Ағайынды Гриммдер: Жеті қарға (ертегі)

Бөлісу:

31.01.2018 14660

Бір қойшының жеті ұлы болыпты. Әйелі екеуі бір қыздары болуын қатты армандапты. Жеті ұлдан соң көптен күткен қызы дүниеге келгенде, олар қатты қуаныпты! Шақалақ өте кішкентай әрі әлжуаз болыпты. Кірпігін әрең қимылдатып жатады.

Әкесі рәсім бойынша қызды шоқындыру үшін, ұлдарының бірін су әкелуге құдыққа жұмсайды. Өзге алтауы да әлгі ұлдың соның ере жүгіріпті.

Ағайындылар суды бірінші болып тартып шығаруға ұмтылады. Олар бірін бірі кимелеп таласып жүріп, қауғаны құдықтың ішіне түсіріп алады. Қаншама әуреленгенімен, қауғаны ала алмапты. Бірақ ешқайсы да үйге сусыз барғысы келмейді. Ұлдарын күте-күте шыдамы таусылған әкесі:

- Сірә, мына әңгүдік балалар берген тапсырманы ұмытып, тағы да ойнап кетті-ау! – деп үйде ашуға булығады.

Ақыры шыдамы әбден таусылып ашуланған әкесі:

- Ендеше, келмесеңдер, бәрің қарға болып кетіңдер! – деп айқай салып қарғайды.

Әкесі соңғы сөзін айтып бола бергенде, кенет төбесінде ұшқан құстар қанатының сусылы естіледі. Жоғары қараса, төбесінде жеті бірдей қара қарғаның айнала ұшып жүргенін көреді.

Әкесі мен шешесі осылайша әп сәтте жеті бірдей ұлын құсқа айналдырып жоғалтқандарына қатты өкініп, жылап еңірегенімен, қолдарынан не келсін. Ақыры қолдарындағы сүйікті кішкентай қыздарын жұбаныш етеді. Жағыз қыз күн өткен сайын құлпырып, жылдар өткенде сұлу бойжеткенге айналады.

Әке-шешесі оған жеті ағасы болғанын көпке дейін айтпапты. Бір күні ол көршілерінің әңгімесін кездейсоқ естіп қалады: олар қыздың сұлулығын тамсана әңгімелеседі. Жеті ағасының басына түскен бақытсыздықты айтып, оған қызды кінәлапты.

Мұны естіген қыз үйге жүгіріп келіп, әке-шешесінен:

- Көршілердің айтқаны рас па, өтірік пе? – деп сұрайды.

Ата-анасы қызына жағдайдың бәрін айтуға мәжбүр болады. Бойжеткен ағаларын қатты аяйды. Ағалары күні-түні ойынан шықпапты. Әке қарғысын қалай қайарып, ағаларын құтқарудың амалын іздейді.

Ақыры бір күні ол әке-шешесіне білдіртпей, үйден кетіп қалады. Не де болса ағаларын іздеп тауып, оларға тиген қарғыстың күшін қайтармақ болады.

Әке-шешесіні еске түсірер белгі ретінде кішкентай сақина, қарны ашқанда жемек болып нан, демалған кезде қажет болар деп орындық ала шыққан екен.

Қыз ұзақ жүреді. Жүре-жүре, ақыры жердің ең шетіне жетіпті. Ол мұнда Күнді көреді. Күннен ағаларының тағдыры туралы сұрамақшы болыпты. Бірақ Күн таяй бергені сол еді, өте ыстық әрі қорқынышты бола түседі.

Айды көрген өыз Айдан сұрамақ болып, енді соған қарай жүгіреді. Бірақ оның да жүзі сұп-сұры, түнеріңкі әрі ызалы екен.

Қыз Айдан да ұзай береді. Жымыңдаған мейірімді жұлдыздарға жетіпті. Олардың ішіндегі ең ересегі әрі сұлуы – Шолпан жұлдыз қызды асықпай тыңдаған соң, оған бір әдемі кілт береді. Сөйтеді де, былай дейді:

- Осы кілтке ие бол! Бұл кілт болмаса, ағаларың ұзақ жылдар қамалып жатқан әйнек таудың құлпы ашылмайды.

Қыз жұлдыздарға рахметін айтып, кілтті қол орамалына түйіп алады. Ары қарай әйнек тауды іздеуге аттанады.

Қыз Шолпан айтқан ғажайып тауға жеткенше көп күндер мен түндер жүреді. Ақыры кілтті алмақ болып, орамалдың бүктеуін жазса, ішінде ештеңе жоқ! Кілтті түсіріп алған екен. Ол мейірімді жұлдыздардың сыйлығын жоғалтып алғанына қатты өкінеді. Енді не істеу керек? Қыз өкініштен еңіреп, көзінің жасын көлдетіп жылай береді. Қыздың көзінен аққан ыстық жас әйнек тауға тиген кезде, таудың қақпасы ашылып кеткен екен.

Қыз қақпадан өтіп, таудың ішіне кіреді. Сол кезде алдынан бір ергежейлі шығады.

- Иә бойжеткен, мұнда не іздеп жүрсің? – деп сұрайды ергежейлі.

- Жеті ағамды – яғни жеті қарғаны іздеп жүрмін.

- Қарғалар үйде жоқ – депті сонда ергежейлі. – Егер олар келгенше күтемін десең келсе, осында қала тұр.

Ергежейлі қарғаларға арнап тамақ әзірлей бастайды. Әзір болған асты жеті табаққа бөліп салады. Қарындасы олардың әрқайсысынан бір шымшым ауыз тиеді. Әр кеседен бір-бір ұрттайды. Сөйтеді де ең соңғы кесеге үйінен алып келген жүзікті тастап жібереді.

Кенет ауаның суылы, қанаттардың сусылы естіледі.

- Әнеки, қарғалар үйге қарай ұшып келе жатыр, - дейді ергежейлі.

Бойжеткен ағаларынан жасырнып отыра қалады.

Жеті бірдей аш қарға ұшып келіп, өз-өздерінің табағындағы тамағын жеп, кеседегі сусындарын іше бастайды. Сонда олар бір-бірінен:

- Менің табағымнан кім жеген? Менің кесемнен кім сусын ішкен? – деп сұрасады.

Жетінші қарға сусынын ішіп тауысқан кезде, кесенің түбінде жатқан жүзікті көреді. Бұл жүзікті өз анасыныкі екенін тани қойған қарға:

- Сүйінші, бауырларым-ау! Мұнда біздің қарындасымыз келген екен ғой! Енді біздің басымыздағы қарғыстың күші жойылатын болады! – деп қарқылдап жібереді.

Мұны естіген қыз атып тұрып, қарғаларға ұмтылады. Осы сәтте қарғыстың күші жойылып, қара қарғалар кенет қайтадан адам қалпына түседі. Олар да жан-жақтан жүгіре жетіп, сұлу қарындастарын сүйе беріпті.

Содан кейін бақыттан жүздері бал-бұл жанып барлығы аман-есен үйлеріне оралыпты.

Аударған: Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар