Оралхан Бөкейді әлем оқиды
Бөлісу:
Бүгін Астана қаласындағы "Марриот" қонақүйінде қазақтың белгілі жазушысы Оралхан Бөкейдің ағылшын тіліне аударылған "The man-deer" кітабының тұсаукесері өтті. Жинаққа жазушының бірқатар повестері мен әңгімелері енгізілген.
Халықаралық Қазақ ПЕН клубының "Біз - қазақпыз" жобасының аясында тәржімаланған бұл кітапқа дейін, өзге де Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев, Әбіш Кекілбаев, Смағұл Елубай секілді жазушыларымыздың еңбектері аударылған болатын. ПЕН клуб президенті Бигелді Ғабдуллин қазақ жазушылары туындыларының маңыздылығына ерекше тоқталып, Оралхан Бөкей кітабының алғашқы данасын жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызына сыйға тартты.
Кітаптың тұсаукесеріне оны ағылшын тіліне аударған Саймон Холлингсворт пен әдеби редакторы Саймон Гейген Англиядан арнайы келді. Қазақ жазушыларынан Әлібек Асқаров, Қуанышбай Құрманғали, Кәдірбек Сегізбаевтар және Оралхан Бөкейдің қызы Айжан болды. Кітап А.Кимнің орысша нұсқасынан аударылған екен.
«Ағамның шығармалары Лондонда аударылып, әлем оқырмандарына жол тартқанына қуаныштымын. Осы игі істі қолға алған ПЕН-клубқа, оның басшысы Бигелді Ғадуллинге алғысымды айтамын. Ағам өзі де ПЕН-клубтың мүшесі, ауылдық жерлердегі талантты жастарды жинау мәселесімен айналысатын бөлімшесін басқарып еді. Жұмыстарыңыз табысты болсын», - деп тілегін айтты Ғалия Бөкейқызы.
Бөлісу: