Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасына қа...

26.09.2025 96

Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысуға 67 мың адам ниет білдірген 12+

Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысуға 67 мың адам ниет білдірген - adebiportal.kz

Қарағанды облысында бастау алған «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысуға 67 мыңнан астам адам ниет білдірген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей  «Орталық Қазақстан» басылымына  берген сұхбатында айтқан.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Кітап оқитын ұлт» идеясын көтерген болатын. Бұл жоба Қазақстанды әлемдегі ең көп оқитын он елдің қатарына қосуды мақсат етеді.

«Расымен де, Қарағанды облысы бұл жобаны елімізде бірінші болып қолға алып отыр. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен белгіленген Ұлттық кітап күнінде өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры әзірлеген жобаны іске асыруды тапсырды. Оның айтуынша, бұл жоба – ұлттың мәдени кодын күшейтетін сенімді құралдың бірі. Байқау түрінде өтетін бұл жоба мектеп оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттері, ата-аналар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер секілді түрлі әлеуметтік топтарды қамтиды. Оған кітап оқуды дағдыға айналдырған, білімге құштар барлық буын өкілдері қатыса алады», - деді Ә.Әлденей. 

Байқау шарттарына сәйкес, әрбір қатысушы белгілі бір тізім бойынша, кем дегенде 15 кітап оқуы керек. Осы мақсатта 300 кітаптан тұратын тізім әзірленген. Ішінде жалпыұлттық сауалнама аясында іріктелген 100 үздік отандық әдебиеттен 43 туынды бар.

«Байқау талаптарының нақ осылай құрылуы тегіннен-тегін емес. World Population Review индексінің дерегіне сүйенсек, қазақстандық бір азамат жылына орта есеппен небәрі 2,8 кітап қана оқиды екен. Салыстыратын болсақ, АҚШ, Ұлыбритания және Үндістан тұрғындары жылына 17-ден астам кітап оқиды. Абай мен Шәкәрімдей ой алыптарын, Әл-Фараби мен Қорқыттай ғұламаларды тәрбиелеген қазақ халқы үшін мұндай көрсеткіш – ақтауға келмейтін олқылық. Кітап оқудың арқасында адамның қиялы дамиды, өрісі кеңейеді. Сол себепті, кітап оқу дағдысынан қол үзуге қақымыз жоқ. Бұл рухани мәдениетіміздің темірқазығы, білімді болашақтың арқауы», - дейді облыс әкімінің орынбасары.
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар