Серік Тұрғынбекұлы. Торғай жаққа барсам мен

Бөлісу:

01.03.2018 4946

1 наурыз - қазақтың танымал ақыны Серік Тұрғынбекұлының туған күні. Ақын өлеңдерінің тақырыбы сан алуан. Соның ішінде туған топырағы, қарт Торғайы туралы жырлар ерекше орынға ие.

ТОРҒАЙ ЖАҚҚА БАРСАМ МЕН

...

Қарсы алса достар қанша бір жүрек,

қанша әнмен,

Қариялардың құлақ құрышы қанса әбден.

Ақ әжелердің ақ жаулығына

Оралып қалам амалсыз,

Торғай жаққа барсам мен.

Алқынып ұшып,

алапат көңіл аңсаумен,

Жұмысың жоқ қой жалығумен де шаршаумен.

Адырдан асып кетемін сонда

ақ сағымдардың ішімен,

Торғай жаққа барсам мен.

Оқысаң жырды,

қасыңда тұрса жан сәулең,

Ананың нұрлы жанарынан

тамшы боп жерге тамсам мен,

Інішектердің қолынан ұстап,

иіскеп сүйіп жатамын,

Торғай жаққа барсам мен.

Төгіліп тұрсам

кеудемде мөлдір кәусармен,

Дала бір жатса бар көркіменен, бар сәнмен.

Ішпей де жемей,

мейірімдерге

қаламын сонда мас болып,

Торғай жаққа барсам мен.

* * *

Торғайдың атырабында

Өткен талай ұрыстар бар.

Торғайдың топырағында

Қираған қылыштар бар.

Тұлпарлардың тұяқтары

Қара жерді тепкілеген.

Жылап бала, жылап кәрі,

Медеу беріп дос тілеген.

Ат арыды ауыздықтан,

Нәр татпаған қанша күннен.

Ел езілген жауыздықтан,

Қара жерге қан төгілген.

Тар заманның жат тынысы

Талай тағдыр тайталасқан.

Амангелді ақ қылышы

Адалдықты айқара ашқан.

ТОРҒАЙ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Тотыдай таңда таранып,

Толысып өскен Торғайым.

Төсіңнен сенің нәр алып,

Түлеген тыңда тал-қайың.

Тасытып табыс қазанын

Таңдантқан туған елімді.

Талмайтын тарлан қазағым,

Тыншымай төктің теріңді.

Тамсана айтар сырым көп,

Тағы да бір сәт бұрқандым.

Тамыры жердің дірілдеп,

Тұяғы тисе тұлпардың.

Төндіріп бұлтты аспаннан

Таңдарды талай атырдым.

Аманкелдіден басталған

Бұл даладағы батырлық.

Есімі Торғай бүгінде

Естілер ерлік атындай.

Сайраған бұлбұл тілінде

Сандуғаш сынды ақындай.

Қашаннан келе жатқан бұл

Қасиетті мекен – қарт Торғай.

Байлығы бүгін мақтан жыр,

Бағасы әбден артқандай.

Шежіре шимай бетінде

Оқисың бәрін іркілмей.

Қалған бір жердің шетінде

Қазақтың көне мүлкіндей.

Өсірген талай ер ұлын,

Торғайым, сүйер ел сені.

Қазақтың байтақ жерінің

Кішкене ғана бөлшегі.

Санамда менің бір ұғым,

Естілер жылы құлаққа.

Білімнің шашып ұрығын,

Ыбырай шыққан шырақта.

Қан сорған, талай кектенген,

Томсарған тұмса дала, бел.

Сейітқұл салған кетпеннен

Семірген мынау қара жер.

Қаралы күндер қапа-мұң,

Даланың тәні қақсаған.

Әлемге алғаш сапарын

Әліби сенен бастаған.

Әуені бөлек әсем бір

Әсерлеп айтар ән-жырдай.

Жайнады байтақ жас өңір

Жасарған қайта Жамбылдай.

Жаз келсе желек жамылар,

Жоқ оның бақша-баулары.

Тек қана көзге шалынар

Астықтың асқақ таулары.

Аралап егін алабын

Асасың әрі бөгелмей,

Ғажайып мынау даланың

Қожасы бізбіз дегендей.

Ақтылы қойлы атырап,

Талады белі табыстан.

Айнадай көлі жарқырап,

Айдында аққу, қаз ұшқан.

Осының бәрі өмір ғой,

Қолынан адам өзгерткен.

Мына бір жуас қоңыр қой

Соңынан егіз қозы ерткен.

Жастық бір думан, жастық – ән,

Әуені асқақ не түрлі,

Әне бір қырдың астынан

Естіліп жатқан секілді...

Шабытты жастар бар мұнда,

Шақырған сені жар салып.

Ақ шаңқан үйлер алдыңда,

Алдыңда – ару Арқалық.

Алдыңда қақпа, ал осы

Қақпадан айқын танып ал.

«Арқалық – жастар қаласы»

Деген сөз көзге шалынар.

Кірген соң барып ішіне

Қызықты мұндай таппассың.

Жасампаз жастар ісіне

Қалайша таңдай қақпассың.

Құштар боп мәңгі жаңаға,

Үмітін елдің ақтаңдар.

Арқалық атты қалаға

Ағылып келіп жатқандар.

Бастауы сенсің бір әннің,

Шырқайды соны думанды ел.

Қияға ұшқан қыранның

Тұғыры болған туған жер.

ТАҒЫ ДА ТОРҒАЙ ТУРАЛЫ

Ешкім бөліп алмайды ақынды елден,

Ешкім бөліп алмайды батырды елден.

Топты жарып,

Толысып шыққаннан соң

Кітабыма Торғайдың атын бергем.

– Туған жердің үйірсің атына әман, –

Деді маған әзілдеп ақын ағам, –

Бір ауылды айналып жүре берсең,

Тұздығы жоқ жыр туар татымаған.

– Тарылып кеткен қалай тақырыбың, –

Деді маған әзілдеп ақын інім. –

Ауыздан әлі дәмі кетпей жүр ме

Ауылдың қаймағы мен қатығының?

– Торғай жақтан басқаға бұрылмайсың, –

Деді досым, – ашылар сырың қай күн.

Торғай болып кеткеннен аманбысың,

Торғай... Торғай... дейсің де шырылдайсың.

Әзіл сөзбен әдейі шұқыды ма,

Тиіп кетті менің де қытығыма.

Болмайды енді бұл сәтте болдыруға,

Болмайды енді бұл сәтте ұтылуға.

Бөліп, жіктеу бар осы әлі бізде,

Онсыз тіпті келместей сәніміз де.

– Торғай! –

Дедім орнымнан атып тұрып, –

Ортақ есім,

Ортақ жер бәрімізге!

Төгілмесін, төгілсін терім мейлі,

Тіпті маған бермесін төрін мейлі.

Сен бөлгенмен, қарағым,

Мен бөлгенмен,

Аманкелді, Әліби бөлінбейді.

Ортақ бізге дауылдай жастығы да,

Ортақ бізге бауырдай достығы да.

Досқа мәлім, сырттағы дұшпанға да,

Астананың тауындай астығы да.

Арпалысып ақпанмен, аптаппенен,

Қиындыққа қашанда тап-тап берем.

Тіпті, құйттай торғайдай күнімнен мен

Торғай деген есімді сақтап келем.

Сан көктемде,

Сан қыста,

Сан күздерде,

Тарих ісі айналды мәңгі іздерге.

Қартаймайды қыр төсі қайта түлеп,

Сол Торғайды жырлаған жалғыз мен бе?!

Ортақ бізге арайлы бір таң бүгін,

Бір аспанда,

Бір жерде тұр тағдырым.

Оқыр едің сүйсініп шын түсінсең,

Токиода тұрып-ақ Нұрхан жырын.

Ортақ менің жырым да,

Жан сырым да,

Өлең деген құмармын бал-шырынға.

Қара нөсер болайын құйып өткен,

Талып тамыр, тағдырым, тамшы қылма.

Туған жерден кетпеспін сірә мүлдем,

Сертім осы балалық, бұла күннен.

Сусындатып мәңгілік тұрамын мен

Өлеңменен – өзімнің бұлағыммен!

Бөлісу:

Көп оқылғандар