Шора Сарыбаев. Әдеби тіл діттеген мүдде
Бөлісу:
Қазақ тіл білімін дамытуға, әдеби тілін зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан белгілі ғалым Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 93 жаста. Абыз ақсақалдың туған күніне орай портал қорындағы еңбегінен осы мақаланы жариялап отырмыз. Ғалымның ертеректе жазылған мақаласының мәні мен маңызы бүгін де өзекті.
Әрбiр халықтың тарихында үлкен ̧әлеуметтiк, қоғамдық, мәдени өзгерiстер дәуiрi болатыны хақ. Халық тарихындағы осындай өзгерiстер сол халық тiлiнiң сөздiк қорына әсерiн тигiзбей қоймайды. Өмiрге қанша жаңалық, қанша жаңа зат пен жаңа ұғым қосылса, тiлге де соншама жаңа сөздер мeн сөз тiркестерi қосылып отырады. Ұлы Октябрь революциясының алып келген әлеуметтiк, қоғамдық, мәдени өзгерiстерi қазақ даласына көптеген жаңа құбылыс, жаңа ұғымдар алып келдi де, соған орай тiлiмiзде жүздеген жаңа сөздер мен жаңа тiркестер пайда болды. Олардың iшiнде байырғы төл сөздерiмiз дe, көршi тiлдерден енген кiрме сөздер де, тiптi қолдан жасап алған сөздерiмiз де бар. Кейiнгi елу жыл iшiнде әдеби тiлiмiзде болған өзгерiстердi қадағалап, қарап отырсақ, өсу мен дамудың көп үлгiлерiн ұшыратуға болады. Тiлiмiзде осы күнi қолданылып жүрген жаңа сөздер мен сөз тiркестерiнiң бәрi 6ipдей сонау l920-30 жылдары пайда болған жоқ. Ол сөздердiң бiрқатары 1920-30 жылдары пайда болса (оқулық, мiнбе, сенбiлiк, еңбеккүн, өнеркәсiп, т.б.), ендi бiрқатары 1940-50 жылдары пайда болды (аялдама, балмұздақ, бөлшек сауда, жылжымалы кiтапхана, сұраулық, үш сайыс, т.б.). Тiптi кеше ғана 1960 жылдары пайда болған көрермен, оқырман, басылым, хабарлама сияқты сөздерiмiз де бар. Осындай, әрi молығу, қорлану, әрi нормалану процесi тiл тәжiрибемiзде келешекте де жалғаса бермек. Бұл процесс, бiр жағынан, басқа тiлдерден сөз қабылдаумен байланысты болса, екiншi жағынан сөз жасампаздықпен (словотворчество) байланысты жатыр. Бiзде сөз жасампаздық өнерiмен шұғылданып, көптеген сөздерге балама тауып, кейiн әдеби тiлде қабылданған сөздердi дүниеге келтiрген I.Жарылғапов, М.Әлiмбаев, Қ.Сатыбалдиев, Р.Бердiбаев сияқты ақын-жазушы, журналистерiмiз бар. Мысалы, тiлiмiздегi балмұздақ (мороженое), басылым (издание), жазылыс (подписка), көрермен (зритель), оқырман (читатель), теледидар (телевидение) аялдама (остановка) сияқты сөздердiң пайда болуы iздемпаздықтың жақсы үлгiсiн көрсетiп жүрген Iсләм Жарылғаповтың есiмiмен байланысты. Бiлгiр аудармашының кейiнгi кезде ұсынып жүрген уыздақ (яичница), бейдауа (рак), iлдiрiк (оправа), азагүл (венок), қазанама (некролог), жағажай (пляж) сияқты сөздерi де әдеби лексикамызды нәрлендiруге дайын тұрған сөздер. М. Әлiмбаевтың ұсынған газеткер (газетчик), тұғыртас (постамент), мазақтама (дразнилка), санамақ (считалка), ойынхана (игротека) сияқты сөздерi де құптарлық. Қазақ Совет энциклопедиясы (ҚСЭ) қызметкерлерiнiң ұсынып жүрген қабылхана (приемная), сөзтiзбе (словник), есiмнама (персоналии), тiркесiм (сочетаемость) дегендердi дe сәттi жасалған сөздер қатарына қосуға болады. Мұндай жаңа сөз бен тiркестердi жасауда ақын-жазушы, журналист, ғалымдарымыз сөздердi бiрiктiрiп, тiркестiрiп не жұрнақ жалғап айту сияқты сөз жасаудың түрлi тәсiлдерiн кең қолданып жүр. Тiлiмiзде бiрдей мағынада жұмсалып жүрген екi вариантты сыңар сөздердiң әрбiреуiне әр басқа мағына берiп, ажыратып, қолдану тәсiлi тiл тәжiрибемiзде бұрыннан бар. Мысалы, ғылым (наука) – бiлiм (знание) – iлiм (учение); өкiмет (власть) – үкiмет (правительство); түрiк (турецкий) – түркi (тюркский) сияқты сөздердiң әрбіp сыңары дербес мағынаға ие болып кеттi. Тiлiмiзде осы тәсiл арқылы саралауға болатын сөздер аз емес. Мысалы, салыстыру (сравнение) – салғастыру (сопоставление), мәлiмет (сводка) – мағлұмат (сведение), мейрам (праздник) – мереке (юбилей), хабарландыру (извещение), хабарлама (сообщение), құлақтандыру (объявление) т.б. Бұлардың бiразы қазiр сараланып қолданылып та жүр. Бiзде тек осы қолданыстарды тұрақтандыру, уағыздау жағы жетпей жатыр.
Әр жерде, әр өлкеде бiрдей мағынада қолданылатын сөздердiң бiрiн алып, бiрiн тастамай, мағыналық дифференциация үлгiсiмен әдеби тiл қажетiне жаратуға болатын сөздер бар. Мысалы, Оңтүстiк облыс тұрғындары «гостиницаны» мейманхана десе, солтүстiк, батыс облыстарының тұрғындары «қонақ үй» дейдi. Осы екi сөздi бiр бiрiмен ауыстырмай «гостиница» дегендi «мейманхана» деп, «гостиная» дегендi «қонақ үй» деп, әрбiреуiне дербес мағына берiп қалыптастырған жөн сияқты. Аудармашылар қолқап пен биялай сөздерiнiң бiрiн «перчатки», екiншiсiн «варежки» мағыналарында қолданып жүр. Бiрақ бұл ұсыныс әлi күнге дейiн қолдауын таппай келе жатыр.
Кейiнгi жылдары балама табу мақсатымен жаңа сөз тудыруға «хана» жұрнағы көп қатыстырылып жүр. Осы жұрнақ арқылы жасалған кiтапхана, шiлдехана, жатақхана, асхана, масахана, шайхана, емхана сияқты сөздер әдеби тiлiмiзде әрiректен қолданылса, шеберхана, сырахана, күшхана, дәрiхана, наубайхана, ұстахана сөздерi бертiн келе қолданыла бастады. Бұл жұрнақтың жаңа сөз жасау мүмкiншiлiгiн әлi де болса кең пайдалану керек. «Детсад» дегендi «бала бақша» дедiк те, «родильный дом» – «перзентхана» дедiк. «Яслидi» сол күйiнде қалдырсақ та «дом малютки» дегенде кейбiр аудармашылардың «сәбихана» деп алайық деген ұсынысын құлақ асқан жөн ғой деймiз. Егер «роддомның» баламасы ретiнде I.Жарылғаповтың ұсынып жүрген «анахана» сөзiн қолданатын болсақ, онда перзентхана сөзiне «яслидiң» мағынасын жүктеу керек. «Хана» арқылы жасалған осы тақiлеттес сөздер қазақ говорларында көп. Мысалы,, дәнхана, атхана, майхана, мұзхана, тойхана сияқты қалтарыста жатқан сөздердi жиып-терiп сөз байлығымызға қосу жағын ойластырсақ.
Сол сияқты «нама» жұрнағының сөз жасау мүмкiншiлiктерiн толық пайдалана алмай жүрмiз. Кейiнгi жылдары баспасөз бетiнде тарихнама (историография),
есiмнама (персоналии), жаднама (памятка), мақалнама (мақалдар жинағы) сияқты сәттi жасалған сөздер кездесiп жүр. Сол сөздердi кең, дәйектi түрде қолданып, тiлiмiздiң актив қорына айналдыруымыз керек. Бұл жерде айта кететiн жәй – қазiр жылнама сөзi летопись мағынасында қолданыла бастады. Жылнама деген летопись емес, бұл – ежегодник. Летопись сөзiнiң баламасына басқа бiр, сәттiрек сөз iздестiруiмiз керек.
Гүл сөзiнен өрбiген бiраз сөздер де еленбей жүрген тәрiздi. Мысалы, букет сөзiнiң баламасы ретiнде баспасөзде гүлгүл және гүлдесте сөздерi қатар қолданылып жүр. Осы сыңар сөздiң iшiнен:
Iшi күйiп қараса күндес пенде,
Егiз болып тұрамыз гүлдестеңде, - (Қ. Мырзалиев) дегеңдегi гүлдестенi қабылдаған жөн ғой деймiз. Өйткенi гүлгүл, биiк-биiк, жота-жота тәрiздi бiр сөздi қайталап, қосарлап айту амалы әдетте жаңа сөз жасау амалы емес, сол сөздерге көптiк, үстемелi, күшейтпелi мағына беру амалы ғана. Yй iшiнiң бұрыш-бұрышында, терезе алдындағы қыш сауыттардың iшiндегi гүлдердi халық арасында гүлбан деce, гүлдi жақсы көретiн, гүл өсiрумен шұғылданатын адамды гүлбаз адам дейдi; «Оранжереяны» гүлхана деп айтқанды естiдiк. Осы сөздердi және «цветник» сөзiнiң баламасы ретiнде Қ.Шаңғытбаевтың шығармаларында («Қос бұлбұлдай бiр гүлзарда сайраған») кездесетiн гүлзар сөзiн де тайсақтамай, жатсынбай әдеби тiл кәдесiне жарату керек.
Республикамыздың түпкiр-түпкiрiнде бiр-екi облыс, не бiрнеше аудан көлемiнде ғана айтылатын, көпшiлiкке бим ̧лiм, бiрақ әдеби тiл терминологиясына аса қажеттi сөздер аз емес. Олардың iшiнде бау-бақша, мақта, аңшылық, құсбегiлiк, балық шаруашылығымен байланысты әлi де болса жиып-теру жағына ден қойылмай келе жатқан кәсiби сөздер бар. Кеше ғана кең қолданыс таба алмай келген мұрап, атыз, диқан, шабандоз, бағбан, дуал сияқты сөздер қазiр әдеби тiл лексикасының төрiнен орын алып отыр, «Кен асылы – жерде, сөз асылы – елде» дегендей әлi де болса терiлмей жатқан, әдеби тiлде кең қолданыс таба алмай жатқан сөздер қаншама! Мысалы, жозы (аласа дөңгелек стол), дәлiз (сени), зембiл (носилки), арасан суы (минеральная вода), дәке (марля) сияқты сөз асылдарын аршып, сөздiктерге енгiзiп, көпшiлiктiң игiлiгiне айналдыру керек. Кейде халық тiлiнде бар, бiрақ бiлместiктен қолданылмай, оның орнына басқа тiлдердегi сөздер қолданылып жүрген атаулар да аз емес. Мысалы, (горчица) қыша, (кочан) қаудан, (укроп) ашкөк, т.б.
Жазушы, журналистерiмiздiң бiрқатары өткен ғасырларда өмiр сүрген ақын, шайырлардың шығармаларындағы тiлiмiзден шығып қалған, не қолданылу өрiсi тар дәрежеде жүрген көпшiлiкке бимәлiм сөздердi қайта жаңғыртып қолдануды ұсынып жүр. Журналистердiң кейiнгi кезде тәмамдау, уәзипа, дәрiс, шайыр (бұл сөз шаир болып қате жазылып жүр), мәшhүр, сұхбат, тiлмаш сияқты бұрын кiтаби тiл құзырында жүрген, қазiр сирек айтылатын сөздердi жаңғыртып, осы күнгi сөз қолданыс арнасына қосуы құптарлық iс. Тiлiмiздiң стилистикалық оралымдық қабiлетiн арттыру, синонимдiк қатарларды байыту мақсатымен өткен ғасыр мұраларындағы осындай кiтаби сөздердi там-тұмдап енгiзе бергенiмiз артық болмас едi.
Сөз жасампаздық өнерi үлкен жауапкершiлiк, талғампаздық пен iзденiмпаздықты талап етедi. Аударудың жөнi солай деп байырғыдан келе жатқан сөздердi, әсiресе, көптеген халыққа ортақ интернационалдық сөздердi аудару сияқты шәркездiк, қаратоқпайлыққа салынбай, зор байып-пайымдылықпен қараған жөн. Осы жерде Сәкен Сейфуллиннiң «Бiз тiлiмiздi байытуымыз керек. Байыту үшiн сөздi көршi елдерден де алудан қорықпауымыз керек. Интернационалдық сөздердi iркiлмей қолдануымыз керек» деген сөзi еске түседi.
Сөз тудыру өнерi үстiнде пайда болған сөздердiң бәрi бiрдей өмiршең бола бермейдi. Оның iшiнде әдеби тiлiмiзге қабылданып, өсетiнi де бар, саяз жерге себiлген құнарсыз дән сияқты өспей қалатыны да бар. Ал сәттi жасалған сөздердiң өзi алғашқы қалыптасу дәуiрiнде бiрден қолдау таппай, басынан неше түрлi тәлкектiктi, мансұқтықты кешiретiн күндерi де болады. Алғашқыда құлақты қырнап, тосындау естiлiп, қолданыла келе көпшiлiктiң тезiне түсiп, сәттiлерi әдеби тiлге жолдама алып, үйреншiктi сөз болып кетедi де, сәтсiз жасалған можантомпайлар «нарқын танымаған сөз құлазидының» кебi келiп, әдеби тiлден тыс, қағажу қалып қояды.
Осы мәселеде әлi де болса сұхбат-кеңеске, пiкiр сарабына салатын жайлар аз емес. Мысалы, заметка, записка, справочник, почерк, прачечная, квартал, вожатый, культпоход сөздерiне сәттi баламалар табылмай жүр. Кейбiр жолдастардың ұсынып жүрген орам (квартал), жайлаужай (дача), қызғанақ (помидор), жасылша (овощ), саябан (беседка) сияқты сөздерiне қалай қараймыз? Наложенный платеж, дежурный магазин, заказное письмо, медицинская сестра, переговорный пункт, личное дело, полевая сумка, настольная книга, сдельная работа дегендердi қалай аударамыз? Түрлi этикетка, маңдайшалардағы жазуларға сәттi балама таба алмай қиналатынымыз тағы бар. Бiз осы жерде Р.Сыздықованың («Жұлдыз». 1966. №10) «Мұндай жаңа сөздердi терiп, түсiнiгiн берiп, жұртшылықтың пiкiрiн жариялап отыруды бip газет өз мiндетiне алса» деген ұсынысын құптар едiк. ́йткенi аса бiр мұқияттылықты керек ететiн бұл нәзiк мәселе ақын-жазушы, журналист, аудармашы, тiл бiлiмпаздарының, жалпы қазақ интеллигенциясының қауымдаса отырып шешетiн мәселесi. Екiншiден, сөз қалыптастыруда мерзiмдi баспасөздiң шешушi ролi күштi. Жоғарыда көрсетiлген жаңа сөз бен тiркестердiң бәрi де мерзiмдi баспасөз арқылы келiп, сол баспасөз арқылы қалыптасқаны бұған айғақ бола алады. Тiл мәдениетiнiң бұл саласын өз бетiмен жiбермей, ондағы олқылықтарға көзжұмбайлық жасамай, жақсы үлгiлердi дәрiптеп, кем-кетiк, кемшiлiктерiмiздi мiнеп, сөз жасампаздық өнерiнiң бағытын бағдарлап, жөн сiлтеп отыруымыз керек.
Бөлісу: