Міржақып Дулатұлы жазған «Есеп құралының» ескі нұсқасы қалай табылды?
Бөлісу:
Кереку қаласында Алаш қайраткері, ағартушы Міржақып Дулатұлының «Есеп құралы» кітабының 1925 жылы жарыққа шыққан данасы табылды.
2014 жылдың 15 қазан күні еді. Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде ескі кітаптарды сақтайтын қойманы жинап, тазалап, жаңадан сөре орнату қажет болды. Ол кезде мешіттің жастармен жұмыс бөліміне жауапты қызметкер едім. Кітапхана саласында көп жыл еңбек еткен «Еңбек ардагері», зейнет демалысына шыққан соң құлшылық үйінде кітапхана меңгерушісі болып жүрген Назым Шайкенова екеуіміз мешіттегі көне Құран Кәрім басылымдарын тізімге алу, қалпына келтіру жұмысын жүргізуді көздедік. Қоймада араб тіліндегі көне діни кітаптар, ескі Құран Кәрімдерден бөлек, арабша жазылған қолжазбалар, жыртқыш жануарлар туралы ескі энциклопедия, т.б. қағаздар жиналыпты. Мешіттің сол кездегі наиб имамы араб, түрік тілдерінің білгірі Берікбай Германұлының көмегімен діни жазбалардан, энциклопедиялық кітаптағы мағлұматтардан хабардар болдық.
Кенет сырты сарғыш тартқан, қалың дәптер пішіндес кітапшаға көзім түсті. Мұқаба бетінде «Міржақып Дулатұлы. Бастауыш мектепте 2-інші жыл оқылатын Есеп құралы 4-інші басылуы (түзетілді, толықтырылды)» деп жәдитше жазылған да: «М.Дулатов. Задачник. Часть ІІ. Киргизское государственное издательство Оренбург 1925 год» деп орысша таңба түсірілген. Мұқабасы қатырма қағаз емес, жай ғана парақ. Оның сол жақ шекесіне сол кездің дәстүрі бойынша «Жер жүзінің жалшылары бірігіңдер!» деген ұран жазылыпты. Мұқабаның ішкі жағында мынадай мәліметтер берілген: «Қазақстан мемлекет баспаханасы. Орынбор. 1925 жыл.» «Кирглавлит №137. Тираж 10.000. Типография Киргосиздата. Оренбург, Караван-Сарай 1925 г.»
Кітап 4-інші басылуында он мың данамен шықса, сұранысқа ие болғаны анық. Айтарлықтай жақсы сақталған. Таңбалары анық, оңай оқылады. Оқулық - 98 беттен, 3 тараудан тұрады. Парақтарының реттік саны 4-інші беттен басталады. Соңғы бетінде мазмұны берілген. І бөлім: «100-ге шейін сан» - 4 тармақтан тұрады. ІІ бөлім: «1000-ға шейін санау амалдары» - 4 тармақтан тұрады. ІІІ бөлім: «Төрт амалдық есептер» деп аталып, «Айналадағы табиғат», «Еңбекті тұрмыс» және тағы бір тармағы бар. Өкінішке қарай, кітаптың бір парағы - 95-96 беттер жоғалыпты.
Кезінде шариғаттан хабары бар, шағатайшадан, жәдитшеден сауаты бар аталар мен әжелердің көбінің қазір көзі жоқ. Сандықтарында көздің қарашығындай сақтаған, ақыреттік бөзінің астына жасырған қасиетті жазбалар, көне көшірмелер, қала берді дәптерлерге тізген дұғалықтар мен араб емлесімен таңбаланған парақтар олармен бірге көмілмесе де, соларға үйден орын табылмағандай. Балалары өздігімен оқи алмайды, лақтырып тастауға құдайдан қорқады. Тегінде қариялар: «Бұған тиіспеңдер, дәретсіз ұстауға болмайды, қасиетті сөздер жазылған» деп тыйып ұстайтыны белгілі. Міне, осындай бума-бума қағаздар ұрпақтарының ұйғаруымен мешіттерден тұрақ тапқан екен. Осындайда еліміздегі ескі мешіттердің қоймаларында талай-талай әдеби қазына жатқан шығар деген ой келеді. Бірақ, соның соңына түсушілер табылса. Павлодар облысының имамдарынан сұрау салғанымда білгенім: 2000-шы жылдары әлде Алматы, әлде Астана жақтан келген тіл мамандары мешіттерді адақтап шығып, кейбір жазбаларды әкетіп қалған десті.
Біз кездейсоқ тапқан сирек кітап осыған дейін кімнің меншігінде болғаны, оны кімнің сақтағаны, мешітке кімнің өткізгені белгісіз. Алаш арысы 1988 жылы ақталғанға дейін оның еңбектерін сақтау – қиын шаруа болғаны айқын. Осындай ыждағаттылық танытқан кім екенін білу – маңызды, әрине. Бірақ, мешіт тарапынан қабылдап алу жөнінде ешқандай тіркеу жүргізілмеген. Тапсырушы адам да бұған құлық танытпаса керек.
Арада бір апта өткен соң, Міржақып Дулатұлының «Есеп құралының» табылғаны туралы жергілікті телеарналарға сұқбат берілді. Дегенмен, ақпарат республикалық БАҚ-қа жол тартқан жоқ. Ескі кітаптың тиісті жағдайда сақталуын, республикалық реестрде тіркелуін көздегендіктен, Назым Шайкенова екеуіміз ескі оқулықты С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының сирек кітаптар қорына тапсырдық. Бірнеше жыл сол қордың көрме залында тұрды. Алайда, оны ешкім зерттеу нысанына айналдыра қоймады. Сондықтан, жалпақ жұртқа жария жасау, М.Дулатұлының шығармашылығын зерттеуші ғалымдардың назарын аудару мақсатында осы мақаланы ұсынып отырмын.
Әуелі Міржақып Дулатұлының оқу-ағарту жұмысына қатысты бірер сөз.
М.Дулатұлы Алаш қайраткерлерінің алдыңғы сапында жүріп, ұлтымыздың сауаттануына, рухани, мәдени тұрғыдан дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, оқу-ағарту саласында ауқымы кең, еңбегі ерен жұмыстар атқарды. Қазақ әдебиеті тарихындағы алғашқы роман саналатын «Бақытсыз Жамал», ұлттық ұранға айналған «Оян, қазақ» туындыларынан кейін, оның бастауыш мектептің екі жылдығына арналған «Есеп құралы» кітабы 1914 жылы Орынборда жарық көрді. Оны педагогикалық талаптарға сай жазылған алғашқы математика оқулығы десе болады. Филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінде жариялаған мақаласында: «Өткен ғасырдың 20-30 жылдары есептанудан оқулық жазушы азаматтардың алдында Міржақыптың математикалық мектебі тұрды» деп әділ бағасын береді. Міржақыптың осы еңбегі жарияланған соң, іле-шала «Айқап» журналының сол жылғы 19-санында кітап жайлы алғашқы пікір басылған екен (Амантай Шәріп. «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газеті, 2014 жыл 15 қаңтар, «Міржақыптың математика мектебі» мақаласы).
Міржақып математикалық әдістемелік мектеп қалыптастырды деген пікірдің жаны бар. Ұзақ жылдар бойы қазақ даласында бала оқытумен айналысқан М.Дулатұлы ұлттық педагогикадан хабары мол еді, озық елдердің білім беру үлгісінен де тәжірибесі зор болатын. Оқу-ағарту ісі туралы дүркін-дүркін мақала жазып, ой-пікір, ұсыныс-толғамдарын жариялағаны көпшілікке мәлім.
1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда жалпы қазақ-қырғыз сьезі өтеді. Онда ел үшін аса маңызды мәселелер қатарында оқу-ағарту ісіне айырықша көңіл бөлінеді. М.Дулатұлы осы тұрғыда баяндама жасап, қазақтың мектеп-медреселері аз, білікті оқытушылар мен әдебиет құралдары тапшы екендігін айтып, ұлттық мектептерді көбейту және оқыту құралдарын молайту керектігі жайлы мәселе көтереді. Съезд Міржақыптың сөзін қолдап, алдымен бастауыш және орта мектептерді қазақ тілінде оқытатын оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін білікті адамдардан айырықша оқу комиссиясын құру жайлы қаулы қабылдайды. Оқу комиссиясының құрамы: А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Е.Омаров, Б.Сәрсенов, Т.Шонанов сынды 5 кісіден жасақталады. Мұнда мына мәселелер: ұлт мектептеріне бағдарлама жасау; мұғалімдер қалай оқыту тәртіптерін үйрететін жолбасшы кітаптар жазу; тәрбие жайынан кітаптар жазу; бүкіл қазақ-қырғызға оқу ісін қалай жүргізу туралы жоба шығару; «Қазақ» емлесін тексеріп, түзету; қазақ-қырғыз тіліне пайдалы кітаптарды тәржімә ету» орындалуы тиіс негізгі бағыттар болып белгіленеді.
«Алаш» партиясының съезінде көтерілген ана тілінде оқулықтар дайындау ісі 1921 жылы қолға алынғаны байқалады,» - деп жазады Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, Қайырбек Кемеңгер. Ол Qamshy.kz сайтына жариялаған «Алаш және алғашқы оқулықтар» мақаласында мына деректерді келтіреді: «ҚазАСК Республикасының Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының төрағалығымен 1921 жылдың 31 қаңтарында Орынбор қаласында зиялы қазақ азаматтарының мәжілісі өтті. Жиында қаралған басты мәселе 1-ші һәм 2-ші буын мектептер үшін оқулық даярлау ісі болды. Мәжіліске Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Смағұл Садуақасұлы, Файзолла Ғалымжанұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Садуақас Сейдоллаұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Сабыр Айтқожаұлы және басқа азаматтар қатысады. («Ақ жол» – көп томдық. – Алматы: Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы, 2011, 170-172 бб.).
Үлкен істің басына А.Байтұрсынұлы келген кезден бастап оқулық жазу, басып шығару жұмысы жеделдегені сол мерзім аралығында басылған кітаптардың шығу хронологиясынан аңдалады. Өйткені, бізге мәлім авторлар оқу құралдарының дені 20-30 жылдар дересінде баспадан шыққан. Міржақып 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі және «Алаш» өкіметін құру кезеңіндегі, Кеңес өкіметі тұсындағы қазақ тіліндегі оқу құралдарын жазуға белсене атсалысқан алғашқы авторлардың бірі екені даусыз.
Біздің пікірімізді «1920-21 жж. А.Байтұрсынұлы Халық ағарту комиссары (министр) болып тұрғанда оқулық жазу ісі біршама жүйеленді» деген Е.Тілешов пен Д. Қамзабекұлы құрастырған «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығындағы тұжырым қуаттай түседі. Аталған энциклопедиялық анықтамалықтың дерегіне жүгінсек, сол жылдары қай автордың қандай салада еңбек жариялағаны мағлұм болады. «Сол жылдары А.Байтұрсынұлының, Қошке Кемеңгерұлының - лингвистика, тарих, әдебиеттану, методика; Міржақып Дулатұлының, Әлімхан Ермекұлының, Сұлтанбек Қожанұлының – математика; Жүсіпбек Аймауытұлының – психология; Мағжан Жұмабайұлының (Анықтамалықта тегі осылай берілген.А.О.)– педагогика; Елдес Омарұлының – физика, геометрия; Жұмақан Күдеріұлының – биология; Хәлел Досмұхамедұлының – зоология, лингвистика, анатомия; З.Оспанұлының – астрономия; Телжан Шонанұлының – тарих; Мұхтар Әуезұлының (Анықтамалықта тегі осылай берілген.А.О.) – әдебиет; Жұмағали Тілеуліұлының – медицина ғылымына байланысты оқу құралдары жарық көрді. Әлихан Бөкейхан бастаған енді бір топ ғалым орыс тіліндегі дүниелік ғылымдарды танытатын оқулықтарды, ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аудара бастады. Айталық, К.Фламарионның «Астрономия әліпбиін», Д.Гравеннің «Дүниенің құрылысын» - Ә. Бөкейхан; Ю. Вагнердің «Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелерін» - М.Әуезұлы; В.Вагнердің «Жануарлар туралы әңгімесін» - Абдолла Байтасұлы; Д.Кудрявксийдің «Арғы мәдениетін» - Мырзағали Есболұлы тәржімеледі». («Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығы. Е.Тілешов, Д. Қамзабекұлы, Алматы 2014/ «Сардар» баспа үйі)
Осыдан-ақ Алаш зиялылары оқу-ағарту саласында мектеп, оқу-әдістемелік құралдар жазып қана қоймай, қажетті құралдарды аударумен айналысып, педагогикалық зерттеу әдістерін жазып, бірін-бірі толықтырып отырғанын аңғарылады.
Міржақып Дулатұлы 1922 жылдан 1926 жылға дейін отбасымен бірге Орынборда тұрады. Онда қазақтың халыққа білім беру институтына оқытушы болып істейді. Тыныштықта өткен осы төрт жылда Міржақып Дулатұлы шығармашылық жұмысына құлшына кіріседі. «Есеп құралының» үшінші басылымын әзірлеп, Орынбор, Ташкент қалаларында бастырып шығарады. «Балқия» атты төрт перделі пьеса және бірнеше аударма жұмыстарын жазады. 1923 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабының» (хрестоматиялық оқулық) толықтырылған нұсқасы, Қызылордадан 1927 жылы «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көреді.
Бұл жалпыға ортақ мәліметтер «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығында нақтыланады. «Ахмет 1926 жылы «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды. «Тіл құрал» атты үш бөлімнен тұратын оқулық арқылы қазақ тілінің табиғаты, құрылымын танып-танытуды мектепте белгілі пән арқылы да үйретуге болатынын дәлелдеді... Міржақып 20-шы жылдары «Есеп құралы: бірінші жылдық», (Орынбор, 1922), «Есеп құралы: екінші жылдық» (Қызылорда 1927) атты оқулықтарын жариялады. («Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығы. Е.Тілешов, Д. Қамзабекұлы, Алматы 2014/ «Сардар» баспа үйі)
Осы орайда, айтып өтейін. «Есеп құралы» екінші жылдық оқулығының Ташкентте, Қызылордада басылғаны туралы деректерді оқығаныммен, Орынборда басылғаны жайлы мәліметтерді кездестіре алмадым. Есесіне, Міржақып Дулатұлының шығармашылығына қатысты библиографиялық көрсеткіштерде 1914 жылы Орынборда шыққан Міржақып Дулатұлының бастауыш мектептің 1-2-жылдығына арналған «Есеп құралы» оқулығы кейін 8 рет басылды деген мәлімет ұшырасады. Салыстыра айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлының атақты әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912- 1915 жылдар аралығында 7 рет қайта басылып, ұлтты ағартуға үздіксіз қызмет етсе, «Есеп құралы» 8 рет жарық көрген. Біздің қолымыздағы данасы соның 4-інші басылуы.
Бірінші кітап бастауыш сыныптың бірінші жылында, ал екінші кітап екінші жылында арифметиканы оқытуға арналған.
Бірінші кітап 4 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде 10-ға дейінгі сандармен танысу, екінші бөлімде толық ондықтар, үшінші бөлімде 10-20 аралығындағы сандар мен амалдар қолдану, төртінші бөлімде 100-ше дейінгі сандармен есептер.
Екінші кітап 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде 100-ге дейінгі сандарға амалдар қолдану, екінші бөлімде 1000-ға дейінгі санау амалдары, үшінші бөімде төрт амалды есептер шығару.
«Есеп құралының» 1925 жылы Орынбор қаласында жарыққа шыққандығын ескерсек, бізге М.Дулатұлының Орынбор қаласында өмір сүрген жылдары маңызды болмақ. Қайраткердің Орынборға келуі абақтыға жабылуымен байланысты болған. Бұл кезең жайлы Гүлнар Міржақыпқызының естелік жазбаларында нақты мәліметтер беріледі:
«Шыңғыстауда тұрғанымызда бір күні бізге «Міржақып ұсталды» деген суыт хабар келді. Ести салысымен қыс болғанына қарамастан, Семейге жеттік. Семей – біздің отбасымыз үшін ерекше ыстық қала. Біз онда екі қабатты үйде Бөкейхановтар отбасымен бірге біршама уақыт тұрғанбыз. Сол Семейдің түрмесінде жатқан әкем мен Әлихан Бөкейхановты Орынбор түрмесіне жіберді. Онда біраз уақыт қамауда болған соң екеуін де босатты. Әлихан Бөкейхановты Мәскеуге жіберіпті де, әкем сол Орынборда қалады. Екі айдан соң шешем екеумізді өзінің қасына алдырды. Бұл 1922 жыл болатын. Содан 1928 жылға дейін небары алты жыл ғана біз отбасы болып ғұмыр кешіппіз...» (Гүлнар Міржақыпқызы «Шындық шырағы» естелік-эссе /Алматы 2013 «Мектеп» баспасы)
Алаш көсемдерінің бірі болғандықтан, өмірі қуғын мен қамауда өткен Міржақып Дулатұлы Семей түрмесіне бір емес екі рет түседі. Бірі сонау ақ патша өкіметі тұсында, «Оян қазақты» жарыққа шығарған 1911 жылы болса, екінші рет араға 11 жыл салып, 1922 жылы Семей облыстық сотында судья болып қызмет атқарып жүрген кезінде орын алады. Гүлнар Міржақыпқызы әкесінің екінші рет түрмеге түскен кезін сипаттап отыр.
Өз заманында «Есеп құралын» Республикалық Халық ағарту комссариаты жоғары бағалап, оны қайта басып шығару туралы шешім қабылдап, кеңестік кезеңде бастауыш мектептерде кең пайдалануды ұсыныпты: «Бұл оқулықтың мазмұны қазақ балалары өмір сүріп жатқан ортаның талғамына толық сай келеді. Мысалдар қазақтардың күнделікті тіршілігенен алынған. Кітапта балалар ұғымына ауыр келетін бірде-бір тапсырма жоқ. Есептердің барлығы бала жанына жақын, ұғынықты да түсінікті. Бұл аталған оқулықтың басты жетістігі... (Stud.kz Автореферат.)
«Есеп құралының» 1925 жылы басылып шыққан нұсқасы «Жүзге шейін сана» бөлімімен ашылып, бір таңбалы сандарға екі таңбалы сандарды қосу тапсырмасынан басталады. Бірден назар аударатын амал – «есеп сызғышы жәрдемімен қосу». Сызғыштың көмегімен қосу немесе азайту амалдарын орындау қазіргі таңда да бастауыш мектептерде кеңінен қолданылады.
Қолымыздағы оқу құралынан бұған мысал келтірейік. 9) Қыс ортасына шейін бір сиырға 45 пұт, бір ешкіге 7 пұт пішен керек. Сиыр мен ешкіге қанша пішен керек? 16) Абылайұлы Арынғазы есептеп қараса, бір жылдың ішінде сиырлары далада 23 жеті жайылған, қорада одан 6 жеті артық тұрған. Бір жылда неше жеті бар? 22) Оқу үйінде кітап, газеттер бар. Газеттерден «Ауыл», «Еңбекші қазақ» алдырылады. «Еңбекші қазақты» оқушы 27 кісі, «Ауылды» оқушының саны одан 15-і артық. Бұл қалада газет оқушы адам қанша?
Есеп құралының мазмұны таза ұлттық сипаттағы есептер. Қазақ халқының күнделікті өмірінен алынған. Тапсырмалардың шарттарында қазақ оқушыларының жас ерекшеліктері мен ұлттық психологиясы ескерілген, ал мазмұндары бойынша олар оқушылардың өз бетінше дамуы мен белсенділігін арттыруға бағытталған. Әсіресе, оқушылардың ұлттық санасын қалыптастыруға ерекше ықпал етеді. (Stud.kz Автореферат.)
Мысалы: 74) Қазақтың құнан өгізі орта бағамен 25 сом тұрады. Тайыншаның онан 12 сомы кем. Тайынша неше сом тұрады? 78) Келбет шаруа мамандарынан егетін шөптермен танысып, солардың әр тұқымдарын тауып алған еді. Ол былтыр бір десятина жерге түрлі шөптен 38 килограмм тұқым шашты. Бұлардың өзге түрлері 24 килограмм болып, қлғаны жоңышқа еді. Келбет неше килогармм жоңышқа шашты?
Осы есеп тапсырмаларынан-ақ қазақы тұрмыстың кең көрінісін байқап, баланың ұлттық ұғымына жақын әдістемелік материал қолданылғанына қайран боласың. Оның үстіне кітаптың тілдік қолданысы бай, қазақ халқының тілдік құнарын танытады. Осындай да қазіргі таңдағы Ресей, батыс елдері білім беру жүйесінен тікелей қазақшаға аударылған оқулықтарды еріксіз еске аласың. Ұлттық бояуы солғын дүние баланың жадына сіңбейтіні де содан шығар. Ал Міржақып ұсынып отырған есеп, амал шарттарының өзі тәрбиелік сипатқа иә, еңбекке баулуды көздейді. Мысалы, 484) Молдаш тырнауыш істеп, кооперативке сатып тұрады. Тырнауыштың бір дюжинасы үшін оған 1 сом 50 тиын береді. Қыс бойы Молдаш 24 сом тапты. Ол неше тырнаушы істеді? Бұл жерде есепті шығару ғана емес, Молдаштың еңбектену арқылы табыс тапқанын, баланы сондай болуға меңзеп отыр.
Өзінің 1916 жылы «Қирағат кітабына» жазылып, мұғалімдерге арнаған алғысөзінде бала тәрбиесінің маңызына ерекше тоқталады. Қайраткердің пікірінше бала -ұлт ұлы болып қалуы тиіс. Ол үшін не істеу керектігін былай баяндайды: «Бастауыш мектепте алған тәрбиесінің әсерлі, күшті, сіңімді болуы қай халықтың мектебінде болса да оқу кітаптары ана тілі мен өз ұлтының тұрмысы мен һәм табиғаттан жазылып, баяндап оқытудың асыл мақсатына муафик үйретуден, осылай біліп, баяндап оқытқанда балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухы сіңісіп, ана тілін анық үйреніп, керекті мағлұмат алып шығады. Мұндай балалар бастауыш мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың мектеп-медресесінде оқыса да, қай жұрттың арасында жүрсе де сүйегінесіңген ұлт рухы жасымайды. Қандай болса да тіршілігінде қандай ауырлық өзгерістер көрсе де ұлт ұлы болып қалады. Оқудағы мақсат – жалғыз құрғақ білім беру емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру» (Міржақып Дулатұлының 6 томдық шығармалар жинағы, 4-том, Алматы, 201 3 «Мектеп» баспасы, 15-бет). Міржақыптың ағартушылық қызметінің кредосы – құрғақ білімберу емес, біліммен бірге тәрбие беру екен. Осы ұстанымнан «Есеп құралын» жазу барысында да ауытқымағаны байқалады.
Міржақып Дулатұлының 2013 жылы Алматы «Мектеп» баспасынан шыққан 6 томдық шығармалар жинағының 4-томына ағартушылық бағыттағы еңбектері мен оқу құралдары топтастырылған. Осы кітаптың 113 –бетінде 1922 жылы басылған бастауыш мектепте бірінші жыл оқылатын «Есеп құралы» (Өлкелік Қырғыз типографиясы, Орынбор, 1922), 153-бетінде Орынбор қаласында «Дін мағишат» баспаханасынан 1914 жылы басылып шыққан бастауыш мектептің екі жылдығына арналған «Есеп құралы» және 195-бетінде 1927 жылы Қызылордада басылған,бастауыш мектептің 2-інші жыл оқылатын «Есеп құралының» Қазақстан мемлекеттік баспасөз бөлімінен түзетілген, толықтырылған данасының араб үлгісіндегі жәдит жазуынан қазақ әрпіне алғаш рет түсірілген нұсқасы ұсынылған.
1927 жылғы басылым - «Есеп құралының» 6-шы басылуы. Ал біздің қолымызға түскен «Есеп құралы» 1925 жылы Орынбор қаласы, Қырғыз мемлекеттік баспаханасынан жарық көргенін қайталап өтейік. Құзырымыздағы басылымды Қызылордада басылып шыққан нұсқасының көшірмесімен салыстыра қарағанда, бір-бірімен сәйкестігі анық байқалды.
Жекелеген редакциялық өзгертулер де кездесетін сияқты. 1925 жылғы кітаптың «Шапшаң санау және шәкірттерге өздігінен шығару үшін мысалдар» бөлімінде «Бірінші жүз» десе 1927 жылғы оқулықта «Бірінші жүздік» деп жазылған. Осы жерде 4-томдыққа енген 1927 жылғы оқулықтың аудармасында «Бірінші жүздік» тапсырмалық бағанындағы 5-інші баған жоқ, түсіп қалған. Бәлкім, оқылмауы да мүмкін. Бұл саты 1925 жылғы оқулықта бар. 5) 40+23
24+30
75+20
40+52
15+20
50+41
37+60
70+17
1925 жылы басылған оқулықта барлығы 504 тапсырма берілсе, 1927 жылғы нұсқаның аудармасында барлығы 503 тапсырма деп көрсетілген. Алайда, екеуінде де осы тапсырманың мәтін мазмұны бірдей: 504) Орыс өлшеулерін метр өлшеулеріне (анығырақ) аудару үшін саты: шақырым = 1 км 66 м 80 см кез = 71,1 см; таяқ = 2 м 13 см; бөршек = 44 см; пуд = 34,8 см; дүйім = 25 см; пұт = 16 кг 380г; қажақ = 409,5г; мысқал = 4,3 г. - деп келеді.
Екі басылымды да зерделей келе, 1925 жылы Орынборда басылған нұсқа мен 1927 жылы Қызылордада шыққан оқулықтың мазмұны біркелкі екендігіне көз жеткіздік. Павлодар облыстық С.Торайғыров атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы сирек кітаптар қорында сақтаулы тұрған Міржақып Дулатұлының бастауыш мектепте 2-інші жыл оқылатын «Есеп құралы» оқулығы М.Дулатұлының көп томдық шығармалар жинағының 4-томына еніп, ғылыми айналымға түскен 1927 жылғы нұсқасынан 2 жыл бұрын жарияланғандықтан, зерттеушілер үшін көнелігімен құнды демекпіз.
Айбек ОРАЛХАН
Павлодар қаласы.
«Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының жауапты хатшысы
Бөлісу: