Рэй Брэдбери. Африканың тың даласы

Бөлісу:

05.03.2018 4761

Американдық әйгілі фантаст жазушы Рэй Брэдберидің шығармашылығы бүгіндері күллі әлемге танымал. Жазушының "Африканың тың даласы" атты әңгімесін журналист, жазушы Қуандық Шамахайұлының аудармасында ұсынып отырмыз.

- Жорж жаным, балалар бөлмесіне бір көз қырыңды саласың-ау?

- Не болып қалды?

- Қайдан білейін.

- Ендеше, қалай сонда?

- Мен жай қарай сал дегенім ғой. Әлде, психолог шақыртып тексертеміз бе?

- Психологке жүгініп не істейміз?

- Не істеуді сен жақсы білетін шығарсың – деді де, зайыбы ас бөлменің ортасына сәл ғана аялдап, үзіліссіз гүрілдеп тұрған төрт кісілік тамақ әзірлейтін электр пешке көз тікті.

- Балалар бөлмесі біртүрлі өзгеше болып кеткен тәрізді.

- Жарайды, барып көрейік те.

Осылайша ерлі-зайыпты екеуі отыз мың доллар жұмсап тұрғызған «Бақыт ордасының» дыбыс өткізбейтін дәлізімен аяңдады. Бұл үйі оларды киіндіреді, тамақтандырады, әлдилеп ұйықтатады, ойнатып көңілдерін көтерумен бірге ән де айтып береді, жайлы жағдайдың бәрін жасайды. Аяқ сыбдыры естілген сәтте шам жағылады. Олар балалар бөлмесіне он қадамдай жақындағанда ішкі шам самаладай жарқ етті. Кейін қалған дәліз шамдары олар ұзағанда өздері-ақ сөніп қалып жатты.

- Ал, қанеки, көрейік – деді, Жорж Хэдли.

Ерлі зайыптылар балалар бөлмесінің сабаннан жасалған еденінде тұрды. Жан-жағына 12 шаршы метр көлемнен тұратын бұл бөлменің қабырғасының биіктігі тоғыз метр. Үй құнының тең жартысы осыған жұмсалған. Соған қарамастан, «Менің балаларыма бұдан да артығы лайық» деп біледі, Жорж Хэдли.

Балалар бөлмесінде тыныштық орнаған. Шаңқай түсте орман алқабы иен қалатыны секілді құлаққа ұрған танадай мүлгіп тұрды. Бөлме қабырғасы баран түсті әдеттегідей ғана. Жорж, Лидиа екеуі бөлменің ортасында тұрған еді. Қабырғасы діріл қағып дүмпіді де тұнық әйнекке айналар тұста аяқ астынан Африканың балауса тың даласы пайда болды. Бөлменің төбесі алтын сарғылт күн күлімдеген түпсіз тұңғиық көк аспанға айналды.

Жорж Хэдлидің маңдайынан тер бұрқ етті.

- Мына күннің көзінен алысырақ тұрайық – деген ол: - Біршама нанымдырақ екені рас. Бірақ, бүлініп кеткен ештеңе жоқ.

- Сәл байқайық – деді, зайыбы.

Осылайша ерлі-зайыптылар аптап ыстық Африка даласында тұрғанда тасада орналастырылған иіс үйлестіруші құрылғыдан жел үрлеп, кеуіп-оңып кеткен өсімдіктердің, әлде бір тұста сарқырап аққан бұлақ суының, жануарлар жемтігінің, ауасыз жерде сақталған ащы бұрыш секілді майдың иісі мұрынды жарып жібере жаздады. Кешікпей аша тұяқты аңның жер тарпыған, тазқара құстың аспанда қалықтап ұшқан дыбыстары алыстан талып жете бастады. Сонда кенет олардың төбесінен бір көлеңке түсіп кеткендей болды. Жорж Хэдли аспанға қараса, әлгі көлеңке оның тершіп тұрған бетіне түсті де дереу өтіп кетті.

- Оңбағыр құс – деген Лидианың үні естілді.

- Тазқара ғой.

- Қарашы анау арыстан екен, әне. Су ішуге бара жатқан секілді. Жаңа ғана тамақтанып алған болса керек. Не жеді екен? – деді, Лидиа.

- Әлде бір хайуанды жеген болар – деп, Жорж Хэдли қолымен күнді жауып, көзін қысыңқырап қарады да:

- Құлан ба, әлде, керіктің бұзауы сияқты - деді.

- Рас па? – деп, әйелі біртүрлі дауыспен абыржи сұрады.

- Жоға, дәл солай деу де қиын. Құр сүйектен өзге ештеңе көрінбейді. Жаңағы тазқаралар сол жемтікті жұлып жеуге бара жатқанға ұқсайды – деп, Жорж таңданысын жасыра алмай жауап қайтарды.

- Бақырған не нәрсе?

- Білмеймін.

- Қазір ғана бақырған дауыс естілді ғой.

- Мен ештеңе естімедім.

Арыстандар келе жатқаны көрінді. Жорж Хэдлиге осы бөлмені жасаған ұлы тұлғаға деген табынушылық сезім туды. Осыншама таңғажайып туындыны су тегінге алыпты-ау. Әр отбасында бір осындай бөлме болса, тамаша. Несі бар, дәл шынайы секілді сезілетіндіктен кейде қорқып-үрку, абыржу, көңіл құлазу жайлар болып тұрады. Бірақ, көп жағдайда балаларымның, сіздің де көңіліңізді көтереді, қас қағым сәтте бөтен елге апарып, айналаңды алмастырып жібереді ғой. Біздің мына бөлмені қараңызшы.

Арыстандармен арасы оншақты қадам ғана еді. Дәл шынайы жағдай іспетті, тізең дірілдеп, тұла бойың тітіркеніп, суып кетеді. Жүні қолыңды жыбырлатқандай ыстық леп соққан, денесіне жабысқан шаң топырақ та сезіліп, терісінің сары түсі француз үлгісіндегі әсем кілем секілді көрінер еді. Тым-тырыс, түс мезгілі болғандықтан арыстандардың дем алуы, ентігуі анық естіліп, ауыздарынан шыққан ет иісі қолқаны қабады. Арыстандар жон арқаңды құрыстырып жіберердей-ақ сары жасыл көздерімен Жорж мен Лидиаға тесіліп қарап тұр.

- Қарашы – деп, Лидиа ойбай салды.

Арыстандар оларға жақындап қалды. Лидиа бұрылып қаша жөнелді. Жорж да еріксіз оған еріп, зытты. Олар дәлізге дейін шығып, бөлменің есігі жабылғаннан кейін Жорж қарқылдап тұрып күлсе, Лидиа еңіреп жылады. Сөйтті де екеуі бір-біріне қарап, таңырқасып қалды.

- Жорж!

- Лидиа. Ой, жан жарым-ай.

- Арыстандар бізді бас сала жаздады-ә!

-Лидиа жаным, ол қабырға ғой. Жай ғана әйнек. Түсініп тұрсың ба? Жарайды, шынайы секілді көрініп тұрғаны рас қой. Біздің үй Африкаға айналып тұрды. Бірақ, бұл жай адам ойын сезінетін, жауап беріп, әрекет жасағанда оны түр-түсімен шынайы секілді етіп көрсететін әйнек экран ғана ғой. Оған тағы иіс, дауыс, дыбыс шығаратын құрылғылар орнатылған. Мә, мына орамалды ал.

- Жүрегім тас төбемнен шыға жаздады - Лидиа күйеуіне жақындап келіп, кеудесіне бетін басып алып, өксіп тұрып жылады.

- Cен көрдің ғой? Сезген боларсың? Шынымен болып жатқандай.

- Бірақ, Лидиа…

- Африка туралы оқымаңдар деп Вэнди мен Питерге айтқайсың.

- Жарайды, жарайды – деп, Жорж әйелін жұбатты.

- Рас па?

- Рас, әрине.

- Сосын, мен сабама түскенше балалар бөлмесін бірнеше күнге бекітіп тасташы.

- Питер қылғынып қалар. Бірер күн бұрын оны жазалаймын деп бірнеше сағатқа жауып едім, жынданып кете жаздады ғой. Вэнди де сол. Олар бұл бөлмелері үшін жандарын беруге даяр ғой.

- Не болса да, жаба тұрған дұрыс. Басқа әңгіме болмасын.

- Жә, жә – деп, Жорж есікті бекітуге мәжбүр болды: – Соңғы кезде сен тым көп жұмысбасты болып кеттің. Демалғаның жөн болар.

- Білерім жоқ – деген Лидиа сіңбіріп келіп, орындыққа жайғасты. Күйеуі оны бала әлдилегендей жұбатып бақты.

– Бәлкім, менде істейтін жұмыс көп емес шығар. Ойлайтын шаруа бастан асады. Үйді бірнеше күнге жауып, демалыс жеріне барып қайтсам қайтеді?

- Сен сонда маған жұмыртқаны өзің қуыр дейсің бе?

- Солай деймін – деп, Лидиа бас изеді.

- Шұлықты да өзім жинаймын ба?

- Аһа – деді, қорқынышы әлі сейілмеген, көзі жасауыраған әйелі басын изеп.

- Үйдің өзім тазалаймын ба?

- Сөйтесің. Солай болғалы тұр ғой.

- Бірақ, сен екеуіміз мұндай шаруа істемейміз деп осы үйді сатып алмап па едік?

- Солайы солай ғой. Дегенмен, мен мұнда жат адам секілді болып қала беремін. Бұл мен үшін ана, әйел, күтушінің міндетін атқарып жатыр. Мен Африканың балауса балғын даласымен теңесе аламын ба? Мен балаларымды автоматтанған ваннадай жедел шомылдырып, денелерін тазартып бере аламын ба? Қолымнан келмейді ғой. Сосын, тағы мәселе менде емес, сенде болып тұр. Соңғы кездері сенің көңіл күйің алаңдалулы мазасыз болып жүр.

- Мен соңғы кезде темекіні тым жиі тартып кеттім.

- Сен де бұл үйде не істеріңді білмей қалғандай көрінесің. Азанда шылым шегуің жиілеп, күндіз ішімдікпен қатты әуестеніп, түнде тыныштандыратын дәрі қолдануың көбейгеннен бастап, өзіңді қажетсіз адамдай сезіне бастағандайсың.

- Солай дейсің бе?

Жорж селк еткендей болып, ішкі жан дүниесіне үңіліп, көргісі келгендей әлде неге тырысты.

-Жорж!- деп шақырған Лидиа оның иығының үстінен қолымен балалар бөлмесін нұсқап: - Әлгі арыстандарың шыға келіп жүрмей ме?

- Қайдам – деп Жорж жауап қатты.

Вэнди мен Питер қаланың шетіндегі карнавалға қатысуға кеткендіктен ерлі зайыптылар кешкі тамақты оңаша отырып ішулеріне тура келді. Балалары кеш қайтатындарын айтып, тамақтана берулерін өтініп, телефон шалған. Содан да болар, Жорж Хэдли асүйдің үстелінде ыстық тамақтың құйылуын күтіп, көңілсіздеу отыр.

- Кетчупті ұмытыппыз – деді, ол.

- Ғафу етіңіз – деген биязы үн үстелден шықты да кетчуп пайда болды.

Өлім. Үстелі оған ет кесіп бергенде Жорж тамсана шайнады. Өлім туралы ой. Өлім жайында ойлағанда Вэнди мен Питер тым жас қой. Жоқ, жас деуге де болмайды, өзі бала кезінде де өлім туралы ойлайтын еді ғой. Оның не екенін ұқпайтын шағында да өзгелердің өлуін тілеген сәттері болды. Екі жасар кезінде ойыншық тапаншамен адамдарды көздеп ататын.

Десе де, аптап ыстық Африка даласында арыстанға жем болудан бетер қорқыныш, одан асқан қандай өлім болушы еді. Онымен қоймай қайта-қайта жалғасып жатса десейші.

-Қайда кеттің? – деген әйелінің сұрағына Жорж тіл қатпады.

Әдеттегідей алдындағы шамдар үнсіз жарқ етіп жанып жатыр. Баяу ғана адымдап, балалар бөлмесінің есігіне жеткенде артындағы шамдар өз бетімен сөніп қалып жатты. Жорж есікке құлағын жапсырып тың тыңдады. Арыстанның ақырған даусы алыстан там-тұм естіледі.

Жорж есіктің құлпын ашты. Есікті ашып кіре бергенде алыстан біреудің ойбайлаған даусы естілді. Іле арыстанның ақырған даусы шықты да сәлден соң жым болды.

Жорж Африкаға табан тіреді. Былтыр ол осы бөлмеге кіргенде таңғажайып мекендерді, Алис, Мок тасбақа, Аладдин және оның сиқырлы шамын, Оздың ыстық басты Жэкін, Дулиттл дәрігерді, ай бетінде секіргіш сиыр секілді пайым әлемінің барлық дүниелерін бірнеше рет көзбен көрген еді. Аспанда әуелеп ұшатын Пегас* пен қызыл жалын атқылайтын су бұрқақтарын қаншама мәрте көріп, бойтұмарға айналған тәңірдің сазды әуенін неше рет тыңдады десейші.

Ал, енді қазір онда қан сасыған, тандыр пеші секілді аптап ыстық Африкадан өзге ештеңе жоқ. Бәлкім, Лидианікі де жөн шығар. Мүмкін, он жастан енді ғана асқан балаларымыз үшін тым шынайы болып кеткен осы бір пайым әлемінен уақытша болса да ұзай тұруымыз керек шығар. Ой мен мида түрлі жайды пайымдап, рухани құндылықтың шеңберін кеңейту жаман қадам емес, әрине. Алайда, ойы сергек бала бір ғана нәрсенің бейнесін миынан өшпестей етіп шегелеп алса..?

Бір ай бұрын Жорж Хэдли жұмыс бөлмесінде отыр еді. Алыстан арыстанның арқыруы естіліп, тәнінің әлде бір өткір иісі сезілгендей болды. Сол сәтте қолы босамағандықтан оған аса мән бермеген.

Жорж Хэдли Африканың туысып кеткен тың иен даласында жалғыз өзі тұр. Арыстандар ұстап алған жануарын тастап, оған көз тігеді. Ашық есіктен әйелі көрінгендіктен ғана Жорж Хэдли мұның бәрінің жасанды екенін сезінген. Дәліздің келесі бұрышында тамағын жайлап қасықтап отырған әйелі құдды бір қабырғадағы сурет іспетті.

- Кетіңдер – деп, Жорж арыстандарға бұйрық берді.

Бірақ, арыстандар орындарынан қозғалмады. Бөлменің қалай әрекет ететінін Жорж өте жақсы біледі. Бар болғаны, ойыңды жолдайсың, бітті. Не ойласаң сол нәрсе пайда болады.

-Аладдинді сиқырлы шамымен әкелейік! – деді, Жорж.

Бірақ, Африканың балауса балғын кең даласы жоғалмады, арыстандар да өз орнында.

-Қанеки, бөлмем менің! Мен Аладдинді көргім келеді – деп, ол тағы

да қайталады.

Ештеңе өзгермеді, арыстандар бастарын шайқақтатып әлі тұр.

-Аладдин!

Жорж тамақтануға қайта оралды да:

-Мына топас бөлме тіл алуды қойыпты. Бұйрық орындамайды – деді.

-Немесе…

-Немесе не?

-Бұйрық қабылдай алмай жатқан болар – деді де, Лидиа: - Біздің балалар Африка, арыстан, жыртқыштық туралы тым көп тәулік ойланғандықтан солай тоқтап қалған шығар.

-Мүмкін.

-Немесе Питер солай үйлестіріп кеткен де шығар.

-Үйлестіру дейсің бе?

-Ол басқару тетік бөлмесіне барып, бірдемені өзгертіп тастады ма, кім білсін.

- Питер басқару пультінің мән-жайын ұқпайды.

- Ұлымыз жасы онда ғана болғанымен өз қатарластарынан әлде қайда артық ақылды бала. Ол өзі, әлгі IQ…

-Сонда да …

-Әке, шеше, біз келдік.

Ерлі зайыптылар бұрылып қарады. Беттері алмадай, тұнық көгілдір жанарлары жанып тұрған Вэнди мен Питер есіктен кірді. Екі балақай тік ұшақпен серуендегендіктен жейделерінен озонның иісі бұрқырап тұр.

-Екеуің дәл тамақ үстіне келдіңдер – деп, ата-анасы қатар айтты.

-Біз хот-дог пен құлпынай балмұздағына әбден тойып алғанбыз. Жай ғана сіздермен бірге отырайық – деді, жетектесе кірген екеуі.

-Жарайды, сөйтіңдер. Мұнда келіп бөлмелеріңнің жайын түсіндіріңдерші - деді, Жорж Хэдли.

Әпкелі-інілі екеуі әкесіне қарап, көздерін қысты да, сосын, бір біріне қарап жымыңдасты.

-Бөлмеге не болыпты?

-Анау Африка бірдемелердің мәні қалай, өзі? – деп, Жорж Хэдли өте сыпайы сұрады.

-Мен ештеңе түсінбедім – деп, Питер жауап қатты.

-Анаң екеуіміз жаңа ғана Африкаға саяхаттап келдік. Том Свифт және оның электрондық арыстанымен бірге – деді, Жорж Хэдли.

-Онда Африка жоқ қой – деді, Питер байсалды кейіппен.

-Қане, Питер, біз біліп отырмыз.

-Мен өз басым Африка туралы ойлаған да емеспін – деген Питер Вэндиге бұрылып, - Сен ойладың ба?

-Жоға.

-Жүгіріп барып қарай салшы. Сосын, түсіндірерсің.

Вэнди зып етті.

-Вэнди, кері қайт! – деп, Жорж Хэдли айғайлағанымен қыз баяғыда ұзап кеткен болатын. Үй шамдары бейне бір жарық шашатын қоңыздарша қызбен ілесіп жарқ-жарқ ете қалады. Жорж Хэдли балалар бөлмесінен шыққанда есігін құлыптауды ұмытқанын есіне түсіргенімен тым кеш еді.

-Вэнди барып қарап келсін, сосын, түсіндірер – деп қояды, Питер.

-Түсіндіретін ештеңесі жоқ. Мен көрдім ғой.

-Әке, сіз шатастырып тұрсыз.

- Мен шатастырған жоқпын, Питер. Қане, кеттік.

Алайда, Вэнди дереу қайта оралған еді.

-Африка жоқ қой – деп, ол ентігіп тұр.

-Қанеки, бәріміз барып көрейік – деп, Жорж Хэдли олармен бірге балалар бөлмесіне жетіп, есігін ашты.

Қарсы алдарында көрсең көз тоймайтындай жасыл орман, күмістей мөлдір өзен, бұлақтар, көгілдір таулар, ұзын бұрымын қолымен қайырып, тұнық әсем дауыспен ән салып тұрған тылсым сырлы сүйкімді сұлу Рима** көрінді. Орман ағаштарын басып қалған алуан түрлі көбелектер дәл бір тірілген гүлдердей жайнайды.

Африканың балғын да балауса даласы көзден ғайып болыпты. Арыстандардың да қарасы көрінбейді. Тек Рима ғана тыңдаған адамды елжіретіп, көзге жас аларлықтай әсем дауыспен ән салып тұр.

Жорж Хэдли бөлмеге кіріп, айналаның күрт өзгергенін көргеннен кейін «Барыңдар, ұйықтаңдар!» деп балаларына бұйырды. Вэнди мен Питер қарсы уәж айтпаққа ауыз ашпақ болып еді, «Сендерге айттым ғой» деп ескертті.

Екі бала қабырғадағы шкафқа кіргені сол еді, оларды ауа таратушы құбыр арқылы әп-сәтте жатын бөлмеге топ еткізді.

Жорж Хэдли лирикалық әсем ән әуелеген орман алқабынан өтіп, бұдан бұрын арыстандар тұрған бұрыштан әлде нені жерден алды. Ол асықпай аяңдап зайыбының қасына келді.

-Бұл не? – деп, сұрады, Лидиа.

-Менің ескі әмияным ғой – деп жауап қатқан Жорж онысын әйеліне көрсетті. Әмияннан кеуіп қураған шөппен бірге арыстанның иісі шығады. Сілекей жұққанына қарағанда оны шайнап тастағанға ұқсайды. Екі жағында қанды дақ бар. Жорж Хэдли балалар бөлмесінің есігін жауып, бекітіп тастады.

Түн ортасынан ауып кетсе де оның ұйқысы келмеді. Зайыбының да ояу жатқанын ол сезген еді. Қараңғы бөлмеде ұзақ уақыт ояу жатқаннан кейін зайыбы:

-Бөлмені Вэнди өзгерткен шығар, солай ма? – деп, сұрады.

-Әлбетте.

-Сонда ол Африканың иен даласын орманмен алмастырып, арыстандардың орнына Риманы шығара қойған, ә?

-Тура солай.

-Қалай жасады екен?

-Білмедім. Бірақ, мен барғанда бөлме құлыптаулы болды.

-Әмияның онда қайдан жүр?

-Тіпті де білерім жоқ. Қалай болғанда да балаларыма мұндай бөлме ұсынғаныма өкіне бастадым. Егер балалардың ойлау жүйесіне өзгеріс енген болса, мұндай бөлме …

-Жүйке жүйесін сауықтыру керек болар.

-Мен де солай ойлаймын – деп, Жорж Хэдли төбеге көз салды.

-Сен екеуіміз балаларымыздың қалағанының бәрін орындап келдік. Соның кесірі тиіп, мыналарымыз ақпақұлаққа айналып кеткен жоқ па?

-«Бала деген кілем. Анда-санда үстін басып жүрмесе болмайды» дегенді кім айтып еді? Екеуіміз оларға дауыс көтерген де жоқпыз. Біздің балалар да шектен шығып кетеді-ау. Қалаған уақытнда кіріп-шыға береді, сен екеуімізді құрдастарындай көретінін қайтерсің. Еркеліктері есерсоқтыққа айналып жүрмесін. Екеуіміз де «апама жездем сай» дегеннің керін келтірдік қой.

-Бірнеше ай бұрын Нью Йорк жаққа зымыран алып кетеміз дегенде тыйым салғаннан кейін балалардың мінезі біртүрлі болып кетті.

-Ондай істің оларға әлі ерте екенін түсіндірген едім ғой.

-Сонда да, осыдан кейін олар бізбен тоңтеріс салқын қатынас жасайтын болып кетті ғой.

-Ертең таңертең Дэвид Макклейнді ертіп әкеліп, Африканы көрсетейінші.

-Бірақ, Африкаң жоғалып кетті ғой. Орнында жап-жасыл орман, Рима шыға келген жоқ па.

-Макклейн келсе, қайтадан Африка болып кететіндей көріне береді.

Осылай тілдесіп жатқанда біреудің ойбайлаған даусы естілді. Астыңғы қабаттан екі рет естілді. Сөйтті де, арыстанның арқыраған даусы шықты.

- Вэнди мен Питер жатын бөлмелерінде жоқ – деді, Лидиа.

Жорж Хэдлидің жүрегі атша тулап қоя берді. Ол төсекте басын көтермеген күйі:

-Ана екеуі есікті бұзып еніп кеткен ғой.

-Жаңағы ойбай сол екеуінікі болып жүрмесін?

-Солай ма?

-Хм. Қорқынышты екен.

Төсегі оларды ұйықтату үшін барынша «әлдилесе» де ерлі-зайыптылар тағы да бірер сағат ояу жатты. Түңгі ауада мысықтың иісі білінді.

-Әке? – деп, шақырды Питер.

-Не болды?

Ұлы әкесінің етігіне қарап тұр. Ол әке-шешесінің жүзіне қарауды мүлде қойыпты.

-Сіз біздің бөлмемізді сол күйі жауып тастағалы жүрген жоқсыз ба?

-Көреміз, әлі.

-Нені? – деп, Питер әкесінің сөзін бөліп сұрады.

-Вэнди екеуіңді. Сендер ана бір Африкаларыңды жадыларыңнан шығарып, басқа бірдемеге бас қатырсаңдар … Бәлкім, Швеция, Дания ма, немесе Қытай туралы...

-Біз өз еркімізбен ойнауға қақымыз бар ойлаған едік.

-Әрине, болады. Бірақ, қауіпсіз жерде ойнаңдар.

-Африка не болып қалып тұр, әке?

-А, сонда Африканы шығарып әкеліп жүрген сен болдың ғой?

-Мен жалпы, бөлмемді жаптыра алмаймын. Ешқашан да – деді, Питер жүзін суытып.

-Онымен қоймай үйді толығымен бір айға жауып тастау ойдамын. Мұның бәрінен тыс тыныш тірлік жасайықшы.

-Ешқандай мәнсіз тірлік. Сонда, көмекшісіз мен бәтеңкемнің бауын өзім байлаймын ба? Сосын, тағы сіз маған тісіңді өзің жу, шашыңды өзің тара, өзің шомыл дегіңіз келе ме?

- Солай болса, көңілді емес пе?

- Оның несі көңілді? Тіпті, ит жыным ұстап кетті. Өткен айда менің сурет бояғышымды алып тастағаныңыз маған тіпті де ұнамады.

- Ұлым, мен сенің өзің бояп үйренуіңді қалаған едім ғой.

- Мен көріп, тыңдап және иіскеуден өзге ештеңе істегім келмейді. Одан өзге жалпы не істеуге болады, өзі?

- Жә, жә, онда сол Африкаңда бар да ойнай бер.

-Сонымен үйді бекітіп, бүгін-ертең кетіп қаламыз ба?

-Біз кеңесіп отырмыз ғой.

-Сіздер кеңесіп жағымды шешім қабылдауларыңыз екіталай шығар.

-Ұлым, сен маған сес көрсететіндей болған жоқсың.

-Жарайды, ендеше – деп, Питер ойнауға бөлмесіне қарай кетті.

-Мен дәл уақытында келген шығармын? – деп, Дэвид Макклейн келіп кірді.

-Шәй ішесіңіз бе? – деп, Жорж Хэдли сұрады.

-Үйден ішіп келдім, рақмет! Сонымен не болды, ал?

-Дэвид, сіз психологсыз ғой?

-Солай деуге болады.

-Олай болса, біздің балалардың бөлмесіне бір көз салыңызшы. Былтыр келгенде бір көріп едіңіз ғой. Сонда, әлде бір оғаш бірдеме байқалмады ма?

-Пәлен деу қиын. Әке-шешесі үнемі тежеп отыратын балалардың кейде қатыгездікке баруы, тіпті, есалаң мінез көрсетуі де аздап кездесіп жатады. Сондай жай ғана байқалды. Негізінде, оғаш ештеңе аңғарылған жоқ.

Осылайша тілдескен екеуі төменге түсіп, кештік өткізетін залға беттеді.

-Мен балалар бөлмесін бекітіп тастаған едім. Сөйтсем, біздің екеу түн ортасында есікті бұзып кірген. Не істегенін қазір көрсетейін деп оларды сонда бола беріңдер дегенмін.

Жорж Хэдли осылай айтып келе жатқанда балалар бөлмесінен ойбай салған үрейлі дауыс естілді.

-Әне, айттым ғой – деген Жорж Хэдли, -Не істеп жатқанын көріңізші.

Олар балалар бөлмесінің есігін де қақпай тура кіріп барды. Ойбайлаған дауыс естілмей қалыпты. Арыстандар әлде бір жануарды ұстап алған.

-Балалар, шыға тұрыңдар! – деді, Жорж Хэдли. – Ойларыңды өзгертеңдер. Андағы қабырға сол күйінде тұра берсін. Жай ғана шығып кетіңдер!

Балалар бөлмеден шығып, екі еркек анандайтын жерде ұстап алған жануарын жан-жағынан жұлмалап, жұтып жатқан арыстандарға қарап қалды.

-Қандай жануар болды екен? – деді де, Жорж Хэдли сөзін жалғастырды: - Кейде дәл қолға ұсталардай-ақ көрінеді. Жақындатып көрсететін дүрбі әкеліп көрсек қайтер екен? Сонда...

-Бола қоймас – деп, Дэвид Макклейн күлімсіреді. Сөйтті де бұрылып, төрт қабырғаға мұқият көз тікті. –Бұлай болғанына көп уақыт өтті ме?

-Айға жуық.

-Біртүрлі жайсыз сезім билеп тұрғаны.

-Қандай сезім туғанында шаруам жоқ. Маған керегі нақты дәлел.

- Қымбатты Жорж, психологтер дәлел-дәйек дегендермен өмірінде бір мәрте де жүздеспейтін шығар-ау. Адамдардың не сезінгенін, мүлде түсініксіз жайлар туралы тыңдаймыз. Маған бір жайсыз сезім туып тұрғанын саған айттым ғой. Менің сезінуім мен түйсігіме сенгейсің. Жамандықты алдын ала біле аламын. Сондықтан, мына кереғарлық шақыратын бөлмеңізді қиратып, бір жыл бойы балаларыңызды маған күн сайын әкеліп, психологиялық сауықтыру шарасын жасатыңыз деген кеңес бергім келеді.

-Жағдай осыншама нашарлағаны ма?

-Иә, солай. Алғаш осы бөлменің қабырғасына сіңіп қалған бала санасы мен ойын зерттеп, оларға көмектесу мақсаты көзделген. Алайда, бұл құрылғы олардың ойларын көрсетудің орнына зиянды мотивтерді жеткізушіге айналып кетіпті.

-Бұрын сезілмегені ме, сонда?

-Мен балаларды қатты еркелетерсіз деп ойлағанмын. Кейде оларға тыйым салып, бақылайтыныңызды аңғардым. Сонда, сіз дәл не істеуге тиым салдыңыз?

-Мен оларды Нью Йоркке жібермедім.

-Басқа?

-Бірнеше құрылғыларды шығарып тастағанмын. Тағы бір ай бұрын үй тапсырмасын орындамасаңдар бөлмені бекітіп тастаймын деп қорқытқанмын. Сосын, ойнамағандарын дәлелдеу үшін бірнеше күн құлыптанған.

-Иә-ә.

-Мұның сонда қатысы бар ма?

-Болғанда қандай. Бұрын олар Санта Клаусқа жік-жапар болса, қазір Скруж*** десіп мәз-мейрам. Балалар негізінде Сантаны көбірек жақсы көретін еді ғой. Бұл үйдің балаларыңыз үшін сіздің де, зайыбыңыздың да орнын баса алатын мүмкіндігін өзіңіз жасап бергенсіз. Бөлме қазір олар үшін ата-анаға айналған, тіпті туған әке-шешесінен де артық көретінін пайымдаңызшы. Сонда сіз аяқ астынан оны жабамын дегеніңізде олар қалай наразы болмасқа. Сіз аспанға көз салыңыз. Күннің шуағын сезініңіз. Жорж, сіз өміріңізді өзгертіңіз. Сіз де өзгелер секілді жан тыныштығын қалап, осы үйді салдырдыңыз ғой. Не үшін дейсіз ғой, асүйіңіздегі бірдеме істемей қалса, аштан өлетініңізді ойлаңызшы. Сіз жұмыртқаны қалай жаруды да білмейсіз. Демек, сіз енді барлық құрылғыларды өшіріңіз. Жаңадан бастаңыз. Әрине, уақыт керек. Екеуіміз бір жылдың ішінде балаларды жақсы адамдар қатарына қосып тәрбиелей аламыз. Күту керек.

-Кенет бөлмесін құртып жібергенде балалар бұған төзе алар ма екен?

-Балаларды бұған тым әуестендіріп, құнықтырмау керек болатын. Басқа әңгіме жоқ.

Арыстандар ұстаған жануарын жеп бітірген екен. Олар орман алқабына шығып алып екі азаматқа көз тігіп тұрды.

-Маған бұл жер мүлде жайсыз сезіліп тұр – деді де, Дэвид Макклейн: - Мына жерден шығайық. Осы бір қарғыс атқыр бөлме маған тіпті ұнамайды. Тынысым тарылып кетеді.

-Мына арыстандар дәл шынайы көрінетін шығар? – деп, Жорж Хэдли сұрады. –Бірақ, мен аса сене қоймаймын…

-Не нәрсеге?

-Бұлардың тіріліп кетеріне.

-Мен қайдан білейін.

-Құрылғысында әлде бір ақау болған шығар. Әлде балалар бірдемесін бұрап жіберді ме екен?

-Білмейді екенмін.

Олар есікке қарай беттеді.

-Қиратамыз десек, бұл бөлме мақұл көрмейтін шығар, ия?

-Кім өлгісі келер дейсің? Бөлме де солай ғой.

-Қиратқалы жатыр деп бұл бөлме мені жек көріп кетпес?

-Бүгін сіздің есіңіз ауысып кеткен жоқ па? – деген Дэвид Макклейн: -Сіз бұл бөлмеден көз жазғыңыз келмейді-ау. Ояна көріңіз. Сөйтті де, ол еңкейіп жерден қанға боялған шарфты алды.

-Мынау сіздікі ме?

-Жоға – деп, түрін өзгертпей жауап берген Жорж Хэдли іле-шала: – Лидианікі ғой – деді.

Олар бірге электр қалқаншасына барып, бөлменің барлық құрылғыларын қуат көзінен ажыратты.

Вэнди, Питер екеуі асылып өлуге шақ қалды. Олар жер тепкілеп жылады, қолдарына не түссе, соны лақтырды. Бақырып та, үнсіз егіліп те жылап көрді. Соңында, ауыздарына келгенін айтып, заттарды теуіп бастады.

-Сіз біздің бөлмемізді құрпаңыз, мұныңызбен келіспейміз.

-Тынышталыңдар, балалар!

Вэнди мен Питер диван үстінде сұлқ түсіп жатып, өксумен болды.

-Жорж сүйіктім, бөлмелерін бірнеше минутқа ашып берер салшы. Осылай бәрінен біржолата айыра салуға болмайды ғой – деп, Лидиа жалынды.

-Жоқ.

-Сен қалайша бүйтіп, қатыгездікпен…

- Лидиа, мен барлық құрылғыны ажыраттым, қайтадан қоспаймын. Бүгіннен бастап осы бір қарғыс атқан үйден құтыламыз. Өз басымызға қаншама пәле тілеп алғанымызды ұғынған сайын жүрегім ауырады. Бәріміз осы бір механикаландырылған, электрондық құрылғымен тым көп уақыт әурелендік. Енді, бір мезгіл таза ауамен тыныстағанымыз жөн шығар.

Осылай деген Жорж үйін айнала жүріп, сөйлейтін сағатты, электр пешті, жылытқышты, етік тазалағышты, бәтеңкенің бауын байлағышты, дене ысқылағышты, еден жуғышты, массаж жасағышты, қолына ілінген барлық құрылғыларды өшірді.

Үйде бір сәт тірі жан қалмағандай. Дәл зират секілді. Өлі тыныштық орнаған.

- Олардың тілін алмаңдар! – деп, Питер үйдің төбесіне қарап айғай салды да: – Мұның бәрін құртуға әкеме рұқсат бермей қойшы! – деп, кәдімгі тірі жанға жалынғандай айтты. Сөйтті де әкесіне қарап: - Мен сізді қатты жек көремін – деді.

-Анайы мінезбен ештеңеге жетпейсің.

-Сіз өлімге лайықсыз.

-Сен де, біз бәріміз біраз уақыт өлгенмен бірдей болдық қой. Ал, енді шынайы өмір сүре бастаймыз. Сылап-сипатып отырғаннан гөрі тіршілік қылайық та.

Вэнди жылаумен болды. Питер де одан қалысар емес.

-Жалғыз рет, бір рет қана ашып бере салыңызшы! Жарай ма? – деп, балалар жылай-жылай өтініп жатты.

-Жорж жаным, бір рет ашып бере салсаңшы. Одан келіп-кетер не бар ғой дейсің – деді, Лидиа.

-Жарайды, бақырып-шақыруды қойсаңдар, ашайын. Бір минут қана боласыңдар, сосын, ешқашан жоламайсыңдар. Түсіндіңдер ме?

-Түсіндік әке! – деп, Вэнди мен Питер қуана дауыстады. Олардың көз жастары кеппесе де күлімсіреп тұрды.

-Сосын, бәріміз демалуға сапар шегеміз. Дэвид Макклейн бір жарым сағаттан кейін біздің көші-қонымызға көмектесіп, әуежайға жеткізіп саламын деген. Мен киіне берейін. Сен бөлмені бір минутқа ғана ашып бер. Бір-ақ минут қой, Лидиа! Түсінікті ме?

Зайыбы балаларымен бірге у-шу болып кеткенде Жорж Хэдли ауа таратушы құбыр арқылы жоғарғы қабатқа шығып, киіне бастады. Бірер минуттай уақыттан кейін Лидиа жетіп келді.

-Ақыры кететініміз дұрыс болды – деп, ол күрсінді.

-Балаларды сонда қалдырып кеттің бе?

-Мен де киініп алайын деп. Әлгі пәлесі, Африка тағы да шыға келді. Не көрмек екен, сол жерден?

-Жарайды, бес минуттан кейін бәріміз Айоваға қарай шығып кетеміз. Құдай сақтасын, біз мына үйде қалай тұрып келгенбіз, өзі? Қандай түлен түртіп, мұндай жексұрын дүние сатып алдық екен?

-Астам мінез, мол ақша, ақымақтық шығар.

-Ана балаларымыз әлгі жыртқыш аңдарын шығармай тұрғанда төменге түскеніміз абзал болар.

Сол сәтте балаларының «Әке, шеше, келіңіздер, тездетіңіздер!» деп жанұшыра айғайлағандары естілді.

Ерлі-зайыптылар ауа құбыры арқылы төменге жедел түсіп, дәлізді бойлап жүгірісті. Балалар көрінбеді.

-Вэнди? Питер?

Олар балаларының бөлмесіне жүгіріп кірді. Африканың балғын балауса даласындағы арыстаннан өзге ештеңе жоқ. Жыртқыштар оларға көз тігіп тұр.

-Вэнди? Питер?

Есік жабылды.

-Вэнди? Питер?

Ерлі-зайыптылар қайтадан есікке қарай жүгірісті.

-Аш, есікті! – деп, Жорж Хэдли айғайлап қоңырау басты. –Мұнысы несі, бізді сыртымыздан бекітіп тастапты ғой. Питер, есік аш! – деп, ол айғайлап есікті пергіледі.

Есік сыртынан Питердің даусы естілді.

-Екеулеріңіздің үй қиратуларыңызға жол бермейміз! – дейді, ұлы.

Ерлі-зайыптылар есікті тоқпақтаумен болды.

–Балалар, бұларың ешқандай күлкі шақырып тұрған жоқ. Қазір Макклейн келеді. Сосын …

Кенет бір дыбыс шықты.

Олардың үш жағынан қатар арыстандар сары шөп пен кепкен сабанды сытырлатып, арқырып-қүрілдеп келе жатты. Арыстандар.

Жорж Хэдли әйеліне қарады. Ізінше, құйыршықтарын көтеріп алып, баспалап келе жатқан жыртқыштарға көзі түсті.

Ерлі-зайыптылар ойбайға басты. Аяқ астынан олар бұрын осы бөлмеден шыққан дауыстың соншалықты таныс болып естілгендігінің байыбына барды.

-Ал, мен келдім – деп, Дэвид Макклейн балалар бөлмесінің есігінің алдына жетті. – Ө, сендер екенсіңдер ғой? – деп, орман алқабында сапар ыдысымен тамақ ішіп отырған екі балаға таңдана қарады. Арт жағында сары дала мен бұлақ көрінеді. Күн ысып, төбеден төніп тұр. Дэвид Макклейн терлеп-тепши бастады.

-Әке-шешелерің қайда?

Балалар оған қарап күлімсіреп:

-А, қазір келеді ғой.

-Жақсы, қазір бәріміз кетеміз.

Анандай жерде ағаш көлеңкесінде арыстандар өзара айқасып алды да, ұстаған аңдарын үн-түнсіз жұлмалап жей бастағаны Дэвид Макклейнге көрінді. Ол қолымен күнді көлегейлеп алып, арыстандарға қарады.

Арыстандар құрбандығын жеп бітірген секілді су ішуге бұлаққа қарай кетіп бара жатқаны көрінеді. Дэвид Макклейннің тершіген маңдайына көлеңке түсті де өте шықты. Көлеңке топ-тобымен біріне соң бірі түсіп жатты. Аспанда қаптаған тазқара құстар айнала ұшып барып, төмендеп келе жатты.

-Бір кесе шай құйшы! – деп, өлі тыныштықты бұзған Вэндидің даусы естілді.♦

___________

*Грек аңыздарында айтылатын қанатты ат.

** Виллиам Генри Худсонның «Жунгли қызы» кітабындағы кейіпкер

***Чарльз Диккенстің «Рождество» повесіндегі жағымсыз кейіпкер.

Аударған:

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.

Бөлісу:

Көп оқылғандар