Асылбек Байтанұлы. Жер шоқтығы Көкшетау - аманаты
Бөлісу:
Қазақтың көркем Көкшесі әрқашан біртуар тұлғаларға, ел ұстаған көсем, сөз ұстаған шешендерге кенде болмаған. Арғы кезеңдерді айтпағанның өзінде, ұлт руханиятының өрісі тарыла түскен кешегі кеңес дәуірінде де көптеген талантты қаламгерлер шығып, туған өңірінің тыныс-тіршілігін қалам ұшымен өрнектеп, таныта білді. Сондай айтулы азаматтардың бірі – жазушы, журналист Жанайдар Мусин еді.
«Арқа аралы, жер жәннаты» атанған көркем Көкшетаудың табиғатын, тарихын, тұрмыс-тіршілігін кестелі сөзбен өрнектеген көркем туындылардың да қарасы мол ғой. Солардың арасында сонау сексенінші жылдардағы жас оқырман мен үшін Көкшетаудың сұлу бейнесін қиялымда тербеткен ерекше бір туынды болды. Ол – Жанайдар Мусиннің «Жер шоқтығы – Көкшетау» атты кітабы еді. «Кірпіш» дерлікей соншалықты қалың емес, сыртында Оқжетпестің суреті бар орта көлемді кітаптың баяндау стилі де әдепкі көп дүниелерден өзгешерек екендігін оқи бастағаннан-ақ аңғарған болар едіңіз. Мына бір үзіндіні алайықшы:
«Халық Көкшетау атап кеткен, Сарыарқаның солтүстік бөлігіндегі көгілдір таулы өлке батысынан шығысына қарай төрт-бес жүз шақырымға созылып жатыр. Ені де аз емес – Оңтүстіктен солтүстікке қарай екі жүз шақырымға жетеді. Көкшенің көгілдір таулары асу бермес асқарлар емес, сайын дала, жалпақ жазира төсінде киіктің лағындай еркелеп, құралайдай құлпыра қызықтырып, келсеңші қалқам деп еркелей қол бұлғап, жібек орамалы өзіне ынтықтырып тұрған ару таулар. Болмыс бітіміңді баурап алатын осынау таулардың ең биігі – Көкше қырқасынан сырлы әлемге көз салу үшін 947 метр биіктікке көтеріліп шығасың. Сосын Көкшетауға, ғажап өлкеге көзің жеткенше қызыға қарайсың. Осынау асқақ таудың есімімен аталатын ұланғайыр атамекеніміздің өткенін көз алдымызға келтіру үшін енді ресми деректерге жүгінейікші», - деп Көкшенің көркем әлеміне оқырманды қызықтыра жетелей түседі.
Жанайдар Мусин өзінің азғантай ғұмырында соңына мол мұра қалдырып үлгерген қаламгер. Ең негізгі қызметі журналистік болғанын, әр жылдары Талдықорған, Қостанай, Көкшетау өңірлерінің бас газетттерінде жауапты, басшылық қызметтер атқарғанын ескерсек, қым-қуыт, қат-қабат шаруа арасында осынша көлемді көркем әдеби туындылар жазып қалдырған жанкешті еңбегіне тәнті болғандаймыз. Көптеген очерктер мен суреттемелерді, публицистикалық мақала-толғауларды айтпағанда, үш роман, үш повесть, бір эссе кітабын қалдыруы сөзімізге дәлел.
«Туған жер келбеті», «Жарық жұлдыздар», «Саялы өлке» атты үш бөлімнен құралған бұл деректі кітапты көркем тілмен жазылған ғылыми еңбек деуге де болады. Өйткені, мұнда басы артық дүние жоқ. Бәрі де нанымды, нақты деректермен беріліп отыратындығын – басты критерийі дерек пен дәйекке, нақтылыққа, көркем образға негізделетін журналистика, ғылым, көркем әдебиеттің сәтті тоғысы десек қателеспеген болар едік.
Кітаптың алғашқы тарауындағы «Кербез Көкшені» – аталған өңірге алғаш аяқ басып тұрған адамға арналып көркем тілмен жазылған маршруттық анықтамалық ретінде қабылдай беруіңізге болады. Кешегі Көкшетау облысының сол кездегі жағдайы, экономикасы, әлеуметтік және мәдени даму барысы, заманауи жетістіктері мен өзгерістері табиғат көрінісімен өрнектелгендігін, бүгінгі күннің көзімен өткен тарих демесеңіз, сол табиғат, тау-тас, көлдер мен өзендер, орман мен дала – сол қалпында. Өзгерген – тек адам мен заман ғана. Ал кітапта көркем суреттелген табиғат көрінісі мен оларға қатысты аңыздар еш ескірмек емес. Керісінше, мұндағы жер-су атаулары, өзге де анықтаулар, мәліметтер – өткенді санада жаңғыртып, көмескіні айқындауда – таптырмас дәйек.
1824 жылы округ болып құрылған Көкшетаудың тарихынан тамыр тарта отырып, автор ақ айдынды Шабақ көл, сапар кешкен керуеншіге жол нұсқар Ақылбай асуы, егіз өркешті Ақбура, биіктен сылдырай аққан Бурабұлақ, тұтқиылдан тиген жаудан қорғану үшін алып тастардан жымдастырыла жиылған Қамалтас, қасекі жауды жайратып тастап қалың ұйқыға батқан Жекебатыр, тікелей түскен күн сәулесі бойға ерекше қуат сыйлайтын Ақ алаң, ерек бітімді Шайтанұршық, көкке найзадай бойлаған Оқжетпес пен тетелес апалы-сіңлілер іспетті Үш діңгектен өтіп, тылсым жұмбақты Жұмбақтасқа, бөлек бітімді Бөлектауды бойлап, Теміртау, Сиыртас, Таскебіс, Аютас, Қойтас, Пілтас, Кірпітасты көзден кешіргендей боласыз. Кітаптағы жазушының суреттеуіне тағы да кезек берейікші:
«Иә, Көкшетау – тұнып тұрған сыр, сөйлеп тұрған сурет. Бірінен бірі асқан көгілдір таулар өз аясына мөлдіреген сексен көлді ұялатып, текше-текше тастарды қиялатып, ұлы Табиғат өз өнерін айдай әлемге сиқырлы бояумен паш еткендей.
Көкшетау қаласынан шығып, күншығысқа қарай жетпіс-сексен шақырымдай жол жүргеннен кейін жұмақтың есігін ашқандай, ынтызар көңіліңіз жаңа ғана сол қапталдан айнадай жарқырап, шалқып жатқан шабақ көліндей толқып кетеді. Көңіліңді құйқылжытатын, тіліңді сайрататын, сергек көңілге себездеп түрлі ой тастататын Көкше бұл. Саусақ ұшы тиер-тиместен-ақ күмбірлеп қоя беретін үкілі домбырадай сұлулық сырына, халқыңның жырына қандыратын да сенсің. Тұла бойың тұнған тарих!
Міне, асыға басып, Ақылбай асуына көтерілдік. Екі қапталдан да қолдың саласындай сыңсып қарағайлы көгілжім орман алыстан аюжүнденіп ұйып тұр. Табанын көкпеңбек көлдің мөлдір суы жуған көгілдір таулар сұлай созылып, жон арқасын күн сәулесіне тосып, рақаттана қыздырынып жатыр. Ара-арасынан жұп-жұмыр шың тастар құзартады. Оған ғашық болған ару қарағайлар сылаңдап жан-жағынан еркелей сыңғырлап, құзарт шыңның омырауын аймалап, маңдайынан иіскеуге ұмтылғандай...
Енді бірде күмістері күнмен шағылысқан тақияларында үкілері үпілдеп өңкей бір сұлу қыздар сахнаға жан-жактан қаптап шыға келгендей әдемі әсерге бөленесің!»
Мұны оқыған соң, Көкшенің көз тартарлық сұлу келбетін бір көруге неге ынтызарлығыңыз оянбасын. Бұл – шұрайлы, бояуы қанық та орамды тілімен жасалған шебер суреттеу. Осыдан кейін:
Іс қылған адамының денесі ірік,.
Жігерлі, ер көңілді, еті тірік.
Ақын да, палуан да, әнші де көп,.
Дей алмас көрген адам мұны өтірік, -
деп жырлаған Сәкен Сейфуллин сөзінің дәлелі іспетті, Көкшетауда өмір сүрген кешелі-бүгіннің айтулы тұлғалары жайлы жазылған тебіреністі эсселерді оқи отырып, осынау өңірдің қатпар-қатпар тарихына бойлайсыз. «Шоқан шоқтығы», «Қызыл қыран», «Батыр Мәлік» т.б. бөлімдер Көкшеде туып-өскен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен сал-серілер, Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек ерлері туралы құнды деректерге толы.
Көкшетау – дүйім қазаққа аты шыққан ең әйгілі төрт серінің төл бесігі. «Аққуға ән қосқан» тарауында жазушы аспандағы аққуға әнін қосқан әйгілі сал-сері бабалары жайлы шабыттана қалам тербесе – орынды емей немене!
Кітапты оқып отырғанда, ұтқыр желісті көсемсөз бен кестелі көркем әдеби стильдің шебер астасқандығына еріксіз куә болар едіңіз. «Жер шоқтығы Көкшетауды» – былай қарасаңыз елге сапарлай шыққан журналистің жүйрік қаламынан туған көркем очерк ретінде қабылдауыңызға болады. Ондағы түрлі цифрлар мен фактілер, көтерілген өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы ұсыныстар т.б. осы ойға жетелейді. Қартбай атаның немересімен, сапарластармен арада өрбитін диалогтары мен баяндаулары – алып атыраптың өткені мен бүгінгісі, қуанышы мен мұңы емес пе?
«Жер шоқтығы Көкшетау» – осы өңірден алыс жатқан жұрт үшін танымдық-тағылымдық дүние болса, жергілікті өңір үшін орынды жасалған ақыл-кеңес, игілікті ұсыныстың көзі еді ғой. Осыған бірер мысал келтірелікші: ««Осы орайда ең алдымен Зеренді демалыс үйін санаторийге айшалдырсақ деп еміс-еміс естіліп жүрген пікірлерді табиғат құдіреті өзі-ақ колдап, демеп тұр. Жамантұз көлінің тұзды балшығы мен соры әлі сол күйінде жатыр. Карттар жағы жаз айларында өз бетімен осы сорға шомылып, дертіне шипа тауып жүргенін де көпшілік күнде көзімен көреді. Мәселе – Жамантұздың шипалы саз балшығын зерттеп, кәдеге жаратуда. Топшылаушылар оны атақты Балқашсор балшығынан ешбір кем емес дейді. Тіпті сол Балқашсордын өзі Зеренді демалыс үйінен айналасы 70-80 шақырым-ақ жерде емес пе?»
Ал, осы кітап жарық көргеннен бергі отызға жуық жылда не өзгерді? Заман өзгерді. Еліміз азаттық алды. Нарықтық экономика өріс алды. Жазушының Зеренді демалыс үйі мен Жамантұз көлі туралы осы ұсыныстары жүзеге асқан жағдай бар ма? Жамантұз көлінің балшығына қоса, шаянының өзі ақшаның көзіне айналғалы басына бұлт үйірілгені туралы талай жазылып та жатыр емес пе!
Кітаптан тағы да үзінді алайықшы: «Ал қазақ қымызы, оның ішінде Көкшетау қымызы бұлардағылардан да артық бағаланған ғой. Олар санаторий салмаса да өкпе дертіне, яғни жіңішке ауруға шалдыққан жанашырларына қарағайлы орманның бір алаңқайына кигіз үйді тіктіріп тастап, сары қымызды сапыра ішкізіп, түлкідей құлпыртып, қайтадан қатарға қосып алады екен. Орыстың белгілі жазушысы Мамин-Сибиряк әлгі Самара қымызын да, Уфа қымызын да онша менсінбей, Көкшетаудың қымызын-ай деп аңсапты... ... Көкшетаудың қымызы-ай десек те, сол бір дәрулі сусын мұнда демалуға келгендердің бәріне бірдей жете бермейді. Бұл сұранысты өтеу үшін «Қымызнай» ауылындағыдай екі-үш жаңа комплекс ашу керек. Сонда ғана Көкшетау қымызының даңқы қайта дәуірлейді. Сонда ғана жер шоқтығы Көкшетау атына заты сай болады. Бұл – бүгінгі біз, келешек ұрпақ ойлайтын халық аманаты демекпіз.»
Бүгіндері Көкшетаудың жүрегі Бурабай – қазіргі тілмен айтқанда, отандық "туризмнің хабына" айналып отыр. Еліміздегі ең сапалы алты жолақты автобан да салынды. Облыс орталығы Көкшетаумен қосылып, туристік әлеуеті зор аймаққа айналмақ. Осыған орай «Жер шоқтығы Көкшетау» ктабында жазушы көтерген осы бір ұрпақ қамы үшін атқарылуы тиіс игі шаралар қолдау тауып, Көкшетау тек қана қысқы сырғанағы мен жазғы жағажайымен ғана емес, баурында өрбіген елдің тұрмыс-тіршілігімен астасқан экотуризмнің жыл бойғы кешені болуға тиіс еді ғой! Бүгінгі күні баршамыз аузымыздан тастамай жүрген рухани жаңғыру дегеннің нақ өзі де осы емес пе!
«Жанайдар! Жанайдар!», - деп жан дауысын.
Жаңғырып тұрды ұзақ әр тау ішін.
Япырау, қайран сабаз, қайда кеттің,
Мен түгіл, жел, жоқтайды, тартады ішін...
...Ер еді үзілетін тепсе темір,
Кең еді Арқа – кеуде, Көкше көңіл.
Жанындай сүюші еді өз өлкесін,
Дос өткен ер серісін, қыз еркесін
Атан нар ай далада аңырайды,
Жоғалтып қапияда қос өркешін..., -
деп әйгілі ақын Ғафу Қайырбеков жырлағанындай, туған өлкесін жанындай сүйіп, өмір бойы көркем тілмен кестелеп өткен Жанайдар Мусиндей дара тұлғасын елі, жері ұмытқан жоқ. «Жақсының аты өлмейді» демекші, Көкшетаудағы іргелі білім ордасы – жоғары қазақ педагогикалық колледжі Жанайдар Мусин атын абыроймен иеленіп келе жатыр. Болашақта еңбектерінің толық жинағы да жарық көріп, көрікті көшелерге аты да берілер. Мұндай игілікті істерге елін сүйген ерен ер, қарымды қаламгер Жанайдар Мусиннің өнегелі өмірі әбден лайықты. Ал бүгінгі ұрпақтың парызы – жазушының «Жер шоқтығы Көкшетау» кітабында жазып кеткен ұсыныс, аманатына лайықты іс тындыру болуы тиіс деп білеміз.
Бөлісу: