Көкшенің көк нөсері Көкен ақын

Бөлісу:

12.05.2018 9648

Бүгін замандастары Көкшенің көк нөсері Көкен ақын деп дәріптеген, Қазақстанның халық ақыны (1987), Қазақстанның ақын және жыршылар қоғамының президенті (1990), көптеген республикалық айтыстардың жүлдегері, 2-дүниежүзлік соғыстың ардагері Көкен Шәкеевтің дүниеге келген күні. Көзі тірі болса, айтулы ақын бүгін 94 жасқа келер еді. Осы орайда назарларыңызға К. Шәкеевтің қаламдас інісі, жазушы Төлеген Қажыбайдың бұрындары шыққан мақаласын ұсынамыз.

... Бір кезде тоқырап қалған қазақтың қайталанбас хас өнері – айтыс Орынбай мен Шөже, Кемпірбай мен Тоғжан, Сүйінбай мен Жамбыл, Біржан мен Сара, тағы да басқа он сан саңлақтардың айтыстағы ғажап жыр жауһарлары ауыздан-ауызға ауысып келіп, бабадан қалған тәбәріктей киелі де қастерлі қалпымен санамызға сіңгені де рас еді. Бірақ қазақ жұртының жыр күмбезіне осыншалықты жауһар жәдігерлерін шашып кеткен, азырқанбас көңілдерге асыл мұраларын алқаусыз қалдырып кеткен бабалар өнерін мансұқтағандай бір мұңлы кезеңнің кердең кесапатына ұрынғанымыз тағы да ақиқат болатын. Туған жұртымыздың төлтума айтыс өнерін жатырқай қабылдар біртоға ұрпақ санасынан білімділік пен білгірліктің, шеберлік пен ұтқырлықтың, сұлулық пен сұңғаттылықтың сипаттарын сіңірген ұлы айтыскерлердің төрт тұяғын шаң қаппас дегдар өнерін ұмыттыруға да, ұлт зердесінен сылып тастауға да болмайды екен. Бұл күнде Жүрсін Ерманов тәрізді ұлтжанды текті азаматтың тегеурінді де жүйелі еңбегінің арқасында айтыс өнері бұрын-соңды болмаған жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Бірақ осыған дейін Арқа алабында ағындап келіп омақа асқан айтыс бірқыдыру уақыт бас көтере алмай бұқпантайлап қалғандығы ақиқат еді. Сонда, басқа өңірлерді білмеймін, Көкшетау алабында айтыс алпысыншы жылдары қайта жанданып, қалың жұрттың қуаныш, қызығына өріс ашқандай болды. Оның бастау көзінде даңқты Үкілі Ыбырайдың немересі асқақ әнші, адуынды асау ақын Мұса Асайынов пен Көкен Шәкеев тұрған болатын. Екі ақынның қолтықтаса қатар жүріп, сахнаға да қатар шығып сөз сайысына түсулері ұлы өнердің өліп барып тірілген тектілігін қалың елге қайта танытқандай еді. Алдын ала жазып алып айтысқан Тұяқ Махитов, Қабиден Жаудин, Кәрім Тахауин, Қапез Халелов, Совет Баймағамбетов, Совет Қараболатов тәрізді он сан таланттарға өнеге үлестіріп, үлгі болған осы қос ақынның суырып­салмалық қасиеттері ауысып, бертін келе бұлар да қағазға иек сүйеуді қойып, импровизаторлық өнер биігіне қанаттарын қаға бастаған.

Ал, Көкен ақынның соңынан ілесіп, сөз өнерінің небір хикметін саналарына сіңіре алған бүгінгі тарлан таланттар Құбайдерлі Мырзабек, Ар­­­­­ман Бердалин, Тыныштық Шаменов, Иран Тас­­қа­ралар, сөз жоқ, ұстаз ұлағатын ұмытпаса керек. Көкен Шәкеев! Арқа алабында айтыс өнерінің барынша өріс ашып, кеңге қанат жаюына жолбасшы болған ақын Көкеннің еңселі тұлғасы, елеулі есімі ел ішінде кеңінен таралса, оның себебін ақын талантының қазықты тұсына шалма шалуға міндеттіміз. Тегіне тартпас тұлпар бар ма? Сондай-ақ, Көкен ақын да әкесі Шәкей, анасы Ажардың бойларындағы небір асыл қасиеттерді өз сүбесіне қапысыз жинай білген тәрізді. Кезінде ақын ағаның үйінен күміс сырмен күптелген бір асыл затқа жиі көңіл құлатушы едім. Бірде төрдегі кілем үстіне ілінген балдаққа тағы да назар аударғанымда, ақын аға:

– Төлеш, мына дүниеге жиі қарағыштайсың. Құлақ салсаң айтайын балдақтың сырын, – деді әдеттегідей жұмсақ жымиып.

– Айтыңыз, құлағым сізде.

– Бұл атақты Ақан серінің Көкжендетін отырғызған балдақ қой. Әкем Шәкейден қалған асыл мұра еді.

– Апырмай, осы уақытқа дейін қалай айтпай жүрсіз? – дедім ерекше ынтығып.

– Әкем Шәкей де «құс салып айдын көлде дабыл қаққан» саяткер еді. Бертін қарынан қуат кетіп, оның үстіне тың игерудің үрдісі кезінде өзен, көлден құс безіп кеткенде саяткерлігі саяз тартты емес пе. Бірде Ақан сері Сырымбеттегі сырлас досы Мақы төренің үйіне келді дегенді естіп әкей Шоқпыт деген бүркітін қолына қон­дырып, серіге сәлем беруге әдейі іздеп барып­ты. Ақан ағасының аза тартып жүдеп жүрген тұсы болса керек. Құлагері мерт болып, Көк­жен­детінен айырылып құсалық кешкен серіге әкей өзінің Шоқпыт атты қыранын ұсынып тұрып:

– Ақан аға, қайғыңызға қайғы жамай бер­мей бір уақ серпілсін, саят құрсын деп мына қы­ранымды сізге әдейі әкелдім. Қабыл алыңыз, – депті.

– Әй, Шәкей-ай, пейіліңе Алла разы болсын. Менде ендігі жерде нендей сал-серілік қалды дейсің. Думанды қызығымның бәрі мерт болған Құлагердің тұяғымен, жоғалған Көкжендеттің қияғымен келмеске кетті емес пе? Қыраныңның қызығын өзің көр. Қанжығамда байлаулы жүрген Көкжендеттің балдағын көзімдей көріп, қыран құсыңды соған қондырып алып жүргейсің, – деп күміс балдақты әкейге табыс­тапты қайран сері. Сол мүлік біздің әулеттің кенжесі маған тиді емес пе, – деді Көкен аға төрде ілулі тұрған балдаққа елжірей қарап.

Тағы бірде ақын аға анасы Ажар туралы да қызықты кепті шертіп еді.

– Ақындық маған анам Ажар арқылы нағашым керейден ауған. Көшебе керей Тіленші бидің Ыбырай, Смайыл деген екі ұлының үлкенінен Ажар туған. Анам әнші, суырыпсалма ақындығы да мол болатын. Ел ішінде етекбасты болып ақындықты қумаған ғой. Өзінің шыққан тегін әдемі дауысымен әндете айтып отырушы еді, жарықтық. Сондағы бір ауыз өлеңі есте. Түйемнің ауа берді кебежесі, Арқаның соқтырмайды бөденесі. Сұрасаң арғы атамды қаракерей, Мен өзім Тіленші би немересі, – дейтін.

Сол Ажар анадан Шәкей ақсақал арыстай алты ұл көрген. Олар Өтеубай, Бұқпа, Молдақ­мет, Қара, Аңдамас және Көкен еді. Бір шаңырақ­тың астынан өрбіген осы алты азамат тегіс Ұлы майданға атанды, осыдан үш ұл сол соғыстың қанды қасап даласында қалды, екеуі ауыр жараланып, елге оралғанымен сол зардаптан оңала алмады. Жасынан шомбал денелі, алып күштен сом тұлғасы құйылғандай Көкен өз тұр­­ғыластарынан әрі еңселі, әрі қуатты еді. Аға­ларынан бірінен соң бірі қаралы хабар келгенін көрген бозбала Көкен өзі сұранып майданға аттануға бекініп еді. Сол тұстағы ауыр да азапты кезеңді ақын Көкен былайша еске алар еді:

Лағнет айтып соғысқа,

Жеңгелер жүр налыған.

Жарып жөнді ас ішпей,

Кезіміз болды арыған.

Сол күндер еске түскенде,

Қазірде де тарығам.

Сиыр деген пәлекет,

Желкесі жоқ өгіздей,

Мойнына жарма ілмейді,

«Арам қатқыр» дегізбей.

Иә, «бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген жалғыз ауыз ұранның астында еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің көрген тауқыметін тілмен айтып, қаламмен толғап жеткізуге бола ма? Жоқ, әрине.

...Менің он бес жасымда,

Сұрапыл соғыс басталды-ай...

Қара қағаз ол кезде,

Көктен түскен жасындай.

Ортамыздан әкетті-ау

Талай шіркін асылды-ай!

Бойды басқан ауырлық

Таудың шомбал тасындай.

Күнде естірту жамандық,

Еңіреу ешбір басылмай.

Соғыстың бітер түрі жоқ,

Біздер де қару асынбай.

Соғысқа мен де аттандым,

Ұлғайтып екі жасымды-ай...

Міне, кенже ұл Көкен де майданға аттанбақ. Жәй аттанбақ емес, мерт болған бауырларым үшін кек алам дейді. Он бестегі жасына екі жас қосып есейгендер сапында тұрып, жаумен жағаласпақ. Кейуана Ажар, асқар тау Шәкей қарттың осы тұстағы зар-наласы мен қайғы-қасіретін тап бүгінде де жазып жеткізе алмай ет жүрегің езіледі, жан дүниеңді өрт шалғандай шерлі қалге түсесің. Ұлдарының алдынан «ерлікпен мерт болды» деген қаралы қағаз келе бастаған Шәкей шалдың шаңырағы шайқалып ортасына түскендей ме дерсің. Не десек те сүйектері асыл қос қарт бастарына түскен алапат қасіретті қайыспай көтере білді, келер күндерден үміт күтті. Сол үміті 1943 жылы қанды жорыққа аттанған Көкеннің ұрыс даласынан жолдаған үшкіл хатпен қанаттана түсетін еді:

Қазірде Көкең де жүр армияда,

Заман ғой кететұғын әр қияға.

Ғұмырды жалғастыра ілгеріге,

Баратын күн де туар қайта ұяға...

деген кен­же ұлдың өлең жолдары қарттарға демеу болатын.

Кенигсберг қаласы үшін болған қара қуыр­­дақты шайқасқа қатысқан Көкен «За отвагу» медалімен наградталды. Бұл бозбала Көкеннің көз­сіз ер­лігі үшін берілген мәртебелі награда еді.­ Сол шайқасты шайқасқа ұластыра жүріп жауын­гер Көкен туған елге 1947 жылы оралып еді. Майданнан есен оралған оны елге хатпен жолдаған өлеңдері өзін ән болып қарсы алды. Сөйтіп, жауынгер Көкеннің бейбіт өмірі ақындық өнерден өз арнасын тауып, ілгері өрлей берді. Өзі де, қасындағы өнерпаздарға да өріс ашып, қазақтың айтыс өнерінің ақ айдынына арманды ақ желкенін айқара керіп тастап оза түсті, ілгерілеп кете барды.

Қазақстанның халық ақыны Шәкен Отызбаев бала Көкен, бозбала Көкеннің бұғып, булығып жатқан ақындық өнерін қиядан танып, оны қуатты арнаға салуда көп еңбек сіңірген рухани ұстазы болды. Қабырғалы ақынның «Алтын жас» атты кең тынысты, терең толғау дастанын жаттап алып ауыл арасында айтып жүрген Көкен ауыз әдебиеті үлгісі айтыскер ақындарға таптырмас қайнар бұлақтың көзіндей әсерлендірген. Кейіннен өзі де хисса-дастандарды жаттап алып, жиылған жамағаттың алдында айтуды әдетке айналдырды. Халықтың қазынасы ақынның сөз өнеріне өріс ашар жарқын мектебіне айналды. Сөйтіп, ол ендігі жерде айтыс өнерімен қатар жыршы, жыраулық үлгінің де үдесінен шыққан шайыр атанды. Кейіннен күй табақтарға Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай жайлы толқымалы тоқсан тараулы хисса-дастандарды жаздырды.

Көкен Шәкеевті жалпақ жұрт ең алдымен айтыскер ақын ретінде таниды. Ол заңды да. Өйткені, оның әу дегеннен қадам басып, батыл араласқаны айтыс өнері болды, әрі көкшетаулық талай жастарға ұстаздық етті. Ең бастысы, бұл өңірде бұғып қалған ұлы өнердің қақпағын айқара ашып, жаңа бір қуатты қарқынмен қанаттануына жол көрсетті. Ал, республикалық деңгейдегі сан айтыста топ жарып, торай алдырмас арынды қуатымен алқалы жиынның құрметіне бөленгендігін атап айтсақ еш артықтық етпейді. Игібай, Мұса, Қалихан, Мұқаш, Таушан, Манап, Әбікен, Ахметжандармен иықтаса, үзеңгі қақтығыстыра қатар шыққан Көкен өзінің адами асыл қасиеттерімен, ілкі озық жарқын өнерімен, тұйықтан жол тауып кетер шеберлігімен дараланатын еді. Ақын аға қай жерде айтысқа түсе қалса да ең алдымен өзінің томағасын сыпырып, қанаттандырған қасиетті Көкшетауына арқа сүйейтін, Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай дәстүрін жалғап келе жатқан тума талант екендігін бөле-жара айтатын.

Алдыңда тұр – ақын туған ұлдарың,

Жырмен тербеп Көкшетаудың қырларын.

Риза қылсам деп ойлаймын жұртымды,

Ағытылып, асыл сөзден жырларым, – деуі де сондықтан.

Көкен аға ақын ретінде қазақы сөздің қадір-қасиетін жоғары бағалап, сөз асылын ерінбей екшей білуге, орынды қолдануға, көркемдігін барынша пайдалана білуге үндейтін. Айтыс өнерінің тәрбие мектебі екендігіне ерекше назар аударатын. Жас ақындарды қарсыласына құрметпен қарауға, сыйлауға жетелеп, мінін бетіне басып, кемсітуден сақтандыратын. Осы қағидаттарды өзі де қатты ұстанатын. Бұл қасиетінен жаңылған емес. Кезінде айтыс өнерінің дарабозы Қонысбай Әбілов Торғайдың топжарғаны Нұрхан Ахмет­бековпен қатар Көкенді де өзінің ұстазы сана­ғанын естіп, білгенбіз. Бұл Қонысбай ініміздің ізеттігі әрі Көкендей талантты танып, білуі еді.

Ақын Көкеннің ел алдындағы еңбегі елеусіз қалды деп есептемейміз. Оған кезінде «Қазақстанның халық ақыны» деген құрметті атақ берілді (1987ж.). Оның өнердегі өрісті де өнегелі жолы ескеріліп ол Қазақстан ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті болып сайланды. Өкініштісі сол, игілікті бастамаға тиек болған бұл қоғамдық ұйым жабылып қалды. «Халықтар достығы» орденімен наградталды. Осының бәрі Көкен Шәкеевтің ел алдындағы ерен еңбегіне берілген лайықты баға, көрсетілген зор құрмет болатын. Ақын аға ордалы отбасының ардагер ақсақалы бола білді. Анамыз Дәржан екеуі үш ұл, үш қыз өсіріп ержеткізді, бәріне жоғары білім алып берді. Құралайы полиграфия институтын, Еркіні педагогикалық институтты, Майра Мәскеудегі М.Щепкин атындағы театр училищесін, Ерболы Т.Жүргенов атындағы театр институтын, Зайра Алматыдағы шет тілдер институтын, Еркеш Мәскеудегі К.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын тәмамдаған. Қазір бұлардың бәрі де елі үшін еңбек етіп, әке арманын одан әрі жалғастыруда. Ал, Еркеш болса есімі мәшһүр әнші әрі композитор. Көкен ақын шын мәнісіндегі туған халқының ақыны болды. Әр жыр шумағында оның елі, жері, халқына деген зор мақтанышы, арман-аңсары, игі тілегі өріліп түсіп жататын.

Менің даусым бұқараның өз үні,

Менің жырым – бар жүректің сезімі.

Менің әнім – туған жердің шаттығы,

Қуанышы, күлкісі мен әзілі.

Менің туым – туысқандық, бірлестік,

Маған дұшпан – көре алмастық, күндестік, – деп ағынан жарылуы да содан болса керек. Елі есен тұрғанда халық ақыны Көкен Шәкеев те жасай бермек, сұлу жырларынан бүгінгі ұрпақ сусындай бермек.

Төлеген ҚАЖЫБАЙ, жазушы. Ақмола облысы.


egemen.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар