Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ. ӘРКІМНІҢ ӨЗ ІЗІ БАР
Бөлісу:
(Әңгіме)
Аста-төк той енді қыза бастағанда тұста асаба жігіт шулаған жұрттың назарын өзіне аударып алып, былай деді:
- Құрметті тойшыл қауым! Енді, той иелерінің тұла бойы тұңғышы
кішкентай ғана бүлдіршініміздің тұсауын кесу рәсімі жасалады. Аяғын басып, алғашқы қадамын енді ғана жасағалы отырған құлыншағымыздың зырлап жүгіріп кетуі үшін оның тұсауын кімге кестіреміз?
- Рәбия ханым кессін! – деп, бас дастарханда отырған бір топ қатын бар дауыспен жар салысты. Өзге де бірлі жарым есім аталғанымен, олардың дауыстары бәсеңдеу болды ма, әлде, алдын ала келісіліп қойған ба, асаба да жалма-жан Рәбияны ортаға шақырды.
Орнынан кербездене баяу көтеріліп, ортаға шыққан Рәбияның мақтауын асаба жігіт бар өнерін салып, бастырмалата асырап-ақ жатыр. Ол да сол атақтың бәріне лайық екенін көрсеткісі келгендей тырысып бағып тұр. Барынша нығыздала маңғазданып, жүріс-тұрысын, түр-әлпетін ұлы тұлғаның болмысына жақындатпаққа әуіреленіп, шала бүлініп-ақ тұр. Бірақ, түп негізінде жоқ нәрсені қанша бейімдесе де, бойына сіңбейді екен ғой. Қанша жерден тырысса да жасандылығы көзге ұрып, «түйенің үстіне сирақ үйіттінің» керін келтіреді-ақ. Сөйлеген сөзі мен үні де өзінікі еместей көрінгенін өзгеден бұрын Рәбияның өзі де іштей сезгендей қысылып-қымтырылып тұрғанынан уақ-уақ хабар беріп қалады екен.
Тойақысын алатын асаба қызыл сөзді аясын ба, оны атағы жер жарған композитор, көптеген әндердің, бірнеше симфониялық ірі туындылардың авторы, теңдесі жоқ талант иесі, еңбегі сіңген қайраткер, тағы бірдемелер атындағы сыйлықтың иегері деді ме, әйтеуір, мақтауға сөз таппай қатты қиналды, байғұс.
Осы сәтте тойдың тағы бір құрметті қонағы, әлгі тұсау кескіш Рәбия ханымды студент кезіндегі «түп-тұқиянынан» бүгінгісіне дейін жақсы білетін әріптесі Надира болмашы жымиып қана байырғы құрбысына көз тігіп тұрды.
Асаба жігіт «Тұсауын кескен Рәбия апамыз секілді елге елеулі, халыққа қалаулы мықты адам болсын!» деп тойхананы басына көтере дауыстап жатыр. Жиналған қауым қол соғып мәз. Надира алақанымен аузын баса қойғанын өзі де аңғармай қалды. «Мына дүйім жұрттың ішінен тұсау кестіретін адамды тапқан түрлерін қарашы! Дегенмен, ырым ғана ғой, мұндайларға тартпай-ақ кішкентай сәби өз жолымен бақытты болсын» деп Надира іштей сыбырлағанымен, айналасына сыр білдірмеді.
Рәбия екеуі консерваторияда бірге оқыған. Одан бері де бәйге атындай шауып, отыз жыл өте шығыпты-ау. Жұрт асабаға «айтқаның келсін!» десіп жік-жапар болып жатқанда, Надира бейкүнә бүлдіршінді аяп кеткендей болды. Іштей «Рәбиядан оны құдай сақтасын, оның жолын адам баласы тұрмақ итке де бермесін» деп тағы да күбірлеп тұрды.
«Осы жұрт ештеңенің байыбына бармай, астарына үңілмей, кімнің кім екенін терең танымай жатып даурығып, қайдағы біреулерді көкке көтере қалатындары не әдет екен. Қайдағы бір орден-медаль дейтін салпыншақтар, пәлен-пәштуан атақ-дәрежелер адамның шын болмысына өлшем бола ала ма? Әй, қайдам». Бұл да Надира ханымның ішкі әлеміндегі монолог еді.
Сол сәтте өзі білетін Рәбияның кешеден бүгінге дейінгі тірлігі Надираның көз алдында кино лентасындай зулап өтіп жатты.
***
Студент кезінде ол ауылдан келген көптеген қарапайым қыздардың бірі еді. Алып-жұлып бара жатқан анау айтқандай таланты да жоқ. Оқу үздігі болып суырылып алға шыққан жері де болмады. Сол секілді көркімен де, қылығымен де өзі қатарластарының назарына ілікпеді. Көңіл білдіріп, сөз айтқан біреулер болған да шығар. Бірақ, соңынан қалмай салпақтаған көк етіктіні айтпағанда, көн етіктісі де бола қоймады. Сөйтіп жүріп ел қатарлы оқуын тәмамдап, қолына диплом алған.
Ол тұста оқу бітірген әр жастың арманы – Алматыда қалу. Қалай да бір жөнін тауып қалада қалса, болашағы жарқын, келешегі кемел болмақ. Рәбияның да мақсаты сол болды. Мұнда қалса, елдің қиыр шеті итарқасы қияндағы өлкеден кейінгі бауырлары оқуға келгенде оларға пана болады. Оның сыртында алыс ауылда бір отар қойдың соңында өмір бойы салпақтап жүрген әке-шешесі үшін де абырой. «Қызымыз оқуын бітіріп, Алматыда қалды. Ауданға, облысқа келуіне де болар еді. Алматы оны аттай қалап алып қалыпты» деп әкесі құрдастарына айтып мақтанып жүрер еді.
Бірақ, арман болған алып қалада қалай қалудың жөнін білмеді. Ойлана келіп, әкесімен аталас жамағайынының әлде бір министрлікте істейтіні есіне түседі. Ауылға хабарласып, сол ағасының мекенжайын алды. Құр қол барған жарамас деп семіз қойдың етін әкесіне айтып, қалаға қарай жөнелдіріп, оны автобекеттен өзі барып күтіп алды.
Мекенжай бойынша үйді тауып, есігінің қоңырауын жүрексіне басты. Толықша келген орта жастан асқан әйел есік ашып, сәлемдесті:
- Кіре ғой, неғып тұрсың? – деп, жылы шырайымен қарсы алғанда іштей
жолым болар деп қуанып қалды.
Бейтаныс жеңгесіне бір деммен бәрін баяндап шықты. Бет тұздық етіп әкелген қойының етін де табыстады. Абырой болғанда ол өзі бір аузын ашса, жүрегі көрінетін ашық жарқын жан екен. Екеуі дереу тіл табысып кетті. Рәбияның бұйымтайын естіген жеңгесі:
- Ағаң мүлде басқа саланың адамы ғой. Егер сен ауылшаруашылығы
мамандығы бойынша оқу бітірген болсаң, еш проблема болмас еді. Дәрігер болсаң мен де қол ұшын бере алар едім. Өнер саласы соның ішінде музыкант екенсің. Ол жақтан бізде таныс-біліс ешкім жоқ қой – деп қабағын түйіп біраз ойланды да:
- Жарайды, бір жөні болар. Қазір ағаң келсінші, жақсылап ақылдасамыз.
Кештетіп ағасы келді. Жеңгесі екі туысты бір біріне таныстырып, мәні-
жайды түгел түсіндіріп тастады.
Ағасы жапырақтап туралған семіз қойдың етін тамсана жей отырып, бәрін үн-түнсіз бастан аяқ тыңдап шықты. Рәбияның екі көзі төрт болып туыс ағасының аузынан шығатын сөзді күтіп отыр. Оның отыз тісінің арасынан суырылып шығатын бір ауыз сөз кейінгі тағдырын шешеді. Болды десе, Алматыда қалды. Бас шайқаса, бітті. Онда, әсем қаламен қимай-қимай қош айтысып, туған еліне жол тартқаннан басқа еш амалы жоқ. Ішіне ел қонып, көңілі жайланса керек, сәлден кейін ағасы:
- Жө-ө-өн ек-е-е-ен! – деп, біраз үнсіз ойланып отырып қалды. Бұл
үнсіздік көп ұзаса, бір-екі минутқа ғана созылған шығар. Бірақ, Рәбия үшін ғасырдан да ұзақ уақыт өткендей, сағат тілінің өзі тоқтап қалғандай сезілді.
- Рәбия айналайын, үлкендерден көргенің бар, жөн біледі екенсің.
Туысты танып, іздеп келіп отырғаныңа қуанып қалдым. Үлкендер кеткен соң біз де ел жаққа ат ізін салмайтын болып кеттік. Араласып, барысып-келісіп тұрмаған соң туыстың өзі жатқа айналады екен ғой. Өзің жақын туысымсың, өнер маманы екенсің, өрісің кең болсын! – деп, батасын бергендей болып, тағы да үнсіз ойланып отырып қалды.
Әр сөзін демін ішіне алып тыңдап отырған Рәбия мазасыздана бастады. «Не дер екен? Ауылыңа қайта бер, қаладан не іздейсің дегелі отырмаса игі еді» - деп ойлағанда тіпті дегбірі қаша бастаған. Біраздан соң тағы да ауыз аша бергені сол еді, үйіндегі телефоны безілдеп қоя бергені. Тұтқаны көтерген жеңгесі аман-сәлемнен соң оны отағасына ұсынды. Әлде бір әріптесі болса керек, ұзақ сөйлесті.
Рәбия тұтқаның арғы жағындағы адамның көп сөзділігін мүлде ұнатпай отыр. «Нағыз көкала қырттың өзі екен ғой. Не деген езбе адам. Бұйымтайын қысқа ғана айтып, аузын жапса екен, тезірек» деп іштей жыны келіп қалды. Ұзын-сонар әңгіме зорға дегенде аяқталып, қоштасып тұтқаны орнына қойғанда Рәбия да терең бір дем алып, ауыр күрсінді.
Ағасы бұл жолы әңгімені ұзаққа созбай:
- Қысқасы, Рәбия жан! Әңгіме былай болсын. Мен композиторлар одағында бір кісіні жақсы танимын. Тіпті, жақын досым десем де болады. Өзі елге белгілі атақты кісі. «Адамның күні адаммен» деген ғой. Жуықта ғана ол кісінің бір інісін өз қарауыма қызметке алған едім. «Алаған қолым береген» демей ме, енді, сол көкең сенің мәселеңді шешеді. Мен қазір сенің көзіңше ол кісіге телефон шаламын. Мәселені тура осы жерде шешеміз – деп, нық сеніммен шегелеп айтты.
Әлгі кісімен де екеуі ұзақ сөйлесті. Ағасы алыстан орағытып бірдемелер айтудан бастады. Арасында әзілдесіп, қарқылдап күлісіп алды. Әңгіменің тоқ етеріне жайлап келіп, ең соңында кірісті. Қарындасының бұйымтайын нақтылап айтқан соң жауап күтті. Тұтқаның арғы жағында не айтылып жатқаны анық естілмейді. Әңгіменің сәтті не сәтсіз боларын болжап білетін мүмкіндік жоқ. Ағасының жүзіне қараса, ештеңе білінбейді. Тым салмақты кейпінен бір өзгермейді. Әлгі адам көп бірдемелер айтып жатыр. Оны бар зейінімен мұқият тыңдап отырған ағасы арасында бас изеп «Иә, Байеке!», «Соны айтам» деп бірдемелерді қысқа қайырады. Одан ештеңе түсініп жарытпайсың. Ақыры, әңгіме аяқталып, ағасының даусы жарқын-жарқын шығып, алғыс білдірісіп, қоштасқанына қарағанда, үміттенуге болатын секілді.
- Бұл кісінің аты – Байбөрі! Танымал ірі тұлға ғой. Білетін де шығарсың.
- Иә, көке, білем ғой. Біз үшін аңыз адам. Талай кездесулері бізде өткен.
- Ендеше, сол аңыз адаммен арғы күні сағат 10-да кездесесің. Кеңсесінің
мекенжайын, қызметтік телефонын жазып беремін. Аты-жөніңді ол да жазып алды. Барған соң да мен жіберді дегенді ескертіп айтып қой. Көп адаммен жүздеседі, ұмытып қалып жүрмесін. Бірақ, ұмыта қоймас. Еш алаң болма! Ол көкең барлық шаруаңды өзі реттеп береді.
Рәбия кетуге ыңғайланған. Ағасы мен жеңгесі оны жібермеген соң қона кетуге тура келді. Жеңгесі оған таңертең де кетуге асықпауын, түске қарай институттағы лекциясын аяқтаған соң дереу үйге оралатынын, келген соң ағасының шоферін шақырып, бірге дүкен аралайтынын айтқан.
Рәбия ол үйде жайлап жатып, кеш оянды. Оңаша бөлмеде еш дыбыр болмағасын ба, сағат он жарымға дейін тұяқ серппей қатты ұйықтаған екен. Аға-жеңгесі және ержеткен-бойжеткен ұл-қыздары да көрінбейді. Оқуларына, шаруаларына кеткен болса керек. Денесі сергек, көңіл күйі де көтеріңкі. Ағасының бес бөлмелі жайлы пәтері кірсе шыққысыз әдемі. Аралап көрді. Тұрмысқа керектің бәрі бар әрі мұнтаздай тазалығы көз қуантарлықтай.
Ашық тұрған терезеден Алатау баурайының самал желі мен саф ауасы еседі. Жарқырап тұрған үй жиһаздарын қыз балаға тән қызығушылықпен сипап көріп, таңдай қағады. Кітап сөресінде көбінесе ауыл шаруашылығы ғылымдары мен медициналық кітаптар қаз қатар сап түзеген екен. Аға-жеңгесінің мамандығына байланысты құралдар болса керек.
«Шіркін-ай, дәл осындай үйім болса ғой. Мына жеңгем неткен бақытты еді? Ағам екеуінің жас айырмашылықтары ары кетсе үш-төрт жастай ғана шығар. Ұл-қыздарымен бірге қызмет лауазымдары да қатар өскен. Нағыз төрт құбыласы тең, бір біріне сай іздесіп табысқан жандар ғой. Қазақтың бір бақытты отбасы осындай-ақ болсын. Бұл кісілер менен екі мүшел жастан астам үлкен болар. Арамызда отыз жастай айырмашылық бар. Дүние-ай, енді, отыз жылдан кейін мен қандай күйде болар екенмін. Дәл осындай бақытты отбасы құрып отырсам ғой. Айтуларына қарағанда, екеуі де өзім секілді ауылда өсіп, қалада білім алған жандар» - деп, Рәбия жұмсақ креслода отырып арман-қиялға ерік берген.
Қос жанарын бір нүктеге қадап, мелшиіп отырып қалыпты. Есіктің сылдыр еткен дыбысы мүлгіген тыныштықты бұзып, өте анық естілді. Селк етіп бойын тіктеп ала қойған Рәбия орнынан атып тұрып, дәлізге қарай беттеп еді, есіктен жеңгесі кіріп келе жатыр екен.
- О, сен тұрып кеткенсің бе? Мен сені оятып алмайын деп аяғымның
ұшымен кіріп келе жатсам...
- Ұйқым қанып, әбден жайлы демалыппын.
- Жарайды онда, кел, жақсылап шай ішіп алайық! – деп, жеңгесі оны ас
үйге шақырды.
Көңілі ала бұртып, толқыған қыз жеңгесімен ұзақ сырласты. Қиялдағы ойларын да жайып салды.
- Біздің жасымызға келгенде сен де өсесің ғой. Өнер адамдарының
танылуы да, абырой-атаққа бөленуі де оңай әрі жылдам. Барлық істерің, еңбектерің халықтың көз алдында өтеді ғой. Бізді кім біліп-танып жатыр, өз саламызда ғана бір қазанда қайнап жүреміз. Былайғы жұрт біздің кім екенімізде, не тындырғанымызда шаруасы да жоқ қой. Мына іргелес көршілеріміздің өзі біздің қайда не істейтінімізден бейхабар. Ақын-жазушы, әнші-композитор дегендер халықтың сүйкімдісі емес пе? Азғана еңбегіңнің өзін бүкіл ел болып көреді, дер кезінде бағасын береді дегендей. Сенің болашағың алда ғой, әлі уыздай жассың. Бастысы, қалада қалатының анық болды. Ана кісі ағаңның досы, екеуі түйдей құрдас. Уәдесін беріпті ғой, ертең шаруаңды шешіп береді – деп, жеңгесі жігерлендіріп қойды.
Ол уақытта Алматыда шетелдік тауар тапшы. Ірі сауда орындарына түскен импорттық киім-кешекті онда қызмет ететіндер таныс-тамырларына өз бағасына тығып сатады. Көп жағдайда «барахолка» аталатын қара базарға шығарып, үстеме баға қосып саудалайды. Ондай заттың бағасына жаңадан оқу бітірген шөпжелке қыз тұрмақ әл-ауқаты мықты министрдің әйелінің өзі төтеп бере алмайды. Оны жақсы білетін жеңгесі жаңадан танысқан қайын сіңілісін дефицит тауарлардың қоймасынан бірақ шығарды.
Абырой болғанда Рәбияның әкесі оқу бітіріп жатқан қызының керек-жарағына арнап, ауылдан қомақты қаржы салып жіберген. Қалтасы қалың жас қыз қалаған киім-кешегіне аяқ астынан қарқ болды да қалды. Қуанышы қойнына сыймай кешке жатақханасына қайтты.
Ертеңінде барын киіп, мейлінше сәнденіп межелеген жерге уақытында жетті. Байбөрінің аты-жөні мен атағын әсемдеп жазған есікті ақырын ғана тоқылдатып еді, «кіріңіз» деген дауыс есіктің сәл ғана ашылған саңылауынан анық естілді.
Сәлемдесе ішке енген қызды қарсы алдында тұрған шағын үстелдің жанындағы орындыққа жайғастырды. Шығармашылық кештерде, кездесулерде алыстан көргенде беті жылтырап, жастау көрінетін секілді еді. Енді тура қарсы алдынан қарағанда, маңдайында әжімнің терең іздері бар бірталай егделеу шау тартқан адам екендігі анық аңғарылып тұрды. Бірақ, қимыл-қозғалысы шалт-ширақ, сұңғақ бойы сымға тартқандай түп-түзу, ішіп-жеп қоярдай қарайтын көзі өткір.
Рәбияның диплом, құжаттарымен мұқият таныса отырып, ұзақ әңгімелесті. Жағдайын сұрап танысты. Бәріне қанық болған секілді.
- Дұрыс, айналайын! Мен сені мәдениет басқармасына бір жайлы
қызметке орналастырамын. Мамандығың да сай келіп тұр екен. Ол жерде ұйымдастырушылық қызметпен айналысып қана қоймай кәсіби шеберлігіңді шыңдауыңа да мүмкіндік туады. Ән жазатын қабілетің қалай, композиторлық дарын бар ма?
- Аздап, аға!
- Аздап деген болмайды. Көптеген еңбек керек. Өнер жасқа қарамайды.
Осылай деген Байбөрі оны көлігіне отырғызып, басқармаға ертіп барды. Қабылдау бөлмесіне келген соң Рабияны сондағы хатшы әйелдің қасына қалдырды да өзі бастықтың кабинетіне кіріп кетті.
Сүт пісірім уақыттан кейін қабылдау бөлмесіндегі қоңырау «дыз» етті. Хатшы әйел орнынан атып тұрып бастыққа кіріп кетті де, іле-шала қайтадан шығып Рәбияға:
- Сіз кіріңіз! – деді.
Айнадай жарқыраған ат шаптырым кеңсенің төрінде ірі денелі мосқал адам отыр екен.
- Кел, қарағым отыр! – деп, Байбөрінің қасындағы орындықты нұсқады.
Алдындағы көп телефонның бірін қосты да кадр бөлімінің бастығын шақырып алып, оған Рәбияның құжаттарын тапсырды. Сол жерде өтініш жаздырып алып, бастық өзі бұрыштама жазып қол қойды.
Сонымен бір күннің ішінде мәдениет басқармасының білдей бір қызметкері болып шыға келді. Байбөрі көкесі Рәбия ойлағаннан да асқан қамқоршы, теңдессіз қайырымды, керемет жақсы адам болып шықты. Қаланың ең көрікті жерінде орналасқан жайлы жатақханалардың бірінен жеке бөлме алып берді.
Жұмысына жиі телефон соғып хабарласып, кеңес беріп тұрады. Келіп тұруын өтінеді. Той-мерекелерде құттықтап, тарту-таралғылар жасауды ұмытпайды. Басқармаға келген сайын гүл сыйлап көңілін көтеріп кетеді. Қолы қалт еткенде, Рәбия өзі де ол кісінің кабинетіне бас сұғып, жайлап оытырып, ұзақ әңгімелеседі. Кейін тіпті сырласатын да болып кетті. Жақындаса келе арадағы отыздан астам жас айырмашылықтарына қарамай қалай бір-біріне бауыр басып кеткендерін өздері де аңғармай қалысқан еді.
Шын мәнінде, Рәбияның оған деген өліп-өшкен махаббаты шамалы еді. Жасы үлкен әріптесі әрі өзіне қамқоршы, қолынан келген жақсылығын аямаған жан ретінде оған деген сый-құрметі орасан болатын. Ал, шалдың ойы мен көңілі ала бөтен. Рәбияның жолында өзін құрбан етуге де бар.
Ал, Рәбияның қиялында ақбоз атты ханзада. Өзіне жар болатын жас та жігерлі сымбатты жігіт күндердің күнінде бір кездеседі деп күтетін. Қырсыққанда уақыт зулап өтіп жатса да, ол немеден әлі хабар-ошар жоқ.
Бір күні Байбөрі оны әдеттегісінше түскі асқа шақырған. Сол тұста қаладағы ең қымбат саналатын тау шатқалындағы мейрамханаға келген. Бұл жердің даяшылары Байбөріні жақсы таниды және көптің көзіне түспейтін оңаша оқшау өз орны да бар. Екеуі сонда келіп жайғасқан соң Байбөрі:
- Жас композиторлар арасында бүкілодақтық конкурс жарияланды. Сен соған өз туындыңды ұсынуың керек.
- Аға, ол не дегеніңіз? Менде ондай талант жоқ қой. Бірлі жарым ән әуендерін жазғаным болмаса. Оның өзіне әншілер ықылас танытып та жүрген жоқ. Шын мәнінде, қатардағы жай бір музыкантпын. Классикалық музыкаға тісім батпайды ғой.
- Олай деуге болмайды. Мүмкіндікті пайдалан. Осы саланың маманысың. Талант деген бір-ақ пайыз. Тоқсан тоғызы еңбекпен келмей ме?
- Сонда да аға, менің қолымнан келмейтін іс қой.
- Тырысып көр. Бірдеме жаса. Сосын, нотаға түсіріп маған алып кел.
Екеулеп көрейік. Ақылдасамыз. «Келісіп пішкен тон келте болмайды».
Осымен әңгіме біткен. Рәбия бар өнерін салып тырысып көрді. «Арман» деген атпен камералық оркестрге арналған романс жазбақ болып күш салған. Онысынан тым құрығанда пианинаға арналған шағын көлемдегі бір әуен де туатын түрі жоқ. Байбөрі белгілеп берген мерзім таяп қалғандықтан өйтіп-бүйтіп бірдеме жасап, нотаға түсірген болды. Алдымен құрбысы Надираға сынату үшін пианинада ойнап, оған тыңдатқан.
Көп сөзге жоқ Надира басын шайқады да иығын қиқаң еткізді. Рәбияның әуеніне аса мән де бермей керісінше, бүкілодақтық конкурсқа ұсынғалы отырған өзінің туындысын ойнап көрсеткенде Рәбия құрбысының талантына тәнті болып, жаңа туындысына шынымен де қайран қалды. Надираның мұнысы оған берген жауап секілді болды. «Жасасаң осылай жаса, жасамасаң әуіре болма. Андағы былжырағың не, өзі?» деп тұрғандай-ақ көрінді.
Филорманияда қызмет ететін Надираны Рәбия ерекше сыйлайды әрі жақын құрбысы санайды. Кейде демалыс күндері үйіне барып, шай іше отырып сырласатын кездері де болып тұрады. Студент кезінде тұрмысқа шыққан Надираның өзімен түйдей құрдас күйеуі инженерлік қызметте, екі балалы болып үлгерген, пәтерге де қол жеткізген. Ауылдан шыққан сол тұстағы жастар үшін Алматыдан баспаналы болу дегенің құдайдың құлағын ұстаумен тең.
Надираның әлгі байқауға қатысқалы отырғанын біліп, жаңа туындысын тыңдаған соң Рәбия біртүрлі болып қалды. Оның бәйгені шаппай алатынын сезетін секілді. Қызығып та, қызғанып та екіұдай күйге түсті. Өзінің сазгерлігі оның қасында жіп есе алмайтынын іштей мойындады. Бірақ, одан неге қалысуы керек?
Намысқа тырысқан Рәбия қанша күш-жігерін салса да, жөні түзу әуен шығара алмады. Қайдағы романс...
Тауы шағылғандай болып, Байбөріге келіп, жылап жіберді. Оны жұбата отырып, көкесі былай деді:
- Міне, енді дұрыс бағытқа бұрылдың. Жас адам осындай болуы керек.
Өнерде бәсеке болмаса, өспейсіңдер ғой. Нотаңды тастап кет. Жанрды дұрыс таңдапсың. Тақырыбың да ұнап тұр. Ертең кел. Ақылдасып, бір жөнін табармыз.
Ертеңінде Байбөрі оған нота ұсынып, пианинаға отырғызды да ойнаттырды. Ғажап әуен. «Арман» атты романс! Керемет, нағыз «құлақтан кіріп, бой алардың» өзі. Бірақ, алқынған көңілі лезде су сепкендей басылды да қабағы түйіліп, еңсесі түсе қалды. Бұл – Байбөрінің туындысы ғой.
- Аға, романсыңыз расында ғажап туынды екен.
- Жоқ, бұл сенің туындың!
- Олай деп мені ұялтпаңызшы, аға!
- Ұялатындай ештеңе жоқ. Тақырыпты, жанрды таңдадың. Әуенді сен бастадың. Ал, мен түзетулер енгіздім. Осымен байқауға түсесің!
- Олай дей көрмеңіз, аға! Біреудің туындысымен қалай бәйгеге түсемін?
- Мен саған қайдағы біреумін бе?
- Жоға, кешіріңіз...менің айтайын дегенім...
Ол сөзін аяқтай алмай қалды. Байбөрі оны осы кезде қапсыра құшақтай алып, тура ернінен құшырлана сүйе бастаған еді. Жөпелдемеде есі шығып кеткен қыз не істерін білмей аңтарылып қалды. Итеріп жіберуге дәрмені жетпеді. Денесі балқып, басы айналып кеткендей. Біртүрлі бола тұра жанына жағып та бара жатқандай. Ыңырсыған дауысының қалай шығып кеткенін де өзі байқамай қалды. Байбөрі айқара құшақтаған қолын алып, ернін босатқанда ғана есін жиып, бойын тіктеп ала қойды.
Байбөрі махаббат сезімінен туған ыстық сөздерін ақтарып-ақ жатыр. Жүрегі тулап, демі жиілеп, алқынып кеткен Рәбияның құлағына оның бір сөзі кірсе, екіншісі жетпей қалып жатқан секілді. Анандайтын жерде тұрған графиннен стақанға су құйып алып, бір деммен тартып жіберді. Алабұртқан көңілі сәл тынышталғандай болды.
- Рәбия жаным, ештеңе айтпа, ауыз ашпа! Міне, мынаны ал да бара ғой!- деп, Байбөрі оның қолтығына нота жазылған папканы қыстырды да шығарып салды.
Қалай келіп жеткені есінде жоқ. Бір қараса, жатақханадағы төсегінің үстінде киімшең әлгі папканы тас қып құшақтаған күйі ағыл-тегіл жылап жатты. Қанша уақыт өткенін білмейді, солай жатып ұйықтап қалған екен. Оянып қараса, түнгі сағат үшті көрсетіп тұр.
Күндізгідей емес, бойы жеңілдеп, көңілі сабасына түскен секілді. Шешініп, төсегін салып жатты. Бірақ, ұйықтай алмады. Ауық-ауық күрсініп, ауыр ойға батты. Екі айыр жолдың ортасында тұрғандай. Қайтпек керек?
Бір жолы – «мына папкідегі нота парақтарының дал-дұлын шығарып жырт та, бәріне қолды бірақ сілтеп, ауылға кет» дейді. Келесі жол – «нотаны байқауға тапсыр, атаққа шық, елге таныл, қалада шалқып өмір сүр» дейді.
Әбден басы қатып, әнкі-тәнкісі шықты. Шалдың қадалған жерден қан алатын түрі бар. «Осыған дейін жасаған жақсылығы жай екен. Енді осы жолы қақпанға біржолата түсірмекші. Бұл шалмен әуей болсам, маған күйеу қайда? Өмір бойы мазақ болып өтетін шығармын. Ауылға кетсем, қайтер екен? Бірақ, айтқаныма көнбедің деп мына шал соңыма шырақ алып түссе ше? Мұның құрығы ұзын, бүкіл елге сөзі өтімді. Құдай-ай, қандай күйге тап болдым? Бұл сайқал қалада нем бар еді?».
Кеңсесіне кіріп жайғасқаны сол еді телефон безілдеп қоя берді.
- Жаным, Рәбия, қайырлы таң! – деген Байбөрі екен.
- Амансыз ба, аға!
- Жоға, көке де!
- Жақсы, көке.
- Әлгі папкіні бәйгеге қос, шапсын!
- Ол енді...
- Ешқандай басқа әңгіме жоқ. Поштаға апар да Мәскеуге тез жөнелт!
- Жарайды, көке! Қазір жөнелтемін.
- Бопты, міне, ақылды қыз деген осы. Кездескенше, жаным!
- Аман болыңыз!
Бір айдан кейін бүкілодақтық байқаудың қорытындысы шығып, Рәбия оза шауып, бас бәйгені жеңіп алғаны туралы хабар жетті. Қуанар-қуанбасын білмей дал болды. Құрбысы Надира үшінші орынды еншілепті. Оның қуанышы қойнына сыймай мәз болып жүр. Әрине, өзінің ақ адал еңбегі ғой. Ал, Рәбия қайтерін білмей әрі-сәрі күйде. Алғашында ұжымдағы әріптестері, таныс-біліс жандар құттықтаған сайын сырттай жымиып, алғыс білдіргені болмаса, іштей алай-дүлей күй кешіп жүрді.
Ол Надира бірдеме дей ме деп қатты қысылып жүр еді. Жолыққан кезде шын ниетімен құтты болсын айтты. Көңілінде ешбір күдік жоқ сияқты. Мәскеуде өтетін салтанатты рәсімге бірге баратынын айтып, қуанышы қойнына сыймай жүр.
Біраздан соң Рәбияның да еті үйреніп кетті. «Арман» атты сол романсты өзінікі деп санады. «Несі бар, идея менікі. Мен жас композитормын. Тәжірибе жетпегендіктен аға буынның өкілі көмектесіп, ынталандыру үшін демеп жіберген шығар. Онда тұрған не бар. Өстіп-өстіп өсемін. Көш жүре түзеледі» деп өзін барынша ақтап қойды.
Мәскеуде сыйлық тапсыру рәсімі өткенде әділ қазылар алқасының төрағасы ретінде Байбөрі құттықтау сөз сөйлеп, бәйгелерді табыс етті. Осы сәтте Надираның Рәбияға әлде бір күдікпен қарағаны аңғарылып қалған. Оны ішкі түйсігімен сезген Рәбияның жүрегі су ете қалғандай болған.
Бірақ, екеуі де тіс жарып, бір біріне ештеңе айтпаған. Надира Мәскеудегі туыстарымен қауышты да қонақ үйге түнемеді. Рәбияны люкс бөлмедегі орынжайына Байбөрі арнайы шақыртқан. Ол жерде дастархан жайылып, атақтары жер жарған мәскеулік бірнеше композитор, консерватория профессорлары бас қосып отыр екен. Рәбияны ортаға алған игі жақсылар оның «жазған» романсын мақтап, тост көтеріп, құрмет көрсетті.
Сол түні Рәбия құз ғұмырымен қоштасып, өмірінің жаңа бір кезеңін бастағандай еді. Байбөрінің іс сапары аяқталмағандықтан Мәскеуде қалып, ұшақпен Рәбия мен Надира бірге қайтқан. Жолда қалғып-шұлғып отырған Рәбияның құлағына:
- Шалдың арыны қатты ма екен? Әбден зорығыпсың ғой! – деп, Надира сыбырлағаны сол еді, Рәбия еңіреп жылап қоя берген.
Мұндайды күтпеген құрбысы сасып қалды. Өлердегі сөзін айтып, «жай қалжыңдағаным ғой, көңіліңе алма» деп жұбатуға көшкен. Сәлден соң сабырға келген Рәбия көз жасын сүртіп:
- Жасыратын несі бар? Шынымен де солай болып қалды!
- Кетші-ей, рас па? Қалжыңым деші!
- Құдайдан жасырмағанды сенен жасырып қайтемін. Онсыз да сезіп тұрсың ғой – деп, құрбысына бар сырын жайып салған еді.
Осы оқиғадан кейін Рәбияның есімі алдымен сазгерлер ортасында кейін дүйім жұртқа танымал бола бастады. Шығармашылық каникулға шығып, Ялтада көкесімен бірге серуендете жүріп талай туынды «жасап» тастаған. Бәрі де бірінен бірі өткен керемет дүниелер. Баллада, реквием, вокализ, серенададан бастап, оратория, операны қостап, соната, симфонияға барып бірақ тірелді дерсің. Өнертанушылардың мақалаларында Рәбияның аты-жөні жиі аталып, жағымды пікірлер айтылатын болған.
Алғашқы туындыларын жасап жүрген кезде-ақ оның жеке өмірінде айғай-шу басталып кеткен болатын. Байбөрінің бәйбішесі Рәбияның кеңсесіне келіп, айтпағанды айтып, талай рет тепсінген. Басқарма басшысына барып шағымданып та жүрді. Бірақ, оған бола айылын жиған Рәбия жоқ. Жағдай тіпті ушығып, жетер нүктесіне барып та қойған еді. Енді, шегінетін де, ақталып жататын да ештеңесі қалмаған.
Байбөрінің де басынан қиқу кетпеген соң ол бәйбішесімен заңды түрде ажырасып тынған. Бірақ, Рәбиямен дереу бас салып, қосыла салған жоқ. Қосылмаса да екеуі жүрістерінен тайған жоқ. Рәбия үшін енді шынымен де бәрі бір еді. Шығатын атақ плюсімен де, минусымен де шарықтап біраз жерге барып қалды. Енді, оны кері қайтара алмайсың. Қиялындағы ақбоз атты ханзада біржолата қарасын батырған. Ақбоз аты зорығып, өзі торығып, беталды қаңғып адасып кеткен шығар. Алдағы бағытына келсек, «кіммен қарайсаң, сонымен ағар» демекші, осы шалдың етегінен ұстағаннан басқа Рәбияда жол қалмаған. Ел дүрлігер, шуласар, беттерін шымшыр, жағасын ұстар. Не болса, о болсын. Тағдырдың жазғаны осы шығар. Бәлкім, арадағы отыз жастың айырмашылығы кейін оның өмірін басқа жаққа бұрып әкетер. Шал олай-бұлай болып кетсе, тесік моншақ жерде қалмас, ерте ме, кеш пе өз теңін табар. Рәбия осындай оймен белді бекем буған.
Алайда, бір шаңырақтың астында бас қосуға шал дайын болмай шықты. Себебі, ол компартия мүшесі еді. Әйелінен ажырасқанның өзінде оны парткомның бюро жиынына апарып біраз «бұйралап» ақырғы ескертуін жасапты. Енді, өзінен екі мүшелден астам жас ұрғашымен некелесемін десе, партия қатарынан қуып тастамақ. Ол заманда партиядан қуылған адамның жер басып тірі жүруінің өзі қиынға соғатын. Қызметтен, атақ-даңқтан, абыройдан түгел айырылып қоңыз теріп кетуге мәжбүрсің.
Байбөріні құдай өлтірсін бе, үш жылдан кейін көктен тілегенін жерден бере салды. Совет өкіметі құлап, бір күннің ішінде компартиясы тарап, тәуелсіздік келіп алақанына топ етіп қона қалды.
Тәуелсіздік өзгеге не бергенін қайдам, Байбөріге Рәбияны риясыз сыйлай салды. Байбөрінің достары бірнеше кемпір-шал, Рәбия жағынан Надира мен оның күйеуі бар, шағын топ бас қосып, екеуінің заңды некесін атап өткен. Рәбияның ағасы мұны естігенде бұлқан-талқан болыпты. Шақыруын да қабылдаған жоқ. Жеңгесі бір құшақ гүлмен келіп, қайын сіңіліне бақыт тілеп, азғана уақыт отырып кетіп қалды.
Бәрінен де ауыр соққаны ауылдағы әке-шешесінің реніші болды. «Қарабет неме, маңайымызды баспа! Әкеңді тірідей тозаққа салдың. Елдің жүзін көруден қалдық. Досымыз күліп, дұшпанымыз табалап жатыр. Мұны көрсеткенше бізді өз қолымен бауыздап кетпедің бе?» деп телефонмен тілдескен анасы зар еңіреп, ат-құйрығын кесіскенін жеткізген.
Рәбия мұның бәріне алдын ала дайын болатын. Сондықтан, аса қатты абыржи қойған жоқ. Тіпті, көзіне жас та алмады. «Құй көн, құй көнбе. Осы!» дегендей сыңай танытып қасарысып жүріп алды.
Жасы егделеген Байбөріде ата-ана жоғы белгілі. Сондықтан, қасына елге сыйлы актер мен ақын досын ертіп, қайыншылап барып, атасы мен енесінің аяғына жығылған. Бастапқыда тік шапшып, бет қаратпай тұрған ата-ана тағдырдың тәлкегіне көнбей қайда барады? Кәрі күйеудің қасындағы сыйлы жандардың сөзіне иланды ма, әлде, болған іске беріктік танытты ма, сабасына түсіп қызына ақ батасын берген.
Бұл оқиға Рәбияны бұрынғыдан бетер елге танымал етіп, атағын тағы бір қырынан шығарды дерсің. Әлде кімдер «махаббат жасқа қарамайды», «екі талант қосылса, жас айырмашылығында тұрған не бар» дегендей ақтап алып жатты. Уақыт өте келе мін тағатындар азайып, мадақ айтатындардың саны арта түскендей болды. Рәбия да үш балалы болғаннан кейін осы көрген күніне разы болып, шалының амандығын тілейтін болған.
Кәсіби өнертанушылар ғана кейбір туындылардың дәл қайсысы Рәбиянікі, қайсысы Байбөрінікі екенін кейде айыра алмай қалатындарын өзара әзіл-қалжыңға айналдырып, сырттай ғана сөз ететіндері болмаса, былайғы жұрт Рәбияны ұлы композитор деп танитын болған.
Қазір екі құрбы бір ұжымда еңбек етіп жүр. Надираның ресми түрде алған атағы болмаса да, ғылыми дәрежесі бар. Ең бастысы, хас талант екенін халыққа мойындатқан шынымен де мықты композитор.
Ал, Рәбияға келсек, құдай қосқан шалының бет-беделінің арқасында алмаған атағы, тақпаған ордені де қалмады-ау деймін...
***
- Надира ханым!!!
Асаба жігіттің микрофонмен дауыстап шақырған үнінен селк еткен Надира ауыр ойдан зорға дегенде айықты. Дастархандас жұрттың бәрі өзіне тесіле қарап қалыпты. Күйеуі әлде қашан ортаға шығып асабаның қасында тұрғанын енді ғана аңғарды. Жалма-жан атып тұрып, солай қарай беттеді.
- Надира, әпке үш мәрте шақыртып барып зорға шықтыңыз ғой. Терең ойдың жетегіне кеткеніңізге қарағанда, жұрт таңдана тамасанатындай тағы бір тамаша әуеннің нотасын көкірегіңізде кестелеп тастаған секілдісіз – деп, жарамсымды әзілімен қағытқан асаба жігіт оған микрофон ұсынды.
Той иелеріне алғыс айтып, ізгі ниет білдіріп, ақ батасын бере келе Надира:
- Өмірге келген әр адамның өз қадамы, өзіндік тағдыры, тек өзіне ғана тән ізі болады. Ол ешкімге ұқсамауға тиіс. Олай болса, бүгінгі тойға себепкер болып отырған жас сәбидің әр басқан қадамы тек өзінікі болсын! Ешкімнің ығында жүрмесін, ешкім оны жетелемесін! «Жетектеген тазы түлкі алмайды» деп бабаларымыз тегін айтпаған. Өзі жасаған сенімді әрі нық қадамының жемісін көрсін! – деп аяқтады. Тойшыл қауым ду қол соғып «айтқаныңыз келсін!» десіп, шулап қоя берді.
Осы сәтте Рәбияның іші қылп еткенімен беті бүлк етпеді. Еті өліп кеткен-ау, шамасы!
2018.
Бөлісу: