Балуан Шолақ еліне сапар

Бөлісу:

23.05.2018 9174

«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» жобасы бойынша іссапарымыздың алғашқы күнінің екінші бөлігінде қазақ даласының батыры, әйгілі сал-сері Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлының туып-өскен өңіріне бару жоспарланған болатын. Бұланды ауданы орталығында бізді Вознесен ауылдық округінің әкімі Юлия Николаевна Сироткина қарсы алды.

Жеңіл машинамен оңтүстік батысқа қарай бағыт алып, Қараөзек, Байсуат, Аққайың, Купчановка елді мекендерін басып өтіп, Вознесенка селосына жеттік. Аудан орталығынан 30 шақырымда орналасқан бұл селода бір замандарда сегіз мыңға жуық тұрғын болған екен. Қазіргі күні округтің өзінде мың жарымға жуық адам қалған Вознесенканың күйі әсіресе, немістер Германияға түп қотарыла көшкенде кетіңкіреп қалса керек. Ауылдық округ әкімі халық санының өсімі соңғы кезде бір қалыпқа түскенін айтты. Бұл арадан темір тұлпар ауыстыруға тура келді.

Оңтүстікке қарай бағыт алатын жолымыз орман-тоғайлы, жыра-жықпылды болғандықтан, «Нива» жол талғамайтын көлігі қолайлы болмақ. Балуан Шолақтың ата қонысы Тастыөзекке дейін ұласқан грейдер жол кеше ғана тегістелген екен. Жолдың екі жағы ну орман. Мұнда бұлан, елік, қабаннан өзге кейінгі жылдары бизон жерсіндірілген екен. Қазіргі күні елуге жуықтап қалыпты. Қос қапталын ну орман көмкерген жолмен зулаған бойы тай шаптырым ашық өзекке шықтық. Орманмен жиектелген көлденеңі бір жарым, ені бес шақырымдай алаптың ортасындағы дөңгіл-дөңгілдің үстінде бір қарағанда ыстықтан үйездеп жусаған мал тәрізді сиыртас, қойтастар көрінеді. Алапты қақ жарып аққан өзен – Қайрақты. Ат қоюға шебер қазекемнің берген Тастыөзек атауы қапысыз-ақ. Біз ауылды жиектеп, Қайрақтының оң жағалауына өтіп, жасанды су қоймасын бойлап жүрдік. Бірнеше шақырымнан соң кең алқаптың жиегіне шыққан кезде алдымыздан оба тәрізді төбешік көрінді. Бұл – Балуан Шолақтың мемориалдық ескерткіші екен.

Биіктігі бір қабат үйге таяу төбешіктің үстіндегі стелламен қосқанда 16 метр. Айналасы қызыл граниттелген төбешіктің сегіз қыры бар. Сегіз қырына қойылған гранит тастарға Балуан Шолақтың сегіз түрлі қасиеті жазылған. Баспалдақпен стеллаға көтерілген кезде қошқармүйіз түрінде қашалған үлкен гранит тас пен өзге де табиғи тастар қойылған.

Бұл ескерткіш кешен белгілі меценат Марат Нәбиевтің демеушілігімен тұрғызылыпты. Қоғам қайраткері Өмірбек Байгелди Еуропадан тапқан мүсіннің бейнесі де ескерткіштен орын алған. Тамаша композиция.

1864 жылы осы Қайрақты бойында дүниеге келген Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1919 жылы өмірден өткенде туған топыраққа жерленіпті. Айналасы бұдыр-бұдыр шұңқыр екендігіне қарап, бұл жер көне қорым орны екенін аңғаруға болады. Ауылдан бес шақырымға жуық қашықтықта жатқан батырдың мемориалдық ескерткіші теміржолдан да, автожолдан да тым алыс емес. Яғни, болашақта халық көптеп келетін туристік нысанға айналдыруға мүмкіндік бар. Округ әкімі Балуан баба басына зиярат етушілердің қарасы аз емес екенін айтты. Мемориалдық ескерткіш төңірегі біршама абаттандырылыпты.

Балуан Шолақ бабаның басына барып қайтар жолда ат басын Тастыөзек аулында тұратын немересі Хайролла ағаныкіне тіредік. Ол кісінің үйі қарағай мен қайың араласа өскен ықтасын төбенің баурында екен.

Отағасы Хайролла ағамыз өмір бойы осындағы шаруашылықта жүргізуші болыпты. Батыр тұлғалы, дөңгіл мұрынды, ақсары жүзді келген Хайролла аға артық мінез, көп сөзге жоқ, біртоға кісі екен.

- Біз Балуан Шолақтың тікелей ұрпағымыз. Арғы аталарымыз Кенесары заманында Шу бойынан осы Тастыөзекке келіп мекендепті. Бұл – керей руына тиесілі жер екен. Руымыз – үйсін ішінде сәмбет атасынан. Балуан атамыздан Исажар, Құдайберген деген екі ұл, Бәтен деген қыз болыпты. Исажар мен Құдайбергеннің арасы жиырма жас екен. Атам дүние салғанда менің әкем он жетіде болыпты. Содан есептей бер. Жұрттың «Балуан Шолақты атып өлтірген» деп айтып жүретіні – осы Исажар атамызға қатысты оқиға. Исажар атамыз да әкесіне тартқан қарулы кісі болыпты. Қажырлы, қайратты Исажарды Балуан атамыз өткеннен он жылдан соң казак-орыстар қапияда атып өлтірген екен.

- Сіздер Шөкеңнің кенже ұлы Құдайбергеннен тарайсыздар ғой?

- Иә. Анамыз Ғазиза Мәтенқызынан мен, Шайдолла, Қамидолда, Есенбай деген ұлдар, Айбат, Асыл деген қыздар туған. Менен басқасы әр жерде тұрып жатыр. Шайдолла Астана қаласында қызметте. Әкеміз 1975 жылы 73 жасында өмірден өтті. Ол кезде мен жиырма жаста едім. Жалпы бес жасымнан атқа отырып, жұмысқа жегілген адаммын. Отбасын асырау керек болды. Сондықтан ары-бері еркіндеп жүруге еш мүмкіндік болған жоқ, - деп қысқа қайырды.

- Балуан атамыз жайлы әкеңізден естіген, көкірекке жатталған әңгімелеріңіз бар шығар аға?

- Қайсыбірі есте қалды дейсің. Балуан бабамыз сондай бір алып кісі болмағанға ұқсайды. Жай отырғанда осы мендей денелі екен. Бірақ күреске түсіп буырқанғанда денесі ширығып, зорайып кетеді дейтін. Ол кісінің көрсететін қарапайым өнерінің бірі – білегінің терісінен қатты тістетіп қояды екен. Сосын қолын қысып қалып шарт еткізгенде әлгі тістеген жерде ешбір із қалмайтын, - деуші еді әкем. Терісінің қаттылығы ғой. Алатауға барып келе жатып, жолда, Шу бойында кезіккен жолбарыспен алысып жеңген дейтін.

- Балуан бабамыздың ерекше қандай қасиеттері болды деуші еді, Құдайберген атамыз?

- Қажымұқан атамыз айтқан екен: «Бізде қара күш болғанымен, ол кісінің бақыты болған жоқ", - деп. Бұл да бір мағыналы сөз шығар. Балуан атамыздың иесі ақ қошқар екен. Аруағы қозғанда, баспен сүзгенде ол кісіні тоқтататын күш болмайды екен. Ел білетін Иван Кореньмен күресі туралы әкем айтушы еді. Көкшетаудың базарына әкем ере барыпты. Алпыс килограмдық кір тасын шынашақпен көтеру керек екен. Атам еш қиналмай көтеріпті. Ал Корень палуанның саусағы майысып кетеді. Әнде айтылатындай, кепілге ақша салып күрескенде, бірден алып соқпапты. Бір лақтырғанда Иван палуан көпір (мостикке тұру әдісі) жасады дейді. Екінші рет қайта мостик жасағанда, шамырқанған атамыз қабырғадан баспен сүзіп жіберіпті. Сонда Иван палуанның қабырғасы сынып белден шойырылған екен.

- Қолының қарым-қайраты өте мықты болған ғой, Балуан бабамыздың?

- Солай. Мынадай бір аңыз бар: Қапез атамыздың бір тентек өгізі болыпты. Ауылдың жылқыларын, сиырларын сүзіп жарып өлтіріп, маза бермепті. Содан бір күні Шөкең әкемді атқосшылыққа алып, ел аралап келе жатса, әлгі өгіз өкіріп қарсы алдынан кез келеді.

- Мә, Құдайберген, шылбырды ұста! Мына хайуан сүземін дей ме! – деп еш саспастан тапжылмай тұрады. Өгіз жанына жетіп келгенде, қақ маңдайдан жұдырықпен қойып қалады. Өгіз тыраң етеді. Қараса, атамыздың жұдырығы қасқа маңдайды ойып жіберген екен.

- Қандай алапат күш десеңізші! Дәу балғамен (кувалда) ұрып құлатқандарды көріп едік. Оның өзінде маңдайы оңай-оспаққа ойылмайды ғой.

- Тағы бір күні атамыз жілік мүжіп отырады. Сол кезде жанында отырған кісілер:

- Семей жақта бір дәу шығыпты. Жілікті еш қиналмай қолмен бұрай салады екен! – деп қыздырмалатады. Сонда Шөкең атамыз:

- Былай ма, былай ма? – деп үш саусақпен жіліктің басын оп-оңай бұрай салған екен.

- Шөкең бабамыздың көзі тірісінде түскен суреттері сақталған ба?

- Атамыз кәртішкеге түспеген екен. Мынау тұрған суреті – сөзбен салынған портрет. Көргендердің айтуынша, атам менің әкем өте ұқсас болған екен. Балуанның басы мен бұлшық еті ерекше болыпты. Омыртқасының ортасында жалы болған дейді.

- Балуан осы Тастыөзекте дүние салған ба?

- Иә. Атамыздың көріпкелдік қасиеті де болды ма екен. Өмірден өтер алдында: «Ақбоз ат үш күн бойы көбік атып ширығып тұр. Мен енді өлемін», - деп ел адамдарына арыз-қошын, аманатын айтып дүние салған екен.

Жамандар жақсымын деп айқайлайды,

Жақсылар жақсымын деп айта алмайды.

Жүрген соң бауырында күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды, -

демекші, сапарымызда жүздескен әйгілі сал-серілер мен олардың әніне арқау болған жандардың, нақтылай айтқанда дүйім қазақ әлемі үшін әйгілі тұлғалардың Көкшетаудың айналасында тұратын бүгінгі ұрпақтарына тән бір салқынқандылық, қарапайымдылық қасиетті сезіндік. «Кісілік дегеннің өзі – кішілік екен ғой», - дейсің, еріксіз. Бір замандарда Арқаның Балуан Шолақтай саңлағының әніменен дүбірлеген Тастыөзек кешегі кеңестік дәуірде Красный Кордон аталып өмір көшін алға созыпты. Байырғы атауын қайтарып алған Балуан еліндегі шағын білім ордасы тек ресми тілде білім береді екен. Әрі мұндай елді мекендердің аз емес екендігіне сапар барысында көз жеткіздік. Тәуелсіздік алғалы «үйірімен үш тоғыз» кезеңге аяқ бассақ та, бәз-баяғы қалпынан өзгермеген бұл тірлікке таңданбасқа шараң жоқ.

Меңіреу орманды, тасты өзекті, егіс алқапты Қайрақты бойын көктей өтіп, Бұланды сапарын да аяқтадық. Макинск қаласынан солтүстікке қарай, Астана-Көкшетау күре жолынан бөлінетін жіңішке тас жолмен зулап келеміз. Бағытымыз - қазақ әнінің зау биігі Біржан елі. Жуықта ғана әйгілі салдың есімін иеленген бұрынғы Еңбекшілдер, қазіргі Біржан сал ауданының орталығы - ежелгі Мыңшұңқыр, қазіргі Степняк.

Асылбек Байтанұлы

(Фотосуреттер автордыкі)

Бөлісу:

Көп оқылғандар