Ту - қастерлі атрибут
Бөлісу:
Кез келген мемлекеттің өз қалыптасу тарихы бар. Мемлекеттің мемлекет болуы үшін меншікті жер аумағы, дербес билігі, басқару органдары болады десек, сол мемлекеттің өмірінде рәміздердің де маңызы ерекше. Рәміздер мемлекеттің дербестігі мен тұтастығының нышаны болумен қатар, мемлекетті құраушы халықтың ғасырлар бойына қалыптасқан танымы мен дәстүрлерінің де ажырамас көрінісі. Біз осы тұрғыда рәміздік жиынтықтың бөлігі ту және оның қазақ мемлекеттілігі тарихындағы қолданылу тарихы туралы мәліметтерді қарастыруды жөн көрдік.
Ежелгі ту ұстаушылардың тасқа қашалған бейнесі
Ту – көшпелі бабаларымыз үшін қай қашан да бірлік-берекенің нышаны ретінде қастерленгенін білеміз. Қазіргі күні қазақ мемлекеттілігін Қазақ хандығынан бастап жүрміз. Ал Қазақ хандығының дәстүрлік негізі Алтын орда, Ақ орда, Көк орда, Жошы ұлысынан ары қарай тізбек тартып, сонау сақ, ғұн дәуірлеріне ұласады.
Ғұн империясының туы
Тудың шығу негізі жылқымен қатысы бар. Желден жүйрік жануарды мініс көлігі еткен көшпелі халықтардың ұрпағы жылқы құйрығын найзасына байлап ту еткен.
Аттылы жасақ толған жер,
Ат құйрығын ту етіп
Атойлап ұран салған жер.
Осылайша, әу баста жылқының құйрығын ту қылған көшпелілер кейін келе түрлі маталарды ту ретінде пайдаланса керек. Бірақ құйрық қылдан жасалған ту да қолданыстан шыға қоймаған. Оған дәлел – Шыңғыс ханның тоғыз аяқты ақ туы. 1206 жылы Ұлы Монғол мемлекетін құрған көшпелі тайпалар Темужинді хан сайлап, «Шыңғыс хан» деп ақ киізге көтергенде, ұлы әмірші біркелкі ақ жылқының құйрығынан жасалған тоғыз аяқты ақ туға тағзым еткен екен. ХХ ғасыр басына дейін туға тағзым рәсімі орындалып келген. 1992 жылы тәуелсіз Монғолия бұл дәстүрді қайтадан қалпына келтіріпті.
Шыңғыс ханның тоғыз аяқты ақ туы
Ту құйрығы бір тұтам,
Тұлпар міндім, өкінбен, -
деп Доспамбет жырау жырлағанындай, қазақ жылқының сапасын өлшеген. Яғни, құйрық қылы топанды жылқының күш-қуаты да мол болмақ. Доспамбет, Қазтуған, Асан жыраулар өмір сүрген заманындағы Қазақ хандығының да өз туы боғландығы анық. Бірақ нақты қандай ту болғаны бізге беймәлім. Кейінгі кезеңде Қазақ хандығының туы деп көрсетіліп жүрген туды біздің заманымыздағы геральдикамен шұғылданушылардың ұшқыр қиялынан туындаған дүние болар десек болар.
Қазақ хандығының туы
Зерттеушілердің пікірінше, «ту» деген сөздің өзі жылқыға қатысты. Түркі-монғол тілдерінде «ту», «туғ» деп қолданылатынын көреміз. Ту сөзінің жылқыға қатыстылығын «туғар» немесе «туар» қолданысымен дәйектеуге болатын сияқты. Кейбір өңірлерде «туар» – жылқы сөзінің баламасы ретінде қолданылады. Жылқышы, Жылқыбай т.б. адам есімдерін тергеу үшін (табу) келіндер «туар» сөзін қолданатыны күні бүгінге дейін бар. «Туар» - бағзыда жылқы сөзімен мәндес болғанын, жылқымен айырбас сауда сипаты нәтижесінде «тауар», «товар» сөзі шыққанын Олжас Сүлейменов «АзиЯ» кітабында жазған болатын.
Алашорданың туы
Ту байлау. Қазақ жауынгерлері шайқасқа кірер алдында аттарының кекіліне өздеріне тән шүберек белгі тағу арқылы қарбалас майданда өз адамдарын ажырататын болған. Жауынгер жырау Ақтамберді Сарыұлының әйгілі толғауындағы:
Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап, -
деген жолдардың мағынасы осы болса керек. Яғни ту байлау – жорықшы көшпелілердің айырым белгісі.
Қазақ АССР-інің туы
Ту тігу – ел шетіне жау келгенде немесе елдің ішінде қандай бір бүлігшілік басталғанда белгілі ел ағалары, батырлар мен билердің елді бір тудың астына жинауы. Мұның мысалын біз Иса Дәукебаевтың «Бекболат» дастанынан көреміз:
Бекболат Жайылмысқа қылды зорлық,
Қорыққан соң ту тіккен жерде болдық.
«Ту тігілді» дегенді естіген көшпелі жауынгерлер әр өңірден жетіп, сол тудың астынан табылатын болған. «Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда болайық» деген серт осы ту тігуге қатысты айтылса керек.
Қазақ ССР-інің туы
Туы жығылу (ту түсіру). Еуразияның жалпақ кеңістігін иеленген көшпелі тайпалардың өзіндік соғыс дәстүрі болған. Қарама-қарсы майданға шыққан екі тараптың батырлары жекпе-жекке шығатын болған. Бұдан өзге туын жығып құлату да ерекше маңызды болған. Ту ұстайтын адам өзіне жау әскерінің бар назары ауатынын, зулаған оқтың нысанасы болатынын сезіне отырып, бар жауапкершілікті өз мойнына алады. «Ту түбінде тулап өлген ер Қазымбет» деген айтылым осындай ерліктің куәсі іспетті. Қаракерей болатшы Қазымбет батыр жаумен шайқаста қаншама жерден оқ тиіп, ауыр жараланса да, туды құлатпай, сабын сығымдап ұстаған қалпы жан тапсырған екен. Осы арқылы майдандастарының рухы түсіп, жеңілмеуіне игі әсер етеді.
Тудың жеке жауынгердің немесе тұтастай қолдың рухын көтеріп, жігерін қайраудағы күш-қуаты орасан. ХІХ ғасырда өмір сүрген айтулы ақын Сүйінбай Аронұлының бөрілі байрақ туралы толғанысынан біз осыны аңғарамыз.
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен!
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен! –
деп ақын бөрлі найза ұстаған кездегі қаны қозып жеңістік алар сәт пен әлдеқалай жеңіліс тапқан кезде күйреуік күйге түсетінін мезетті қатар айтып өтеді. Қарсыластың бірінің туы жығылса, бұл жеңілістің нышаны. Батырлардың басты мақсаты – қарсылас жауға қайратын танытып ту түсіру:
Бөрілі байрақ астында,
Ту түсіріп, жау алған, -
дегендегісі осы. Ежелгі көк түрік бабаларымыз жылқының қыл құйрығынан өзге, бөрінің басы бейнеленген байрақ ұстап жүргенін, бұл дәстүрдің де бертінге дейін ұласқанын осы жырдан аңғарамыз.
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым!
Ұлт-азаттық күресінің қаһарманы Махамбет толғауында мынадай:
Ту түбінен ту алған,
Жауды көріп қуанған, -
дегендегісі де майданның қақ ортасындағы жаудың тіккен туын арғымақ атпен бұзып-жарып, омыраулата барып құлатуды айтып отырғаны анық. Туы жығылу – қазақ таласы үшін жаман ырым. Оспан туралы өлеңінде Абай да «Жайнаған туың жығылмай, Жақсы өліпсің, япырмай!», - деуші еді ғой.
Туға қатысты айтылар әңгіме көп. Қазақ мемлекеттілігінің әр кезеңіндегі хандықтар қолданған тулар тарихы тым терең зерттелмеген десек те болады. «Туған жерге туыңды тік», - деген дана халқымыз. Қазақ халқының ғасырлар бойғы аңсар-арманы -Тәуелсіздіктің нышаны - көк туымыз желбіреп тұр. Ұланғайыр даламыздың үстіндегі зеңгір көк аспанға нұрын төккен алтын күннің шапағына шомылып, еркіндік қыраны қанатын кере самғап барады! Самғай бер, Тәуелсіздік қыраны!
Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: