бір дәуірде өмір сүрген осы екі ұлы тұлғаның аузынан шыққан осы сөздер жай ғана кездейсоқ ой үндестігі ме, әлде басқалай себептері бар ма?! Ойланарлық екен!
****
Кейде көңіл-күйің жоғары болғанда айналаның бәрі әсем, сұлу көрінеді. Адамдар да ақжарқын. Тіршілік те мамыражай.
Ал көңіл-күйің түсіңкі жүргенде, айнала сұрқай, тіршілік көңілсіз. Адамдар қараниет, опасыз. Дүниеден түңіліп кеткің келеді.
Осының сыры неде екен, ә?!
Әйгілі Сенеканың мынадай бір сөзі бар: «Человек несчастен ровно настолько, насколько он себе его представляет». Ал, данышпан, ұлы бабамыз әл-Фараби былай депті. «Аһли көзімен қарасаң, дүние – ғажап, дүние гүл. Жаһли көзімен қарасаң, дүние – қоқыс, дүние кір». Титтей де алып-қосарымыз жоқ!
***
Асан Қайғы жөнінде жұрт білетін бір аңыз бар. Мәселе аңызда емес. Осы аңыздың сонау көне Мысырдағы бір фольклорлық нұсқамен тамырластығында. Төркіндестік, туыстық сезіледі.
Ол қазақ аңызы – «Ежен хан мен Асан».
Белгілі қаламгер, ғалым М.Мағауин ол аңызды өзінің «Ғасырлар бедері» зерттеу кітабында былайша келтіреді: «Ертеде қазақ Ежен ханға қарапты дейді аңыз. Тізесін бұрынғыдан да батыра түспеске, сылтау іздеген Ежен халыққа: «Қорадағы биелерім құлын тастайды, айғырын кісінетпесін», - деген жосықсыз талап қояды. Жұрт қысылғанда хан қаһарының бар тауқыметін көтеріп алмақ боп белсеніп шыққан – жас бала Асан болады. Бала қасына ерткен қырық мергеніне жолай кездескен ауылдың иттерін атқыза беріпті. Алыстан келген елшілерді қабылдағанда Еженнің ең алдымен білгісі келгені осы содырлықтың себебі. Асан берген жауап мынау болады: «Жас кезімде қозы бағып жүргенде қозыма қасқыр шапты. Бар даусыммен айғайлап ойдың итін шақырдым, - келмеді, қырдың итін шақырдым, - келмеді, қаланың итін шақырдым, - келмеді, даланың итін шақырдым, - келмеді. Сонда бұдан былай ит біткенді қыра берермін деп ант ішіп едім». Ежен: «А, тентек шіркін, қазақтың мұндай сары даласында жүріп айғайлаған даусыңды біздің қаланың иті қайдан естісін» депті. Бұған орай Асан бала: «Дат тақсыр, даладағы айғырдың даусын қаладағы бие естігенде, кісінің даусын ит естімеуші ме еді», - дейді. Сөзден тосылмаған хан тоқталыпты. Қалағаныңды ал дейді балаға. Бала халқының бостандығын сұраған екен, Ежен хан: «Бар, бердім қазақ деген жұртты, өзіңді хан сайладым», - депті.
(М.Мағауин. Ғасырлар бедері. А., 1991. 22-23 б.б.)
Міне, бізге жеткен қазақ аңызы осы. Мұнда бала Асанның тапқырлығы, халқына бостандық алып, хан болуы айтылады. Алайда біз үшін маңыздысы бұл емес. Ежен ханның қазақтарға «даладағы биелеріңді кісінетпеңдер» деген қисынсыз талабы мен жарлығы дәл оосыған егіз қозыдай ұқсас қисынсыз талап қойған көне Мысыр аңызындағы осыған ұқсас жайды оқығанда еріксіз таң қалдырды.
Енді көне Мысыр аңызына оралайық. Б.д.д. ХVIIғ. мен XVIғ. ортасына дейін Мысырды грек тарихшысы Манефонның еңбектерінде гиксостар деп аталатын келімсектер билеп тұрды (Гиксос деген сөз тура аударғанда «бақташы-патшалар» боп шығады). Таурат пен араб авторларында амалекиттер деп аталады. Амаликиттер бүкіл Мысырға билік жүргізіп, өздерінің астанасы етіп Аварис (егип. Хат-Уарт; қазіргі Тель-эль-Даба) қаласын бекітті. Оңтүстік Мысырда Аварис мемлекетінің патшаларының жоғары билігін мойындайтын, бірақ өздерінің тәуелсіздігін де сақтаған. ХVII ғ. династия патшалары болды. Олардың орталығы Фивы қаласы болды. Осы турасында бір аңыз сақталыпты. Келтіре кетейін: «В первой половине ХVI века до н.э. усиление Фив стало беспокоить гиксосских царей: согласно легенде, один из них – Апопи II Аакененра – отправил к правителю Фив Секененра посольство с причудливым требованием унять нильских гиппопатамов, которые своим шумом близ Авариса, якобы не давали гиксосскому царю заснуть. Конец этой истории не сохранился: похоже, по общим закономерностям таких фольклорных историй Секененра придумал какой-то находчивый ответ, и гиксос был вынужден оставить Фивы в покое»
(История древнего мира. М., 2005, 37-стр.)
Міне, көне Мысыр аңызының ұзын-ырғасы осындай. Біртүрлі таңғаласың. Бұл типологиялық ұқсастық па, әлде көшпелі сюжеттер ме?! Біржақты кесіп-пішіп айту қиын. Қалайда бұдан кейін біз ұлттық мәтінді әлемдік мәдени дискурс, контекст аясында қарастырғанымыз абзал сияқты.
***
Этнодеформациялық мобилизация дегеніміз – этностың төлтума болмысы мен бітімінің өзінің аутенттік сипатынан ажырауы. Бұл – біздің өткеніміз. Өткенге – салауат! Қазіргі таңда қаңсыраған этностың болмыс, діліне, жаны мен рухына релаксация қажет! Мәдени, тарихи, философиялық рефлексия қажет! Катарсис қажет!
Ұлт ұйықтап жатқан жоқ. Ол оянған. Бізге Міржақып Дулатов атамыздың кезіндегідей «Оян, қазақ!» деп ұрандатудың қажеті жоқ. Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) сияқты «Маса» болып ызыңдау да (ұлт санасын шабақтау үшін) қажет емес.
Ұлт өмірінде плебицит жүріп жатыр. Ол кейде бәсең, кейде белсенді көрінуі мүмкін. Қалай дегенмен де плебицит бар.
Біз қазіргі өмір сүріп отырған уақыт пен кеңістікті түсінуіміз, сезінуіміз керек! Синтондылық, сензитивтілік қажет-ақ. Қалыпқа (стандартқа) түскен болмыс пен діл, құндылықтарды жаңаша пайыммен парықтай отырып, ұлт болмысының сипаттарын, бүгінгі өмір тынысын, жаңа сапаға трансформациялап, регенерация үдерісін күшейтуіміз абзал-ақ!
***
«Когда две пани дерутся, у холопа плащи трещат» - деген орыс мақалы бар. Әдемі, бейнелі сөз! Алайда қазақтың «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» - деген мақалының уыты да, дәлдігі де, бейнелілігі де басым түсе беретін сияқты ма қалай?!
Асырып айту мүмкін емес!
***
«Ханның басын хан алар, қардың басын қар алар» деген ойлы сөз бар қазақта.
Орыстар осы жағдайды «клин клином вышибают» депті.
****
Поляктың ұлы ақыны Мицкеевич пен орыстың ұлы ақыны Пушкин дос-жар, дос адамдар болыпты. Алайда Мицкеевичтің Польшаның азаттығы, ұлт-азаттық көтерілісіне деген жанашырлық көзқарасына Пушкиннің үзілді-кесілді, шамшыл мінез көрсетуі неліктен екен, ә?!
Сәбит Жәмбек, филология ғылымдарының кандидаты, порфессор
Бөлісу: