Қарлығаш Әубәкіртегі. Ар таңбасы
Бөлісу:
Ж. Аймауытұлы аудармаларындағы рух пен нәпсі категориясы
(адюльтер мотиві негізінде)
Тіршілік атаулыға негіз болған Жаратушының адам баласына берген екі дүниесі бар: рух пен нәпсі. Рух – Құдайдың бір түйір нұры, бөлшегі, әлемдегі ең биік жаратылыс. Нәпсі – керісінше, жер жаһандағы ең харам, лас қасиеттердің сығындысы.
«Алла Тағала адамзатты жаратқанда, рух пен нәпсінің кішкентай ғана түйірін теңдей көлемде әр адамның ішіне салып берген-мыс. Адамның бар міндеті, сол екеуінің біріне таңдау жасап, соған қызмет қылу арқылы Құдайға өзінің шынайы болмысын көрсету», – дейді халық санасында ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан бабалар сөзі.
Сондықтан тіршілікте адам баласы жаратылғалы бері тоқтаусыз жүріп жатқан майдан – рух пен нәпсінің шайқасы. Бұл жөнінде небір ғұламалар, данышпандар, ғалымдар, ақын-жазушылар мен көпті көрген көнекөз қариялар айтқан. Адамзат таныған рухтың кескіні – кішілік, мінезі ұяң, ар мен ұяттың тұғыры. Ал, нәпсі болмысы – тәкаппарлық, өзін өзгеден зор санау, мінезі – арсыздық пен қатігездік, өзімшілдік пен қорқаулық, өтірік пен екіжүзділік.
Сондықтан болар Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы, Ш.Құдайбердіұлы сынды алаш әдебиеті өкілдерінің қай-қайсысын алсақ та, бәрінің де рухани тақырыптан кіндік үзбегені анық. Ә.Бөкейханның «Пайхамбарға хат», «Мақар» аудармалары, Ш.Құдайбердіұлының «Иманым» атты жыр жинағы, Л.Н.Толстоймен хат алмасуы, Ж.Аймауытұлының «Пәренжі», «Молла Ирамидың кітап жазуға қалай кіріскені» (Руми) т.б. көптеген туындылар сөзімізге дәлел.
Әлем әдебиеті классикасы да осы тақырыптан алысқа ұзай қоймады. Овидийдің (Еуропа әдебиетіндегі классикалық «Алтын есек» шығармасының авторы) есекке айналған адамы айуан боп жүріп адамдардың шынайы келбетін көріп шошиды. Ол – адамдардың бет-әлпетінің көріксіздігінен емес, жүректерінің қаралығынан түршігеді. Мопассанның (фр.жазушысы Ги Де Мопассаннан тәржімалаған Ж.Аймауытұлының «Су жүзінде» атты аудармасы) балықшысы су үстінде қорқа бастайды. Шындығында қорыққан оның өзі ме, әлде рухтың қараңғылыққа түскен кездегі қорқынышы ма? Тагордың (Рабиндранат Тагордан тәржімалаған Ж.Аймауытқлының «Балжан» атты аудармасы) Балжан қызы (Шубхашини) мылқау болып, тағдырдың қиындығынан жылайды ма, әлде қоғамның надандығынан, түптеп келгенде, адамдардың нәпсінің құлына айналғандығынан жылаған шарасыз рухтың хәлі ме? Ж. Аймауытұлының шығармашылығындағы қанша қиындық көрсе де, мойымаған Ақбілек қандай таңдау жасайды? Жұрттың сөзіне елеңдеген Ақбаладан гөрі рухты Балташтың етегінен ұстау арқылы неге жетеді? Ж.Аймауытұлы аудармаларында нәпсісін көйлегінің етегіне салып, әлдилеп, бірді бірге соғып, сыған қызы Лене, айналып келгенде, қарт шал Мұрданың (рухтың) алдында тізе бүгеді. Ел мен жер дегенде қоярға жан таппас қарт ақсақал Ысмайыл да ақыл таппай аласұрған кезде, өз ойымен өзі тілдесіп, рухымен сырласады; Шіркей, Месқарын, Иттіс сол баяғы әдетінше жұртты қанап, дүниеге малданып, нәпсіге алданып, дүр болып жүр, солармен алысқан Теке сақал болса, күшін ұлы рухтан алып отыр. Рух пен нәпсі таласы сынды мәңгілік тақырып Ж. Аймауытұлын да айналып өткен жоқ.
Жазушының аудармаларын оқыған сайын көңілге ой салар түрлі оқиғалар мен әр алуан бейнелердің жан-сырын танисыз. Мұнда, негізінен, ұлттық рух дейтін ұлы күштен қуат алған елге деген сүйіспеншілік тұнып тұр десек те, ұлттық рухтан бөлек, тек қана нәпсінің сипатын анықтайтын арналар да аз емес. Ол – асылы орысшадан деп көрсеткен «Пәренже» атты ертегі [1, 60 б.]. Тарихтағы аңыздың желісімен пайда болған бұл шығармада күйеуіне опасыздық жасаған Айша ханымның бейнесі мен «Қатындар» ертегісіндегі күйеулеріне бірінен соң бірі опасыздық жасайтын әйелдер бейнесі
Ж. Аймауытұлын неге қызықтырды? Әлде, аударма авторы әйел бейнесінің астарында адам болмысындағы басқа мағынаға ие сырды танытпақ болды ма? Бұл мәселенің шешімі күрделі де жеңіл, себебі ақ пен қараның түс айырымын айту оңай, ал себебі мен салдарын таныту қиын.
Отбасындағы опасыздық мәселесі, адамның рухтан бас тартып, нәпсіге бой алдыртуы ғылымда адюльтер деп аталады. Адюльтер сөзі «ад» және «алтарь» деген екі сөздің бірігуінен құралған. Латын тілінен аударғанда «ад» – тозақ, «алтарь» – мехраб, орын, дәргей деген мағынаны береді [2, р. 287]. Адюльтер мотивін әлем әдебиеті де шығармада құдай қосқан жарына опасыздық жасау арқылы тозақтың төрінен орын алатын нәпсіге ергендер бейнесі етіп суреттейді.
Шындығында тозаққа баратындар – жай ғана құдай қосқан жарына опасыздық қылғандар емес, сол арқылы рухтан бас тартып, нәпсіге ергендер. Себебі шынайы махаббатқа толы жүректе иман болады. Иман – ар мен ұяттың тұғыры. Ұятты адам ғашықтықтан өлгеннен гөрі ұяттан өлуді қиямет санайды. Абайдың Татьянасы да қанша жерден ғашық болса да, нәпсінің символикалық бейнесі Онегинді емес, өзінің арын таңдады емес пе?... Сол арқылы жүрегіне адами болмыстағы үлкен бақыт «тыныштықты» ұялатты. Еуропа әдебиетіндегі классикалық тұғырға көтерілген Тристан екі бірдей Изольданың алдына келгенде, түр-тұлға, бет-пішіні бірдей екеуінің арасынан шын Изольдасын, ғашығын жүрегінің дүрсілімен қоса Изольданың көзіне көзі тура түскендегі төмен қараған көзқарасының ұяңдығынан танып қояды. Изольданың рухани тазалығы да сол ұят дейтін адамдық болмыстың бір сипатынан туындап тұр. Болмаса, жапон прозасындағы Акутагаваның Цзиньхуа атты жезөкше кейіпкерінің Исаға «біреуге кесірім тиіп кетпесін» деп жалбарынуы шындығында ненің көрінісі? Бұл – ақ пен қараның, әділдік пен әділетсіздіктің, жақсы мен жаманның, әлсіз бен күштінің, ақылды мен ақымақтың, бір сөзбен айтқанда, рух пен нәпсінің таласы. Овидий, Флобер, Мопассан, Вилла-Лобос, Акутагава, Цвейг, Толстой, Пушкин, Абай мен Шәкәрім, Мұхтар тәрізді сөз өнерінің қасиетін түсінген абыздар адамның адамдық болмысы мен рухани тазалықты әу бастан «асыл сөз» етті. Махаббатты жырлады, әділдікті қолдады. Әлсіздер мен жарлылардың жайын көркем сөзбен суреттеп, рухтың мүддесін қорғады. «Жүрегінде иненің жасуындай нұры жоқ адам мейірім танытып, елі тұрмақ, теңін де сүйе алмайды», – деді. Нәпсінің ең сайқымазақ бетпердесі – өзімшілдіктің кейпіне еніп, тәкаппарланып, екіжүзділеніп, бірте-бірте рухты әлсіретіп, дүниенің, басқа атаумен айтқанда, нәпсінің соңынан ерген кейіпкерлерін сынады. Сондықтан нәпсінің көркем әдебиетте көрініс табуы әдебиеттің пайда болуынан да бұрын болған десек, қателеспейміз. Себебі ол адамзат жаратылысынан бұрын пайда болған.
Адюльтер мотиві шығыс сарынындағы ертегілерде жиі кездеседі. Атақты «Мың бір түн» ертегісі жорыққа кеткенде, әйелі опасыздық жасап, мұны білген хан әйел атаулыға деген сенімнен жұрдай болуынан басталмай ма? Әр түнін бірге өткізген қыздың басын ертеңінде шауып, ханды бұл райынан ешкім қайтара алмағанда, бас уәзірдің қызы Шахерезада ертегі айтып, ханның тастай қатқан жүрегіне мейірім ұялатады.
Ж. Аймауытұлының «Пәренжі» атты тәржімасын ертегіден гөрі тарихи-аңыз дегеніміз дұрыс болар. Себебі, «өткен дәуірде немесе белгілі бір тарихи кезеңде ғұмыр кешкен тарихи тұлғаларға, мекенге т.б. қатысты пайда болған аңыздарды – тарихи (тарихи-мекендік) аңыз деп атаймыз» [3, 364 б.]. Шығарма түпнұсқасының өзі Самарқан қаласында орналасқан әйгілі Бибі ханым мешітінің салыну тарихымен тікелей байланысты болған оқиға [4, с. 125-128].
1399-1404 жылдар аралығында Ақсақ Темір Үндістанға жорыққа аттанады. Аңыз бойынша Әмірдің ең сүйікті әйелі Бибі ханым асыға күткен жарының келуіне дейін әлемде теңдесі жоқ мешіт салдырып, аңсап жеткен жарына тарту етпек болады. Ханымның бұйрығы бойынша ең мықты деген шеберлер шақырылып, ішінде тұтқында отырған тал бойында міні жоқ сүйріктей жас араб жігітінің бағы жанады. Жас шеберге мешітті салуды бұйырған ханым күн сайын мешіттің құлпырғанын және бұл мешіттің әр тасында ерекше сезім сыры барын сезеді. Мешітке қараған сайын жансыз қара тастарға жан біткендей ханымның есі шығады. Ал, шебер ханымды көрген сайын ес-ақылынан адасады. Әрине, құдайдың нұрын ханымның жүзінен көрген соң есі кетеді. Тек ақиқатын ажырата алмай қалады. Ақсақ Темір келеді деген хабарды ести сала, ханым шеберден сүйіктісінің келгеніне дейін мешіттің құрылысын бітіруін сұрайды. Сонда шебер ханымға деген көңілін білдіріп, егер ханым бетінен бір сүйгізбесе, ғашықтық дертінен өлетінін айтады. Алғашында мұндай ессіздікті ойлағаны үшін жазаласа да, ақырында шебердің дегеніне келісіп, Ақсақ Темір келуге бір күн қалған кезде Бибі ханым қызыл ернін өпкізеді. Мешіт дайын болады. Тек... Ханымның ұртында шебердің сүйген ізі қалып қояды....
Тарихи аңыздың айтар ойы: бетке түскен ар таңбасын пәренжемен жапсаң да, жусаң да кетіре алмайсың дегенге саяды. Сүйгеніне жағамын деп, барынан айрылып қалған жас та сұлу ханымның өлімімен аяқталатын бұл шығарма идеялық жағынан көп нәрсені аңғартады.
Біріншіден, Ж. Аймауытұлы әйел психологиясы арқылы адам жанының қыр-сырын, тереңдігін, қатпар-қатпар астарын ерекше шынайылықпен суреттейді. Бибі ханымның тұрақтылықты сүйетін рухани адалдығы тұрақсыздықтың өлшемі болған нәпсіден жеңіліп, жан трагедиясына ұласқан азабын шебер жеткізеді. Екіншіден, нәпсі ешқашан жақсылыққа апармайтынын тағы бір мәрте айғақтайды. Түпнұсқа авторы одан қалай құтылуды аңғартса, аудармашы да сол амалды оқиға желісімен оқырманға ұсынады. Үшіншіден, арға, рухқа түскен таңба сумен жуып кетіре салатын кір емес. Мұны қазақ «сүйекке түскен таңба» деп те айтады. Сондықтан ар тазалығына аса мұқият болуды ескертеді.
Ар таңбасынан қалай құтылам деп есі шыққан ханымға әзәзіл көмекке келе қалады. Шығармада Жүсіпбек Аймауытұлы мұны былай суреттейді: «Мұндайда махаббат пердесін жанымен жаны ашығансып, аңдып жүретін әзәзіл сайтан айла тауып бере қойды. Ханым бетіне пәренжі салды; өз қылмысын білдірмеу үшін, әйел біткен бетіне перде киіп жүрсін, бетін көрсетіп, еркекті қызықтырып, азғырмасын, үйткені еркектің ойы дәйім қасиетті, зор жұмысқа бөлену керек деп жарлық шашты...» [5, 305 б.]. Рухын әлсіретіп, бойын нәпсіге берген адам әлсіздігін пайдаланған әзәзілді ғана кіналамаса керек. Жазушы ойынан осыны оқимыз.
Шығарманың сюжеттік шешімі ханым мен сәулетшінің өлімімен аяқталады. Жарты әлемді билеген Ақсақ Темірдің шындықты біліп, ақ пен қараны айыруы, кінәлілерге лайықты жаза беруі – нәпсіні тыйғандығы, сатқындықты жазалағаны. Шығарманың ең алғашқы сөйлемі «...Қызыл таңда ымырты да, аласәулесі де жоқ, «келе жатырмын» деместен, соғыс жарияламастан, қара түн келді де жарық күнді жағасынан алып ұрды», – деп басталғанда-ақ түпнұсқаның әрін ашқан аудармашының оқырманды селт еткізетіні байқалады [5, 305 б.]. Енді, міне, шығарманың аяғына жеткенде, бұл сөздің де мәнісі түсінікті болады. Қаралықтан жаралған нәпсіні пайдаланып, әзәзіл өз дегеніне жетіпті, жарық күнді жағасын алыпты. Шығарманың түйіні де осы болмақ.
Пәренже мәселесі қазіргі таңда да қазақ санасында жақсылықтың нышаны болып есептелмейді. Бір ғана халық арасында тараған
«Түріктің қызы бетін бүркеп жүреді,
Бәлесін соңнан тіркеп жүреді,
Қазақтың қызы жүзін ашып жүреді,
Бәледен қашық жүреді»
– деген сөз орамдары осының айғағы. Діни тұрғыда кей дінтанушы теологтардың пікірінше пәренже мәселесі ислам дінінің негізінде қыз балаға қойылатын шарт ретінде пайымдалғанымен, дәстүрлі исламды ақыл таразысына салып, қабылдаған қазақ үшін пәренже Жүсіпбек Аймауытұлының жазған пәренжесіндей жүрекке жылы тимейтіндігі анық. Діни сана мен ақыл таразысының қайсысы болмасын адам атаулыға ең басты құндылық ар тазалығы екендігін айтудай-ақ айтып келеді. Сондықтан, ар тазалығы сақталмаған кезде бет бүркегеннен пайда болмайтыны айдан анық. Абайдың:
Алла деп айтар сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес,
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа қол емес
– деген бір ауыз сөзі ой тұжырымымызды анық жеткізіп тұрғандай. Құдайға қылар мінәжат, қызмет, махаббат, адалдық бәрі де жүректен шықпаса, ар жолында болмаса, онда айтылған сөз бекер болмақ. Кешегі Ясауи бабамыздың «Хәл ілімі», Абай данамыздың «Иманигүл», «Толық адам» пәлсапасы мен Шәкәрімнің «ар ілімі» сынды философиялық-идеялық тәлім бағыттары қазақ халқының асыл мұрасы, рух тәрбиесінің әдістеме құралдары. Бұл бағыттар алаш арыстарынан да алшақ кеткен жоқ. Күйеулерінен көңілі қалған аңғал әйелдердің пайғамбарға хат жазып, кейіннен құдайдың құдіретімен сол тілеулері қабыл болған Әлихан Бөкейханұлының аудармаларындағы діни мотивтер де осы рух пен нәпсі, сенім мен адалдық тақырыптарының аясында туындаған көркем туындылар. Түсінде өліп, Құдайдың дәргейіне барғанда айта алмаған шындығын айтып, зар еңіреген Мақар шалдың қилы тағдыры да Құдайдың әділетінен үміт күткен алаш арыстарының сенім шырағы еді. Әулие Шәмстен бата алған Румидың шығармасын аударған Жүсіпбектің де арманы ұлтына деген ұлы махаббаттан қуат алған ар жолындағы рухтың адал қызметі еді. Айта берсе таусылмайтын бүл тақырып қашан да өзекті, қашанда тағылымды болары хақ. Асыл арыстарымыздың ар жолынан айнымай қызмет қылған ерлігі келер ұрпаққа өнеге, бүгінгі ұрпағына аманат!
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
- Аймауытұлы Ж. Алты томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. - Т. 1. – 384 б.
- Goody J. A Comparative Approach to Incest and Adultery // The British Journal of Sociology. - 1956. - Vol. 7, №4. - P. 287.
- Қасқабасов С. Фольклорная проза казахов: избранные исследования. – Астана: Фолиант, 2014. – С. 364.
- Халаминский Ю. Дорогами легенд. – М.: Сов. художник, 1967. – С. 125-128.
- Аймауытов Ж. Алты томдық шығармалар жинағы: повесть пен әңгімелер, аудармалар. - Алматы: Ел-шежіре, 2013. – Т. 3. – 384 б.
- Шифрин Ю. О неверности жен // https://www.stihi.ru/2013/03/12/8039.
Әубәкіртегі Қарлығаш Әділханқызы,
Семей қаласының Шәкәрім атындағы
мемлекеттік университеті, қазақ
әдебиеті кафедрасының оқытушысы,
PhD доктор
Бөлісу: