Шәрбану Құмарова: Шара қазақ биінің бастауында тұрды

Бөлісу:

07.03.2018 9519

– Шәрбану апай, сіз еліміздің әйгілі бишісі Шара Жиенқұлованың «Өмірім менің – өнерім» атты мемуарлық кітабының әдеби жазбасын жасаған екенсіз. Бұл кітапты жазу идеясы қалай көтерілді?

– Өткен ғасырдың 80-жылдарының басы. Мен ол кезде «Жазушы» баспасында аға редактор болып жұмыс істейтінмін. Соның алдында ғана Қанабек Байсейітовтің «Құштар көңіл» деген өмірбаяндық кітабы шыққан. Жазған – Бексұлтан Нұржекеев. Кітап сондай бір тартымды, жақсы жазылған екен. Осыдан кейін маған «Шара апайды бір кісідей білемін, ол туралы неге жазбасқа?» деген ой келді.

– Шара апайды қайдан білетін едіңіз?

– Ол кісі «Қырық қыз» деп аталатын би ансамблін құрған. Мен сол «Қырық қыздың» құрамында 1958 жылы қазақ өнерінің Мәскеуде өткен екінші онкүндігіне қатысқанмын.

Сол жолы «Алтынай» деген биді Мәскеудегі Одақтар үйінің бағаналы залында билегенмін.

– Сонымен сізге Шара апай жайында кітап жазу туралы ой келді.

– Бұл ойымды «Жазушы» баспасының сол кездегі директоры Әбілмәжін Жұмабаевқа айтқан едім, ол кісі ұсынысымды бірден құптады. Осыдан кейін Шара апамды тауып алып сөйлестім. Алғашында қаламықаға байланыс­ты арамызда аздаған түсініспеушілік болған. Кейін апай екеуміз бір мәмілеге келдік.

– Иә, кітап жақсы, тартымды жазылған екен. Тіпті сонау қазақ театры алғаш құрылған 1930 жылдардың шежіресі десе де болғандай...

– Кезінде жазушылар «Шараның кітабын әйелдер басына жастап оқитын болды» дейтін.

– Әйгілі биші өмірде қандай адам еді?

– Ол енді байдың қызы ғой. Жазушы Жекен Жұмаханов: «Шара мен сіңлісі Хадиша (Шәкен Аймановтың әйелі) екеуі Алматының көшесінде иықтарына түлкінің, бұлғынның терісін жамылып ап, ит жетектеп жүретін», – дейтін. Тәкаппарлау болатын. Бірақ жақсы қасиеттері де көп еді. Қарапайым, кішіпейіл, бала мінезді, қонақжай, адамгершілігі де зор. Өте талантты адам, актрисалық мінезі де бар. Содан ба, аздап кірпияздау-тұғын, мінезі құбылыңқырап тұратын.

– Шара апайдың өзі айтқанымен, бірақ «кітапқа енгізбей-ақ қоялық» деген жайлар болды ма?

– Шәкеңнің кейінгі күйеуі ұшқыш болған. Онымен біраз тұрып, кейін ажырасып кеткен екен. Сол кісі жайында «Қанатты батыр» деген тарау жазылған. Бірақ апай кейінірек: «Соны кітапқа енгізбей-ақ қоялықшы», – деді.

– Шара апай ажырасып кеткенімен, өмір бойы алғашқы күйеуі Құрманбек Жандарбековті құрметтеп өткен сияқты.

– Құрметтегені құрметтеген. Соңғы кездері араласып, тойларға бірге барып жүрді. Әлгінде «Қырық қыз» би ансамблінің Мәскеуге барғанын айттым ғой. Сол Мәскеу онкүндігіне дайындалып жатқан кезде дайындығымызға Құрекең келіп қалды. Сонда: «Құреке, қараңызшы, менің қыздарым қандай сұлу, қандай әдемі», – деп наздана еркелеген Шараға Құрекең: «Ой, Шәкітай-ау (Шара апайды Шәкітай дейтін), бұл қыздардың қасында сен Таңшолпансың ғой», – дейтін еркелетіп. Осылай екеуі бір-біріне ілтипат көрсетіп тұратын. Құрекеңнің Шараға махаббатының қаншалықты болғанын білмеймін, бірақ Шара апай өле-өлгенінше Құрекең деп кетті ғой. Құрекең қайтыс болғаНда қаралы қоштасу рәсімі М.Әуезов атындағы драма театрында (қазіргі ТЮЗ) өтті. Жұрт Құрекеңнің туыстарына, жақындарына келіп көңіл айтып жатыр. Бір қарасам, анадай жерде бастан-аяқ қара жамылған бір әйел бағанаға сүйеніп, егіліп жылап тұр екен. Жақындап келіп қарасам, Шара апай! «Ойпырмай, Шәке, мұнда неғып тұрсыз, ана жаққа бармайсыз ба?» деп жұбатып жатырмын. Бірақ ол бармады. Соған қарағанда ,ол кісіні шақырмаса керек. Бұл – ұйымдастырушылардан кеткен үлкен қателік. Құрекеңді ақтық сапарға шығарып салар кезде ресми жақындарының қасына Шараны да отырғызса не болар еді?! Шәкеңнің сол кездегі қиналып, күйзеліп жылап тұрған сәті көз алдымда қалып қойыпты.

Енді Шара апайдың тегі жайында айтып берсеңіз.

– Шәкең – Алматыдағы Баймолда Жиенқұлов деген аса бай көпестің қызы. Баймолданың бәйбішесінен он төрт қызы болыпты. Содан соң Шәкеңнің анасы Тыныбалаға үйленіп, одан Шара, соңын ала сіңлісі Хадиша дүниеге келеді. Хадиша қазақтың мықты режиссері Шәкен Аймановтың жары болған. Шараның шын аты – Гүлшара. Осы кезде Баймолда қария «артымда ұл қалмайтын болды» деп қатты налыған көрінеді. Бірақ кейінірек Шараның анасы тағы екі құрсақ көтеріп, Әнуарбек, Жорабек атты ұлдарды дүниеге әкеледі.

– Әйгілі бишінің балалық шағы қалай өтті екен?

– Баймолда қария өте діндар адам болған. Әкесі Шараны жеті жасынан дін оқуына береді. Бірақ сол кездері Кеңес жұмысына белсене араласа бастаған немере інісі Сұлтанның ақылымен гимназияны да қатар оқытады. «Атам мені мұғалімнен сұрап алып, мектеп ауласында жайнамаз жайып қойып, қатар тұрып бесін намазын оқимыз. Оқушылар терезеден қарап күледі. Атам кеткен соң сыныпқа кірсем, «ей, молда қыз» деп екі қолдарын жайып, беттерін сипап бата жасайды», – деп еске алатын апай.

– Шара апай Дінмұхамед Қонаев атамызбен бір мектепте оқыған екен...

– Иә, бір мектепте оқыпты. Димекең жайында «бәтеңкесінің жұлығы шығып жүретін» деп күліп еске алып отыратын. Соған қарағанда, Шара апайдың әкесі ауқаттылау тұрса керек.

Шараның өмір жолы ары қарай қалай жалғасады?

– Содан соң Шара Алматының қазақ-қырғыз педагогикалық институтына оқуға түседі. Осылайша білімді болып өскен ол әкесі ұсталып кеткен кезде еңбек етіп, анасының, бауырларының асыраушысына айналады. Хатшы-машинистка, есепші, қоймашы болады, кондитер фабрикасында жұмыс істейді, милицияда қызмет етеді. «Казлеспром» мекемесі бастығының орынбасары да болған.

–1927 жылы институтта оқып жүрген он бес жасар Шара қыз оған әлдебір ірі бастықтың көзі түсіп, әйелдікке алмақ болып әрекеттенгенінде әкесімен бірге Белбұлақ жаққа қашып барып аман қалғанын айтады. Бұл бастықтың кім екенін білесіз бе?

– Жоқ, ол жағын білмейді екенмін.

– Қытай консулының да бір сандық асыл бұйым, сыйлық ұсынып, баласына айттыратыны да осы тұс қой.

– Иә, осылайша не істерін білмей басы қатып жүрген кезде Құрманбек Жандарбековке жолығады.

–Алғашында ата-анасы Шараны Құрекеңе бергісі келмеген сияқты...

– Иә, әлгінде айтқанымдай, Шара – Баймолда байдың он алтыға енді толып, толықсып тұрған сұлу қызы. Құрекең – жай ғана әртіс. Ол кездері халық арасында әртістердің оншалықты қадірі болмайтын. Оның үстіне Құрекеңнің Зура Атабаева деген алғашқы әйелімен ажырасып жүрген кезі болса керек. Содан екеуі келіскен соң, Құрекең құдалыққа адамдарын жібереді. Шараның шешесі: «Қаңғырған әртіске беретін қызым жоқ!» – деп келген адамды қуып жібереді. Анасы Шараны әлгі қытай консулының баласына бермек болған сияқты. Баймолда қарияның діндарлығын байқаған Құрекең енді құдалыққа бір молданы жібереді. Бірақ онда да жолы болмайды. Осыдан кейін Құрекең келісіп, Шараны алып қашады. Керек-жарақтарын, асыл бұйымдарын бір түйіншекке байлаған Шара түн ортасында терезеден қашып шығады.

– Бұл қай жылы еді?

– 1928 жылы.

– Шара апайдың би өнерімен айналыса бастағаны да осы тұс емес пе?

– Иә, 1928 жылы құрылғанына екі жыл болған Қазақ драма театры Алматыға гастрольмен келіп, осында қалып қояды. Бұл кезде астана да Қызылордадан Алматыға ауысқан. Қазіргі Қонаев пен Қазыбек би көшелерінің қиылысында «Орион» атты клуб болған. Театр осында қоныс тебеді. Қазақтың драма өнерінің алғашқы қарлығаштары – Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серәлі Қожамқұлов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Жұмат Шанин және өзге де әртістер спектакльдер қойып, халықты өнерімен тәнті етеді. Он алты жасар Шара 1928 жылдың 1 наурызында бірінші рет осы «Орион» клубының сахнасында өнер көрсетеді.

–Дегенмен Шара апамыздың ел аузына іліккен уақыты 1936 жылғы қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігінен соң емес пе?

– Иә, 1936 жылы мамыр айында Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігі өтеді. Сол кездегі Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің басшылығымен үш айдай дайындалған үш жүздей қазақ өнерпаздары Мәскеуде өнер көрсетеді. Қазақтың алғашқы опералары «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» қойылады. Бұл жайында кітапта жан-жақты баяндалған. Бұл онкүндікке тек әртістер ғана емес, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар сынды әдебиетіміздің алыптары да атсалысты. Совнарком төрағасы Ораз Исаев дайындықты тікелей қадағалап отырады. Осы онкүндіктен соң Жамбыл Жабаев, Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Құрманбек Жандарбеков, Күләш Байсейітова, Елубай Өмірзақовтар Еңбек Қызыл Ту орденімен, ал Ахмет Жұбанов, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Манарбек Ержанов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Үрия Тұрдықұлова, Евгений ­Брусиловскийлер «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.

Шара апамыздың ең үлкен еңбегі ретінде нені айтуға болады?

– Бұл кісінің ең басты үлкен еңбегі – қазақ биінің керегесін керіп, уығын шаншып кеткендігі. Шара апамызға дейін қазақта кәсіби би өнері жоқ болатын. Соңғы кездері «қазақтың би өнерінің басында мен тұрдым» деушілер бар. Ал бірақ, шындығында, халық мойындаған, ел мойындаған қазақ биінің бастауында тұрған кәсіби биші – Шара. Бұған қатысты ешқандай талас болмауы тиіс.

Ал ол кісінің өзін би өнеріне кім үйреткен?

– Александр Артемьевич Александров деген атақты биші, профессор. Ол Мәскеудің Үлкен театрында айтулы балерина Анна Павловамен билеген. Сол жылдары жер аударылып, Қазақстанға келсе керек. Жиырмаға келген, екі балалы Шараны кәсіби би өнерінің әліппесімен таныстырған – осы Александров. Александровтың еңбегін Шара апай үнемі айрықша бөліп айтып отыратын. Кейін, 1937-38 жылдары жазалау толқыны басталғанда Александров Колымаға жер аударылады. Бір күндері Александровтың «Шарочка, спасай меня, я голодаю, если не поможешь, скоро умру» деген хаты келеді. Кейінірек Шара апай арнайы іздеп барса, ұстазы қайтыс болып кеткен екен.

Сұхбаттасқан Рысбек ҮРКІМБАЙ

"Аңыз адам" журналы

ШАРА ЖИЕНҚҰЛОВАНЫҢ ӨМІРІ МЕН ӨНЕР ЖОЛЫ

1912 18 тамыз Алматыда дүниеге келді.

1919-1928 Н.Чернышевский атындағы №14 мектепте оқыды.

1927-1928 Кәмпит фабрикасында жұмысшы болып еңбек етті.

1928-1929 Қазорманөндірісінің басқарма орынбасары болып қызмет етті.

1928 Алматыда «Орион» клубында өткен концертте алғаш рет билеп өнер көрсетті.

1929-1930 Алматы педагогикалық институтының тарих факультетінде оқыды.

1929-1934 Қазақ драма театрында пьесаларда ойнады.

1933 Драма театрының жанынан ашылған музыкалық студияға шәкірт болып қабылданды.

1934 Музыкалық драма театрына (қазіргі Абай атындағы опера және балет театры) биші болып қабылданды. Сол жылы сахналанған Б.Майлиннің «Шұға» қойылымында биші ретінде алғаш сахнаға шықты.

1936 «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

1936 Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі атанды.

1936 17-28 мамыр Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.

1938 Қазақ КСР-нің халық артисі атағын иеленді.

1938 Қазақтың тұңғыш ұлттық балеті – «Қалқаман–Мамырда» Мамырдың партиясын орындады.

1938 Қазақтың тұңғыш көркем фильмі«Амангелдідегі» Балымның рөлін экранға шығарды.

1940-1962 Қазақ филармониясында қызмет етті.

1955 «Қазақ халық билері» атты кітабы жарық көрді.

1958 Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.

1958 Ленин орденімен марапатталды.

1962-1966 Қазақтың ән-би ансамблін басқарды.

1965-1975 Алматы хореографиялық училищесінің оқытушысы, директоры болып қызмет етті.

1965 Ш.Жиенқұлованың бастамасымен Алматы хореографиялық училищесінде «халық биі» бөлімі ашылды.

1967 «Қыз Жібек» балетін қойды (Б.Аюхановпен бірге).

1968 Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды («Қыз Жібек» балеті үшін).

1972 Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

1991 21 мамыр Алматыда дүниеден өтті.

Бөлісу:

Көп оқылғандар